2. Төлем карточкасының эмитенті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiн төлем карточкаларын шығарғаны туралы хабардар етеді.
3. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушымен төлем карточкасын пайдалану туралы шарт жасасқанға дейін төлем карточкасын ұстаушыны төлем карточкасын пайдалану кезіндегі талаптар мен қауіпсіздік шаралары туралы, наразылықтарды беру тәсілдері мен оларды қарау тәртібі туралы хабардар етуге міндетті.
4. 2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Төлем карточкасының эмитенті өзінің интернет-ресурсында төлем карточкасының түрлері мен оны беру шарттары туралы ақпаратты, төлем карточкасын беру туралы үлгілік шартты, төлем карточкасын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы ақпаратты орналастырады.
6. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушыны төлем карточкасына қызмет көрсету үшін алынатын комиссияның мөлшері не оны төлемеген кезде берешекті есепке жазу туралы хабардар етеді, сондай-ақ төлем карточкасын ұстаушыға өздерінің арасындағы шартта көзделген тәртіппен оның төлем карточкасына қызмет көрсеткені үшін төлем карточкасын ұстаушының комиссияны төлеу фактісін растауды ұсынуын қамтамасыз етеді.
2026.16.01. № 259-VIII ҚР Заңымен 39-1-баппен толықтырылды (2026 ж. 19 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
39-1-бап. Төлем карточкаларымен жасалатын операциялар
Төлем карточкаларымен жасалатын операцияларға мыналар жатады:
1) төлем карточкасын шығару, төлем карточкасын немесе оның деректемелерін пайдалана отырып жасалатын төлемдер жəне (немесе) ақша аударымдары, оның ішінде қолма-қол ақша алуға, валюта айырбастауға жəне (немесе) төлем карточкасының эмитенті айқындаған басқа да операцияларға байланысты операциялар;
2) қол жеткізу төлем карточкасы арқылы, оның ішінде балама сəйкестендіргішті пайдаланумен қамтамасыз етілетін банктік шотты пайдалана отырып жасалатын төлемдер жəне (немесе) ақша аударымдары;
3) төлем карточкаларымен операцияларды технологиялық жағынан қолдау, оның ішінде төлемге қатысушылардың деректерін жинау, өңдеу, сақтау, оларды аутентификациялау жəне осы тармақтың 1) жəне 2) тармақшаларында көрсетілген операциялар бойынша есеп айырысуға қатысушыларға ақпаратты тарату;
4) осы тармақтың 1) жəне 2) тармақшаларында көрсетілген операцияларға қатысушылар арасындағы клиринг жəне есеп айырысу;
5) осы тармақтың 1), 2), 3) жəне 4) тармақшаларында аталған көрсетілетін қызметтер үшін комиссияларды, сондай-ақ төлем жүйесіне қатысушы мен оператор арасындағы, төлем карточкалары бойынша операцияларды өңдеуді қамтамасыз ететін төлем жүйесіне қатысушылар арасындағы комиссияларды төлеу.
40-бап. Төлем карточкасын пайдалана отырып жүргізілетін төлемдер және (немесе) ақша аударымдары
1. Төлем карточкасын пайдалана отырып жүргізілетін төлем және (немесе) ақша аударымы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Төлемге және (немесе) ақша аударымына қатысушылардың төлем карточкаларын пайдалануға байланысты құқықтары мен міндеттері дара кәсіпкер немесе заңды тұлға ұсынылған төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырылатын төлемді қабылдауға келісім берген кезден бастап туындайды. Дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның өзімен төлем карточкасына қызмет көрсету туралы келісім жасасқан банкке қатысты өзі қабылдаған төлем сомасында ақшалай талап құқығы туындайды. Көрсетілген банкте дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның ақшалай талабын орындау міндеті туындайды.
3. Дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаған кезде тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) қолма-қол ақша төленген кездегі олардың сатылу бағасынан аспайтын бағамен сатуды жүзеге асыруға міндетті.
4. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушыны төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған операциялар туралы өздерінің арасындағы шартта көзделген жағдайларда және тәртіппен хабардар етеді. Осындай хабарламаны жіберудің тәсілі мен кезеңділігі, сондай-ақ төлем карточкасын ұстаушыны төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған операциялар туралы хабардар еткені үшін төлем карточкасы эмитентінің комиссия мөлшері мен оны алу тәртібі төлем карточкасының эмитенті мен төлем карточкасын ұстаушы арасындағы шартта белгіленеді.
5. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының төлем карточкасын жоғалтуы және (немесе) төлем карточкасының рұқсатсыз пайдаланылуы туралы хабарламаны тәулік бойы жіберу мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.
6. Төлем карточкасын ұстаушы төлем карточкасының жоғалу немесе төлем карточкасының рұқсатсыз пайдаланылу фактісін анықтаған кезде бұл туралы төлем карточкасының эмитентін өздерінің арасындағы шартта белгіленген тәсілмен хабардар етеді. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының хабарламасы негізінде оның төлем карточкасын бұғаттайды.
Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушымен жасалған шартқа сәйкес рұқсат етілмеген операция бойынша ақшаны өзі дербес өтеген жағдайларды қоспағанда, төлем карточкасын ұстаушы рұқсат етілмеген операцияны өтеу үшін төлем карточкасының эмитенті белгілеген нысан бойынша өтінішті төлем карточкасының эмитентіне ұсынады.
7. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасының жоғалуы және(немесе) төлем карточкасының рұқсатсыз пайдаланылуы туралы төлем карточкасын ұстаушының хабарламасын алғаннан кейін рұқсат етілмеген операциялар жасалған жағдайда, олар үшін жауаптылықта болады.
8. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының рұқсат етілмеген операцияны өтеу туралы өтініші негізінде рұқсат етілмеген төлем фактісін анықтау бойынша шаралар қолданады және осындай өтінішті алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде оған рұқсат етілмеген операция мөлшерінде ақша сомасын өтейді не өздерінің арасындағы шартта көзделген тәсілмен себебін көрсете отырып, рұқсат етілмеген операцияны өтеуден бас тарту туралы хабарлама жібереді.
Үшінші тұлғалардан ақпаратты алу не тексеру жүргізу арқылы қосымша зерделеу қажет болған жағдайда, төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының өтінішін қарайды және ол бойынша Қазақстан Республикасы ішіндегі операциялар бойынша күнтізбелік отыз күн немесе шетелде жасалған операциялар бойынша күнтізбелік алпыс күн ішінде шешім қабылдайды және бұл туралы төлем карточкасын ұстаушыны өздерінің арасындағы шартта белгіленген тәсілмен хабардар етеді.
Төлем карточкалары эмитентінің рұқсат етілмеген операцияны өтеуден бас тартуы төлем карточкасын ұстаушының төлем карточкасын пайдалану қағидаларын бұзуын не оның төлем карточкасын пайдалана отырып алаяқтық операцияларға қатысуын растайтын негіздер, белгілер немесе фактілер болған кезде жүзеге асырылады.
9. Төлем карточкасының эмитентін төлем карточкасының жоғалуы немесе төлем карточкасының рұқсатсыз пайдаланылуы туралы хабардар етпеген жағдайда, төлем карточкасын ұстаушы төлем карточкасының жоғалуына немесе төлем карточкасының рұқсатсыз пайдаланылуына байланысты барлық тәуекелдерді көтереді.
10. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушыға оның төлем карточкасын пайдалануына байланысты құжаттарды және ақпаратты шартта айқындалған тәртіппен ұсынуға міндетті.
11. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушыға жіберілген және одан алынған хабарламаларды тіркейді, сондай-ақ тиісті ақпаратты жіберген және алған күннен бастап оларды кемінде үш жыл сақтайды.
12. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының өтініштерін, оның ішінде төлем карточкасын немесе оның деректемелерін пайдалануға байланысты даулы жағдайлар туындаған кезде шартта белгіленген, бірақ осындай өтініштерді алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде, сондай-ақ төлем карточкасы шетелде пайдаланылған жағдайда, өтініштерді алған күннен бастап күнтізбелік қырық бес күннен аспайтын мерзімде қарайды. Төлем карточкасын ұстаушыға өтініштерді қараудың нәтижелері туралы, оның ішінде жазбаша нысанда ақпарат (төлем карточкасын ұстаушының талабы бойынша) жіберіледі.
13. Төлем карточкасының эмитенті ұстаушыдан алған хабарлама негізінде немесе ұстаушы төлем карточкасын пайдалану тәртібін бұзған кезде шартқа сәйкес эмитенттің бастамасы бойынша оны төлем карточкасын ұстаушының оны пайдалануын тоқтата тұрады немесе тоқтатады.
14. Төлем карточкасын ұстаушының төлем карточкасын пайдалануын тоқтата тұру немесе тоқтату төлем карточкасын ұстаушының және эмитенттің көрсетілген пайдалануды тоқтата тұрған немесе тоқтатқан кезге дейін туындаған міндеттемелерін тоқтатпайды.
41-бап. Төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалатын операциялар бойынша банкаралық төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру ерекшеліктері
2026.16.01. № 259-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 19 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Өздері шығарған төлем карточкалары пайдаланыла отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жасалған операциялар бойынша Қазақстан Республикасының банктері арасындағы төлемдерді өңдеу мен олардың клирингін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлем жүйелері тізіліміне енгізілген төлем жүйесінің операторы жүзеге асырады жəне ол Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының резидент банктері шығарған төлем карточкалары пайдаланыла отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жасалған банкаралық операцияларға қызмет көрсету жүйесін осы жүйенің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін операциялық және технологиялық функцияларды жүйелік маңызы бар төлем жүйесінің операциялық орталығына беру не арнайы ұйым құру арқылы ұйымдастыруға құқығы бар.
Мұндай арнайы ұйымның қызметін жүзеге асыру және төлем карточкалары эмитенттерінің - банктердің аталған ұйыммен өзара іс-қимыл жасау тәртібіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2026.16.01. № 259-VIII ҚР Заңымен 7-1-тараумен толықтырылды (2026 ж. 18 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
7-1-тарау. ЦИФРЛЫҚ ТЕҢГЕ
41-1-бап. Цифрлық шот
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жəне цифрлық теңге платформасының өзге де қатысушылары клиентпен цифрлық шот шарты жасалғаннан кейін клиенттің цифрлық шот ашуға өтінімі негізінде цифрлық теңге платформасында цифрлық шот ашады.
Цифрлық теңгені айналысқа жіберу, цифрлық шоттар ашу жəне жүргізу Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің цифрлық теңге платформасында жүзеге асырылады.
Цифрлық теңге платформасының операторымен жасалған шарттың негізінде банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, орталық депозитарий, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындаған көрсетілетін төлем қызметтерін өзге де берушілер мен заңды тұлғалар цифрлық теңге платформасына қатысушылар бола алады.
Цифрлық шот ашуға өтінімнің нысаны, цифрлық шот шартының мазмұнына қойылатын талаптар жəне цифрлық шотты ашу кезінде оның иесіне берілетін жеке сəйкестендіру кодының форматы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бекіткен цифрлық теңгені шығару, айналысқа жіберу жəне өтеу қағидаларында айқындалады.
Цифрлық шотқа қызмет көрсету цифрлық шоттың иесіне төлемдер мен аударымдарды жəне цифрлық шотты пайдалана отырып жасау үшін қолжетімді операциялардың өзге де түрлерін жасауға арналған ақпараттық ресурстар (жүйелер) арқылы цифрлық шотқа қолжетімділік беруді қамтиды.
