8) микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестіктер және ломбардтар микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдарға микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың өздерінің мүшелерінің (қатысушыларының) қызметін тексеруді жүзеге асыруы барысында;
9) коллекторлық агенттіктер коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымға коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың өздерінің мүшелерінің (қатысушыларының) қызметін тексеруді жүзеге асыруы барысында ұсынады;
10) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, уәкілетті орган және депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым арасында ақпарат алмасу кезінде;
11) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында ақпарат, мәліметтер мен құжаттарды беру кезінде ұсынылады.
11. Банктік шоттардың бар-жоғы және нөмірлері туралы анықтамалар шоттың (шоттардың) иесі өзіне қатысты қарыз алушы, кепілдік беруші, кепілгер, лизинг алушы немесе кепіл беруші болып табылатын банкке қарыз алынғанын растайтын, тізбесі мен ұсынылу тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленетін құжаттар ұсынылған жағдайда банктің сұрау салуы негізінде беріледі.
Банк сұрау салулар мен қарыз алынғанын растайтын құжаттарды қағаз жеткізгіште не электрондық нысанда жібере алады. Жеке тұлғаның банктік шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы анықтамалар банкте ашылған жеке тұлғаның шоттары, оның ішінде кәсіпкерлік қызметке байланысты шоттары бойынша банкке беріледі.
12. Заңды тұлғаның және (немесе) оның құрылымдық бөлімшесінің банктік шоттарының, сондай-ақ дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның ағымдағы шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы анықтамалар:
1) анықтау және алдын ала тергеу органдарына мөрмен куәландырылған және прокурор санкциялаған жазбаша сұрау салу негізінде, іс жүргізуінде жатқан қылмыстық істер бойынша;
2) соттарға сот ұйғарымы, қаулысы, шешімі және үкімі негізінде, іс жүргізуінде жатқан істер бойынша;
3) прокурорға тексеру жүргізу туралы қаулының негізінде, өз құзыреті шегінде, өз қарауындағы материал бойынша;
4) прокурор санкциясымен Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына және Мемлекеттік күзет қызметіне барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының алдын алу, оларды әшкерелеу және жолын кесу мақсатында;
5) мемлекеттік кіріс органдарына салықтық әкімшілендіру, кедендік бақылау мақсатында мыналарға:
салық салуға байланысты мәселелер бойынша тексерілетін заңды тұлғаға және (немесе) оның құрылымдық бөлімшесіне;
салық салуға байланысты мәселелер бойынша тексерілетін жеке тұлғаға, оның ішінде дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған тексерілетін жеке тұлғаға;
Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімінен аспайтын уақыт кезеңі үшін дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған және қызметін оңайлатылған тәртіппен тоқтатқан жеке тұлғаға;
орналасқан жерінде іс жүзінде болмауы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен расталған және Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген салық есептілігін ұсыну мерзімінен кейін алты ай өткенге дейін оны ұсынбаған заңды тұлғаға және (немесе) оның құрылымдық бөлімшесіне, дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаға;
тарату (қызметін тоқтату) кезеңіндегі заңды тұлғаға, дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаға;
әрекетсіз салық төлеушілер тізіліміне енгізілген заңды тұлғаға, дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаға;
салық берешегі пайда болған күннен бастап екі ай ішінде өтелмеген, тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 2 500 еселенген мөлшерінен асатын мөлшердегі салық берешегі бар дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаға, заңды тұлғаға;
электрондық шот - фактуралардың жазылуына салыстырма бақылау жүргізілетін тұлғаларға қатысты беріледі.
