«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII Заңы (қолданысқа енген жоқ)

Предыдущая страница

5. Құқықтары (талаптары) мен міндеттемелері осы баптың 1-тармағында көзделген операцияны жүргізу кезінде берілетін реттеу режиміндегі банк клиенттерінің дербес деректерін жинауды және өңдеуді сатып алушы банк дербес деректер субъектілерінің немесе олардың заңды өкілдерінің келісуінсіз жүзеге асырады.

6. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік реттеу режиміндегі банктің депозиторларын, өзге де кредиторларын, клиенттері мен борышкерлерін, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғаларды хабардар ету мақсатында реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін сатып алушы банкке беру туралы хабарландыруды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды, сондай-ақ оны уәкілетті орган, реттеу режиміндегі банк және сатып алушы банк өздерінің интернет-ресурстарында орналастырады.

7. Реттеу режиміндегі банктің акциялар, қатысу үлестері, пайлар не ұйымдарға үлестік қатысудың басқа нысандары түріндегі активтерін, сондай-ақ банктің филиалдарын, өкілдіктері мен қосымша үй-жайларын сатып алушы банкке беру уәкілетті органның осы Заңда және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген рұқсаттарын, келісімдерін және хабарламаларын сатып алушы банктің алуын талап етпейді.

8. Реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін беру активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шарт жасасу арқылы, шартқа беру актісі қоса беріле отырып жүзеге асырылады.

Беру актісінде берілетін активтер мен міндеттемелер туралы, оның ішінде берілетін активтер мен міндеттемелер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін тәсілдер туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.

Активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шартқа Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің міндеттемедегі тұлғалардың ауысуы туралы ережелері қолданылады.

9. Сатып алушы банк құқықтық кадастрға, сондай-ақ жылжымалы мүлік кепілінің тізіліміне, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесіне бір мезгілде кепіл ұстаушы болып табылатын, өзіне берілетін активтер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін құқықтар өткен жаңа кредитор туралы мәліметтерді енгізу мақсатында активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шартты (беру актісін қоса бере отырып) уәкілетті тіркеуші органға (ұйымға) ұсынады.

Осы бапта айқындалған негіздер бойынша және тәртіппен құқықтарды (талаптарды) басқаға беру бір мезгілде кепіл ұстаушы болып табылатын жаңа кредиторға үшінші тұлғалар немесе мемлекеттік органдар тарапынан тіркелген ауыртпалықтар, тыйым салулар, мүлікке билік етуде өзге де шектеулер бар мүлікке құқықтардың өтуі үшін де негіз болып табылады.

10. Реттеу режиміндегі банктің депозиторлар мен өзге де кредиторлар алдындағы міндеттемелері сатып алушы банкке берілгеннен кейін осындай депозиторлар мен өзге де кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындауды сатып алушы банк жүзеге асырады.

11. Реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін бір мезгілде беру туралы шарт жасалғаннан кейін реттеу режиміндегі банктің акционерлері, депозиторлары, өзге де кредиторлары мен клиенттері:

1) сатып алушы банктен реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін сатып алушы банктің пайдасына беру салдарынан шеккен кез келген залалдарды өтеуді талап етуге;

2) реттеу режиміндегі банктің пайдасына кез келген активтер мен міндеттемелерді кері беруді талап етуге құқылы емес.

Реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін бір мезгілде беру туралы шартты жасасу және (немесе) орындау:

1) сатып алушы банкке берілген міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауға немесе мерзімінен бұрын тоқтатуға;

2) орындамау (дефолт), реттеу, төлемге қабілетсіздік оқиғасының және (немесе) сатып алушы банкке берілген міндеттемелер соның шеңберінде туындаған шарт бойынша кез келген ұқсас оқиғаның басталуына негіз бола алмайды.

12. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін бір мезгілде беру жөніндегі операцияны көрсетілген банктің активтері мен міндеттемелерін қосымша беру мақсатында бір реттен артық жүргізуге құқылы.

Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін сатып алушы банкке беруді аяқтағаннан кейін уәкілетті органға банкті кейіннен мәжбүрлеп тарату мақсатында реттеу режиміндегі банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айыру туралы ұсыныс береді.

13. Реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу ерекшеліктері осы Заңның 98-бабында белгіленеді.

 

98-бап. Тұрақтандыру банкін құру және оған реттеу режиміндегі банк активтері мен міндеттемелерінің барлығын немесе бір бөлігін беру

1. Уәкілетті орган реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу мақсатында тұрақтандыру банкін құру туралы шешім қабылдайды және банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікке реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне бір мезгілде толықтай немесе ішінара беру жөніндегі операцияны жүргізуді тапсырады.

2. Тұрақтандыру банкі уәкілетті органның шешімі бойынша оған реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін толықтай немесе ішінара беру және тұрақтандыру банкінің акцияларын одан әрі жаңа инвесторға сату мақсатында құрылады.

3. Осы Заңның 3, 5, 6, 8 және 9-тарауларында, сондай-ақ «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5, 6 және 7-тарауларында белгіленген талаптар мен ережелер тұрақтандыру банкіне қолданылмайды.

4. Тұрақтандыру банкі осы Заңда көзделген банк қызметін әмбебап банк лицензиясының негізінде жүзеге асырады.

Тұрақтандыру банкі банктік қарыз шарты бойынша кепіл нысанасын (өзге де қамтамасыз етуді) өндіріп алуды қолданған және (немесе) банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындаудың орнына бас тарту төлемін алған кезде тұрақтандыру банкінің акцияларды, қатысу үлестерін, пайларды не ұйымдарға үлестік қатысудың басқа да нысандарын сатып алуын қоспағанда, тұрақтандыру банкі осы Заңның 23-бабының 2, 4, 5 және 7-тармақтарында көзделген қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.

5. Реттеу режиміндегі банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін тұрақтандыру банкі уәкілетті органмен келісу бойынша өзіне бұрын берілген активтер мен міндеттемелерді реттеу режиміндегі банктің басқа активтері мен міндеттемелеріне ауыстыруға құқылы.

6. Осы Заңның 97-бабы 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11 және 12-тармақтарының ережелері реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу жағдайларына қолданылады.

7. Тұрақтандыру банкінің активтерді және (немесе) міндеттемелерді уәкілетті орган айқындайтын басқа банкке беруі тұрақтандыру банкі депозиторларының, өзге де кредиторларының, клиенттерінің және (немесе) борышкерлерінің, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардың (кепіл берушілерді, кепілдік берушілерді, кепілгерлерді қоса алғанда) келісуінсіз жүзеге асырылады.

Тұрақтандыру банкі депозиторларды, өзге де кредиторлар мен клиенттерді хабардар ету мақсатында тұрақтандыру банкінің активтерін және (немесе) міндеттемелерін басқа банкке беру туралы хабарландыруды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды, сондай-ақ уәкілетті орган мен тұрақтандыру банкінің интернет-ресурстарында орналастырады.

Тұрақтандыру банкінің активтерін және (немесе) міндеттемелерін басқа банкке беру туралы шартты жасасу және (немесе) орындау:

1) басқа банкке берілген міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауға немесе мерзімінен бұрын тоқтатуға;

2) орындамау (дефолт), реттеу, төлемге қабілетсіздік оқиғасының және (немесе) басқа банкке берілген міндеттемелер соның шеңберінде туындаған шарт бойынша кез келген ұқсас оқиғаның басталуына негіз бола алмайды.

8. Тұрақтандыру банкі реттеу режиміндегі банктен қабылданған активтер мен міндеттемелер басқа банкке уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және шарттармен толық берілгеннен кейін уәкілетті органның шешімі бойынша өз қызметін тоқтатады.

9. Уәкілетті органның шешімі бойынша тұрақтандыру банкінің барлық акциясы тұрақтандыру банкінің капиталын ұлғайтуды және оның Қазақстан Республикасы заңнамасының әмбебап банк лицензиясы бар банк үшін белгіленген талаптарына сәйкес жұмыс істеуін көздейтін шарттармен инвесторға өткізілуі мүмкін.

