«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 26 шілдедегі № 11-VІ Заңы (2026.21.10. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

2) төлем ұйымының осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 3) және 7)тармақшаларында көзделген қызметтерді көрсету жағдайларын қоспағанда, ақша жөнелтуші және бенефициар бойынша «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген деректемелердің төлем және (немесе) ақша аударымы туралы төлем құжатында болуы және оларды төлемге және (немесе) ақша аударымына қатысушыға беру;

3) ақша жөнелтушіні және (немесе) бенефициарды сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтерді көрсетілетін төлем қызметі ұсынылғаннан не клиенттің банктік шоты жабылғаннан кейін бес жыл бойы сақтау;

4) клиенттің сәйкестендіру құралдарының үшінші тұлғалардың қол жеткізуінен сақталуы.

13. Көрсетілетін төлем қызметтерін беруші көрсетілетін төлем қызметін ұсынғаннан кейін (төлем карточкаларын шығару бойынша көрсетілетін төлем қызметін қоспағанда) клиентке көрсетілетін төлем қызметін ұсыну фактісін растайтын құжатты қағаз жеткізгіште не телекоммуникация желілері арқылы ұсынады.

Көрсетілетін төлем қызметін ұсынуды растайтын құжаттың мазмұнына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

2023.11.12. № 44-VIII ҚР Заңымен 14-тармақ өзгертілді (2024 ж. 11 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

14. Көрсетілетін төлем қызметтерін беруші көрсетілетін төлем қызметтерін ұсыну кезінде алынған мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етеді және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оларды үшінші тұлғаларға ашуға жол бермейді.

Көрсетілетін төлем қызметтерін беруші көрсетілетін төлем қызметтерін ұсыну кезінде, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес деректер субъектісінің келісімімен дербес деректерді жинауды және өңдеуді жүзеге асырады.

Көрсетілетін төлем қызметтерін беруші бейрезиденттердің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін осы Заңда көзделген мақсаттар үшін жинауға құқылы.

15. Төлем ұйымына қызметтің мына түрлерін:

1) жылжымайтын мүлікті сатып алуды, сатуды, мүліктік жалдауды;

2) жарнамалық, маркетингтік, консультациялық және ақпараттық көрсетілетін қызметтерді;

3) бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуді, бейімдеуді, түрлендіруді, техникалық қолдауды;

2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

4) электрондық терминалдарды, төлемдер жөніндегі ақпаратты өңдеуге және беруге арналған басқа құрылғылар мен жабдықтарды сатып алуды, сатуды, мүліктік жалдауды;

2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

5) есептеу техникасын және цифрлық технологияларды пайдалануға байланысты қызметті, оның ішінде ақпараттық-техникалық көрсетілетін қызметтерді, төлемдер жөніндегі деректерді өңдеу мен беру бойынша көрсетілетін қызметтерді, дерекқорлар мен цифрлық ресурстарды құруды және пайдалануды;

6) логистика және курьерлік қызмет саласындағы агенттік және делдалдық қызметті орындауды қоса алғанда, осы салалардағы көрсетілетін қызметтерді;

7) цифрлық жүйелер мен желілерді құруды және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;

8) ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын әзірлеу мен іске асыруды;

2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

9) электрондық цифрлық қолтаңба ашық кілтінің электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтіне сәйкестігін куәландыру, сондай-ақ тіркеу куәлігінің анықтығын растау бойынша көрсетілетін қызметтерді;

2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 10) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)

10) төлем жүйесіне қатысушы немесе оның операторы ретіндегі қызметті қоспағанда, өзге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.

16. Көрсетілетін төлем қызметтерін беруші үшінші тұлғалармен аутсорсинг туралы шарт жасасуға құқылы.

Аутсорсинг кезінде көрсетілетін төлем қызметтерін беруші бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін аутсорсинг туралы шарт жасалған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде хабардар етеді.

17. Аутсорсингке:

2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) көрсетілетін төлем қызметтерін берушінің осы Заңның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын бұзу тәуекелі туындаған, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің немесе қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның көрсетілетін төлем қызметтері нарығын бақылау мен қадағалау функцияларын жүзеге асыруына кедергі жасаған;

2) егер үшінші тұлға көрсетілетін төлем қызметтерін берушінің көрсетілетін төлем қызметтерін ұсынуын қамтамасыз ету үшін қажетті талаптарға сай болмаған;

3) аутсорсинг және көрсетілетін төлем қызметтерін ұсыну бойынша қызметті жүзеге асыру үшін көрсетілетін төлем қызметтерін берушіге қойылатын шарттар арасында қайшылықтар болған;

4) көрсетілетін төлем қызметтерін берушіге көрсетілетін төлем қызметтерін ұсыну бойынша қызметті жүзеге асыруға рұқсат беруге негіз болған шарттарды аутсорсинг жойған немесе өзгерткен;

5) үшінші тұлға аутсорсинг туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайларда жол берілмейді немесе ол тоқтатылады.