2. Цифрлық шот бойынша мынадай операциялар орындалады:
1) цифрлық теңгені цифрлық шотқа қабылдау (есепке жазу), оның ішінде цифрлық шот шартында көзделген талаптарда цифрлық шотты алынған қаражаттың орнына баламалы сомамен толықтыруды жүзеге асыру;
2) цифрлық теңгені цифрлық шот шартында көзделген тəртіппен цифрлық шоттардың өзге иелерінің пайдасына аударуды жүзеге асыру;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындаған цифрлық теңгенің смарт-келісімшарттарының жəне таңбаланған цифрлық теңгенің жұмыс істеу режимінің ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының банктік шоттардағы ақшаға қатысты заңдарында көзделген негіздер бойынша үшінші тұлғалардың цифрлық теңгені алып қою туралы нұсқауларын орындау;
4) цифрлық шот шартында көзделген талаптарда клиенттің нұсқауы бойынша клиентке немесе үшінші тұлғаға қолма-қол ақшаны берудің немесе олардың банктік шотын баламалы сомамен толықтырудың орнына цифрлық шоттан цифрлық теңгені алып қою;
5) цифрлық шот иесінің талабы бойынша цифрлық шот шартында көзделген тəртіппен жəне мерзімдерде клиенттің цифрлық шоттағы цифрлық теңгесінің сомасы жəне жүргізілген операциялар туралы ақпарат беру;
6) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бекіткен цифрлық теңгені шығару, айналысқа жіберу жəне өтеу қағидаларында жəне (немесе) цифрлық шот шартында көзделген клиентке өзге де қызмет көрсетуді жүзеге асыру.
Цифрлық теңгенi пайдалана отырып жасалатын төлемдер мен аударымдар цифрлық шоттағы қаражат қалдығы шегінде жүзеге асырылады.
Жинақ цифрлық шоттарды ашуға жол берілмейді.
3. Цифрлық теңге платформасына қатысушы мен цифрлық шот иесі арасындағы шартта мыналар:
1) цифрлық теңгені пайдалану, сатып алу, цифрлық шоттың цифрлық теңгесімен толықтыру жəне цифрлық шоттан цифрлық теңгені шығарып алу шарттары туралы;
2) цифрлық теңге пайдаланыла отырып жасалатын операцияларға қызмет көрсету кезінде комиссиялық сыйақы алудың мөлшері мен тəртібі туралы;
3) клиенттің цифрлық шотына қызмет көрсететін цифрлық теңге платформасына қатысушымен байланысуға арналған ақпаратты қоса алғанда, наразылықтар білдіру тəсілдері мен оларды қарау тəртібі туралы;
4) тараптардың өз міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауаптылығы туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
Цифрлық теңге платформасына қатысушы клиенттің цифрлық шотына қызмет көрсету үшін қажетті қосымша шарттар көздеуі мүмкін.
4. Цифрлық теңге платформасына қатысушының цифрлық шот иесімен жасалған шартта белгіленген мөлшерлер шеңберінде цифрлық шот иелерінің операцияларына қызмет көрсеткені үшін комиссиялық сыйақы алуына жол беріледі.
Цифрлық теңге платформасына қатысушылардың цифрлық шот иелерінің операцияларына қызмет көрсеткені үшін комиссиялық сыйақысының түрлері мен шекті мөлшерлері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен цифрлық теңгені шығару, айналысқа жіберу жəне өтеу қағидаларында белгіленеді.
5. Цифрлық теңге платформасына қатысушы цифрлық шот шартының талаптарына сəйкес цифрлық шотқа санкцияланбаған қол жеткізудің немесе цифрлық теңге платформасына қатысушының ақпараттық ресурсы (жүйесі) арқылы цифрлық шотқа қол жеткізу арқылы оны санкцияланбаған пайдаланудың, сондай-ақ цифрлық теңге платформасына қатысушының бағдарламалық қамтылымының жұмыс істеуіндегі қателердің немесе іркілістердің салдарынан цифрлық шоттың иесіне келтірілген залал үшін цифрлық шот иесінің алдында жауапты болады.
6. Цифрлық теңге платформасына қатысушы «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға жəне жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сəйкес алаяқтықты жəне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруды (жылыстатуды), терроризмді қаржыландыруды жəне жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруды анықтау, сондай-ақ оларды болғызбау жөніндегі шараларды қабылдайды.