Тұрақтандыру банкінің акцияларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің не ұлттық басқарушы холдингтің сатып алуы осы Заңның 94-бабында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

Уәкілетті органның банкке реттеу режимін қолдану туралы шешімі қабылданған күні банктің ірі қатысушылары немесе банк холдингтері болып табылатын тұлғалар тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алуға құқылы емес.

Инвестор тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алған кезден бастап осы банк:

1) тұрақтандыру банкінің мәртебесін жоғалтады және өз қызметін Қазақстан Республикасы заңнамасының әмбебап банк лицензиясы бар банк үшін белгіленген талаптарын сақтай отырып жүзеге асырады;

2) Қазақстан Республикасы заңнамасының әмбебап банк лицензиясы бар банк үшін белгіленген талаптарына сәйкес уәкілетті орган тарапынан реттелуге, бақылануға және қадағалануға жатады.

 

99-бап. Реттеу режимін тоқтату

1. Уәкілетті орган мынадай жағдайларда:

1) реттеу құралдарын қолдану банкке реттеу режимін қолдану негіздерінің жойылуына алып келгенде;

2) уәкілетті орган мынадай жағдайларда:

реттеу құралдарын қолдану банкке реттеу режимін қолдану негіздерінің жойылуына алып келмегенде;

осы Заңның 97-бабында және (немесе) 98-бабында көзделген реттеу құралдары қолданылғаннан кейін реттеу режиміндегі банкті кейіннен мәжбүрлеп тарату мақсатында осы банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдағанда, реттеу режимін тоқтату туралы шешімді қабылдайды.

2. Уәкілетті орган реттеу режиміндегі банкті осы Заңның 83-бабында айқындалған тәртіппен операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырады.

 

100-бап. Банкті реттеу салдарынан туындаған (пайдаланылған) залалдарды (қаражатты) өтеу (жабу) тетігі

1. Уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйелік маңызы бар банкті реттеу кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі және (немесе) ұлттық басқарушы холдинг пайдаланған республикалық бюджеттің қаражатын және (немесе) өзге де мемлекеттік қаражатты банктердің және Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының міндетті ақшалай жарналары есебінен өтеу туралы бірлескен шешім қабылдайды.

Жүйелік маңызы бар банктің акцияларын не осындай банктің активтері берілген тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алу бағасы мен көрсетілген акцияларды жаңа инвесторға кейіннен сату бағасы арасындағы айырма ретінде айқындалатын залал сомасы өтелуге жатады.

Егер Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе ұлттық басқарушы холдингтің жүйелік маңызы бар банктің не жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілген тұрақтандыру банкінің акцияларын жаңа инвесторға сатуының шарты жүйелік маңызы бар банкті реттеу кезінде пайдаланылған республикалық бюджеттің қаражатын және (немесе) өзге де мемлекеттік қаражатты осындай банктің болашақ таза пайдасы есебінен ішінара өтеу (жабу) болып табылса, онда көрсетілген өтеу (жабу) сомасы осы тармақтың екінші бөлігінде айқындалған залалдар мөлшерінен шегерілуге жатады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шешім Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе ұлттық басқарушы холдинг жүйелік маңызы бар банктің не жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілген тұрақтандыру банкінің акцияларын жаңа инвесторға сатқаннан кейін үш ай ішінде қабылданады.

2. Міндетті ақшалай жарналардың мөлшері, оларды енгізу тәртібі мен мерзімдері уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірлескен актісінде айқындалады.

Міндетті ақшалай жарнаның мөлшерін залалдарды өтеу туралы шешім қабылданған жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жылына банктің немесе Қазақстан Республикасы бейрезидент банкі филиалының міндеттемелері сомасының 0,2 пайызынан асыруға болмайды.

Егер төлеу банктің пруденциялық немесе макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді бұзуына алып келсе, уәкілетті орган жарнаны төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді алты айдан аспайтын мерзімге беруге құқылы.