18. Аутсорсинг тәртібі көрсетілетін төлем қызметтерін берушінің ішкі қағидаларында және аутсорсинг туралы шартқа сәйкес айқындалады.

Үшінші тұлғаның аутсорсинг туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамағаны не тиісінше орындамағаны үшін көрсетілетін төлем қызметтерін беруші азаматтық-құқықтық жауаптылықта болады. Көрсетілетін төлем қызметтерін ұсынудың үздіксіздігі және сапасы, сондай-ақ көрсетілетін төлем қызметтерін алушылардың мүдделері қамтамасыз етілген жағдайда, көрсетілетін төлем қызметтерін беруші қажет болған кезде аутсорсинг туралы шартты бұзады.

2025.30.12. № 246-VIII ҚР Заңымен 19-тармақпен толықтырылды (2025 ж. 31 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді)

19. Төлем ұйымы үшін осы баптың 15-тармағында белгіленген тыйым салу «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес жүзеге асырылатын бірыңғай есепке алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңды тұлғаның қызметіне, сондай-ақ ол төлем ұйымының қызметтерін көрсету үшін тартатын заңды тұлғаның қызметіне қолданылмайды.

 

14-бап. Көрсетілетін төлем қызметтерін төлем агенттері және (немесе) қосалқы төлем агенттері арқылы көрсету кезінде қойылатын талаптар

2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

1. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым және төлем ұйымы клиенттерге көрсетілетін төлем қызметтерін ұсыну жөніндегі агенттік шарт негізінде төлем агенті немесе қосалқы төлем агенті арқылы көрсетілетін төлем қызметтерін ұсынуға құқылы.

Төлем ұйымы көрсетілетін төлем қызметін ұсынуға төлем агентін және қосалқы төлем агентін тартуға, егер осындай шарт қызметті берушімен жасалған шартта көзделсе, құқылы.

2. Төлем агенті және (немесе) қосалқы төлем агенті көрсетілетін төлем қызметін клиентке мынадай талаптар сақталған кезде ұсынады:

1) көрсетілетін төлем қызметін банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның немесе төлем ұйымының атынан ұсыну;

2) осы Заңның 13-бабының 12-тармағында көзделген шарттарды орындау;

3) клиентке көрсетілетін төлем қызметін ұсыну фактісін растайтын және қажетті деректемелерді қамтитын құжатты беру;

4) төлем агентінің банкпен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен немесе төлем ұйымымен жасасқан шарттың талаптарына сәйкес, ал қосалқы төлем агентінің төлем агентімен жасасқан шартқа, сондай-ақ төлем агенті және банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе төлем ұйымы арасындағы шартқа сәйкес сыйақыны өндіріп алуы;

5) осы баптың 3-тармағында көзделген ақпаратты клиентке ұсыну.

3. Көрсетілетін төлем қызметін ұсыну басталғанға дейін төлем агенті және (немесе) қосалқы төлем агенті клиентке мынадай ақпарат ұсынуды қамтамасыз етеді:

1) көрсетілетін төлем қызметінің атауы және оны ұсыну орнының мекенжайы;

2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

2) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның, төлем ұйымының, төлем агентінің, сондай-ақ қосалқы төлем агентінің атауы, сәйкестендіру нөмірі, байланыс деректері (тұрған жері мен заңды мекенжайы, телефон нөмірі).

Дара кәсіпкер болып табылатын төлем агенті және қосалқы төлем агенті өздерінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) туралы ақпаратты қосымша көрсетеді;

2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3) банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның банк операцияларын жүзеге асыруға арналған лицензиясының нөмірі не екінші санаттағы төлем ұйымын есептік тіркеудің тіркеу нөмірі;

4) төлем агенті және (немесе) қосалқы төлем агенті клиенттен көрсетілетін төлем қызметін ұсыну кезінде ұстайтын сыйақы мөлшері (оны өндіріп алған жағдайда).

4. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым және төлем ұйымы өздерінің төлем агенттерінің және қосалқы төлем агенттерінің тізілімдерін банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның, төлем ұйымының ішкі құжатында айқындалған тәртіппен жүргізуге тиіс.

5. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе төлем ұйымы арасында жасалған шартта айқындалған тәртіппен, төлем агенті тартылған қосалқы төлем агенттері туралы ақпаратты оларды көрсетілген тізілімге енгізу мақсатында оны банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға немесе төлем ұйымына ұсынуды қамтамасыз етеді.

6. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, төлем ұйымы төлем агентінің Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ төлем агенті мен банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, төлем ұйымы арасындағы шартта белгіленген көрсетілетін төлем қызметтерін ұсыну шарттарын сақтауын бақылауды жүзеге асыруға міндетті.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген бақылауды жүзеге асыру тәртібі банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, төлем ұйымы және төлем агенті арасындағы шартта не банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның және төлем ұйымының ішкі қағидаларында белгіленеді.

7. Төлем агенті қосалқы төлем агентінің Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасының талаптарын және төлем агенті мен банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым және төлем ұйымы арасындағы шартта белгіленген көрсетілетін төлем қызметтерін ұсыну шарттарын сақтауын бақылауды төлем агенті және (немесе) қосалқы төлем агенті арасындағы, сондай-ақ төлем агенті және банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе төлем ұйымы арасындағы шартта айқындалған тәртіппен жүзеге асыруға міндетті.

8. Көрсетілетін төлем қызметтерін ұсыну жөніндегі агенттік шарттарды жасасқан банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, төлем ұйымы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне осы көрсетілетін қызметтер туралы, сондай-ақ өздерінің төлем агенттері және қосалқы төлем агенттері туралы мәліметтерді ұсынады.

9. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, төлем ұйымы төлем агенті мен қосалқы төлем агентінің міндеттемелері бойынша клиент алдында көрсетілетін төлем қызметтерін ұсыну жөніндегі агенттік шарттар жасасқан төлем агентімен және қосалқы төлем агентімен ортақ жауаптылықта болады.

 

15-бап. Төлем ұйымын құру

1. Төлем ұйымы ретінде тіркелмеген заңды тұлғаның өзі атауында «төлем ұйымы» деген сөздерді, оның көрсетілетін төлем қызметтерін көрсету бойынша қызметті жүзеге асыруын көздейтін, одан туындайтын сөздерді пайдалануға құқығы жоқ.

2. Төлем ұйымы өзінің филиалдарын, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерде ашуға құқылы.

Төлем ұйымы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен өздерінің филиалдарын ашу туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін хабардар етеді.

3. Төлем ұйымы бухгалтерлік есеп және есептілікті Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізеді.

2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)  

4. Бірінші санаттағы төлем ұйымы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі берген лицензиясыз не екінші санаттағы төлем ұйымы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есептік тіркеуден өтпей көрсеткен төлем қызметтері маңызсыз болып саналады.

 

2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 15-1-баппен толықтырылды

15-1-бап. Төлем ұйымының жарғылық капиталын қалыптастыру

2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Төлем ұйымының жарғылық капиталының ең төмен мөлшерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды. Төлем ұйымының жарғылық капиталының ең төмен мөлшері заңды тұлға бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензия алу немесе екінші санаттағы төлем ұйымы есептік тіркеуден өту үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жүгінгенге дейін белгіленеді.

2. Төлем ұйымының жарғылық капиталы тек қана Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшамен қалыптастырылады.

 

2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 15-2-баппен толықтырылды (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)  

15-2-бап. Бірінші санаттағы төлем ұйымдары үшін белгіленетін пруденциялық нормативтер жəне сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттер

1. Пруденциялық нормативтердің құрамына мыналар кіреді:

1) бірінші санаттағы төлем ұйымының жарғылық жəне меншікті капиталының ең төмен мөлшерлері;

2) меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффиценттері;

3) левередж коэффициенті;

4) өтімділік коэффициенттері.

2. Бірінші санаттағы төлем ұйымдарына арналған пруденциялық нормативтерді жəне сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді, олардың шекті мəндерін жəне есептеу əдістемелерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекітеді.

 

2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 15-3-баппен толықтырылды (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)  

15-3-бап. Бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін лицензиялау

1. Заңды тұлға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі берген бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензиясы болған кезде бірінші санаттағы төлем ұйымы ретінде төлем қызметтерін көрсетуге құқылы.

2. Бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияны алу (қайта ресімдеу) үшін заңды тұлға «Рұқсаттар жəне хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған құжаттардан басқа Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тəртіппен құжаттарды ұсынады.

3. Бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияны бергені үшін алым алынады, оның мөлшері мен төлеу тəртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалады.

4. Бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияны қайта ресімдеу «Рұқсаттар жəне хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.

Бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш лицензияны қайта ресімдеуге негіз болған өзгерістер пайда болған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде беріледі.

5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы Заңда көзделген құжаттар мен мəліметтерді заңды тұлға ұсынған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияны береді не лицензия беруден уəжді бас тартуды береді.

6. Бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияның көшірмесі бірінші санаттағы төлем ұйымының интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.

