Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін және жол жүру құжатын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 532 бұйрығы
(2026.01.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Ішкі істер министрінің 2025.29.09. № 731 бұйрығымен кіріспе жаңа редакцияда (2025 ж. 19 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 маусымдағы № 607 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 83) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, және жол жүру құжатын ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетіне жүктелсін.