Осы тармақшаның сегізінші абзацын қоспағанда, осы тармақшада көзделген мәліметтердің нысандарын салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша белгілейді;
6) мемлекеттік сот орындаушыларына олар жүзеге асыратын атқарушылық іс жүргізу бойынша әділет органының мөрімен расталған және прокурор санкциялаған мемлекеттік сот орындаушысының қаулысы негізінде заңды тұлғаның және (немесе) оның құрылымдық бөлімшесінің банктік шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы, осы шоттарда өндіріп алынатын сома шегінде ақшаның бар-жоғы туралы мәліметтер бөлігінде ғана;
7) жеке сот орындаушыларына олар жүзеге асыратын атқарушылық іс жүргізу бойынша жеке сот орындаушысының өз жеке мөрімен растаған және прокурор санкциялаған қаулысының не өз жеке мөрімен растаған оның көшірмесінің негізінде заңды тұлғаның және (немесе) оның құрылымдық бөлімшесінің банктік шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы, осы шоттарда өндіріп алынатын сома шегінде ақшаның бар-жоғы туралы мәліметтер бөлігінде ғана;
8) оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті органға прокурордың санкциясымен, іс қозғалғанға дейінгі үш жыл ішіндегі кезең үшін банкрот деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі және (немесе) оңалту рәсімін қолдану туралы сот шешімі, банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді тарату туралы сот шешімі бар тұлғаға қатысты;
9) аумақтық әділет органына «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген оңайлатылған іс жүргізу шеңберінде атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесінде қалыптастырылған және аумақтық әділет органы басшысының немесе оның орынбасарының электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған қаулы негізінде;
10) мемлекеттік кіріс органдарына қызметі құмар ойындарды және (немесе) бәс тігуді ұйымдастыру және өткізу болып табылатын заңды тұлғаға қатысты беріледі.
2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 13-тармақ өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
13. Жеке тұлғаның банктік шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдықтары және олардың қозғалысы туралы анықтамалар мемлекеттік кіріс органдарына мыналарға:
заңда белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Құрылтайының және мәслихаттың депутаттығына, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне кандидат ретінде тіркелген адамға және оның жұбайына (зайыбына);
мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе оларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кандидат болып табылатын адамға және оның жұбайына (зайыбына);
өз өкілеттіктерін орындаған кезеңде, мемлекеттік лауазым атқаратын адамға және осы кезеңде оның жұбайына (зайыбына);
жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамға қатысты беріледі.
Осы баптың осы тармағында, 12-тармағының 5) тармақшасында, 14-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген мәліметтер салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша белгілеген нысан бойынша мемлекеттік кіріс органының сұрау салуы негізінде тек қана салықтық әкімшілендіру мақсатында ұсынылады.
Осы баптың 5-тармағы 1) тармақшасының төртінші абзацында, 14-тармағының бірінші бөлігінің 2) тармақшасында, 15-тармағында көзделген мәліметтер тек қана салықтық әкімшілендіру мақсатында салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган уәкілетті органмен келісу бойынша белгілеген нысан бойынша мемлекеттік кіріс органының сұрау салуы негізінде ұсынылады.
14. Банктер салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органға оның сұрау салуы негізінде мынадай:
1) активтер мен міндеттемелер туралы, кірістер мен мүлік туралы декларацияларды ұсыну жөніндегі міндеті туындаған жеке тұлғалардың банктік шоттарының бар-жоғы, нөмірлері туралы және осы шоттардағы ақша қалдықтары туралы;
2) күнтізбелік жыл ішінде құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 20 000 еселенген мөлшерінен асатын мүлікті сатып алуға байланысты кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну жөніндегі міндеті туындаған жеке тұлғалар бойынша банктік шоттардағы ақшаның қозғалысы туралы;
3) сыйақыны қоса алғанда, өтеу сомаларын көрсете отырып, кірістер мен мүлік туралы, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды ұсыну жөніндегі міндеті туындаған жеке тұлғаларға берілген кредиттер туралы мәліметтерді ұсынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген мәліметтер кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну жөніндегі міндеттің туындау негіздері мен кезеңін көрсете отырып, мемлекеттік кіріс органының сұрау салуы бойынша ұсынылады.
Салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген сұрау салуына активтер мен міндеттемелер туралы, кірістер мен мүлік туралы декларацияларды ұсыну жөніндегі міндеті туындаған жеке тұлғалардың тізімі қоса берілуге тиіс.