 

2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 15-4-баппен толықтырылды (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)  

15-4-бап. Бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияны беруден бас тарту негіздері

1. Бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияны беруден бас тарту мынадай негіздер бойынша жүргізіледі:

1) ұсынылған құжаттардың «Рұқсаттар жəне хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына жəне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сəйкес келмеуі, сондай-ақ осы құжаттарда көрсетілуге тиіс мəліметтерді толық жəне (немесе) анық ұсынбау;

2) осы Заңның 15-1, 15-2, 19 жəне 19-1-баптарында белгіленген талаптарды сақтамау жəне (немесе) оларға сəйкес келмеу;

3) бірінші санаттағы төлем ұйымының «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында мемлекеттік тіркелген (қайта тіркелген) күнінен бастап бір жыл ішінде бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияны алу туралы өтінішпен жүгінбеуі;

4) өтініш берушінің бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияны алу үшін осы Заңның 15-5-бабы 2-тармағының 1), 2), 3), 4), 5) жəне 6) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша бұрын лицензиясынан айырылған бірінші санаттағы төлем ұйымының құжаттарын не осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 9) жəне 11) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша бұрын төлем ұйымдарының тізілімінен шығарылған екінші санаттағы төлем ұйымының құжаттарын ұсынуы.

2. Осы баптың 1-тармағының 1) жəне 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияны беруден бас тартуды алған жағдайда заңды тұлға сəйкессіздіктерді жойғаннан кейін, уəжді бас тартуды алған күннен кейін жиырма жұмыс күні ішінде лицензия алуға өтініш пен құжаттарды қайта ұсынуға құқылы.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген құқықтан бас тартқан, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген негіздер бойынша бас тартуды алған кезде заңды тұлға бас тартуды алған күннен кейін отыз жұмыс күні ішінде қайта тіркеу жəне атауында «төлем ұйымы» деген сөздер болған кезде атауын өзгерту рəсімін жүргізуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.

Заңды тұлға осы тармақтың бірінші жəне үшінші бөліктерінде көрсетілген əрекеттерді жүзеге асырмаған жағдайларда ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тəртіппен мəжбүрлеп қайта ұйымдастырылуға не таратылуға жатады.

 

2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 15-5-баппен толықтырылды (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)  

15-5-бап. Бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру, тоқтату не одан айыру үшін негіздер

1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бірінші санаттағы төлем ұйымына бұрын қолданылған қадағалап ден қою шараларына қарамастан:

1) пруденциялық нормативтердің жəне (немесе) сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттердің бұзылуы;

2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қадағалап ден қою шараларының орындалмауы;

3) бірінші санаттағы төлем ұйымының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тарапынан тексерудің жүргізілуіне кедергі келтіруі;

4) бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияны алу үшін ұсынылған құжаттарда анық емес мəліметтер мен ақпараттың анықталуы;

5) Қазақстан Республикасының төлемдер жəне төлем жүйелері туралы жəне (немесе) бухгалтерлік есеп жəне қаржылық есептілік жəне (немесе) валюталық реттеу жəне валюталық бақылау жəне (немесе) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға жəне жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш жəне одан көп рет) бұзылуы;

6) тəуекелдерді басқару жəне ішкі бақылау жүйесінің Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің талаптарына сəйкес келмеуі негіздері бойынша бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға құқылы.

2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бірінші санаттағы төлем ұйымына бұрын қолданылған қадағалап ден қою шараларына қарамастан:

1) лицензияның қолданысын тоқтата тұру үшін негіз болған мəн-жайлардың жойылмауы;

2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қадағалап ден қою шараларының жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі жəне одан көп рет) орындалмауы;

3) төлем қызметтерінің қатарынан күнтізбелік алты ай бойы көрсетілмеуі;

4) осы Заңның 15-4-бабы 1-тармағының 1) жəне 2) тармақшаларында көзделген мəн-жайлардың анықталуы;

5) осы Заңда көзделмеген қызмет түрлерін жүзеге асыруы;

6) бірінші санаттағы төлем ұйымын тарату туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі;

7) бірінші санаттағы төлем ұйымының өз қызметін ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдауы негіздері бойынша бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензиядан айыру туралы шешім қабылдауға құқылы.

3. Бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтату «Рұқсаттар жəне хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.

«Рұқсаттар жəне хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайда бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтатуға өтінішке бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыру кезінде туындаған міндеттемелердің орындалуын растайтын құжаттар мен мəліметтер қоса беріледі.

4. Бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы шешім қабылданған күнінен бастап күшіне енеді.

Бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысы осындай шешім бірінші санаттағы төлем ұйымының назарына жеткізілген күннен бастап тоқтатыла тұрды деп есептеледі.

Бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы қабылданған шешім туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында қазақ жəне орыс тілдерінде жарияланады.

5. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тəртіппен шағым жасалуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы шешіміне шағым жасау осы шешімнің орындалуын тоқтата тұрмайды.