2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10. Қарыз алушының осы баптың 2 және 7-тармақтарында белгіленген өз құқықтарын іске асыруына қарамастан, қарыз алушы осы баптың 1-тармағында көзделген хабарламада көрсетілген банктік қарыз шарты бойынша мерзімі өткен төлемдерді енгізу туралы банк талабын қанағаттандырмаған жағдайда, банк:
1) қарыз алушы мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 112-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес берілетін материалдық көмек түрінде алатын, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен қарыз алушының талабы бойынша ашылған банктік шоттардағы ақшаны (электрондық ақшаны);
2) табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен жеке тұлғаларға материалдық залалдың өтемін есепке жатқызуға және мемлекеттік бюджеттен және (немесе) қайырымдылық ұйымдарынан қажетті көмекті беруге арналған банктік шоттардағы ақшаны;
2026.24.06. № 325-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен ашылған банктік шоттардағы алименттерді (кәмелетке толмаған балаларды жəне еңбекке жарамсыз адамдарды күтіп-бағуға арналған ақшаны), сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тұрғын үй төлемдерін;
4) жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжайға ақы төлеу мақсатында төлемдер мен субсидияларды есепке жатқызуға арналған, ұлттық даму институты мәртебесіне ие тұрғын үй құрылысы жинақ банкіндегі банктік шоттардағы ақшаны;
5) тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақтарды және (немесе) нысаналы жинақ төлемдерін;
6) тұрғын үй жағдайларын жақсартуға білім беру жинақтау салымынан төленетін жинақ төлемдерін немесе білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша сақтандыру төлемдерін;
7) Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында көзделген тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін;
8) тұрғын үй төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдері түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банкіндегі банктік шоттағы ақшаны, берілген банктік қарыздар бойынша кепіл нысанасы болып табылатын тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға білім беру жинақтау салымынан төленетін жинақ төлемдері немесе білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша сақтандыру төлемдері түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаны;
9) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жасалатын шарттар бойынша міндеттемелердің орындалмауы туралы істер бойынша сот шешімдері негізінде өндіріп алуларды қоспағанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған жинақтар түріндегі банктік шоттардағы ақшаны;
10) нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаны;
11) инвестициялық портфельді басқарушының орындалмаған міндеттемелері бойынша осы инвестициялық портфельді басқарушы клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банктік шоттардағы ақшаны;
12) номиналды ұстаушы функцияларын жүзеге асыратын тұлғаның орындалмаған міндеттемелері бойынша осы номиналды ұстаушы функцияларын жүзеге асыратын тұлға клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банктік шоттардағы ақшаны;
13) қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелер бойынша клирингтік қызметті жүзеге асыру үшін банктік шоттардағы ақшаны;
14) «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаны;
15) өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған жеке сот орындаушыларының ағымдағы шоттарындағы ақшаны;
16) өзіне қатысты «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс қозғалған қарыз алушы Қазақстан Республикасы азаматының банктік шоттарындағы ақшаны қоспағанда, қарыз алушының банктік шоттарындағы ақшаны даусыз тәртіппен, оның ішінде төлем талабын қою арқылы өндіріп алуды қолдануға (банктік қарыз шартында жазылған, қарыз алушының өзінің банктік шотынан ақшаны алып қоюға келісімі болған кезде) құқылы.
Банктік қарыз шарты бойынша берешекті банктік жинақ шоттарындағы, басқа банк берген банктік қарыз бойынша кепіл нысанасы болып табылатын ақша есебінен, басқа банк берген банктік қарыз бойынша өтелмеген негізгі борыштың сомасы мөлшерінде төлем талабымен өндіріп алуға жол берілмейді.
Төлем талабын қою арқылы банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу оның банктік шотындағы ақша сомасының және (немесе) кейіннен қарыз алушының банктік шотына заңды тұлғадан немесе дара кәсіпкерден түсетін әрбір ақша сомасының елу пайызы шегінде шектеледі және төлем талабын толық орындау үшін қажетті барлық соманың банктік шотқа түсуі күтілместен жүзеге асырылады.
