«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII Заңы (қолданысқа енген жоқ)

Предыдущая страница

15) банктің өз акцияларын, қатысу үлестерін, пайларын не еншілес ұйымдағы немесе капиталына банктің қомақты қатысуы бар ұйымдағы үлестік қатысудың басқа да нысандарын азайтуы (иеліктен шығаруы) және (немесе) аталған ұйымдарға бақылауды жүзеге асыруды тоқтатуы жөніндегі талаптарды қою арқылы қолданады.

2. Осы баптың 1-тармағында көзделген шаралар жазбаша нұсқама немесе жазбаша келісім нысанында қолданылады.

3. Банкке, банк холдингіне, банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдарға, банктің ірі қатысушысына осы баптың 1-тармағында белгіленген орындалуы міндетті шараларды қабылдауға нұсқау жазбаша нұсқама болып табылады.

Жазбаша нұсқама уәкілетті органның осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптарын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі - іс-шаралар жоспары) уәкілетті орган белгілеген мерзімде ұсыну туралы талапты қамтуы мүмкін.

Іс-шаралар жоспарында кемшіліктердің, тәуекелдердің немесе бұзушылықтардың, олардың туындауына алып келген себептердің сипаттамасы, жоспарланған іс-шаралардың тізбесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты басшы қызметкерлер көрсетіледі.

4. Уәкілетті орган мен банк немесе банк холдингі немесе банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдар немесе банктің ірі қатысушысы арасында жазбаша нысанда жасалған, анықталған кемшіліктерді, тәуекелдерді және (немесе) бұзушылықтарды жою мерзімдерін және (немесе) анықталған кемшіліктер, тәуекелдер және (немесе) бұзушылықтар жойылғанға дейін аталған тұлғалар сақтауға міндетті болатын шектеулердің тізбесін көрсете отырып, осы баптың 1-тармағында белгіленген шараларды орындау туралы келісім жазбаша келісім болып табылады.

Жазбаша келісімге банк, банк холдингі, банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдар және (немесе) банктің ірі қатысушысы тарапынан міндетті түрде қол қойылуға тиіс.

5. Банк, банк холдингі, банк конгломераты құрамына кіретін ұйым, банктің ірі қатысушысы уәкілетті органды жазбаша нұсқамада, іс-шаралар жоспарында және (немесе) жазбаша келісімде көрсетілген шаралардың осы құжаттарда көзделген мерзімдерде орындалғаны туралы хабардар етуге міндетті.

6. Банкке, банк холдингіне, банк конгломераты құрамына кіретін ұйымға, банктің ірі қатысушысына байланысты емес себептермен жазбаша нұсқамада, іс-шаралар жоспарында және (немесе) жазбаша келісімде белгіленген мерзімдерде бұзушылықтарды жою мүмкін болмаған жағдайда жазбаша нұсқаманы, іс-шаралар жоспарын және (немесе) жазбаша келісімді орындау бойынша мерзім уәкілетті орган белгілеген күнге дейін ұзартылуы мүмкін.

7. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.

 

81-бап. Қадағалап ден қоюдың мәжбүрлеу шаралары

1. Уәкілетті орган банктің ірі қатысушысының немесе банк холдингінің белгілерін иеленуші тұлғаларға, сондай-ақ банктің ірі қатысушысына, банк холдингіне және банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдарға:

1) осы Заңның 9-бабының 8-тармағында және 82-бабының 6-тармағында көзделген;

2) қадағалап ден қоюдың өзге де шараларын қолдану банк депозиторларының, өзге де кредиторларының, клиенттері мен корреспонденттерінің заңды мүдделерін қорғауды, банктің және (немесе) банк конгломератының қаржылық орнықтылығын, банктің, банк холдингінің қызметіне байланысты тәуекелдерді барынша азайтуды қамтамасыз ете алмаған;

3) банк холдингінің және (немесе) банктің ірі қатысушысының әрекеттері (әрекетсіздігі) банктің, банк холдингінің қаржылық жағдайын одан әрі нашарлатуға алып келуі мүмкін жағдайларда қадағалап ден қоюдың мәжбүрлеу шараларын қолданады.

2. Уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайлар болған кезде:

1) ірі қатысушының белгілерін иеленуші тұлғадан, сондай-ақ банктің ірі қатысушысынан оның тікелей немесе жанама иелену үлесін банктің дауыс беретін акцияларының он пайызынан төмен деңгейге дейін азайтуды талап етуге;

2) банк холдингінің белгілерін иеленуші тұлғадан, сондай-ақ банк холдингінен оның тікелей немесе жанама иелену үлесін банктің дауыс беретін акцияларының жиырма бес пайызынан төмен деңгейге дейін азайтуды және банкті тәуекелге ұшырататын, өздері мен банк арасындағы операцияларды жүзеге асыруды тоқтата тұруды талап етуге;

3) банк холдингінен банк холдингі олардың акционері (қатысушысы) болып табылатын ұйымдарға, сондай-ақ банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдарға қатысты банк холдингін не банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдарды тәуекелге ұшырататын өздерінің арасындағы операцияларды жүзеге асыруды тоқтата тұруды талап етуге;

4) банк холдингінің белгілерін иеленуші тұлғадан, сондай-ақ банк холдингінен өзінің иелену үлесін иеліктен шығаруды немесе еншілес ұйымдарға немесе жарғылық капиталына өздері қомақты қатысатын ұйымдарға бақылау жүргізу белгілерін алып тастауды талап етуге;

5) банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдардан банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдарды тәуекелге ұшырататын, өздері мен үлестес тұлғалары арасындағы операцияларды жүзеге асыруды тоқтата тұруды талап етуге;

6) банктің немесе банк конгломератының меншікті капиталын банктің немесе банк конгломератының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін жеткілікті болатын мөлшерде арттыру мақсатында банк холдингінен, банктің ірі қатысушысынан банкті немесе банк конгломератын қосымша капиталдандыру жөніндегі шараларды қолдануды талап етуге құқылы.

 

82-бап. Банкке, банк холдингіне және банк конгломератына кіретін ұйымдарға аудит

1. Банкке аудитті Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес аудит жүргізуге құқылы аудиторлық ұйым жүргізеді.

2. Қаржы жылының қорытындысы бойынша аудит жүргізу банктер (операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырылған немесе ерікті немесе мәжбүрлеп тарату процесіндегі банкті қоспағанда), банк ірі қатысушысы болып табылатын ұйымдар, банк холдингтері үшін міндетті болып табылады.

Банктің және банк холдингінің жекелеген және шоғырландырылған (банктің еншілес ұйымдары болған жағдайда) жылдық қаржылық есебін банктерге аудит жүргізуге құқылы аудиторлық ұйым растауға тиіс.

Банкке және оның банк холдингіне аудитті сол бір аудиторлық ұйым жүзеге асырады. Банк ірі қатысушысы болып табылатын Қазақстан Республикасының резидент ұйымдарына аудитті сол бір аудиторлық ұйым жүзеге асырады.

3. Қазақстан Республикасының бейрезидент банк холдингі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне аудиторлық есептің көшірмесін және аудиторлық ұйымның ұсынымдарын қазақ немесе орыс тілінде ұсынады.

4. Банктерге аудит мыналарды анықтау мақсатында жүргізіледі:

жүзеге асырылған банк қызметінің есепке алуда және есептілікте дер кезінде, толық және дәлме-дәл көрсетілуі;

жүзеге асырылған банк қызметінің осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасының талаптарына сәйкестігі;

жүзеге асырылған банк қызметінің банк қызметін жүзеге асырудың жалпы шарттарына сәйкестігі, сондай-ақ банк қызметін жүзеге асыру тәртібінің банктің өзге де ішкі құжаттарына сәйкестігі.

5. Аудиторлық ұйым аудит нәтижелерін және өз қорытындыларын банктің директорлар кеңесі мен басқармасына, банк айқындайтын қажетті жағдайда банк конгломераты құрамына кіретін басқа ұйымға ұсынылатын есепте баяндайды.

Банктің немесе банк конгломераты құрамына кіретін басқа ұйымдардың қаржылық есептілігінің аудиторлық есебі коммерциялық құпия болып табылмайды.

6. Банк, банк холдингі, банк және (немесе) банк холдингі ірі қатысушылары болып табылатын ұйым аудиторлық есепте және (немесе) аудиторлық ұйымның ұсынымдарында көрсетілген, банктің немесе банк конгломератының қаржылық жай-күйіне әсер ететін кемшіліктерді уәкілетті орган айқындаған мерзім ішінде жоймаған жағдайда, уәкілетті орган кемшіліктер жойылғанға дейін:

банкке қатысты - осы Заңның 80-бабында көзделген қаржылық жай-күйін жақсарту және (немесе) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды;

банк холдингіне, банк және (немесе) банк холдингі ірі қатысушылары болып табылатын ұйымға қатысты осы Заңның 81-бабының 2-тармағында көзделген қадағалап ден қоюдың мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.

