84-бап. Операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырудың салдары
1. Банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырған күннен бастап:
уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген шығыстарға;
банктің пайдасына келіп түсетін ақшаны есепке жатқызуға;
банктік шоттары жабылған тұлғалардың пайдасына келіп түскен және түсетін ақшаны, сондай-ақ қате көрсетулер бойынша келіп түскен және түсетін ақшаны қайтаруға;
банкті банк лицензиясынан айырғаннан кейін банкке келіп түсетін ақша аударымы бойынша нұсқауларды беретін тұлғаның және пайдасына аударым жүзеге асырылатын тұлғаның банк алдындағы берешегі болмаған немесе аталған тұлғалар банк алдындағы берешегін өтеген кезде осындай нұсқауларды орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, клиенттердің және банктің өзінің банктік шоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылады;
2) құрылтайшылар (қатысушылар), банктің органдары банк мүлкіне билік етуге құқылы болмайды;
3) банктің басшы қызметкерлері, ал қажет болған кезде өзге де қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен еңбек міндеттерін атқарудан шеттетілуге, жұмыстан босатылуға немесе олардың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылуға тиіс;
4) банкті ұстап тұруға арналған ағымдағы шығыстарға байланысты талаптарды қоспағанда, кредиторлардың банкке қоятын талаптары тарату ісі жүргізілгенде ғана қойылуы мүмкін;
5) кредиторлардың, мемлекеттік кіріс органдарының талаптары, оның ішінде даусыз (акцептсіз) тәртіппен қанағаттандырылуға жататын талаптары бойынша банктің банктік шоттарынан ақшаны өндіріп алуға, сондай-ақ банк мүлкінен өндіріп алуға жол берілмейді;
6) банк акционерлеріне өздеріне тиесілі банк акцияларын иеліктен шығаруға тыйым салынады;
7) банкке қатысты қабылданған сот шешімдерінің орындалуы тоқтатыла тұрады;
8) банктің борышкерлері негізгі борышты, сыйақыны және тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлдарды) өтеу бойынша міндеттемелерді жасалған банктік қарыз шарттарына және мәмілелердің өзге де түрлеріне сәйкес орындайды;
9) клирингтік қатысушы болып табылатын банктің сауда-саттықты ұйымдастырушылардың сауда жүйелерінде ашық сауда-саттық әдісімен және (немесе) орталық контрагенттің қатысуымен жасалған қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша міндеттемелерін клирингтік ұйым (орталық контрагент), оның ішінде клирингтік ұйымның (орталық контрагенттің) клирингтік қызмет жүзеге асырылатын мәмілелер бойынша міндеттемелерді толық немесе ішінара қамтамасыз ету, маржалық жарналар, клирингтік ұйымның (орталық контрагенттің) кепілдік қорларына жарналар болып табылатын қаржы құралдарын уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде және осы клирингтік ұйымның (орталық контрагенттің) ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен толық пайдалануы есебінен орындайды;
10) банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырғаннан кейін тағайындалатын уақытша әкімшілікті қоспағанда, банк атынан және есебінен оның акционерлері, банк органдары, банктің басшы қызметкерлері немесе өзге де тұлғалар жасаған барлық мәміле жарамсыз деп танылады.
2. Уәкілетті орган банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырғаннан кейін банкте уақытша әкімшілікті тағайындайды.
Банктің бұрын әрекет еткен органдарының өкілеттіктері тоқтатыла тұрады.
Уәкілетті орган банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырғаннан кейін оның қызметкерлері және (немесе) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның өкілдері және (немесе) «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-4-бабында белгіленген ең төмен талаптарға сәйкес келетін өзге де адамдар қатарынан уақытша әкімшілікті тағайындайды.
3. Банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырғаннан кейін тағайындалатын уақытша әкімшілік:
1) банк қызметінің барлық мәселесі бойынша өз бетінше шешім қабылдауға;
2) банк атынан кез келген шарттар мен құжаттарға қол қоюға, банк атынан және оның мүддесі үшін талап қою талаптарын ұсынуға;
3) банк қызметкерлерін жұмыстан шығару, лауазымын төмендету немесе лауазымынан уақытша шеттету, олардың міндеттерін айқындау туралы бұйрықтарды қоса алғанда, бұйрықтар шығаруға;
4) құқықты (талапты) басқаға беру шартынан банкке қатысты туындаған талаптарды есепке жатқызуды қоспағанда, қарсы біртекті талаптарды есепке жатқызуды жүргізуге;
5) банк мүлкінің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттерді жүзеге асыруға құқылы.
4. Банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырғаннан кейін тағайындалатын уақытша әкімшілік:
1) осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, шығыс операцияларды жүзеге асыруға;
2) тараптардың келісуі бойынша банктің қаржылық жағдайын нашарлатпайтын өзгерістер енгізуді қоспағанда, банк бұрын жасасқан шарттардың талаптарын өзгертуге құқылы емес.
5. Уәкілетті орган банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырған күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен банкті мәжбүрлеп тарату туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.
6. Банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырғаннан кейін тағайындалатын уақытша әкімшілік банк лицензиясынан айырылған күнге дейінгі үш жыл ішінде банк жасаған мәмілелер бойынша, оның ішінде кредиторлардың өтінішхаты бойынша, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) осы Заңның 122-бабының 2-тармағында көзделген мәмілелердің жарамсыздық негіздері болған кезде мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.
Мәмілелерді жарамсыз деп тануға осы Заңның 122-бабының 3, 4, 5 және 6-тармақтарының ережелері қолданылады.
7. Банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырғаннан кейін тағайындалатын уақытша әкімшілікті тағайындау мен оның қызметінің тәртібі, сондай-ақ банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырғаннан кейін тағайындалатын уақытша әкімшіліктің уәкілетті органға есептілік пен өзге ақпаратты ұсыну тізбесі, нысандары, мерзімдері мен тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
Банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырғаннан кейін тағайындалатын уақытша әкімшіліктің қызметіне байланысты шығыстар банк лицензиясынан айырылған банктің ақшасы және (немесе) өзге мүлкі есебінен өтеледі.
8. Банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырғаннан кейін тағайындалатын уақытша әкімшілік осы бапқа сәйкес банктің тарату комиссиясын уәкілетті орган тағайындағанға дейінгі кезеңде өз қызметін жүзеге асырады.
Банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырғаннан кейін тағайындалатын уақытша әкімшілік банктің тарату комиссиясы тағайындалған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде өз өкілеттігін доғарады және банктің құжаттары мен мүлкін банктің тарату комиссиясының төрағасына береді.
Банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырғаннан кейін тағайындалатын уақытша әкімшіліктен тарату комиссиясының төрағасына банктің құжаттары мен мүлкін қабылдау-беру төрт данадан жасалатын актімен ресімделеді, оның бір данасы уәкілетті органға, екіншісі - банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдаған сотқа жіберіледі.
9. Осы Заңның 103-бабының ережелері уәкілетті органның банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырғаннан кейін тағайындалатын уақытша әкімшіліктің қызметіне бақылауды жүзеге асыру мақсаттары үшін қолданылады.
6-бөлім 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
6-БӨЛІМ. БАНКТІ КҮШЕЙТІЛГЕН ҚАДАҒАЛАУ, ҚАРЖЫЛЫҚ ОРНЫҚТЫЛЫҒЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖӘНЕ РЕТТЕУ
13-тарау. БАНКТІ КҮШЕЙТІЛГЕН ҚАДАҒАЛАУ, ҚАРЖЫЛЫҚ ОРНЫҚТЫЛЫҒЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖӘНЕ РЕТТЕУ БОЙЫНША ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
85-бап. Банктің қаржылық орнықтылығының нашарлау белгілері
1. Банк депозиторларының, өзге де кредиторларының, клиенттерінің және корреспонденттерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, банктің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету, банктің төлем қабілетсіздігінің немесе ықтимал төлем қабілетсіздігінің басталуын болғызбау, банктің қаржылық орнықтылығының нашарлауы кезінде теріс салдарды азайту, сондай-ақ жүйелік тәуекелдерді азайту мақсатында уәкілетті орган банк қызметінің сандық және сапалық көрсеткіштері негізінде айқындалатын банктің қаржылық орнықтылығының нашарлауының қаржы-экономикалық және өзге де белгілерін анықтайды.
