«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII Заңы (қолданысқа енген жоқ)

Предыдущая страница

 

51-бап. Банк акционерлерінің жалпы жиналысын өткізу ерекшеліктері

1. Банк акционерлерінің жалпы жиналысы Қазақстан Республикасының банк заңнамасында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген талаптарға сәйкес өткізіледі.

2. Банктің ірі қатысушысы, банк холдингі болып табылатын, банк акционерлерінің жалпы жиналысына қатысатын банк акционері, егер оның тіркелген елі (азаматтығы) туралы ақпарат банкте болмаса, банкке осы Заңның 9-бабы 4-тармағының талаптарының орындалғанын растайтын өтініш береді.

Көрсетілген өтінішті ұсынбаған, банктің ірі қатысушысы, банк холдингі болып табылатын акционер:

1) банк акционерлерінің жалпы жиналысының кворумын айқындау кезінде есепке алынбайды;

2) банк акционерлерінің жалпы жиналысында қаралатын мәселелерге дауыс беруге және (немесе) оларды талқылауға қатысуға құқылы емес.

3. Банк акционерлерінің жалпы жиналысы шешім қабылдағаннан кейін анықталған, акционердің осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде көзделген өтінішінде көрсетілген ақпарат анық болмаған кезде мынадай жағдайда, егер:

1) мұндай шешім үшін дауыс беретін акциялардың көпшілігін иеленетін (анық емес ақпарат берген акционердің дауыс беретін акцияларын есепке алмағанда) акционерлер дауыс берсе, акционерлердің жалпы жиналысының шешімі көрсетілген акционердің дауысы есепке алынбай қабылданды деп саналады;

2) анық емес ақпаратты берген акционердің дауысы шешуші болса, көрсетілген мән-жай уәкілетті органның, банктің және (немесе) өзге де мүдделі тұлғаның талап етуі бойынша акционерлердің жалпы жиналысының тиісті шешімін Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жарамсыз деп тануға негіз болады.

4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарының ережелері базалық активі банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздардың иелеріне қатысты қолданылады.

 

 

4-БӨЛІМ. БАНКТІК КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ

 

9-тарау. БАНК ҚЫЗМЕТІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ШАРТТАРЫНА ҚОЙЫЛАТЫН НЕГІЗГІ ТАЛАПТАР

 

52-бап. Банк қызметін жүзеге асыру шарттарына қойылатын негізгі талаптар

1. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы банктік көрсетілетін қызметтерді тұтынушылармен өзара іс-қимыл жасау кезінде банктік көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға адал, ашық және әділ қарым-қатынасты қамтамасыз етуге бағытталған қағидаттар мен іс-қимылдар жиынтығын көздейтін қаржы нарығындағы жауапты іскерлік практикаларды сақтауға, оның ішінде:

52-бабының 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасы 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

1) қаржы өнімдерін басқаруға;

2) банктік көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты ашып көрсетуге;

3) банктік көрсетілетін қызметтерді тұтынушылармен өзара іс-қимыл жасаудың барлық кезеңінде жосықсыз практикаларға жол бермеуге;

4) банктік көрсетілетін қызметтерді тұтынушылармен өзара іс-қимыл жасау кезінде банктің коммерциялық өкілдігін жүзеге асыратын тұлғалардың қызметі үшін жауапкершілікті қабылдауға;

5) банктік көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың жолданымдарын қарауға;

6) тиісті іс-шараларды әзірлеу және іске асыру арқылы клиенттердің қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға қатысты сақтауға міндетті.

Қаржы нарығындағы жауапты іскерлік практикаларға қойылатын талаптар «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-4-тарауында белгіленеді.

2. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы өз қызметін банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асырудың жалпы шарттары туралы қағидалар, исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асырудың жалпы шарттары туралы қағидалар (исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы үшін) (бұдан әрі - банк қызметін жүзеге асырудың жалпы шарттары туралы қағидалар) болған кезде жүзеге асырады.

3. Банк қызметін жүзеге асырудың жалпы шарттары туралы қағидаларды банктің директорлар кеңесі, Қазақстан Республикасының аумағында филиалы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басқару органы бекітеді.

4. Банк қызметін жүзеге асырудың жалпы шарттары туралы қағидалар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген, банк қызметін жүзеге асыру шарттарына қойылатын талаптарға сәйкес келуге тиіс.