7. Банктердің, банк холдингтерінің және банк және (немесе) банк холдингі ірі қатысушылары болып табылатын ұйымдардың активтерін, міндеттемелерін және шартты міндеттемелерін тану бөлігінде аудиторлық есепте жазылған қаржылық есептілік және (немесе) қаржылық есептілікке байланысты басқа да ақпарат туралы пікірлер мен тұжырымдардың уәкілетті орган жүргізген тексеру нәтижелерінен ауытқуы анықталған жағдайда уәкілетті орган аудиторлық ұйымнан осындай ауытқу себептерін түсіндіруді талап етуге құқылы.

8. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы қаржы жылының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің қаржылық есептілігінің аудиторлық есебінің көшірмесін және аудиторлық ұйымның ұсынымдарын аудиторлық ұйым Қазақстан Республикасының бейрезидент банкіне ұсынғаннан кейін он жұмыс күні ішінде оларды қазақ немесе орыс тілінде уәкілетті органға ұсынуға міндетті.

9. Уәкілетті орган банк қызметінде тәуекелдер мен кемшіліктерді анықтаған жағдайда одан тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін бағалауға, оның ішінде даму стратегиясы мен бизнес-модельге қатысты, корпоративтік басқару жүйесін бағалауға, ақпараттық технологиялар тәуекелдерін басқару жүйесін бағалауға, ақпараттық қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін бағалауға қатысты өзге ақпаратқа аудит (бұдан әрі - өзге ақпарат аудиті) жүргізуді тексерілуге жататын мәселелер тізбесін, аудит жүргізілетін кезеңді және аудиторлық ұйымның уәкілетті органға өзге ақпарат аудиті бойынша аудиторлық қорытындыны ұсыну мерзімін көрсете отырып талап етуге құқылы.

Уәкілетті органның талап етуі бойынша өзге ақпарат аудитін жүргізу банктер үшін міндетті.

Осы баптың 11-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, банк өзге ақпарат аудитін жылына бір реттен артық жүргізбейді, бір мәселе бойынша өзге ақпарат аудиті үш жылда бір реттен жиілетпей жүргізіледі.

Өзге ақпарат аудиті шеңберінде тексеруге жататын мәселелердің тізбесі, өзге ақпарат аудиті бойынша аудиторлық қорытындының мазмұнына, аудиторлық ұйымның оны ұсыну мерзімдеріне қойылатын талаптар, өзге ақпарат аудитіне тартылатын аудиторлық ұйымның құрамындағы аудиторларға қойылатын талаптар аудиторлық қызмет саласындағы реттеуді және аудиторлық қызмет пен кәсіби аудиторлық ұйымдардың қызметі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.

Аудиттің болжамды бағыттары, көлемі, жүргізілу сипаты, аудит жүргізу кезінде пайдаланылатын әдістер мен стандарттардың ерекшеліктері сипатталған, өзге ақпарат аудиті бойынша тексеру жоспары аудиторлық ұйымның уәкілетті органмен алдын ала келісуіне жатады.

Аудиторлық ұйым өзге ақпарат аудиті бойынша аудиторлық қорытындыны уәкілетті органға ұсынады және ол жариялауға жатпайды.

Өзге ақпарат аудитінің нәтижелерін уәкілетті орган қадағалап ден қою шараларын қолданған кезде ескеруі мүмкін.

10. Аудитті немесе өзге ақпарат аудитін жүзеге асыру үшін банк, банк ірі қатысушысы болып табылатын ұйым, банк холдингі аудиторлық қызмет саласындағы реттеуді және аудиторлық қызмет пен кәсіби ұйымдардың қызметі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган әзірлеген, қаржы ұйымдарына міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын ең төмен талаптарға сәйкес келетін аудиторлық ұйымды тартады.

Банк, банк ірі қатысушысы болып табылатын ұйым, банк холдингі аудитті немесе өзге ақпарат аудитін жүргізуге шарт жасасқаннан кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей аудиторлық ұйымды таңдағаны туралы уәкілетті органды хабардар етеді. Өзге ақпарат аудиті жағдайында банк уәкілетті орган алдында өзге ақпаратқа аудиторлық ұйым болып табылмайтын ұйымның аудиттен өзге тәсілмен тексеру жүргізуі туралы өтінішхат беруге құқылы.

Банктің өтінішхатын уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде қарайды.

Өзге ақпарат аудитін жүргізу тәртібіне қойылатын осы бапта белгіленген талаптар өзге ақпаратқа аудиттен басқа өзге тәсілмен тексеру жүргізу тәртібіне қолданылады.