Цифрлық теңге платформасына қатысушы «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға жəне жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сəйкес қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мəліметтер мен ақпаратты қаржы мониторингі жөніндегі уəкілетті органға береді.
7. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында жəне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде өзгеше көзделмесе, цифрлық шоттарға қатысты клиенттің келісімінсіз ақшаны алып қою, қаражатқа билік етуге тыйым салу мен шектеулер бөлігінде осы Заңның жəне Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының банктік шоттарға қатысты қолданыстағы ережелері қолданылады.
Цифрлық шотты жабу осы Заңның 28-бабының талаптарына сəйкес жүзеге асырылады.
8. Цифрлық теңге платформасына қатысушы цифрлық теңгенің иелері мен оларға тиесілі сомалар туралы, сондай-ақ цифрлық теңге пайдаланыла отырып жасалған операциялар туралы мəліметтерді тұлғаларға «Қазақстан Республикасындағы банктер жəне банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 69-бабында көзделген негіздер бойынша жəне шектерде ұсынады.
41-2-бап. Цифрлық теңгені айналысқа жіберуді ұйымдастыру
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі цифрлық теңгені айналысқа жіберуді ұйымдастыру мақсатында цифрлық теңге платформасына қатысушыларға цифрлық шоттар ашады, цифрлық теңгені шығару, айналысқа жіберу жəне өтеу қағидаларын белгілейді, олардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады жəне цифрлық шоттарды ашу жəне оларға қызмет көрсету жөніндегі функцияларды қоса алғанда, цифрлық теңге платформасының операциялық жəне технологиялық функцияларын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің заңды тұлғасына жүктеуге құқылы.
Цифрлық теңгені есепке алу жəне сақтау қаражатқа билік етуге мүмкіндік беретін сыртқы электрондық жеткізгіштерде де жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Цифрлық теңге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бекіткен цифрлық теңгенi шығару, айналысқа жіберу жəне өтеу қағидаларында айқындалған тəртіппен халықаралық төлемдер мен ақша аударымдарында пайдаланылуы мүмкін.
3. Цифрлық теңгені шығару, айналысқа жіберу жəне өтеу қағидаларында:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің цифрлық теңгені шығару мен өтеуді жүзеге асыруының тəртібі мен шарттары;
2) цифрлық теңге платформасына қатысушылар мен цифрлық шоттардың иелеріне қойылатын талаптар;
3) цифрлық теңге платформасына қатысушының цифрлық шоттарға қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруын тоқтату шарттары;
4) цифрлық шотқа қолжетімділік беру, цифрлық шотқа қолжетімділікті тоқтата тұру, қайта бастау жəне тоқтату тəртібі;
5) цифрлық теңгені есепке алу, сақтау жəне оған билік ету құралы ретінде сыртқы электрондық жеткізгіштерді пайдалану шарттары мен тəртібі;
6) цифрлық теңгемен жасалатын операциялардың түрлері жəне оларды жасау тəртібі;
7) цифрлық теңгені таңбалаудың жəне цифрлық теңгені пайдалану кезінде цифрлық теңгенің смарт-келісімшарттарын қолданудың, сондай-ақ оларды алудың тəртібі мен шарттары;
8) таңбаланған цифрлық теңге мен цифрлық теңгенің смарт-келісімшарттарын пайдалану жəне олардың қолданылу ерекшеліктері;
9) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің цифрлық теңге платформасының тəуекелдерін жəне үздіксіз жұмыс істеуін басқару тəртібі;
10) цифрлық теңге платформасы мен цифрлық теңге платформасына қатысушылардың ақпараттық қауіпсіздігіне қойылатын талаптар;
11) цифрлық теңгені айналысқа жіберуді ұйымдастыру жəне қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де талаптар мен ережелер қамтылуға тиіс.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі цифрлық теңгемен операциялар жасау кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, цифрлық теңге платформасына қатысушылардың жəне цифрлық шоттар иелерінің өзара іс-қимыл жасауы үшін пайдаланылатын электрондық хабарлардың тізбесін, форматтарын, оларды қалыптастыру тəртібін жəне деректемелерін айқындайды.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі цифрлық теңге платформасының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
41-3-бап. Цифрлық теңгені шығару, өтеу, толықтыру жəне цифрлық шоттан шығарып алу
1. Тек Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ғана цифрлық теңгенi шығаруға жəне өтеуге құқылы.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi цифрлық шот иесінен алынған ақшаның орнына цифрлық теңге шығаруды жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі цифрлық теңгенi өтеудi цифрлық шот иесінің банктік шотына баламалы ақша сомасын аудару арқылы жүргізеді.