Жеке тұлғаның немесе жеке тұлға қызметін жеке кəсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кəсіпкер ретінде тіркелген болса, дара кəсіпкердің ағымдағы шотында немесе жиынтығында бір банкте ашылған ағымдағы шоттарында сақталатын ақша сомасы төлем талабын орындау кезінде республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аз болмауға тиіс.
Осы тармақтың үшінші жəне төртінші бөліктерінде көзделген талаптар қарыз алушы жеке тұлғаның немесе жеке тұлға қызметін жеке кəсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кəсіпкер ретінде тіркелген болса, дара кəсіпкердің жинақ шотындағы ақшаға қолданылмайды.
11. Қарыз алушы осы баптың 2 және 7-тармақтарында белгіленген өз құқықтарын пайдаланбаған жағдайда, қарыз алушы осы баптың 1-тармағында көзделген хабарламада көрсетілген банктік қарыз шарты бойынша мерзімі өткен төлемдерді енгізу туралы банк талабын қанағаттандырмаған жағдайда банк (осы баптың 9-тармағында көзделген шаралардан басқа):
1) қарыз алушыға қатысты банктің проблемалы активтерді басқару жөніндегі саясатына сәйкес шаралар қолдануға;
2) қарыз алушының берешегін құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты бойынша сервистік компанияға сенімгерлік басқаруға беруге;
3) қарыз алушының берешегін сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге құқылы.
Банктік қарыз шартында қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алуға жол берген жағдайда банктің коллекторлық агенттікті тартуға құқығы болған кезде берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге жол беріледі.
Банк берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және берешекті реттеуге берген күні ол туралы коллекторлық агенттіктің атауын, тұрған жерін, коллекторлық агенттіктің борышкерлермен байланысуға арналған телефон нөмірлерін көрсете отырып, қарыз алушыны банктік қарыз шартында көзделген тәсілмен, сондай-ақ цифрлық объектілер арқылы хабардар етеді.
Берешек коллекторлық агенттікте сотқа дейін өндіріп алуда және реттеуде болған кезеңде банк:
сотқа берешекті өндіріп алу туралы талап қоюмен жүгінуге;
берешек коллекторлық агенттікте жұмыста болған кезең үшін сыйақыны, қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссияларды төлеуді және өзге де төлемдерді жасауды талап етуге, сондай-ақ негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін көрсетілген кезеңде тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есепке жазуға құқылы емес;
жеке тұлғамен жасалған ипотекалық қарыз шарты бойынша - қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күннен асатын;
жеке тұлғамен жасалған өзге де банктік қарыз шарттары бойынша - қатарынан күнтізбелік тоқсан күннен асатын ақшалай міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу болған кезде осы Заңның 63-бабында белгіленген талаптарды сақтай отырып, банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беруге құқылы.
61-бабының 11-тармағы 4) тармақшасының екінші бөлігі 2027 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі
Жеке тұлғамен жасалған кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) осы баптың 1, 2, 3, 4, 5, 6 және 7-тармақтарында көзделген және қарыз алушы қарыз бойынша берешекті өтей алатындай, тараптар үшін өзара қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін берешекті реттеу рәсімдері жүргізілгеннен кейін, мерзімі өткен берешек туындаған кезден бастап жиырма төрт ай өткен соң коллекторлық агенттікке беруге жол беріледі. Аталған жағдайда есепке жазылған және төленбеген тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың), банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің күшін толық жою міндетті болып табылады.