2. Банктің қаржылық орнықтылығының нашарлауының қаржы-экономикалық және өзге де белгілері мыналар болып табылады:
1) уәкілетті орган белгілеген меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенттерін және (немесе) өтімділік коэффициенттерін қоса алғанда, пруденциялық нормативтер мен лимиттер мәндерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген макропруденциялық нормативтер мен лимиттер мәндерінің төмендеуі;
2) банкте ақшаның болмауына немесе оның жеткіліксіз болуына байланысты банктің депозиторлар және (немесе) өзге де кредиторлар алдындағы ақшалай міндеттемелерін орындамауы;
3) уәкілетті органның банктің қаржылық және (немесе) өзге де есептілігінде анық көрсетілуі банктің меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициентін бұзуына және (немесе) банктің оның депозиторлары және (немесе) өзге де кредиторлары алдындағы ақшалай міндеттемелерін орындамауына алып келуі мүмкін фактілерді (мәмілелерді) анықтауы;
4) уәкілетті орган бақылау және қадағалау жөніндегі функцияларды жүзеге асыру шеңберінде анықтаған, банктің қаржылық орнықтылығына және (немесе) банктің депозиторларының, өзге де кредиторларының, клиенттері мен корреспонденттерінің мүдделеріне және (немесе) банк жүйесінің тұрақтылығына теріс әсер етуі мүмкін банк қызметіндегі кемшіліктер және (немесе) тәуекелдер;
5) банктің қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарын орындамауы;
6) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген банктің қаржылық орнықтылығының нашарлауының өзге де белгілері.
Банктің қаржылық орнықтылығының нашарлауының қаржы-экономикалық және өзге де белгілерінің мәндері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
3. Банктің қаржылық орнықтылығының нашарлауының қаржылық-экономикалық және өзге де белгілерінің болуына және мәндеріне байланысты оған мынадай режимдердің біреуі қолданылуы мүмкін:
1) күшейтілген қадағалау режимі;
2) қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі;
Реттеу режимі осы Заңның 91-бабына сәйкес жүргізілген банктің қызмет қабілетін бағалау нәтижелері банкті мәжбүрлеп таратумен салыстырғанда банкке реттеу құралдарын қолдану мүмкіндігі мен орындылығын растаған жағдайда қолданылады.
4. Осы баптың ережелері осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінің 3) тармақшасын қоспағанда, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына қолданылады.
86-бап. Залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілеттігін қамтамасыз ететін құралдар
1. Залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілеттігін қамтамасыз ететін құралдарға мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін қаржы құралдары жатады:
2) құрал қамтамасыз етілмеген;
3) құралдың қолданыс мерзімі кемінде бір жылды құрайды не құрал мерзімсіз (өтеу күні белгіленбеген) болып табылады;
4) құрал бойынша міндеттемелер мерзімінен бұрын орындалуға (мерзімінен бұрын өтелуге), оның ішінде осы құрал бойынша кредиторлардың талабы бойынша орындалуға жатпайды;
5) құрал бойынша міндеттемелер, егер бұл құралдың реттеу режимінде залалдарды қамту (жабу) қабілеттігіне кедергі келтірсе, қарсы құқықтарды (талаптарды) есепке жатқызу арқылы тоқтатылуға жатпайды.
2. Залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілеттігін қамтамасыз ететін құралдар:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның еншілес ұйымдарының;
2) осы құралдарды шығарған банктің;
3) банктің еншілес ұйымдары немесе банктің капиталына қомақты қатысуы бар ұйымдардың қаражаты есебінен төленбейді (сатып алынбайды).
3. Залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілеттігін қамтамасыз ететін құралдардың құрамына мыналар жатпайды:
1) депозиттерге міндетті кепілдік беру объектісі болып табылатын депозиттер;
2) талап еткенге дейінгі депозиттер және қайтаруға дейін мерзімі бір жылдан кем депозиттер;
3) туынды қаржы құралдары бойынша міндеттемелер;
4) туынды қаржы құралдарының сипаттамалары бар борыштық құралдар, оның ішінде құрылымдалған борыштық құралдар;
5) шарттан тыс қатынастардан туындайтын міндеттемелер, оның ішінде салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі міндеттемелер;
6) талаптарын қанағаттандыру осы Заңның 123-бабында белгіленген сегізінші кезектегі кредиторларды қанағаттандыру алдында жүзеге асырылатын міндеттемелер;
7) осы Заңның 96-бабының 4-тармағына сәйкес мәжбүрлеп қайта құрылымдауға жатпайтын міндеттемелер;
8) реттеу режимінде мерзімінен бұрын тоқтатылмайтын және (немесе) банктің жай акцияларына конвертацияланбайтын өзге де міндеттемелер.
4. Жүйелік маңызы бар банктің осы Заңның 92-бабының 1-тармағында белгіленген реттеу мақсаттарына сәйкес осы Заңның 93-бабында көзделген реттеу құралдарын қолдану мақсаттары үшін уәкілетті орган белгілеген залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілеттігін қамтамасыз ететін құралдардың ең төмен деңгейі болуға міндетті.