Уәкілетті орган өзге ақпарат аудиті бойынша аудиторлық есепті және (немесе) аудиторлық қорытындыны аудиторлық ұйым шығарғанға дейін аудиторлық ұйымға осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде аталған тұлғалардың келісімінсіз, құпиялылық жөніндегі талаптарды ескере отырып, осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде аталған тұлғаларды тексеру нәтижелері бойынша ақпаратты және түсіндірмелерді, сондай-ақ банк құпиясын және (немесе) коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты қоса алғанда, банктің, банк ірі қатысушысы болып табылатын ұйымның, банк холдингінің қызметіне байланысты, оның ішінде уәкілетті органның уәжді пайымдауына негізделген өзге ақпаратты беруге құқылы.

Аудиторлық ұйым осы тармақтың бесінші бөлігіне сәйкес уәкілетті орган жіберген ақпаратқа міндетті бағалау мен талдау жүргізеді. Аудиторлық ұйым жүргізілген бағалау мен талдаудың нәтижелерін өзге ақпарат аудиті бойынша аудиторлық есепте немесе аудиторлық қорытындыда қамтылған пікірлер мен тұжырымдарды білдірген кезде пайдаланады.

11. Сот өзге ақпарат аудиті бойынша аудиторлық есепті және (немесе) аудиторлық қорытындыны жарамсыз деп таныған жағдайда, банк, банк холдингі, банк және (немесе) банк холдингі ірі қатысушылары болып табылатын ұйым аудитті және (немесе) өзге ақпарат аудитін қайта жүргізуге міндетті.

12. Уәкілетті орган банкке аудит және (немесе) өзге ақпарат аудитін жүргізген аудиторлық ұйымнан коммерциялық құпияны құрайтын, оның ішінде клиенттер тізбесі жөніндегі мәліметтерді қоса алғанда, ақпаратты талап етуге құқылы. Клиенттер жөніндегі мәліметтер аудиторлық ұйым клиенттерінің келісуімен беріледі.

13. Осы баптың 9, 10, 11 және 12-тармақтарында көзделген ережелер Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.

 

83-бап. Банк лицензиясының қолданысын тоқтата тұру және одан айыру

1. Уәкілетті орган мынадай негіздердің кез келгені:

1) банк лицензиясын беруге негіз болған деректердің (мәліметтердің) анық еместігінің анықталуы;

2) банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметі процесінде осы Заңның 19-бабы 3, 4, 5 және (немесе) 20-тармақтары талаптарының сақталмауы;

3) уәкілетті органның немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұзылуы не уәкілетті орган қолданған қадағалап ден қою шараларының жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындалмауы;

4) осы Заңның 52-бабының 4-тармағында белгіленген банк қызметін жүзеге асырудың жалпы шарттары туралы қағидаларды ашып көрсету жөніндегі талаптардың сақталмауы;

5) банкпен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға жеңілдікті жағдайлар жасауға осы Заңның 50-бабында белгіленген тыйым салудың бұзылуы;

6) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесінің уәкілетті органның талаптарына сәйкес келмеуі;

7) осы Заңда және (немесе) банк жарғысында, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы туралы ережеде және (немесе) банк лицензиясында белгіленген құқық қабілеті шегінен шығатын банк қызметін жүзеге асыру;

8) осы Заңда көзделмеген инвестициялық немесе өзге де кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру;

9) қатарынан күнтізбелік он екі ай бойы банк лицензиясына сәйкес қызметті жүзеге асырмау;

10) соттың банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы қызметін тоқтату туралы шешім қабылдауы;

11) банк холдингінің, банктің ірі қатысушысының уәкілетті органның банктің меншікті капиталын ұлғайту жөніндегі талаптарын, сондай-ақ осы Заңның 81-бабының 2-тармағына сәйкес қойылатын талаптарды орындамауы;

12) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органының немесе сотының Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын операциялардың түрлеріне мәні бойынша ұқсас операциялардың барлық немесе жекелеген түрлерін жүзеге асыруға арналған Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі лицензиясының (рұқсатының) қолданысын тоқтата тұруы не одан айыруы;

13) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі резиденті болып табылатын мемлекет сотының Қазақстан Республикасының бейрезидент банкін мәжбүрлеп тарату (қызметін тоқтату) туралы шешім қабылдауы;

83-бабы 1-тармағының 14) тармақшасы 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

14) осы Заңның 99-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда;

15) осы Заңның 6-бабы 3-тармағы бірінші бөлігінің 1) және (немесе) 2) тармақшаларында көзделген талаптардың сақталмауы бойынша, бұрын оларға қолданылған қадағалап ден қою шараларына қарамастан, банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының операциялардың барлық немесе жекелеген түрлерін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясының қолданысын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы шешім қабылдауға құқылы.