Осы тармақшаның ережелері қарыз алушы Қазақстан Республикасының азаматына қатысты «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жағдайларына қолданылмайды;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) банктік қарыз шартында көзделген өзге де шараларды қолдануға, оның ішінде сотқа банктік қарыз шарты бойынша борыш сомасын өндіріп алу туралы талап қоюмен жүгінуге, сондай-ақ «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, кепілге қойылған мүлікке соттан тыс тәртіппен не сот тәртібімен өндіріп алуды қолдануға;
6) сотқа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарыз алушы дара кәсіпкерді банкрот деп тану туралы талап қоюмен жүгінуге құқылы.
12. Мүлкі жеке тұлғаның тұрғынжайымен қамтамасыз етілген, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша қарыз алушының міндеттемесін қамтамасыз ететін кепіл берушінің «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен берілген жылжымайтын мүлікті дербес өткізу туралы өтінішхатын алған банк қарыз алушыға және кепіл берушіге қатысты осы баптың 10 және 11-тармақтарында көзделген шараларды тоқтата тұрады.
13. Банкке берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу, сондай-ақ берешекке байланысты ақпарат жинау жөніндегі қызметтерді коллекторлық агенттік және (немесе) сервистік компания көрсететін жағдайларды қоспағанда, банктің мұндай қызметтерді үшінші тұлғалардан алуына тыйым салынады.
14. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.
62-бап. Төлемге қабілетсіз қарыз алушы заңды тұлғаға қатысты қолданылатын шаралар
1. Банк қарыз алушы заңды тұлғаны банктік қарыз шартында көзделген тәсілмен жазбаша, сондай-ақ цифрлық объектілер арқылы банктік қарыз шарты бойынша ақшалай міндеттемелерді орындаудың мерзімін өткізіп алудың туындағаны туралы мерзімін өткізіп алу туындаған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабардар етуге міндетті.
Көрсетілген хабарлама:
1) банктік қарыз шарты бойынша хабарламада көрсетілген күнгі мерзімі өткен төлемдердің мөлшерін;
2) банктік қарыз шарты бойынша мерзімі өткен төлемдерді енгізу туралы талапты;
3) қарыз алушының банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындамауының салдарларын түсіндіруді;
4) банктің қалауына қарай өзге де мәліметтерді қамтуға тиіс.
Банк аталған хабарламаны қарыз алушыға жіберу үшін коллекторлық агенттікті тартуға құқылы.
2. Қарыз алушы банктің осы баптың 1-тармағында көзделген хабарламада көрсетілген банктік қарыз шарты бойынша мерзімі өткен төлемдерді енгізу туралы талабын қанағаттандырмаған жағдайда банк мыналарды:
1) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жасалатын шарттар бойынша міндеттемелердің орындалмауы туралы істер жөніндегі сот шешімдері негізінде өндіріп алуларды қоспағанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған жинақтар түріндегі банктік шоттардағы ақшаны;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаны;
3) нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаны;
4) инвестициялық портфельді басқарушының орындалмаған міндеттемелері бойынша осы инвестициялық портфельді басқарушы клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банктік шоттардағы ақшаны;
5) номиналды ұстаушы функцияларын жүзеге асыратын тұлғаның орындалмаған міндеттемелері бойынша осы номиналды ұстаушы функцияларын жүзеге асыратын тұлға клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банктік шоттардағы ақшаны;
6) қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелер бойынша клирингтік қызметті жүзеге асыру үшін банктік шоттардағы ақшаны;
7) өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған жеке сот орындаушыларының ағымдағы шоттарындағы ақшаны;
2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі не Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындаған операциялық, технологиялық жəне өзге де функцияларды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің заңды тұлғасы болатын төлем жүйелерінде есеп айырысулардың аяқталуын қамтамасыз етуге арналған орталық депозитарийдегі және (немесе) клирингтік ұйымдағы банктердің ақшасын және (немесе) бағалы қағаздарын қоспағанда, қарыз алушының банктік шоттарындағы ақшаны даусыз тәртіппен, оның ішінде төлем талабын қою арқылы өндіріп алуды қолдануға (банктік қарыз шартында қамтылатын, банктік шотынан ақшаны алып қоюға қарыз алушының келісімі болған кезде) құқылы.
Банктік қарыз шарты бойынша берешекті басқа банк берген банктік қарыз бойынша кепіл нысанасы болып табылатын банктік жинақ шоттарындағы ақша есебінен, басқа банк берген банктік қарыз бойынша өтелмеген негізгі борыштың сомасы мөлшерінде төлем талабымен өндіріп алуға жол берілмейді.
Инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаны алып қою бөлігіндегі шектеулер Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 742-бабының 2-тармағында көзделген кезектілікке сәйкес бірінші, екінші және үшінші кезектерге жататын талаптарға қолданылмайды.
3. Қарыз алушы банктің осы баптың 1-тармағында көзделген хабарламада көрсетілген банктік қарыз шарты бойынша мерзімі өткен төлемдерді енгізу туралы талабын қанағаттандырмаған жағдайда банк (осы баптың 2-тармағында көзделген шаралардан басқа):
1) банктің проблемалы активтерді басқару жөніндегі саясатына сәйкес қарыз алушыға қатысты шаралар қолдануға;
2) қарыз алушының берешегін құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты бойынша сервистік компанияға сенімгерлік басқаруға беруге;
3) берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге құқылы.
Банктік қарыз шартында қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алуға жол берген жағдайда банктің коллекторлық агенттікті тартуға құқығы болған кезде берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге жол беріледі.
Банк берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және берешекті реттеуге берген күні ол туралы коллекторлық агенттіктің атауын, тұрған жерін, коллекторлық агенттіктің борышкерлермен байланысуға арналған телефон нөмірлерін көрсете отырып, қарыз алушыны банктік қарыз шартында көзделген тәсілмен, сондай-ақ цифрлық объектілер арқылы хабардар етеді.
Берешек коллекторлық агенттікте сотқа дейін өндіріп алуда және реттеуде болған кезеңде банк:
сотқа берешекті өндіріп алу туралы талап қоюмен жүгінуге;
берешек коллекторлық агенттікте жұмыста болған кезең үшін сыйақыны, қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссияларды төлеуді және өзге де төлемдерді жасауды талап етуге, сондай-ақ негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін көрсетілген кезеңде тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есепке жазуға құқылы емес;
4) осы Заңның 63-бабында белгіленген талаптарды сақтай отырып, банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беруге;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) банктік қарыз шартында көзделген өзге де шараларды қолдануға, оның ішінде сотқа банктік қарыз шарты бойынша борыш сомасын өндіріп алу туралы талап қоюмен жүгінуге, сондай-ақ «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, кепілге қойылған мүлікке соттан тыс тәртіппен не сот тәртібімен өндіріп алуды қолдануға;
6) сотқа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарыз алушы заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы талап қоюмен жүгінуге құқылы.
4. Банкке берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу, сондай-ақ берешекке байланысты ақпарат жинау жөніндегі қызметтерді коллекторлық агенттік және (немесе) сервистік компания көрсететін жағдайларды қоспағанда, банктің мұндай қызметтерді үшінші тұлғалардан алуына тыйым салынады.
5. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелен түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.
63-бап. Банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беру тәртібі
1. Банктің құқықтарды (талаптарды) мынадай тұлғаларға:
1) басқа банкке не қарыз алушы резиденті болып табылатын мемлекетте орналасқан өзінің Қазақстан Республикасының бейрезидент еншілес банкіне;
3) осы Заңның 22-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің 8) тармақшасында көзделген банк операциясын жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға;
5) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйымға;
6) секьюритилендіру мәмілесі кезінде Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнаулы қаржы компаниясына;
7) акцияларының жүз пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі, жеке тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке байланысты емес ипотекалық қарыздарын сатып алуды жүзеге асыратын тұлғаға;
8) қаражатты банктерде шартты түрде орналастыру арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру жөніндегі мәміле шеңберінде жасалған банктік қарыз шарты бойынша - жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қорына;
9) жеке тұлғамен жасалған кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты банктік қарыз шарты бойынша, заңды тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша құқықтарға (талаптарға) қатысты, егер көрсетілген қарыздар бойынша басқаға беру күніне халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес құнсыздану белгілері болса, өзге тұлғаға беруін қоспағанда, банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) үшінші тұлғаға беруді жүргізуіне тыйым салынады.