3. Цифрлық теңге иесінің құқықтары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бекіткен цифрлық теңгені шығару, айналысқа жіберу жəне өтеу қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, цифрлық шотқа цифрлық теңге түскен кезден бастап туындайды.
4. Цифрлық шоттың иесі оның цифрлық шотына қызмет көрсететін цифрлық теңге платформасына қатысушы арқылы цифрлық шотты цифрлық теңгемен толықтыруға немесе цифрлық теңгені цифрлық шоттан шығарып алуға құқылы.
Цифрлық шотқа қызмет көрсететін цифрлық теңге платформасына қатысушы арқылы цифрлық шотты цифрлық теңгемен толықтыру жəне оны цифрлық шоттан шығарып алудың тəртібі мен шарттары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бекіткен цифрлық теңгені шығару, айналысқа жіберу жəне өтеу қағидаларында айқындалады.
41-4-бап. Цифрлық шотқа қызмет көрсететін цифрлық теңге платформасына қатысушыны ауыстыру
Цифрлық теңге платформасын пайдаланушы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне немесе цифрлық теңге платформасының операциялық жəне технологиялық функциялары жүктелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің заңды тұлғасына цифрлық шотына қызмет көрсететін цифрлық теңге платформасына қатысушыны ауыстыру туралы өтініш жіберу арқылы өзінің цифрлық шотына қызмет көрсететін цифрлық теңге платформасына қатысушыны ауыстыруға құқылы.
Цифрлық шотқа қызмет көрсететін цифрлық теңге платформасына қатысушыны ауыстыруды жүргізудің тəртібі мен шарттары жəне өтініштің үлгілік нысаны цифрлық теңгені шығару, айналысқа жіберу жəне өтеу қағидаларында белгіленеді.
42-бап. Электрондық ақша эмитенттері, иелері және электрондық ақша жүйесінің операторы
1. Электрондық ақша эмитенттері Қазақстан Республикасының аумағында шығаратын электрондық ақша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ғана номиналдануға (көрсетілуге) тиіс.
2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Электрондық ақшаны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, банктер, Ұлттық пошта операторы жəне бірінші санаттағы төлем ұйымдары шығаруға құқылы.
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) жеке тұлғалар;
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар электрондық ақша иелері болып табылуы мүмкін.
4. Электрондық ақша иесінің құқықтары электрондық ақшаны алған кезден бастап туындайды.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2026.16.01. № 259-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 19 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді
5. Жеке тұлға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің үш еселенген мөлшерінен асатын сомада электрондық ақшаны иемденген жағдайда, электрондық ақша эмитенті оны сәйкестендіруді жүзеге асыруға міндетті.
Электрондық ақша эмитенті шарт негізінде «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаржы мониторингі субъектісі болып табылатын заңды тұлғаға электрондық ақша эмитентінің атынан және тапсырмасы бойынша электрондық ақша иесі - жеке тұлғаны сәйкестендіруді жүзеге асыруға уәкілеттік беруге құқылы.
Электрондық ақша иесін сәйкестендіруді электрондық ақша эмитенті және (немесе) электрондық ақша жүйесінің операторы электрондық ақша иесінің өзі қатысқан және жеке басын куәландыратын құжатын көрсеткен кезде не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Сəйкестендіру деректерімен алмасу орталығының көмегімен қашықтан сəйкестендіру арқылы жүргізеді.