13. Қазақстан Республикасының Үкіметіне немесе ұлттық басқарушы холдингке жүйелік маңызы бар банктің акцияларын сату тәртібін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе ұлттық басқарушы холдингтің жүйелік маңызы бар банктің не жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілген тұрақтандыру банкінің акцияларын жаңа инвесторға сату тәртібі мен талаптарын, сондай-ақ жүйелік маңызы бар банкті реттеу нәтижесінде Қазақстан Республикасының Үкіметі және (немесе) ұлттық басқарушы холдинг пайдаланған республикалық бюджет қаражатын және (немесе) өзге де мемлекеттік қаражатты көрсетілген банктің болашақ таза пайдасынан ішінара өтеу (жабу) шартымен немесе осындай өтеусіз (жабусыз) көрсетілген сату жүзеге асырылатын өлшемшарттарды, сондай-ақ көрсетілген өтеудің (жабудың) мөлшерлерін, мерзімдерін және өзге де талаптарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
14. Реттеу режиміндегі жүйелік маңызы бар банкке:
пайданы бөлу, жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді есептеу және төлеу туралы;
субординацияланған борыш, мерзімсіз қаржы құралдары және (немесе) залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілеттігін қамтамасыз ететін өзге де құралдар бойынша сыйақы төлеу туралы;
банкке реттеу режимін қолдану туралы шешімде көзделген жағдайларды қоспағанда, банктің ірі қатысушылары және (немесе) банк холдингтері алдындағы кез келген қаржылық міндеттемелерді орындау туралы;
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген жағдайларда жалақыны (сыйлықақылар мен басқа да ынталандыру төлемдерін қоспағанда) және өзге де кепілдік берілген төлемдерді төлеуді қоспағанда, банктің басшы қызметкерлеріне сыйақылар төлеу туралы шешімдерді қабылдауға, сондай-ақ бұрын қабылданған шешімдерді орындауға тыйым салынады.
Аталған тыйым салу реттеу режимі басталған күннен бастап Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе ұлттық басқарушы холдинг осы бапқа сәйкес бұрын сатып алған акцияларды жаңа инвесторға өткізгенге дейінгі және жүйелік маңызы бар банк немесе жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілген тұрақтандыру банкі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне соңғы сатыдағы қарызды қайтару бойынша міндеттемелерді толық көлемде орындағанға дейінгі кезеңде қолданылады.
15. Осы Заңда көзделмеген жағдайларда, банкті реттеу режимінде мемлекеттік бюджеттің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) оның еншілес ұйымдарының қаражатын пайдалануға тыйым салынады.
95-бап. Банк акцияларын жаңа инвесторға мәжбүрлеп сату
1. Егер банкке реттеу режимін қолдану туралы шешімде банктің акцияларын жаңа инвесторға мәжбүрлеп сату көзделсе, банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік жаңа инвесторды іздестіру, сондай-ақ келіссөздер жүргізу және жаңа инвестормен реттеу режиміндегі банктің акцияларын сатып алу-сату шартын жасасу жөніндегі іс-шараларды жүргізеді.
Жаңа инвесторды таңдау мынадай талаптардың негізінде жүзеге асырылады:
1) акцияларды сатып алудың ең жақсы бағасын ұсыну;
2) жаңа инвестордың банкті оның қаржылық орнықтылығын және уәкілетті орган белгілеген пруденциалдық нормативтер мен лимиттерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген макропруденциалдық нормативтерді және (немесе) лимиттерді сақтауын қамтамасыз ететін деңгейге дейін қосымша капиталдандыру бойынша міндеттеме қабылдауы;
3) жаңа инвестордың тиімді басқаруды, орнықты бизнес-модельді және банктің одан әрі дамуын қамтамасыз ету қабілетін растауы.
2. Реттеу режиміндегі банктің акцияларын жаңа инвесторға мәжбүрлеп сату осы банк акционерлерінің келісуін талап етпейді.
Жаңа инвесторды таңдауды, сондай-ақ реттеу режиміндегі банктің акцияларын жаңа инвесторға мәжбүрлеп сату бағасын банктің қызмет қабілетін бағалауды ескере отырып, банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік айқындайды және оларды уәкілетті орган келісуге тиіс.
Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік реттеу режиміндегі банктің акцияларын мәжбүрлеп сатудан түскен ақшаны акциялары жаңа инвесторға сатылған акционерлер (бұрынғы акционерлер) пайдасына аударуға тиіс.
96-бап. Реттеу режиміндегі банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау
1. Реттеу режиміндегі банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау уәкілетті орган банктің міндеттемелерін, оның ішінде залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілеттігін қамтамасыз ететін құралдар бойынша банктің міндеттемелерін толық немесе ішінара тоқтатуды және (немесе) өзгертуді жүзеге асыру және (немесе) мұндай міндеттемелерді банктің жай акцияларына конвертациялау арқылы банктің залалдарын қамту (жабу) бойынша шаралар кешенін білдіреді.
Реттеу режиміндегі банктің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету (қалпына келтіру) және (немесе) сауықтыру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) оның еншілес ұйымдарының қаражаты аталған қаражатты беру туралы шешім қабылданған күннен бастап банк оларды қайтару бойынша міндеттемелерін толық орындағанға дейінгі кезеңде пайдаланылатын банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау туралы шешімді уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің келісуі бойынша қабылдайды.
2. Реттеу режиміндегі банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау банктің меншікті капиталының шамасы «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес банктің бухгалтерлік есебі мен қаржылық есептілігіндегі іс жүзіндегі және күтілетін залалдардың мөлшеріне азайтылғаннан кейін ғана қолданылады.
3. Реттеу режиміндегі банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау мынадай:
жүйелік тәуекелдердің ұлғаюына және (немесе) банк жүйесіне едәуір теріс әсер етуге алып келетін;
банктің аса маңызды банк операцияларын және өзге де операцияларды үздіксіз жүзеге асыруына кедергі келтіретін жағдайларды қоспағанда, осы Заңның 123-бабында белгіленген кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудың кері кезектілік тәртібімен жүзеге асырылады.
1) осы Заңның 116-бабына сәйкес талаптары банктің тарату массасының құрамына енгізілмейтін тұлғалар алдындағы банктің міндеттемелері;
2) осы Заңның 123-бабына сәйкес банкті мәжбүрлеп тарату жағдайында бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші және жетінші кезектерде қанағаттандырылуға жататын банктің міндеттемелері, сондай-ақ банкті мәжбүрлеп тарату жағдайында депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның төлеуіне жататын кепілдік берілген өтем мөлшеріндегі депозиттері бойынша банктің жеке тұлғалар алдындағы міндеттемелері мәжбүрлеп қайта құрылымдауға жатпайды.
5. Уәкілетті орган реттеу режиміндегі банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау мақсаттары үшін:
1) банктің міндеттемелерін жай акцияларға конвертациялау үшін банктің жарияланған, бірақ орналастырылмаған жай акцияларының саны жеткіліксіз болған жағдайда банктің жарияланған жай акцияларының санын ұлғайту;
2) банк акцияларына және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі банктің акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарға қатысты сауда-саттықты тоқтату және (немесе) олардың делистингі туралы шешім қабылдауға құқылы.
6. Реттеу режиміндегі банктің борыштық бағалы қағаздары мен өзге де ақшалай міндеттемелерін оның жай акцияларына конвертациялау кезінде:
1) банктің жарияланған акцияларының санын көбейту туралы банк акционерлерінің жалпы жиналысының шешімі талап етілмейді;
2) банк акционерлеріне банктің акцияларын басымдықпен сатып алу құқығы берілмейді;
3) осы Заңның 9-бабының 2 және 3-тармақтарының талаптары қолданылмайды.
97-бап. Реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операция
1. Егер банкке реттеу режимін қолдану туралы шешім реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) (осы баптың мақсаттарында бұдан әрі - сатып алушы банк) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны көздейтін болса, мұндай операцияны банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік жүзеге асырады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген операцияны жүргізу кезінде сатып алушы банкке реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелері бір мезгілде ішінара немесе толықтай берілуі мүмкін.
Реттеу режиміндегі банктің жеке тұлғалардың кепілдік берілетін депозиттері бойынша міндеттемелері сатып алушы банкке толық көлемде берілуге тиіс.