Жүйелік маңызы бар банктер үшін залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілеттігін қамтамасыз ететін құралдардың ең төмен деңгейі, сондай-ақ осындай құралдардың тізбесі мен оларға қойылатын негізгі талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
14-тарау. КҮШЕЙТІЛГЕН ҚАДАҒАЛАУ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ОРНЫҚТЫЛЫҚТЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ
87-бап. Күшейтілген қадағалау режимі
1. Күшейтілген қадағалау режимі деп банктің қаржылық орнықтылығының нашарлауын болғызбау мақсатында уәкілетті органның шешімі бойынша банкке қолданылатын қадағалаудың ерекше тәртібі түсініледі.
2. Уәкілетті орган күшейтілген қадағалау режимінің қолданысы кезеңінде осы Заңның 78-бабында көзделген қадағалап ден қою шараларына қосымша:
87-бабының 2-тармағы 1) тармақшасының қолданысы 2027 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 135-баптың 3-тармағының 2) тармақшасының редакциясында қолданылады
1) ақпаратты, қаржылық және өзге де есептілікті жеке айқындалған кезеңділікпен, оның ішінде деректер витринасы арқылы алуға;
2) банктің қаржылық және мүліктік жай-күйіне бағалау (талдау) жүргізуге, оның ішінде банкке бару және (немесе) көрсетілетін қызметтері банк қаражатының есебінен төленетін (өтелетін) бағалаушыларды, аудиторлық және (немесе) өзге де мамандандырылған ұйымдарды тарту арқылы жүргізуге;
3) банктің қолайсыз макроэкономикалық жағдайларға орнықтылығына талдау жүргізуге;
4) банктен банктің ағымдағы қаржылық жағдайына сәйкес қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарын қайта қарауды және жаңартуды талап етуге;
5) банктен, банктің ірі қатысушыларынан, банк холдингтерінен банктің және (немесе) банк конгломератының қаржылық орнықтылығын жақсарту жөніндегі шараларды қабылдауды, оның ішінде банктің және (немесе) банк конгломератының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін жеткілікті мөлшерде банктің және (немесе) банк конгломератының меншікті капиталын ұлғайтуды талап етуге;
6) банктен және (немесе) банк холдингінен капиталына банк және (немесе) банк холдингі қатысатын ұйымдармен, сондай-ақ банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдармен операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыруды және (немесе) жекелеген мәмілелер жасауды, егер мұндай операциялар және (немесе) мәмілелер банктің, банк холдингінің және (немесе) банк конгломератының қаржылық орнықтылығына теріс әсер ететін (әсер етуі мүмкін) болса, тоқтата тұруды талап етуге;
7) банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдардан олардың үлестес тұлғаларымен операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыруды және (немесе) жекелеген мәмілелер жасауды, егер мұндай операциялар және (немесе) мәмілелер банктің және (немесе) банк холдингінің және (немесе) банк конгломератының қаржылық орнықтылығына теріс әсер ететін (әсер етуі мүмкін) болса, тоқтата тұруды талап етуге;
8) банктен корпоративтік басқаруды және (немесе) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін жақсартуды талап етуге;
9) банктен және (немесе) банк холдингінен банкке күшейтілген қадағалау режимін қолданудың өзге де негіздерін жоюды талап етуге құқылы.
3. Уәкілетті орган осы Заңның 80-бабының 3, 5 және 6-тармақтарында белгіленген талаптарды ескере отырып, осы баптың 2-тармағында көзделген өкілеттіктерді жазбаша нұсқама нысанында қолданады.
4. Уәкілетті органның банкке күшейтілген қадағалау режимін қолдану туралы шешімі көрсетілген шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде банктің, банктің ірі қатысушыларының, банк холдингтерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің назарына жеткізіледі және аталған тұлғалар оны таратпауға (жария етпеуге) тиіс.
5. Банк, банктің ірі қатысушылары, банк холдингтері банкке күшейтілген қадағалау режимін қолдануға негіз болған себептерді жою үшін қажетті (жеткілікті) шараларды қабылдауға міндетті.
6. Күшейтілген қадағалау режимі оны қолдану негіздері жойылған және банк қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде уәкілетті орган белгілеген меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенттерін және өзге де пруденциалдық нормативтер мен лимиттерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген макропруденциалдық нормативтер мен лимиттерді сақтаған кезде уәкілетті органның шешімі бойынша тоқтатылады.
7. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына қолданылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің мақсаттары үшін банктің ірі қатысушылары мен банк холдингтері деп Қазақстан Республикасының аумағында филиалы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басқару органы түсініледі.
88-бап. Банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жоспары
1. Банктің өзіне қатысты уәкілетті орган қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимін қолданған жағдайда қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспары болуға міндетті.
Банктің қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жоспарында мыналар көзделеді:
1) банк, банктің ірі қатысушылары, банк холдингтері қабылдайтын банктің қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жөніндегі шаралар, көрсетілген шараларды қаржыландыру көздері, оның ішінде банкті қосымша капиталдандыру түріндегі қаржыландыру көздері, оларды іске асыру мерзімдері;
2) банктің қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жөніндегі шараларды іске асыруға жауапты басшы қызметкерлерді бекіту.
Банктің қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жоспарын банктің басқару органы бекітеді және оны банктің ірі қатысушылары, банк холдингтері келіседі.
2. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына қатысты қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимін қолданған жағдайда оның қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспары болуға міндетті.
Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жоспарында мыналар көзделеді:
1) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі қабылдайтын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жөніндегі шаралар, көрсетілген шараларды қаржыландыру көздері, оның ішінде резерв ретінде қабылданатын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының активтерінің мөлшерін ұлғайту түріндегі көздер, оларды іске асыру мерзімдері;
2) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жөніндегі шараларды іске асыруға жауапты басшы қызметкерлерді бекіту.
Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жоспарын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басқару органы бекітеді.
3. Қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспары жаңартылып отыруға тиіс және банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы оның тиімділігін бағалау үшін, сондай-ақ кез келген мынадай:
банктің ірі қатысушыларының және (немесе) банк холдингтерінің құрамы өзгерген (банк үшін қолданылады);
банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қаржылық орнықтылығына едәуір әсер етуі мүмкін және (немесе) басқа себептер бойынша қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарына өзгерістер енгізу қажеттілігіне алып келетін банк қызметінің түрлері және (немесе) жүзеге асырылатын ауқымы өзгерген жағдайларда жылына кемінде бір рет уәкілетті органға жіберіп отырады.
Уәкілетті орган қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарының тиімділігіне бағалау жүргізеді.
Уәкілетті органның ескертулері және (немесе) ұсыныстары болған кезде банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарын пысықтауға міндетті.
4. Қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарында банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру үшін мемлекеттік қаражатты пайдалануы көзделмеуге тиіс және он екі айдан асатын іске асыру мерзімі көзделмейді.
Банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жоспарының мазмұнына қойылатын талаптар, оны уәкілетті органға ұсыну тәртібі мен мерзімдері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
89-бап. Қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі
1. Қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі деп банк, банктің ірі қатысушылары, банк холдингтері уәкілетті органның шешімі бойынша банктің қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру, оның ішінде банктің меншікті капиталының жеткіліктілігі мен өтімділігін қалпына келтіру, сондай-ақ банкке қатысты реттеу режимін немесе мәжбүрлеп таратуды қолдануды болғызбау мақсатында жүзеге асыратын шаралар кешені түсініледі.
2. Уәкілетті орган осы Заңның 78-бабында көзделген қадағалап ден қою шараларына қосымша қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимінің қолданысы кезеңінде:
1) осы Заңның 87-бабының 2-тармағында көзделген өкілеттіктерді қолдануға;
2) банктің және (немесе) банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдардың активтерін сатуды және (немесе) олардың сапасын жақсартуды қоса алғанда, осы активтердің құрылымын өзгерту жөніндегі іс-шаралардың жүзеге асырылуын талап етуге;
3) банктің басшы қызметкерлерін ауыстыруды қоса алғанда, банктің ұйымдық құрылымына өзгерістер енгізуді талап етуге;
4) банктің, банк холдингінің және (немесе) банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдардың операциялардың және (немесе) мәмілелердің жекелеген түрлерін уәкілетті органмен алдын ала келісу қажеттігін қоса алғанда, оларды жасауының ерекше тәртібін белгілеуге құқылы.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген өкілеттіктерді уәкілетті орган осы Заңның 80-бабының 3, 4, 5 және 6-тармақтарында белгіленген талаптар ескеріле отырып, жазбаша нұсқама немесе жазбаша келісім нысанында қолданады.
4. Уәкілетті органның банкке қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимін қолдану туралы шешімі көрсетілген шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде банктің, банктің ірі қатысушыларының, банк холдингтерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның назарына жеткізіледі және аталған тұлғалар оны таратпауға (жария етпеуге) тиіс.
5. Уәкілетті органның банкке қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимін қолдану туралы шешімінде көрсетілген күннен бастап:
1) банк осы Заңның 88-бабының 1-тармағында көрсетілген қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарын, осындай жоспарды осы баптың 6-тармағының талаптарына сәйкес жаңартылған кезіне дейін өз бетінше орындауға кіріседі;