15. Жеке тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрғынжай сатып алу үшін алынған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны төлеуі туралы мәліметтерді ұсыну бөлігіндегі банк құпиясы мемлекеттік кіріс органдарының талабы негізінде ашылуы мүмкін. Мемлекеттік кіріс органдарының талабы банктердің кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсетілген ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны төлеу туралы мәліметтер ұсынуына жеке тұлға (шот иесі) келіскен жағдайда ресімделеді.
16. Банктер салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органға банктік шоттардың бар екендігі (ашылғаны), нөмірлері туралы және осы шоттардағы ақша қалдықтары, сондай-ақ өзге мүліктің, оның ішінде металл шоттарда орналастырылған немесе басқарудағы өзге мүліктің бар-жоғы, түрі және құны туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мыналарға:
1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының бейрезиденттері болып табылатын жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бенефициарлық меншік иелері Қазақстан Республикасының бейрезиденттері болып табылатын заңды тұлғаларға;
2) шет мемлекеттің мемлекеттік кіріс органының Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес жіберілген сұрау салуында көрсетілген жеке және заңды тұлғаларға қатысты ұсынады.
Осы тармақта көрсетілген мәліметтерді ұсыну тәртібін, мерзімдерін және нысанын салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган уәкілетті органмен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша белгілейді.
17. Жеке тұлғаның банктік шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдықтары мен олардың қозғалысы туралы анықтамалар, сондай-ақ банктің сейф жәшіктерінде, шкафтары мен үй-жайларында сақтаулы жатқан оның мүлкінің сипаты мен құны туралы қолда бар мәліметтер:
1) жеке тұлғаның өкілдеріне нотариат куәландырған сенімхат негізінде;
2) анықтау және алдын ала тергеу органдарына іс жүргізуінде жатқан қылмыстық істер бойынша, жеке тұлғаның шоттарда немесе банкте сақтаулы жатқан ақшасына және өзге де мүлкіне тыйым салынуы, олардан өндіріп алу немесе мүлкін тәркілеу қолданылуы мүмкін болатын жағдайларда, анықтау немесе алдын ала тергеу органының анықтау мен алдын ала тергеуді жүзеге асыратын адамы қол қойған, мөрімен расталған жазбаша сұрау салу не анықтау мен алдын ала тергеуді жүзеге асыратын адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық нысандағы сұрау салу негізінде, прокурордың жазбаша түрде немесе электрондық нысанда салған санкциясымен;
3) соттарға іс жүргізуінде жатқан істер бойынша, жеке тұлғаның шоттарда немесе банкте сақтаулы жатқан ақшасы мен өзге де мүлкіне тыйым салынуы, олардан өндіріп алу немесе мүлкін тәркілеу қолданылуы мүмкін болатын жағдайларда соттың ұйғарымы, қаулысы, шешімі немесе үкімі негізінде;
4) прокурорға қағаз жеткізгіште немесе электрондық құжат нысанында ұсынылған тексеру жүргізу туралы қаулының негізінде, өз қарауындағы материал бойынша, өз құзыреті шегінде;
5) прокурордың санкциясымен Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына және Мемлекеттік күзет қызметіне барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының алдын алу, оларды әшкерелеу және жолын кесу мақсатында;
6) мемлекеттік сот орындаушыларына олар жүзеге асыратын атқарушылық іс жүргізу бойынша әділет органының мөрімен расталған және прокурор санкциялаған мемлекеттік сот орындаушысының қаулысының негізінде борышкер жеке тұлғаның банктік шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы, осы шоттарда өндіріп алу сомасы шегінде ақшаның бар-жоғы туралы, ал ақша жеткіліксіз болған жағдайда сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу қозғалған кезден бастап осы шоттардағы ақша қозғалысы және сейф жәшіктерінің бар-жоғы туралы мәліметтер бөлігінде ғана;
