2024 жылғы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумда азаматтарды референдум учаскелерінің мекенжайлары бойынша тіркеу туралы
Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы Төрағасының 2024 жылғы 16 қыркүйектегі № 41/52 бірлескен қаулысына, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2024 жылғы 17 қыркүйек № 558/НҚ, бұйрығына және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2024 жылғы 17 қыркүйек № 697 бұйрығы
«Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 24, 25 және 26-баптарына, «Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 20)-тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 шілдедегі № 501 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туралы ереженің 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі БҰЙЫРАДЫ:
1. Осы бірлескен қаулыға және бұйрыққа қосымшаға сәйкес 2024 жылғы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумда азаматтарды референдум учаскелерінің мекенжайлары бойынша тіркеу алгоритмі бекітілсін.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың тиісті аумақтық референдум комиссияларымен бірлесіп, азаматтарды тіркеу үшін қабылдауды жүзеге асыру бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қызметкерлерін орналастыру үшін референдум учаскелерін айқындасын, 2024 жылғы 18 қыркүйекке дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясына тиісті мәліметтерді ұсынсын.