Банк қызметін жүзеге асыру шарттарына қойылатын талаптар:

1) банк қызметін жүзеге асырудың жалпы шарттары туралы қағидаларды қамтуға тиісті мәліметтер тізбесін;

2) банктік көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде ақпаратты ашып көрсету және клиенттерге консультация беру, оның ішінде исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес қаржыландыруға (кредит беруге) тыйым салған қызмет түрлері туралы ақпаратты клиенттерге ашып көрсету тәртібін;

3) жеке тұлғамен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шартын жасасу тәртібін, оның ішінде оның мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптарды, банктік салым шартын және банктік шот шартын жасасу тәртібін;

4) жауапкершілікпен кредит беруді жүзеге асыру тәртібін;

5) банктік қызметтерді көрсету кезінде адал әрекет ету қағидаттарын;

6) жосықсыз практикалардың түрлері мен белгілерін, сондай-ақ банктік қызметтерді көрсету кезінде оларды анықтау тәртібін;

7) төлемге қабілетсіз клиенттермен жұмыс істеу кезінде берешекті өндіріп алуға жауапты іскерлік практикаларды;

8) банктік көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың банктік көрсетілетін қызметтерді ұсыну процесінде туындайтын жолданымдарын қарау тәртібін;

9) клиенттердің қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған іс-шараларды әзірлеуге және іске асыруға қойылатын талаптарды;

10) жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарызын беру және оған қызмет көрсету кезінде алынуға жататын комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесін;

11) жеке тұлғаға берілетін тұтынушылық банктік қарыздың мөлшерін белгілейді.

52-бабының 4-тармағы үшінші бөлігінің қолданысы 2026 ж. 2 шілдеге дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік 135-баптың 3-тармағының 1) тармақшасының редакциясында қолданылады

Тізбесі уәкілетті органның осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мәліметтерден басқа, банк қызметін жүзеге асырудың жалпы шарттары туралы қағидаларда клиенттермен жұмыс істеу тәртібі туралы ережелер, оның ішінде:

мүгедектігі бар адамдарға және халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтарына көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қаржы ұйымдары бөлімшелерінің қолжетімділігі бойынша ұлттық стандарттың талаптары ескеріле отырып, мүгедектігі бар адамдарға және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына көрсетілетін қызметтерді ұсыну тәртібі;

сенім білдірілген адамның қатысуымен мүгедектігі бар адамдарға және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына көрсетілетін қызметтерді ұсыну ерекшеліктері қамтылуға тиіс.

5. Банк қызметін жүзеге асырудың жалпы шарттары туралы қағидалар ашық ақпарат болып табылады және коммерциялық құпияның немесе банк құпиясының нысанасы бола алмайды.

6. Қазақстан Республикасының аккредиттелген куәландырушы орталығы болып табылатын банк жиынтығында мынадай шарттар сақталған кезде:

1) клиенттің цифрлық қолтаңба кілтін жасауға және электрондық цифрлық қолтаңба сертификатын беруге келісімі болғанда;

2) клиент «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасының Заңында жұмыс істеуі көзделген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығы (бұдан әрі - СДАО) арқылы биометриялық аутентификациялаудан өткенде;

3) бір реттік (біржолғы) сәйкестендіру коды арқылы сәйкестендірілгенде өз клиенттеріне олардың өтініші негізінде электрондық цифрлық қолтаңба жасайды және электрондық цифрлық қолтаңба сертификатын береді.

Егер клиент бұрын банкке жеке өзі барған кезде немесе СДАО арқылы биометриялық аутентификация қолданылып сәйкестендірілмесе, онда банк клиенттің электрондық цифрлық қолтаңбасын жасауды және электрондық цифрлық қолтаңба сертификатын беруді клиент СДАО арқылы биометриялық аутентификациядан өткен кезде жүзеге асырады.

52-бабы 6-тармағының үшінші бөлігі 2026 ж. 18 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

Клиенттің электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін жасауға және электрондық цифрлық қолтаңба сертификатын, оның ішінде клиенттің банкте жеке өзі барған кезде алынған келісімі клиенттің бұрын берілген келісімдерді кері қайтарып алу мүмкіндігімен СДАО-да сақталады.

Банктер беретін электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін және оларға сертификаттарды беру, сақтау, кері қайтарып алу және олардың қолданылу мерзімін белгілеу ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісіне сәйкес жүзеге асырылады.

7. Банктік шот ашу арқылы іскерлік қарым-қатынасты қашықтық тәсілмен орнату кезінде клиенттерді биометриялық аутентификациялау СДАО арқылы жүзеге асырылады.

Банктік шоттарды ашу кезінде СДАО арқылы биометриялық аутентификациялау жүргізу тәртібін, сондай-ақ биометриялық аутентификациялау нәтижелерін сақтау мерзімдерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.

СДАО арқылы биометриялық аутентификациялау клиенттің келісімі негізінде және ұлттық биометриялық аутентификациялау жүйесінің биометриялық деректері пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.

Банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың талаптарына сәйкес клиенттің деректерін кезең-кезеңмен жаңартып отыруға міндетті.

8. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы өз қызметін жүзеге асыру және (немесе) тәуекелдерді бағалау мен басқару мақсатында қызметтер көрсету кезінде жасанды интеллектіні пайдалануға құқылы.

Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы жасанды интеллектіні пайдалана отырып қабылданған шешімдер үшін жауапты болады.

9. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы Қазақстан Республикасының аумағында төлемдер мен ақша аударымдарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

10. Осы бапта белгіленген талаптар банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.

 

53-бап. Мөлшерлемелер, комиссиялар мен тарифтер

1. Жеке және заңды тұлғалар үшін банктік және өзге де қызметтер (операциялар) көрсеткені үшін сыйақы мөлшерлемелерін, комиссиялар мен тарифтерді банк Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып дербес белгілейді.

2. Жеке және заңды тұлғалар үшін банктік және өзге де қызметтер (операциялар) көрсеткені үшін мөлшерлемелер, комиссиялар мен тарифтер туралы ақпарат банктің интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.

Көрсетілген ақпаратты банк қолданыстағы мөлшерлемелерге, комиссиялар мен тарифтерге өзгерістер енгізілген күн туралы мәліметтерді, ішкі құжаттың нөмірін және осы өзгерістерді қабылдаған органды көрсете отырып, жаңартылған күйде ұстауға тиіс.

3. Банк банктік қарыз шартында банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты алынуға жататын барлық комиссия мен өзге де төлемді, сондай-ақ олардың мөлшерін көрсетуге міндетті және:

банктік қарыз шартын жасасу күніне белгіленген комиссиялардың және (немесе) өзге де төлемдердің мөлшерін, сондай-ақ оларды есептеу тәртібін ұлғаю жағына қарай өзгертуге;

жасалған банктік қарыз шарты шеңберінде комиссиялардың және (немесе) өзге де төлемдердің жаңа түрлерін біржақты тәртіппен енгізуге құқылы емес.

4. Банктік қарыз шартында банк сыйақының мынадай:

қарыз алушы жеке тұлға үшін - тіркеп-белгіленген немесе құбылмалы;

қарыз алушы заңды тұлға үшін тіркеп-белгіленген және (немесе) құбылмалы мөлшерлемесін белгілейді.

5. Банк анық, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнды) клиенттермен жасалатын шарттарда, сондай-ақ қарыздар мен салымдар бойынша (банкаралық қарыздар мен салымдарды қоспағанда) сыйақы шамалары туралы ақпаратты таратқан (жариялаған) кезде көрсетуге міндетті.

Қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірлескен нормативтік құқықтық актісінде айқындалған шекті мөлшерден аспауға тиіс.

Қарыздар мен салымдар бойынша анық, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнды) есептеу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.

Осы тармақта белгіленген талаптар исламдық банк операцияларына қолданылмайды.

6. Жеке тұлғамен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шарты жасалғанға дейін банк жеке тұлғаға таңдау үшін кредит берудің баламалы шарттарын ұсынуға міндетті, оларға сәйкес:

сыйақы мөлшерлемесінен басқа, банктің банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссияларды және (немесе) өзге де төлемдер алуы көзделмейді;

осы баптың 8-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сыйақы мөлшерлемесінен басқа, банктің банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссияларды және (немесе) өзге де төлемдерді алу құқығы көзделеді.

Жеке тұлға таңдаған кредит беру талаптары банктік қарыз шартында көрсетілуге жатады.

7. Банк жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарызын мерзімінен бұрын өтегені үшін комиссияларды, тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін алуға құқылы емес.

Банк қарыз алушы заңды тұлғаның негізгі борышты ішінара мерзімінен бұрын өтеу немесе толық мерзімінен бұрын өтеу жағдайларын қоспағанда, заңды тұлғаның банктік қарызды мерзімінен бұрын өтегені үшін комиссияларды, тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін:

бір жылға дейінгі мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап алты айға дейін;

бір жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап бір жылға дейін алуға құқылы емес.

8. Банк жеке тұлғамен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шартында банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банктік шотты жүргізгені үшін, сондай-ақ банктік шотқа қарызды есепке жатқызғаны үшін комиссия белгілеуге және алуға құқылы емес.

9. Банк жеке тұлғамен жасалатын банктік қарыз шартында сыйақының тіркеп-белгіленген мөлшерлемесін осы Заңның 57-бабының 4, 5 және 6-тармақтарында айқындалған тәртіппен жасалған, оны азаю жағына қарай өзгерту немесе азаю жағына қарай уақытша өзгерту жағдайларын қоспағанда, біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы емес.

Сыйақы мөлшерлемесін азаю жағына қарай уақытша өзгерту деп банктің сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін белгілі бір мерзімге төмендетуі түсініледі, ол мерзім өткеннен кейін сыйақы мөлшерлемесі уақытша өзгеріске дейін қолданыста болған сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерінен аспайтын мөлшерде белгіленеді.

Сыйақының тіркеп-белгіленген мөлшерлемесі тараптардың келісімі бойынша жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шартының қолданылу мерзімі ішінде сыйақының құбылмалы мөлшерлемесіне өзгеруі мүмкін.

Сыйақының тіркеп-белгіленген мөлшерлемесі тараптардың келісімі бойынша оның жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шартында айқындалған қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ұлғаю жағына қарай өзгеруі мүмкін, бірақ ол көрсетілген шарт жасалған күннен бастап үш жылдан ерте өзгертілмейді. Тараптардың келісімі бойынша сыйақының тіркеп-белгіленген мөлшерлемесінің ұлғаю жағына қарай одан кейінгі әрбір өзгеруі сыйақының тіркеп-белгіленген мөлшерлемесінің қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін мүмкін болады, бірақ Сыйақының тіркеп-белгіленген мөлшерлемесі алдыңғы өзгерген күнінен бастап үш жылдан ерте өзгертілмейді.

Жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты және банктік салым шарты бойынша сыйақының құбылмалы мөлшерлемесін есептеу тәртібі, оның қолданылу шарттары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

10. Банк:

1) банктік қарыз шартында көзделген жағдайларда, қарыз алуға және оған қызмет көрсетуге байланысты анық ақпаратты беру бойынша қарыз алушы өз міндеттемелерін бұзған;

2) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген жағдайларда, сондай-ақ банктік қарыз шартында көзделген мынадай:

банктің алдын ала жазбаша хабарламасынсыз, жиынтығында қарыз алушының капиталындағы дауыс беретін акцияларының (қатысу үлесінің) он және одан көп пайызын иеленетін қарыз алушы акционерлерінің (қатысушыларының) құрамы өзгерген;

кепіл ұстаушы болып табылатын банктің құжаттар бойынша және кепілге қойылған мүліктің іс жүзінде болуын, көлемін, жай-күйін және сақтау шартын тексеру құқығын қарыз алушы және (немесе) кепіл беруші бұзған;

үшінші тұлғалар қарыз алушының және (немесе) кепіл берушінің мүлкіне, оның ішінде банктің пайдасына кепілге салынған мүлікке талап қойған жағдайларда, банктің банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелердің мерзімінен бұрын орындалуын талап ету құқығы туындаған жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғамен банктік қарыз шарты жасалған күні белгіленген сыйақы мөлшерлемелерін ұлғаю жағына қарай біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы емес.

11. Банк өз клиенттерін өзгерістердің болжамды күніне дейін, бірақ:

кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес жеке тұлғалардың төлемдері мен аударымдары бойынша - кемінде үш ай;

кәсіпкерлік қызмет шеңберінде жүзеге асырылатын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің төлемдері мен аударымдары бойынша - кемінде бір ай бұрын төлемдер мен аударымдар бойынша комиссиялар мен тарифтердің ұлғаюы туралы хабардар етеді.

12. Осы бапта белгіленген талаптар Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.

 

54-бап. Банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері

1. Банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау тұрақсыздық айыбымен, кепілмен, кепілдікпен, кепілгерлікпен және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) шартта көзделген басқа да тәсілдермен қамтамасыз етілуі мүмкін.

2. Егер кредиттің қайтарымдылығын қамтамасыз ету үшін бірнеше кепіл нысанасы берілсе, онда қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін тиісінше орындаған жағдайда және қарыз алушы (кепіл беруші) кепілмен қамтамасыз етуді азайту туралы талаппен жүгінген кезде бағалаушы айқындаған кепіл нысаналарының нарықтық құны банктің кепілдік саясатының талаптары ескеріле отырып, қарыз алушы міндеттемелерінің орындалмаған бөлігінің сомасынан асып кеткен жағдайда, банк қарыз алушы (кепіл беруші) жүгінген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарыз алушы міндеттемелерінің мөлшерінен асып кеткен бөлігінде кепіл туралы шартты (шарттарды) бұзу (өзгерту) бойынша шаралар қабылдауға міндетті.