7) жеке сот орындаушыларына олар жүзеге асыратын атқарушылық іс жүргізу бойынша жеке сот орындаушысының өз жеке мөрімен растаған және прокурор санкциялаған қаулысының негізінде, борышкер жеке тұлғаның банктік шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы, осы шоттарда өндіріп алу сомасы шегінде ақшаның бар-жоғы туралы, ал ақша жеткіліксіз болған жағдайда - сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу қозғалған кезден бастап осы шоттардағы ақша қозғалысы және сейф жәшіктерінің бар-жоғы туралы мәліметтер бөлігінде ғана;
8) аумақтық әділет органына «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген оңайлатылған іс жүргізу шеңберінде атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесінде қалыптастырылған және аумақтық әділет органы басшысының немесе оның орынбасарының электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған қаулы негізінде борышкер жеке тұлғаның банктік шоттарының бар-жоғы және олардың нөмірлері, осы шоттарда өндіріп алынатын сома шегінде ақшаның бар-жоғы туралы, ал ақша жеткіліксіз болған жағдайда - сондай-ақ оңайлатылған іс жүргізу қозғалған кезден бастап осы шоттардағы ақша қозғалысы және сейф жәшіктерінің бар-жоғы туралы мәліметтер бөлігінде ғана;
9) қаржы басқарушысына Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы бойынша мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның бұйрығы негізінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс қозғалған жеке тұлғаның банктік шоттарының бар-жоғы және нөмірлері, осы шоттардағы ақша қалдықтары туралы, сондай-ақ төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс қозғалғанға дейінгі үш жыл ішіндегі кезеңде осындай шоттар бойынша ақша қозғалысы туралы мәліметтер ұсыну туралы сұрау салу негізінде;
10) Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы бойынша мемлекеттік басқару саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органға «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген рәсімдерді қолдану туралы арыз берген азаматқа қатысты банктік шоттардың бар-жоғы және нөмірлері, осы шоттардағы ақша қалдықтары туралы, сондай-ақ осындай сұрау салу берілгенге дейінгі үш жыл ішіндегі кезеңде осындай шоттар бойынша ақша қозғалысы туралы мәліметтерді ұсыну туралы сұрау салу негізінде беріледі.
18. Осы баптың 12 және 17-тармақтарында көзделген клиенттің банктік шоттарының бар-жоғы және нөмірлері, банктік шоттары бойынша ақша қалдықтары мен олардың қозғалысы туралы анықтамалар уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сұрау салуы алынған күннен бастап операциялық үш күн ішінде қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда ұсынылады.
Сот орындаушысының прокурор санкциялаған қаулысы атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы электрондық құжат нысанда келіп түскен кезде анықтама электрондық құжат нысанында ұсынылуы мүмкін.
Қағаз жеткізгіште ұсынылатын клиенттің банктік шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы, банктік шоттары бойынша ақша қалдықтары мен олардың қозғалысы туралы анықтамалар клиенттің банктік шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді көшірме нысанында жіберіледі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған мәліметтерді қамтиды.
Клиенттің банктік шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы, банктік шоттары бойынша ақша қалдықтары және қозғалысы туралы анықтамалар осы баптың 12-тармағының 1), 2), 3), 6) және 7) тармақшаларында, сондай-ақ 17-тармағының 2), 3), 4), 6) және 7) тармақшаларында аталған тұлғаларға (органдарға) қағаз жеткізгіштегі немесе электрондық нысандағы сұрау салу негізінде беріледі.
Мемлекеттік кіріс органдарымен осы бапта көзделген мәліметтермен алмасу телекоммуникациялар желісі арқылы жүзеге асырылады, техникалық іркіліс туындаған жағдайда мәліметтер қағаз жеткізгіште жіберіледі.
69-бабының 19-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
19. Қаржы омбудсманына қарауында жатқан жеке тұлғалардың және (немесе) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің банктік қызметтерді ұсыну кезінде туындайтын келіспеушіліктерді реттеуге байланысты жолданымдарын қарау бойынша банк құпиясы ашылуы мүмкін.