Егер сатып алушы банкке берілетін жеке тұлғалардың кепілдік берілетін депозиттері бойынша міндеттемелердің мөлшері реттеу режиміндегі банк активтерінің мөлшерінен асып кетсе, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым пайда болған айырманы Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен толықтыруға тиіс.
Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым осы тармақтың үшінші бөлігіне сәйкес беретін қаражаттың мөлшері кепілдік өтем ретінде төленуге жататын, Қазақстан Республикасының депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын сомадан аспауға тиіс.
3. Осы баптың 1-тармағында көзделген операцияны жүргізу:
1) реттеу режиміндегі банк акционерлерінің, депозиторларының, өзге де кредиторларының, клиенттерінің және (немесе) борышкерлерінің, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардың (кепіл берушілерді, кепілдік берушілерді, кепілгерлерді қоса алғанда) келісуін талап етпейді. Бұл ретте жаңа кредитордың жеке басы борышкер үшін айтарлықтай маңызы жоқ деп танылады;
2) реттеу режиміндегі банк өзінің депозиторларымен, өзге де кредиторларымен, клиенттерімен және (немесе) борышкерлерімен, сондай-ақ өзге де тұлғалармен (кепіл берушілерді, кепілдік берушілерді, кепілгерлерді қоса алғанда) жасасқан шарттардың талаптарына шарттың жаңа тарапын көрсету бөлігінде өзгерістер енгізуді;
3) сатып алушы банктің реттеу режиміндегі банктің депозиторларымен жаңа банктік шот шарттарын жасасуын талап етпейді.
4. Сатып алушы банк депозиторлардың банктік шоттары бойынша депозиторларды бұл жөнінде хабардар ете отырып, жеке сәйкестендіру кодтарын береді.
Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің сатып алушы банкке реттеу режиміндегі банктің депозиторлар алдындағы міндеттемелерін беруі осы Заңның 68-бабы 6, 7 және 8-тармақтарының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
5. Құқықтары (талаптары) мен міндеттемелері осы баптың 1-тармағында көзделген операцияны жүргізу кезінде берілетін реттеу режиміндегі банк клиенттерінің дербес деректерін жинауды және өңдеуді сатып алушы банк дербес деректер субъектілерінің немесе олардың заңды өкілдерінің келісуінсіз жүзеге асырады.
6. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік реттеу режиміндегі банктің депозиторларын, өзге де кредиторларын, клиенттері мен борышкерлерін, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғаларды хабардар ету мақсатында реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін сатып алушы банкке беру туралы хабарландыруды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды, сондай-ақ оны уәкілетті орган, реттеу режиміндегі банк және сатып алушы банк өздерінің интернет-ресурстарында орналастырады.
7. Реттеу режиміндегі банктің акциялар, қатысу үлестері, пайлар не ұйымдарға үлестік қатысудың басқа нысандары түріндегі активтерін, сондай-ақ банктің филиалдарын, өкілдіктері мен қосымша үй-жайларын сатып алушы банкке беру уәкілетті органның осы Заңда және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген рұқсаттарын, келісімдерін және хабарламаларын сатып алушы банктің алуын талап етпейді.
8. Реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін беру активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шарт жасасу арқылы, шартқа беру актісі қоса беріле отырып жүзеге асырылады.
Беру актісінде берілетін активтер мен міндеттемелер туралы, оның ішінде берілетін активтер мен міндеттемелер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін тәсілдер туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
Активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шартқа Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің міндеттемедегі тұлғалардың ауысуы туралы ережелері қолданылады.
9. Сатып алушы банк құқықтық кадастрға, сондай-ақ жылжымалы мүлік кепілінің тізіліміне, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесіне бір мезгілде кепіл ұстаушы болып табылатын, өзіне берілетін активтер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін құқықтар өткен жаңа кредитор туралы мәліметтерді енгізу мақсатында активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шартты (беру актісін қоса бере отырып) уәкілетті тіркеуші органға (ұйымға) ұсынады.