2. Осы баптың 1-тармағының 9) тармақшасында аталған тұлға мынадай жағдайлардың бірінде:
1) құқықтар (талаптар) жеке тұлғамен жасалған кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты банктік қарыз шарты бойынша алынғанда (иемделінгенде);
2) құқықтар (талаптар) берешегінің мөлшері басқаға беру күніне республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 16 500 еселенген мөлшерінен аспайтын заңды тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша алынғанда (иемделінгенде);
3) егер өзіне банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлға Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылса, банктік қарыз шарты бойынша алынған (иемделінген) құқықтарды (талаптарды) сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына беруге міндетті.
Банктік қарыз шарты бойынша құқықтар (талаптар) сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына берілген жағдайда, осы баптың 1-тармағының 9) тармақшасында аталған тұлға банктік қарыз шарты бойынша өзіне берілген құқыққа (талапқа) қатысты кредитордың құқықтарын:
сервистік компаниямен жасалған құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты шеңберінде өз құқықтарын;
осы баптың 1-тармағында көрсетілген өзге тұлғаларға банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) одан әрі беру жөніндегі өз құқығын іске асыру арқылы жүзеге асырады.
3. Банктік қарыз шарттары бойынша құқықтар (талаптар) мынадай шарттар бір мезгілде орындалған кезде:
1) коллекторлық агенттіктің жарғылық капиталының, стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымның бас ұйымы болып табылатын банктің меншікті капиталының мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген ең төмен мәннен төмен болмағанда;
коллекторлық агенттік коллекторлық агенттіктер тізіліміне енгізілген;
банкке банктің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйым құруына рұқсат берілген күннен бастап үш жыл бойы жүзеге асырғанда;
3) сервистік компаниялар тізіліміне енгізу күніне уәкілетті орган қолданған орындалмаған және (немесе) қолданыстағы қадағалап ден қою шаралары немесе шектеулі әсер ету шаралары және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 211-1-бабында және 227-бабының бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жазалар болмағанда;
4) сервистік компанияның басшысында алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы болмағанда;
5) сервистік компания уәкілетті орган белгілеген өзге де талаптарға сәйкес келгенде сервистік компанияға берілуі мүмкін.
Банктік қарыз шарттары бойынша құқықтар (талаптар) сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін сервистік компаниялар ретінде әрекет ететін коллекторлық агенттіктерге және стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарға қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Уәкілетті орган Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін сервистік компаниялардың тізілімін жүргізеді және оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
4. Коллекторлық агенттікті, стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымды сервистік компаниялар тізілімінен шығару олармен жасалған құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шартын бұзу үшін негіз болып табылады.
Сервистік компаниямен құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты бұзылған жағдайда, осы баптың 1-тармағының 9) тармақшасында аталған тұлға басқа сервистік компаниямен құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шартын жасасуға не құқықтарды (талаптарды) осы баптың 1-тармағында аталған кез келген басқа тұлғаға қайта беруге міндетті.
63-бабы 5-тармағының қолданысы 2027 ж. 1 мамырға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 135-баптың 3-тармағының 3) тармақшасының редакциясында қолданылады
5. Банктің осы Заңның 61-бабының 11-тармағы 4) тармақшасының екінші бөлігінде белгіленген талаптарды сақтамай, жеке тұлғамен жасалған кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) коллекторлық агенттікке беруді жүргізуіне тыйым салынады.
6. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе банктік қарыз шартында өзгеше көзделмесе, банк банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) қарыз алушының келісімінсіз басқаға беруге құқылы емес.