3. Егер банктік қарыз шарты бойынша орындалмаған міндеттемелердің сомасы кепілмен қамтамасыз ету құнының он пайызынан аз болса, банк қарыз алушы (кепіл беруші) жүгінген күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде банктің кепілдік саясатының талаптарын ескере отырып, кепіл нысанасын жүгіну кезінде бағалаушы айқындаған нарықтық құны көрсетілген банктік қарыз шарты бойынша орындалмаған міндеттеменің сомасын жабатын өзге мүлікке ауыстыру мүмкіндігін қарауға міндетті.

4. Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында белгіленген талаптар банктердің банк кепілдіктері мен банк кепілдемелерін беру жөніндегі операцияларын қамтамасыз етуге қолданылады.

5. Банк жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қорының кепілдігін банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушының міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету ретінде қабылдаған кезде провизияларды (резервтерді) есептеу үшін осындай кепілдіктің құнын банк кепілдікпен қамтамасыз етілген кредит сомасына тең мөлшерде айқындайды.

6. Осы баптың 5-тармағын қоспағанда, осы бапта белгіленген талаптар Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.

 

55-бап. Банк қызметінің ақпараттық қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз ету

1. Банк банк қызметінің ақпараттық қауіпсіздігі мен үздіксіздігін мынадай қағидаттар негізінде қамтамасыз етеді:

1) заңнаманы және міндетті стандарттарды сақтау - банктің Қазақстан Республикасы заңнамасының және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы міндетті стандарттардың талаптарына сәйкестігіне ақпараттық қауіпсіздікке тұрақты тексерулер мен аудит жүргізуі;

2) басшылықтың тартылуы - банк қызметінің ақпараттық қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін банктің атқарушы органының басшысы немесе мүшесі тарапынан қатысу, бақылау және олардың жауапкершілігі;

3) кешенділік - сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерді ескере отырып, банктің ұйымдастырушылық, техникалық және кадрлық деңгейлерде ақпараттық қауіпсіздікті іске асыруы;

4) шектеулі қолжетімділік - банктің ақпараттық қауіпсіздікке әрбір қатысушыға өзінің функционалдық міндеттерін орындау үшін қажетті және жеткілікті ақпарат пен ресурстарға ғана қолжетімділік беруі;

5) деректерді сақтауды барынша азайту - банк жүзеге асыратын міндеттерді орындау үшін қажетті және жеткілікті ақпаратты және деректерді ғана банктің сақтауы;

6) мониторинг - банктің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымындағы пайдаланушылардың іс-әрекеттері мен оқиғаларын банктің тіркеп-белгілеуі және уақтылы талдауы;

7) хабардарлық - банктің ақпараттық қауіпсіздік саласындағы банк қызметкерлерінің кәсіптік білімі мен дағдыларының деңгейін жүйелі түрде арттыруы және тұрақты түрде тексеруі;

8) қорғауды жаңарту және тестілеу - банктің бағдарламалық қамтылым мен операциялық жүйелерді уақтылы жаңартып отыруы, сондай - ақ банктің осалдықтардың болуына тұрақты түрде тексерулер жүргізуі және банктің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына енуге тестілеу өткізуі;

9) үздіксіздік және қалпына келтіру - банктің деректерді резервтеуі, банктің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын қалпына келтіруді жоспарлауы және тестілеуі.

2. Банк ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйесінің болуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті сақтайды.

3. Банк ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйелерінің болуы туралы, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптардың сақталуы туралы мәліметтерді ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен және мерзімдерде Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығына ұсынады.

4. Банк ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларына мониторингті, нақты уақыт режимінде ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қоюды, сондай-ақ уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына тергеп-тексерудің жүргізілуін қамтамасыз етеді.

5. Банк ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымдағы осалдықтар туралы, оның ішінде үшінші тараптардан алынған, сондай-ақ ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар мен іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқиғалары мен оқыс оқиғалары туралы ақпаратты уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын тәртіппен және мерзімде уәкілетті органға береді.

6. Банк ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін деректерді өңдеудің резервтік орталығының және резервтік байланыс арналарының жұмысын қамтамасыз етеді.

7. Банк банктің ішкі қағидаларында және (немесе) клиенттермен жасалған шарттарда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде клиенттерге банк операциялары мен өзге де операциялардың қолжетімділігіне әсер ететін, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымда жүргізілетін жоспарланып отырған жұмыстар туралы клиенттерді хабардар етеді.

8. Банк клиенттерге банк операциялары мен өзге де операцияларды үздіксіз ұсынудың кепілді деңгейін қамтамасыз етеді, ол банктің ішкі құжаттарында белгіленеді. Банктің көрсетілген ішкі құжаттары банктің интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.

9. Банктің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы жұмысының үздіксіздігіне қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

10. Осы бапта белгіленген талаптар Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.