Осы бапта айқындалған негіздер бойынша және тәртіппен құқықтарды (талаптарды) басқаға беру бір мезгілде кепіл ұстаушы болып табылатын жаңа кредиторға үшінші тұлғалар немесе мемлекеттік органдар тарапынан тіркелген ауыртпалықтар, тыйым салулар, мүлікке билік етуде өзге де шектеулер бар мүлікке құқықтардың өтуі үшін де негіз болып табылады.
10. Реттеу режиміндегі банктің депозиторлар мен өзге де кредиторлар алдындағы міндеттемелері сатып алушы банкке берілгеннен кейін осындай депозиторлар мен өзге де кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындауды сатып алушы банк жүзеге асырады.
11. Реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін бір мезгілде беру туралы шарт жасалғаннан кейін реттеу режиміндегі банктің акционерлері, депозиторлары, өзге де кредиторлары мен клиенттері:
1) сатып алушы банктен реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін сатып алушы банктің пайдасына беру салдарынан шеккен кез келген залалдарды өтеуді талап етуге;
2) реттеу режиміндегі банктің пайдасына кез келген активтер мен міндеттемелерді кері беруді талап етуге құқылы емес.
Реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін бір мезгілде беру туралы шартты жасасу және (немесе) орындау:
1) сатып алушы банкке берілген міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауға немесе мерзімінен бұрын тоқтатуға;
2) орындамау (дефолт), реттеу, төлемге қабілетсіздік оқиғасының және (немесе) сатып алушы банкке берілген міндеттемелер соның шеңберінде туындаған шарт бойынша кез келген ұқсас оқиғаның басталуына негіз бола алмайды.
12. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін бір мезгілде беру жөніндегі операцияны көрсетілген банктің активтері мен міндеттемелерін қосымша беру мақсатында бір реттен артық жүргізуге құқылы.
Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін сатып алушы банкке беруді аяқтағаннан кейін уәкілетті органға банкті кейіннен мәжбүрлеп тарату мақсатында реттеу режиміндегі банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айыру туралы ұсыныс береді.
13. Реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу ерекшеліктері осы Заңның 98-бабында белгіленеді.
98-бап. Тұрақтандыру банкін құру және оған реттеу режиміндегі банк активтері мен міндеттемелерінің барлығын немесе бір бөлігін беру
1. Уәкілетті орган реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу мақсатында тұрақтандыру банкін құру туралы шешім қабылдайды және банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікке реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне бір мезгілде толықтай немесе ішінара беру жөніндегі операцияны жүргізуді тапсырады.
2. Тұрақтандыру банкі уәкілетті органның шешімі бойынша оған реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін толықтай немесе ішінара беру және тұрақтандыру банкінің акцияларын одан әрі жаңа инвесторға сату мақсатында құрылады.
3. Осы Заңның 3, 5, 6, 8 және 9-тарауларында, сондай-ақ «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5, 6 және 7-тарауларында белгіленген талаптар мен ережелер тұрақтандыру банкіне қолданылмайды.
4. Тұрақтандыру банкі осы Заңда көзделген банк қызметін әмбебап банк лицензиясының негізінде жүзеге асырады.
Тұрақтандыру банкі банктік қарыз шарты бойынша кепіл нысанасын (өзге де қамтамасыз етуді) өндіріп алуды қолданған және (немесе) банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындаудың орнына бас тарту төлемін алған кезде тұрақтандыру банкінің акцияларды, қатысу үлестерін, пайларды не ұйымдарға үлестік қатысудың басқа да нысандарын сатып алуын қоспағанда, тұрақтандыру банкі осы Заңның 23-бабының 2, 4, 5 және 7-тармақтарында көзделген қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.
5. Реттеу режиміндегі банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін тұрақтандыру банкі уәкілетті органмен келісу бойынша өзіне бұрын берілген активтер мен міндеттемелерді реттеу режиміндегі банктің басқа активтері мен міндеттемелеріне ауыстыруға құқылы.
6. Осы Заңның 97-бабы 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11 және 12-тармақтарының ережелері реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу жағдайларына қолданылады.