2. Осы баптың мақсаттары үшін банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыруға арналған лицензия да және (немесе) аталған лицензияға қосымша да банк лицензиясы деп түсініледі.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мынадай негіздердің кез келгені:

1) банк лицензиясын беруге негіз болған мәліметтердің анық еместігінің анықталуы;

2) банкноттарды, монеталар мен құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғаның және қызметін тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаның қызметі процесінде осы Заңның 45-бабы және «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-4-бабы талаптарының сақталмауы;

3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұзылуы не Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қолданған қадағалап ден қою шаралардың жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындалмауы;

4) қызметін тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаның, банкноттарды, монеталар мен құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғаның банк лицензиясына сәйкес қызметті қатарынан күнтізбелік он екі ай бойы жүзеге асырмауы;

5) қызметін тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаның, банкноттарды, монеталар мен құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғаның қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын тек қана айырбастау пунктері арқылы жүзеге асыру және банкноттарды, монеталар мен құндылықтарды инкассациялау жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі;

6) қызметін тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаның, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тарапынан бақылау мен қадағалау жүргізуге кедергі келтіруі бойынша, бұрын оларға қолданылған қадағалап ден қою шараларына қарамастан, банкноттарды, монеталар мен құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғаның және қызметін тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаның банк лицензиясының қолданысын тоқтата тұру не одан айыру туралы шешім қабылдауға құқылы.

3. Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушылары болып табылмайтын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы (ислам банкін, Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкінің филиалын қоспағанда) жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банк шоттарын ашуға және жүргізуге арналған банк лицензиясынан айырылады.

4. Операциялардың барлық немесе жекелеген түрлерін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясының қолданысын тоқтатудың немесе одан айырудың орындылығын айқындаған кезде мыналар ескеріледі:

1) тәуекел деңгейі, бұзушылықтардың және (немесе) кемшіліктердің және олардың салдарының сипаты;

2) жол берілген бұзушылықтардың және (немесе) кемшіліктердің және олардың салдарының ауқымы мен айтарлықтай болуы;

3) бұзушылықтардың және (немесе) кемшіліктердің жүйелілігі мен ұзақтығы;

4) жол берілген бұзушылықтардың және (немесе) кемшіліктердің қаржылық жай-күйге тигізетін әсері;

5) анықталған бұзушылықтардың және (немесе) кемшіліктердің туындауына негіз болған себептер;

6) банктің қызметте анықталған кемшіліктерді, тәуекелдерді немесе бұзушылықтарды жоюға бағытталған дербес шаралар қабылдауы;

83-бабы 4-тармағының 7) тармақшасы 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

7) банкке реттеу құралдарын қолдану мүмкіндігі.

5. Банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының операциялардың барлық немесе жекелеген түрлерін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясының қолданысын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы шешім оны уәкілетті орган қабылдаған күнінен бастап күшіне енеді.

Операциялардың барлық немесе жекелеген түрлерін жүзеге асыруға арналған банк лицензияның қолданысы осындай шешім банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының назарына жеткізілген күннен бастап тоқтатыла тұрды деп есептеледі.

6. Банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының операциялардың барлық немесе жекелеген түрлерін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясының қолданысын тоқтата тұру немесе одан айыру жөнінде қабылданған шешім туралы ақпарат уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында олардың құзыреті шегінде қазақ және орыс тілдерінде орналастырылады.

7. Уәкілетті органның банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айыру туралы шешіміне банк атынан оның акционерлері ғана Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.

Операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырылған банк, осы Заңның 84-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, банктік қызметті және (немесе) өзге де кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.

8. Уәкілетті органның Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалын операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айыру туралы шешіміне Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы атынан Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі ғана Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.

Операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырылған Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы, осы Заңның 84-бабының 1-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында банктік қызметті және (немесе) өзге де кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.

9. Операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясының қолданысын тоқтату банкке ерікті түрде таратылуына рұқсат, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына қызметін ерікті түрде тоқтатуына рұқсат берілген кезде «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.

10. Осы баптың 1-тармағының банктерге қолданылатын ережелері банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғаларды және қызметін тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаларды қоспағанда, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.

Осы баптың 3, 5, 6, 7 және 9-тармақтарында көзделген ережелері банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын барлық ұйымдарға қолданылады.

 

84-бабы 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі