Он сегіз жасқа толмаған қызметкерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімін, он сегіз жасқа толмаған қызметкерлердің ауыр заттарды тасуы мен жылжытуының шекті нормаларын және әйелдердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімін, әйелдердің ауыр заттарды қолмен көтеруінің және жылжытуының шекті нормаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 27 мамырдағы № 391 бұйрығы
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 15 желтоқсандағы № 971 бұйрығымен 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап күші жойылды
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 16-бабының 30) және 31) тармақшаларына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Он сегіз жасқа толмаған қызметкерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімі, он сегіз жасқа толмаған қызметкерлердің ауыр заттарды тасуы мен жылжытуының шекті нормалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Әйелдердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімі, әйелдердің ауыр заттарды қолмен көтеруінің және жылжытуының шекті нормалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Д.Р. Арғындықовқа жүктелсін.