 

 

16-тарау. БАНКТІ БАСҚАРУ ЖӨНІНДЕГІ УАҚЫТША ӘКІМШІЛІК

 

101-бап. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік туралы жалпы ережелер

1. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік мынадай жағдайларда:

1) банкті тиімді басқаруды қамтамасыз ету, банк депозиторларының, өзге де кредиторлары мен клиенттерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында, сондай-ақ банктің қаржылық жағдайының одан әрі нашарлауын болғызбау үшін қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі қолданылған;

2) банкке толық бақылау орнату және осындай банкке реттеу құралдарын қолдану мақсатында реттеу режимі қолданылған кезде уәкілетті орган тағайындайтын банкті басқарудың уақытша органы.

2. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік тағайындалған күннен бастап және қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі немесе реттеу режимі тоқтатылғанға дейін:

1) банк акционерлерінің банк акцияларын пайдалану және оларға билік ету бойынша барлық құқығын жүзеге асыру тоқтатыла тұрады;

2) банк органдарының өкілеттіктері тоқтатыла тұрады;

3) банктің басшы қызметкерлері жұмыстан шеттетіледі;

4) банк органдарының барлық өкілеттіктері, сондай-ақ банк акционерлерінің құқықтары банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікке өтеді;

5) банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікті қоспағанда, банк атынан және соның есебінен оның акционерлері, банк органдары, банктің басшы қызметкерлері немесе өзге де тұлғалар жасаған барлық мәміле жарамсыз деп танылады.

3. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікті уәкілетті орган оның қызметкерлері, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның өкілдері және (немесе) «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-4-бабында белгіленген ең төмен талаптарға сай келетін өзге де адамдар қатарынан тағайындайды.

4. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің қызметіне байланысты шығыстар банктің ақшасы және (немесе) өзге де мүлкі есебінен жабылады.

Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің құрамына енгізілген уәкілетті орган қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуге байланысты шығыстарды, сондай-ақ банктің мүлкі болмаған не банк мүлкінің құны осы шығыстарды жабуға жеткіліксіз болған жағдайларда, уәкілетті органның банкке реттеу режимін қолдану туралы шешімін жариялау жөніндегі шығыстарды қоспағанда, уәкілетті органның банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің қызметіне байланысты шығыстарды қаржыландыруына тыйым салынады.

5. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікті тағайындау және оның қызмет тәртібі, сондай-ақ есептілік пен өзге де ақпараттың тізбесі, банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің уәкілетті органға оларды беру нысандары, тәртібі мен мерзімдері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

 

102-бап. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің өкілеттіктері

Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі, реттеу режимі шеңберінде:

1) осы Заңның 103-бабының талаптарын ескере отырып, банк қызметінің барлық мәселесі бойынша шешімдерді өздігінен қабылдауға;

2) банктің атынан кез келген шарттар мен құжаттарға қол қоюға, банктің атынан және оның мүддесі үшін талаптар қоюға;

3) қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі, реттеу режимі кезеңінде банктің депозиторлар, өзге де кредиторлар мен клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындауды толықтай немесе ішінара тоқтата тұруға;

4) банктің ақшалай міндеттемелерін орындау мерзімдерін өзгертуге немесе тоқтата тұруға және (немесе) көрсетілген міндеттемелер бойынша сыйақы мөлшерін азайтуға;

5) банк қызметкерлерін жұмыстан шығару, олардың лауазымын төмендету немесе оларды лауазымынан уақытша шеттету, міндеттерін айқындау туралы бұйрықтарды қоса алғанда, бұйрықтар шығаруға;

6) құқықты (талапты) басқаға беру шартынан банкке туындаған талаптарды есепке жатқызуды қоспағанда, қарсы біртекті талаптарды есепке жатқызуды жүргізуге;

7) реттеу құралдарын пайдалануға;

8) осы Заңның 23-бабында көзделген қызметті жүзеге асыруға;

9) осы Заңның 89-бабының 10-тармағына және 92-бабының 9-тармағына сәйкес мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінуге;

10) мыналарға:

уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген шығыстарға;

банктің пайдасына келіп түсетін ақшаны есепке жатқызуға;

бұрын банктің клиенттері болған тұлғалардың жабылған шоттарына келіп түсетін ақшаны қайтаруға;

өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілгені үшін банк жауапты болатын жеке тұлғаларға төленетін төлемдерге;

еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдардың еңбегіне ақы төлеу және оларға өтемақыны, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті төлеу жөніндегі, жалақыдан және (немесе) өзге де кірістен ұсталған алименттер мен міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, сондай-ақ авторлық шарттар бойынша сыйақыларды төлеу жөніндегі есеп айырысуларға;

банк клиенттерінің салықтарды, алымдарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуіне;

осы Заңның 94, 95, 96, 97 және 98-баптарында көзделген операцияларды жүргізуге;

банктің мәмілелерін осы Заңның 122-бабына сәйкес жарамсыз деп тануға байланысты жағдайларды қоспағанда, клиенттің және банктің өзінің банктік шоттары бойынша операцияларды тоқтата тұруға;

11) қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимінде кредиторлардың талап етуі бойынша банктің банктік шоттарынан ақшаны өндіріп алу туралы талаптарды, оның ішінде даусыз тәртіппен қанағаттандырылуға жататын талаптарды орындауды, сондай-ақ банктің мүлкіне өндіріп алуды қолдануды тоқтата тұруға;

12) қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі енгізілген күннен кейін берілген, борыштарды банктен өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындауды көрсетілген режимде тоқтата тұру туралы өтінішпен сот орындаушысына жүгінуге;

13) банктің және оның тікелей не жанама бақылауындағы ұйымның ұйымдық құрылымына өзгерістер енгізуге;

14) банктің қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру және банкті реттеу жөніндегі шараларды іске асыруға байланысты өзге де қызметті жүзеге асыруға құқылы.

 

103-бап. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің қызметін бақылау

Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік қызметінің мерзімі ішінде оның қызметін бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады, ол:

1) банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікке ұсынымдар және орындалуы міндетті жазбаша нұсқаулар беруге;

2) банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікке анықталған бұзушылықтарды және олардың себептерін, сондай-ақ олардың жасалуына ықпал еткен жағдайларды белгіленген мерзімде жою және (немесе) іс-шаралар жоспарын белгіленген мерзімде ұсыну туралы жазбаша нұсқамалар шығаруға құқылы.

Жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде ұсынылған іс-шаралар жоспарында бұзушылықтардың, олардың туындауына алып келген себептердің сипаттамасы, жоспарланған іс-шаралар тізбесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдар көрсетіледі;

3) банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктен оның қызметі және банктің қызметі туралы кез келген ақпаратты беруді талап етуге;

4) банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктен атқарылған жұмыс туралы есепті алуға және тыңдауға;

5) банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік қызметінің мерзімін ұзартуға;

6) банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік қызметінің аяқталғаны туралы шешім қабылдауға құқылы.

 

104-бап. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің қызметін тоқтату

1. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің қызметі мынадай:

1) банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік қызметінің уәкілетті органның шешімімен белгіленген мерзімі өткен немесе қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі, реттеу режимі тоқтатылған;

2) уәкілетті орган банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің қызметін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайларда тоқтатылады.

2. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің қызметін банктің қаржылық жағдайының жақсаруына байланысты тоқтату осы банкке қатысты уәкілетті орган немесе банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік белгілеген барлық шектеудің алынып тасталуына алып келеді. Бұл ретте банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің қызметі барысында құрылтай құжаттарына, банк органдарының қызметіне және банктің штат кестесіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар күшінде қалады.

 

 

7-БӨЛІМ. ЕРІКТІ ТҮРДЕ ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ

 

17-тарау. БАНКТІ, БАНК ХОЛДИНГІН ЕРІКТІ ТҮРДЕ ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ

 

105-бап. Банкті, банк холдингін ерікті түрде қайта ұйымдастырудың жалпы шарттары

1. Банктерді (банк холдингтерін) ерікті түрде қайта ұйымдастыру (біріктіру, қосу, бөлу, бөліп шығару, өзгерту, айналдыру) уәкілетті органның банкті (банк холдингін) ерікті түрде қайта ұйымдастыруға арналған рұқсатымен акционерлердің (қатысушылардың) жалпы жиналысының шешімі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.

Банкті (банк холдингін) біріктіру немесе қосу нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыру кезінде уәкілетті органның банкті (банк холдингін) ерікті түрде қайта ұйымдастыруға арналған рұқсаты әрбір қайта ұйымдастырылатын банк (банк холдингі) үшін талап етіледі.

Банкті (банк холдингін) ерікті түрде қайта ұйымдастыруға арналған рұқсатты беру не көрсетілген рұқсатты беруден бас тарту тәртібі, оның ішінде банкті банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға ерікті түрде өзгерту шарттары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

2. Банкті ислам банкіне айналдыру нысанында қайта ұйымдастыру тәртібі осы Заңның 18-тарауында белгіленеді.

3. Уәкілетті органның банкті (банк холдингін) ерікті түрде қайта ұйымдастыруға арналған рұқсатын алу туралы өтінішхатқа мынадай құжаттар қоса берілуге тиіс:

1) банк акционерлерінің (банк холдингін басқарудың жоғары органы) жалпы жиналысының оны қайта ұйымдастыру туралы шешімі, ал банктер бірігу немесе қосылу нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастырылған жағдайда - қайта ұйымдастырылатын банктер акционерлерінің бірлескен жалпы жиналысының шешімі;

2) банкті (банк холдингін) қайта ұйымдастырудың болжалды шарттарын, нысандарын, тәртібі мен мерзімдерін сипаттайтын құжаттар;

3) банк (банк холдингі) қайта ұйымдастырылғаннан кейінгі оның және (немесе) банкті (банк холдингін) қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған заңды тұлғалардың есеп айырысу балансын қоса алғанда, қайта ұйымдастыру салдарының қаржылық болжамы.

Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттардан басқа, уәкілетті органның қосылу нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруды жүргізуге арналған рұқсатын алу туралы өтінішхатқа «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қайта ұйымдастырылатын банктер акционерлерінің бірлескен жалпы жиналысында қабылданған шешім негізінде қайта ұйымдастырылатын банктердің атқарушы органдарының басшылары қол қойған қосылу туралы шарт қоса берілуге тиіс.

4. Банкті (банк холдингін) қайта ұйымдастыруды жүргізуге арналған рұқсатты алу туралы өтінішхатты уәкілетті орган оны қабылдаған күннен бастап алпыс жұмыс күні ішінде қарауға тиіс.

5. Қайта ұйымдастырылатын банк (банк холдингі) уәкілетті органның ерікті түрде қайта ұйымдастыруға арналған рұқсатын алған күннен бастап екі апта ішінде тиісті хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау, оның ішінде банктің интернет-ресурсында орналастыру арқылы өзінің барлық депозиторларына, өзге де кредиторларына, клиенттеріне, корреспонденттеріне және қарыз алушыларына алдағы өзгерістер туралы ақпарат беруге міндетті.

6. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу немесе қайта тіркеу Қазақстан Республикасының заңнамалық актісіне сәйкес жүргізіледі.

7. Осы баптың талаптары мынадай шарттардың бірі орындалған кезде:

тізбесін уәкілетті орган белгілейтін рейтингтік агенттіктердің бірінің А рейтингінен төмен емес жеке кредиттік рейтингі, сондай-ақ банк холдингінің, банк холдингі белгілерін иеленуші тұлғаның шыққан елінің қаржылық қадағалау органының Қазақстан Республикасының бейрезидент көрсетілген тұлғаларының шоғырландырылған қадағалауға жататыны туралы жазбаша растамасы болғанда;

уәкілетті орган мен тиісті шет мемлекеттің қаржылық қадағалау органы арасында банктік қадағалау саласында ақпарат алмасу туралы келісім, оның ішінде өзара түсіністік туралы меморандум, қадағалау ақпаратымен алмасу туралы хаттар және (немесе) хат-хабарлар түрінде келісім, сондай-ақ рейтингтік агенттіктердің бірінің талап етілетін ең төмен рейтингі болғанда, банк холдингі, банк холдингінің белгілерін иеленуші тұлға болып табылатын Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне қолданылмайды. Ең төмен рейтинг пен рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.