«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII Заңы (қолданысқа енген жоқ)

Предыдущая страница

7) кредитордың орындауды алу бойынша шығасылары.

58-бабының 21-тармағы 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

21. Банк жеке тұлғамен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шартын жасасқанға дейін уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген қаржы өнімінің жарамдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып, қарыз талаптарын ұсынуға міндетті.

22. Банктің жеке тұлғамен жасалатын банктік қарыз шартында кез келген валюталық немесе өзге де баламаға байланыстыра отырып, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында берілетін банктік қарыз бойынша міндеттемелер мен төлемдерді индекстеуді көздейтін шарттарды белгілеуіне тыйым салынады.

23. Банк жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шартының талаптары өзгерген және (немесе) жеке тұлғаның қарызын өтеу мақсатында жаңа қарыз берілген кезде негізгі борыш сомасына капиталдандырылған (жинақтап қосылған) мерзімі өткен сыйақыға, тұрақсыздық айыбына (айыппұлдарға, өсімпұлдарға), қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерге сыйақыны есепке жазуға жол бермеуге тиіс.

24. Жеке тұлғаға банктік қарыз беру қарыз алушының (кепіл берушінің) өз өмірін немесе денсаулығын сақтандыру міндетімен негізделмеуі керек.

25. Осы бапта белгіленген талаптар Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.

 

59-бап. Мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшінің банктік қарызының ерекшеліктері

1. Мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшінің банктік қарыз беру туралы шешім қабылдағанға дейін банк алған кредиттік есебінде оны мерзімді әскери қызметке шақыру туралы ақпарат болған кезде банктің осындай әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында мерзімді әскери қызмет өткеруі кезеңінде банктік қарыздар беруіне тыйым салынады.

Мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшінің банктік қарыз беру туралы шешім қабылдағанға дейін банк алған кредиттік есебінде оны мерзімді әскери қызметке шақыру туралы ақпарат болған кезде банк осындай әскери қызметшіге банктік қарыз берген жағдайда банк мұндай банктік қарыз бойынша міндеттемелердің орындалуын талап етуге құқылы емес және мұндай банктік қарыз беру фактісі анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, осы Заңның 58-бабының 7-тармағында көзделген шараларды қабылдайды.

2. Банк банктік қарыз шарты бойынша уәкілетті органның осы Заңның 61-бабы 2-тармағының үшінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен қарыз бойынша сыйақыны есепке жазбай, мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшіге мерзімді әскери қызметті өткеру мерзімін және ол аяқталғаннан кейінгі күнтізбелік алпыс күнді қамтитын кезеңге негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыруды ұсынуға міндетті.

3. Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару, оларда банктік қарыздың болуы не болмауы, ол бойынша төлемді кейінге қалдырудың ұсынылуы туралы мәліметтер алмасу Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен келісу бойынша уәкілетті орган айқындаған тәртіппен мемлекеттік органдардың және кредиттік бюролардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда дербес деректерді жинау, өңдеу және пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

4. Осы бапта белгіленген талаптар Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.

 

60-бап. Жеке тұлғаның ипотекалық қарызының ерекшеліктері

1. Банк жеке тұлғамен кәсіпкерлік қызметке байланысты емес ипотекалық қарыз шартын жасасқанға дейін осы Заңның 57-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес банктің ішкі құжаттарына сай қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін (төлем қабілеттілігін) бағалауды жүргізуге міндетті, ол:

1) банктің қалауы бойынша мынадай құжаттардың бірімен:

жеке зейнетақы шотынан берілетін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының соңғы алты айдағы үзінді көшірмесімен;

жұмыс орнынан берілген соңғы алты айдағы кірістері туралы анықтамамен;

банктің ішкі құжаттарына және рәсімдеріне сәйкес жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметке байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша қарыз алушының міндеттемелерін орындау мүмкіндігінің бар екендігін көрсететін өзге де құжаттармен расталған, қарыз алушының ипотекалық қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мүмкіндігінің болуын;

2) қарыз алушының соңғы алты айдағы кредиттік тарихының бар екендігін не жоқ екендігін;

3) салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегінің бар екендігін не жоқ екендігін;

4) үшінші тұлғалар алдында кредиттік есепте көрсетілген берешектің бар екендігін не жоқ екендігін айқындауға бағытталған.

Қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін (төлем қабілеттілігін) бағалау жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметке байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша бірлесіп қарыз алушы (ипотекалық қарызды қайтару жөніндегі міндеттемелердің орындалуы үшін ортақ жауапты адам) ретінде әрекет ететін жеке тұлға жөніндегі мәліметтерді де ескеруге тиіс.

Банктің осы тармақта көзделген қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін (төлем қабілеттілігін) бағалауды жүзеге асыруы үшін қарыз алушының (бірлесіп қарыз алушының) анық емес ақпарат ұсынғаны үшін банк жауапты болмайды.

2. Егер жеке тұлға өтініш жасаған күннің алдындағы қатарынан алты ай ішінде жеке тұлғаның тиісті шетел валютасында кірісі болмаса, банктің көрсетілген жеке тұлғаға ипотекалық қарызды шетел валютасында беруіне тыйым салынады.

3. Банктің жеке тұлғаның ипотекалық қарыз шарты бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу міндеттемесін орындау мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күн өткен соң есепке жазылған сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлды), сондай-ақ қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерді төлеуді талап етуіне тыйым салынады.

4. Ипотекалық қарыз бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін тұрғынжай банктің меншігіне өткен және «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын қарыз алушының (кепіл берушінің) меншігінде өзге тұрғынжай болмаған жағдайларда осындай қарыз алушы (кепіл беруші) тұрғынжай банктің меншігіне өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде банкке мүліктік жалдау (жалға беру) шарты негізінде, оның ішінде оны сатып алу шартымен қарыз алушыға (кепіл берушіге) осындай тұрғынжайды жалға (мүліктік жалдауға) беру туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.

5. Банк осы баптың 4-тармағында көзделген өтінішті алған күннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде оны қарайды және қарыз алушыға (кепіл берушіге) мынадай шешімдердің бірі туралы:

1) сатып алу шартымен немесе онсыз тұрғынжайды мүліктік жалдау (жалға беру) шартын жасасуға келісетіні туралы;

2) мынадай негіздердің бірі болған кезде:

өтініш беруші халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатына жататыны жөнінде анық емес мәліметтерді ұсынған;

өтініш берушінің кіріс көздерінің болмауына байланысты жалға алу ақысын төлеу мүмкіндігі болмаған;

өтініш берушінің банкроттығы;

өтініш берушінің меншік құқығында тұрғынжайы болған кезде мүліктік жалдау (жалға беру) шартын жасасудан бас тарту туралы хабарлайды.

6. Банк пен қарыз алушы (кепіл беруші) арасында мүліктік жалдау (жалға беру) шарты тұрғынжайды сатып алу шартымен жасалған жағдайда, тұрғынжайға меншік құқығы қарыз алушы (кепіл беруші) жалға алу бойынша соңғы төлемді не тұрғынжайдың мүліктік жалдау (жалға беру) шартында айқындалған құнын толық мерзімінен бұрын өтеуді жүзеге асырғаннан кейін қарыз алушыға (кепіл берушіге) ресімделеді.

7. Қарыз алушы (кепіл беруші) тұрғынжайды мүліктік жалдау (жалға беру) шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін қатарынан күнтізбелік тоқсан күннен астам өткізіп алған жағдайда банктің талап етуі бойынша мүліктік жалдау (жалға алу) шарты мерзімінен бұрын тоқтатылады.

Көрсетілген жағдайда банктің тұрғынжайды мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша мерзімі өткен тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеуді талап етуіне тыйым салынады.

8. Банктің және қарыз алушы жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес ипотекалық қарыз шартына қатысты осы Заңда белгіленген құқықтары мен міндеттері жеке тұлғамен жасалған кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) кепілімен қамтамасыз етілген банктік қарыз шарттарына да қолданылады.

9. Осы бапта белгіленген талаптар Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.

 

61-бап. Берешекті реттеу шарттары мен тәртібі және төлемге қабілетсіз қарыз алушы жеке тұлғаға қатысты қолданылатын шаралар

1. Банк қарыз алушы жеке тұлғаны банктік қарыз шартында көзделген тәсілмен жазбаша, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы банктік қарыз шарты бойынша ақшалай міндеттемелерді орындаудың мерзімін өткізіп алудың туындағаны туралы мерзімін өткізіп алу туындаған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабардар етуге міндетті.

Көрсетілген хабарлама:

1) банктік қарыз шарты бойынша хабарламада көрсетілген күнгі мерзімі өткен төлемдердің мөлшерін;

2) банктік қарыз шарты бойынша мерзімі өткен төлемдерді енгізу туралы талапты;

3) қарыз алушының банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындамауының салдарларын түсіндіруді;

4) қарыз алушының осы баптың 2-тармағында айқындалған тәртіппен банктік қарыз шартына өзгерістер енгізу туралы ұсыныспен банкке жүгіну құқығын көрсетуді;

5) банктің қалауына қарай өзге де мәліметтерді қамтуға тиіс.

Банк аталған хабарламаны қарыз алушыға жіберу үшін коллекторлық агенттікті тартуға құқылы.

2. Банк қарыз алушыға осы баптың 1-тармағында көзделген хабарламаны жіберген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарыз алушы жазбаша нысанда және (немесе) ақпараттандыру объектілері арқылы және (немесе) банктік қарыз шартында көзделген өзге де тәсілмен мыналарға:

1) банктік қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгертуге;

2) банктік қарыз шарты бойынша ай сайынғы төлемді банктік қарыз шартында белгіленген мөлшерден кемінде елу пайызға азайтуға;

3) шетел валютасында берілген қарыз бойынша негізгі борыштың қалдық сомасының валютасын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына өзгертуге;

4) негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдыруға;

5) берешекті өтеу әдісін және (немесе) берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгертуге;

6) қарыз мерзімін өзгертуге;

7) мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіруге, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың), банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің күшін жоюға;

8) «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 20-1-бабында белгіленген тәртіппен кепіл берушінің ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті дербес өткізуіне;

9) банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың орнына банкке кепіл және (немесе) өзге де мүлікті беру арқылы бас тарту төлемін ұсынуға;

10) банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені сатып алушыға бере отырып, ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті өткізуге қатысты кез келген ұсыныспен банкке жүгінуге құқылы.

Қарыз алушының көрсетілген жолданымында банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындаудың мерзімін өткізіп алудың туындау себептері, қарыз алушының ағымдағы кірістері және қарыз алушының банктік қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізу туралы ұсыныспен жүгінуін негіздейтін (соған негіз болатын) басқа да мән-жайлар туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.

Банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістерді қарау тәртібі, қарыз алушы жеке тұлғаның банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішіне қоса берілетін құжаттардың тізбесі, сондай-ақ банк пен микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымның қарыз алушы жеке тұлғалардың банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтініштерін қарау нәтижелері туралы уәкілетті органға хабарлау тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

3. Банк қарыз алушының осы баптың 2-тармағында көзделген жолданымын алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде банктік қарыз шартының талаптарына қарыз алушы ұсынған өзгерістерді енгізу мүмкіндігін қарауға және қарыз алушыға банктік қарыз шартында көзделген тәсілмен жазбаша түрде, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы банк қабылдаған мынадай шешімдердің бірі:

1) банктік қарыз шартының талаптарына қарыз алушы ұсынған өзгерістерді енгізумен келісетіні;

2) банктің қарыз алушыға банктік қарыз шартына өзгерістер енгізу туралы қарсы ұсынысы;

3) банктік қарыз шартының талаптарына қарыз алушы ұсынған өзгерістерді енгізуден бас тарту себептерінің уәжді негіздемесі бар осындай бас тарту туралы хабарлауға міндетті.

Банктің қарыз алушының осы баптың 2-тармағында көзделген жолданымы бойынша шешімін банк осы баптың 4 және 5-тармақтарында белгіленген талаптарды ескере отырып, банктің жеке тұлғалардың қарыздарын қайта құрылымдау бойынша кредиттік шешімдер қабылдау жөніндегі ішкі тәртібіне сәйкес қабылдайды.