20. Жеке тұлғаның банктік шоттарының бар-жоғы және нөмірлері және олардағы ақшаның қалдығы туралы анықтамалар, сондай-ақ банктің сейф жәшіктерінде, шкафтары мен үй-жайларында сақтаулы жатқан оның мүлкінің бар-жоғы, сипаты мен құны туралы қолда бар мәліметтер, иесі қайтыс болған жағдайда:
1) шот (мүлік) иесі мұра өкімінде көрсеткен адамдарға;
2) іс жүргізуінде жатқан мұрагерлік істер бойынша соттар мен нотариустарға сот ұйғарымы, қаулысы немесе нотариустың сұрау салуы негізінде;
3) іс жүргізуінде жатқан мұрагерлік істер бойынша шетелдік консулдық мекемелерге;
4) мұрагерлерге беріледі.
21. «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеке тұлғаның, оның ішінде дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның банктік шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы, жария ету субъектілерінің ақшаны жария ету үшін ашқан осы шоттардағы ақша қалдықтары мен олардың қозғалысы туралы анықтамалар Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарларының санкциясымен анықтау және алдын ала тергеу органдарына, мемлекеттік кіріс органдарына беріледі.
22. Мемлекеттік кіріс органдарының сұрау салуларын қоспағанда, осы баптың 12 және 17-тармақтарында санамаланған мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың қағаз жеткізгіштегі сұрау салулары, қаулылары мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның мөрімен куәландырылуға жатады.
Мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың сұрау салуларының, қаулыларының көшірмелері ұсынылған кезде көрсетілген құжаттардың көшірмелерінде «Көшірмесі дұрыс» деген белгі қойылады. «Көшірмесі дұрыс» деген белгі тырнақшасыз көрсетіледі, құжаттардың көшірмелерін куәландыру жөніндегі өкілеттіктер берілген уәкілетті адамның лауазымы, тегі және аты-жөні, куәландырған күні көрсетіліп, оның қолымен және мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның мөрімен куәландырылады.
23. Банк құпиясын құрайтын мәліметтерді қамтитын құжаттарды немесе олардың көшірмелерін алып қою және (немесе) талап ету Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің нормаларына сәйкес сот санкциялаған алуды жүргізу туралы қаулылар негізінде немесе Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде айқындалған тәртіппен сот ұйғарымы негізінде жүргізіледі.
24. Осы баптың банктерге қолданылатын талаптары Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.
Осы баптың 1, 2, 3, 4, 12, 18 және 23-тармақтарының талаптары мемлекеттік қазынашылыққа және мемлекеттік қазынашылық органдарына қолданылады.
70-бап. Банктегі ақша мен мүлікке тыйым салу және олардан өндіріп алу
2026.24.06. № 325-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жеке немесе заңды тұлғаның банктік шоттардағы ақшасы мен басқа да мүлкіне сот актілері негізінде соттар және сот орындаушыларының прокурор санкциялаған қаулылары негізінде, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы алынған аумақтық әділет органдарының қаулылары негізінде сот орындаушылары тыйым салуы мүмкін. Жеке немесе заңды тұлғаның банктік шоттардағы ақшасы мен басқа да мүлкіне Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен мүлікке билік етуге уақытша шектеу, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауға шектеулер белгіленуі мүмкін.
Мүлікке билік етуге уақытша шектеу, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауға шектеулер белгілеуге, мыналарға:
1) мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға және (немесе) электрондық ақшаның электрондық әмияндарындағы электрондық ақшаға;
2026.24.06. № 325-VIII ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) алименттерді (кəмелетке толмаған балаларды жəне еңбекке жарамсыз адамдарды күтіп-бағуға арналған ақшаны) есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
2) тұрғын үй төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін, нысаналы активтерді, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға білім беру жинақтау салымынан төленетін жинақ төлемдерін немесе білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша сақтандыру төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
3) тұрғын үй төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдері түріндегі, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға білім беру жинақтау салымынан төленетін жинақ төлемдері немесе білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша сақтандыру төлемдері түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банкіндегі банктік шоттағы ақшаға;