Банктің жеке тұлғалардың қарыздарын қайта құрылымдау бойынша кредиттік шешімдерді қабылдау жөніндегі ішкі тәртібіне қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен бекітілген банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістерді қарау тәртібінде, қарыз алушы жеке тұлғаның банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішіне қоса берілетін құжаттар тізбесінде, сондай-ақ банктің және микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымның қарыз алушы жеке тұлғалардың банктік қарыз шартының және микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтініштерін қарау нәтижелері туралы уәкілетті органға хабарлау тәртібінде айқындалады.

4. Егер мынадай:

1) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын;

2) төтенше жағдай енгізуге негіз болған мән-жайлардың салдарынан зардап шеккен қарыз алушылардың кез келгені банкке банктік қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізу туралы жолданымды жіберсе, банк банктік қарыз шартының осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында және (немесе) 4) тармақшасында көрсетілген талаптарына өзгерістерді осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларда кемінде үш ай мерзімге енгізуге міндетті.

Банктік қарыз шартының талаптарына аталған өзгерістердің енгізілуіне байланысты банк қарыз алушыдан комиссиялар төлеуді және (немесе) өзге де төлемдерді жасауды талап етуге құқылы емес.

5. Банктің банктік қарыз шартының талаптарына осы баптың 4-тармағында көрсетілген өзгерістерді енгізуі мынадай шарттардың кез келгені болған кезде жүзеге асырылады:

1) қарыз алушының қарыз алушы өтінішпен жүгінген айдың алдындағы екі ай үшін есептелген орташа айлық кірісі аталған қарыз алушының қарыз алушы өтінішпен жүгінген айдың алдындағы он екі ай үшін есептелген орташа айлық кірісімен салыстырғанда отыз пайыздан астамға төмендеуі;

2) қарыз алушының банкке жүгінген кезде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуы.

6. Қарыз алушының осы баптың 2-тармағында көзделген жолданымын қарау кезеңінде банк қарызды мерзімінен бұрын өтеуді талап етуге құқылы емес.

Банктің осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген шешімін қарыз алушы алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде банк пен қарыз алушы арасында өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеуі банктік қарыз шартының талаптарын өзгертуден бас тарту болып саналады. Көрсетілген мерзім екі тараптың да келісімі болған кезде ұзартылуы мүмкін.

61-бабының 7-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

7. Қарыз алушы:

банктің осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген шешімін алған;

осы баптың 6-тармағының екінші бөлігінде көзделген мерзімде банктік қарыз шартының талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген күннен бастап үш ай ішінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес қарыз бойынша берешекті сотқа дейінгі реттеу туралы жолданыммен бұл туралы банкті бір мезгілде хабардар ете отырып, қаржы омбудсманына жүгінуге құқылы.

61-бабының 8-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

8. Қаржы омбудсманының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын қарыз алушыдан ипотекалық қарыз, оның ішінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша келіп түскен жолданымды қарауы кезеңінде кепілге қойылған мүлікке сот арқылы немесе соттан тыс тәртіппен өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.

61-бабының 9-тармағы 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

9. Банктер, микроқаржы ұйымдары не коллекторлық агенттіктер болып табылатын екі және одан көп кредитор алдында тұтынушылық банктік қарыздар және (немесе) мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешегі болған кезде қарыз алушы қаржы омбудсманының қызметі жанында жұмыс істейтін ұжымдық реттеу платформасы арқылы берешекті ұжымдық реттеуге жүгінуге құқылы.

Ұжымдық реттеуге жататын берешектің өлшемшарттары, сондай-ақ берешекті ұжымдық реттеуді жүргізудің тәртібі мен шарттары уәкілетті органның осы баптың 2-тармағының үшінші бөлігінде көзделген нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

10. Қарыз алушының осы баптың 2 және 7-тармақтарында белгіленген өз құқықтарын іске асыруына қарамастан, қарыз алушы осы баптың 1-тармағында көзделген хабарламада көрсетілген банктік қарыз шарты бойынша мерзімі өткен төлемдерді енгізу туралы банк талабын қанағаттандырмаған жағдайда, банк:

1) қарыз алушы мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 112-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес берілетін материалдық көмек түрінде алатын, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен қарыз алушының талабы бойынша ашылған банктік шоттардағы ақшаны (электрондық ақшаны);

2) табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен жеке тұлғаларға материалдық залалдың өтемін есепке жатқызуға және мемлекеттік бюджеттен және (немесе) қайырымдылық ұйымдарынан қажетті көмекті беруге арналған банктік шоттардағы ақшаны;

3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен ашылған банктік шоттардағы алименттерді (кәмелетке толмағандарды және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды күтіп-бағуға арналған ақшаны), сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тұрғын үй төлемдерін;

4) жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжайға ақы төлеу мақсатында төлемдер мен субсидияларды есепке жатқызуға арналған, ұлттық даму институты мәртебесіне ие тұрғын үй құрылысы жинақ банкіндегі банктік шоттардағы ақшаны;

5) тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақтарды және (немесе) нысаналы жинақ төлемдерін;

6) тұрғын үй жағдайларын жақсартуға білім беру жинақтау салымынан төленетін жинақ төлемдерін немесе білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша сақтандыру төлемдерін;

7) Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында көзделген тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін;

8) тұрғын үй төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдері түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банкіндегі банктік шоттағы ақшаны, берілген банктік қарыздар бойынша кепіл нысанасы болып табылатын тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға білім беру жинақтау салымынан төленетін жинақ төлемдері немесе білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша сақтандыру төлемдері түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаны;

9) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жасалатын шарттар бойынша міндеттемелердің орындалмауы туралы істер бойынша сот шешімдері негізінде өндіріп алуларды қоспағанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған жинақтар түріндегі банктік шоттардағы ақшаны;

10) нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаны;

11) инвестициялық портфельді басқарушының орындалмаған міндеттемелері бойынша осы инвестициялық портфельді басқарушы клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банктік шоттардағы ақшаны;

12) номиналды ұстаушы функцияларын жүзеге асыратын тұлғаның орындалмаған міндеттемелері бойынша осы номиналды ұстаушы функцияларын жүзеге асыратын тұлға клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банктік шоттардағы ақшаны;

13) қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелер бойынша клирингтік қызметті жүзеге асыру үшін банктік шоттардағы ақшаны;

14) «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаны;

15) өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған жеке сот орындаушыларының ағымдағы шоттарындағы ақшаны;

16) өзіне қатысты «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс қозғалған қарыз алушы Қазақстан Республикасы азаматының банктік шоттарындағы ақшаны қоспағанда, қарыз алушының банктік шоттарындағы ақшаны даусыз тәртіппен, оның ішінде төлем талабын қою арқылы өндіріп алуды қолдануға (банктік қарыз шартында жазылған, қарыз алушының өзінің банктік шотынан ақшаны алып қоюға келісімі болған кезде) құқылы.

Банктік қарыз шарты бойынша берешекті банктік жинақ шоттарындағы, басқа банк берген банктік қарыз бойынша кепіл нысанасы болып табылатын ақша есебінен, басқа банк берген банктік қарыз бойынша өтелмеген негізгі борыштың сомасы мөлшерінде төлем талабымен өндіріп алуға жол берілмейді.

Төлем талабын қою арқылы банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушының берешегін өндіріп алу оның банктік шотындағы ақша сомасының және (немесе) кейіннен қарыз алушының банктік шотына заңды тұлғадан немесе дара кәсіпкерден түсетін әрбір ақша сомасының елу пайызы шегінде шектеледі және төлем талабын толық орындау үшін қажетті барлық соманың банктік шотқа түсуі күтілместен жүзеге асырылады.

Жеке тұлғаның немесе егер жеке тұлға қызметін жеке кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкер ретінде тіркелген болса, дара кәсіпкердің ағымдағы шотында немесе жиынтығында бір банкте ашылған ағымдағы шоттарында сақталатын ақша сомасы төлем талабын орындау кезінде республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аз болмауға тиіс. Егер жеке тұлға қызметін жеке кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкер ретінде тіркелген болса, көрсетілген шектеу қарыз алушы жеке тұлғаның немесе дара кәсіпкердің жинақ шотындағы ақшаға қолданылмайды.