7. Тұрақтандыру банкінің активтерді және (немесе) міндеттемелерді уәкілетті орган айқындайтын басқа банкке беруі тұрақтандыру банкі депозиторларының, өзге де кредиторларының, клиенттерінің және (немесе) борышкерлерінің, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардың (кепіл берушілерді, кепілдік берушілерді, кепілгерлерді қоса алғанда) келісуінсіз жүзеге асырылады.
Тұрақтандыру банкі депозиторларды, өзге де кредиторлар мен клиенттерді хабардар ету мақсатында тұрақтандыру банкінің активтерін және (немесе) міндеттемелерін басқа банкке беру туралы хабарландыруды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды, сондай-ақ уәкілетті орган мен тұрақтандыру банкінің интернет-ресурстарында орналастырады.
Тұрақтандыру банкінің активтерін және (немесе) міндеттемелерін басқа банкке беру туралы шартты жасасу және (немесе) орындау:
1) басқа банкке берілген міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауға немесе мерзімінен бұрын тоқтатуға;
2) орындамау (дефолт), реттеу, төлемге қабілетсіздік оқиғасының және (немесе) басқа банкке берілген міндеттемелер соның шеңберінде туындаған шарт бойынша кез келген ұқсас оқиғаның басталуына негіз бола алмайды.
8. Тұрақтандыру банкі реттеу режиміндегі банктен қабылданған активтер мен міндеттемелер басқа банкке уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және шарттармен толық берілгеннен кейін уәкілетті органның шешімі бойынша өз қызметін тоқтатады.
9. Уәкілетті органның шешімі бойынша тұрақтандыру банкінің барлық акциясы тұрақтандыру банкінің капиталын ұлғайтуды және оның Қазақстан Республикасы заңнамасының әмбебап банк лицензиясы бар банк үшін белгіленген талаптарына сәйкес жұмыс істеуін көздейтін шарттармен инвесторға өткізілуі мүмкін.
Тұрақтандыру банкінің акцияларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің не ұлттық басқарушы холдингтің сатып алуы осы Заңның 94-бабында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
Уәкілетті органның банкке реттеу режимін қолдану туралы шешімі қабылданған күні банктің ірі қатысушылары немесе банк холдингтері болып табылатын тұлғалар тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алуға құқылы емес.
Инвестор тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алған кезден бастап осы банк:
1) тұрақтандыру банкінің мәртебесін жоғалтады және өз қызметін Қазақстан Республикасы заңнамасының әмбебап банк лицензиясы бар банк үшін белгіленген талаптарын сақтай отырып жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасы заңнамасының әмбебап банк лицензиясы бар банк үшін белгіленген талаптарына сәйкес уәкілетті орган тарапынан реттелуге, бақылануға және қадағалануға жатады.
99-бап. Реттеу режимін тоқтату
1. Уәкілетті орган мынадай жағдайларда:
1) реттеу құралдарын қолдану банкке реттеу режимін қолдану негіздерінің жойылуына алып келгенде;
2) уәкілетті орган мынадай жағдайларда:
реттеу құралдарын қолдану банкке реттеу режимін қолдану негіздерінің жойылуына алып келмегенде;
осы Заңның 97-бабында және (немесе) 98-бабында көзделген реттеу құралдары қолданылғаннан кейін реттеу режиміндегі банкті кейіннен мәжбүрлеп тарату мақсатында осы банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдағанда, реттеу режимін тоқтату туралы шешімді қабылдайды.
2. Уәкілетті орган реттеу режиміндегі банкті осы Заңның 83-бабында айқындалған тәртіппен операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырады.
100-бап. Банкті реттеу салдарынан туындаған (пайдаланылған) залалдарды (қаражатты) өтеу (жабу) тетігі
1. Уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйелік маңызы бар банкті реттеу кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі және (немесе) ұлттық басқарушы холдинг пайдаланған республикалық бюджеттің қаражатын және (немесе) өзге де мемлекеттік қаражатты банктердің және Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының міндетті ақшалай жарналары есебінен өтеу туралы бірлескен шешім қабылдайды.
Жүйелік маңызы бар банктің акцияларын не осындай банктің активтері берілген тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алу бағасы мен көрсетілген акцияларды жаңа инвесторға кейіннен сату бағасы арасындағы айырма ретінде айқындалатын залал сомасы өтелуге жатады.
Егер Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе ұлттық басқарушы холдингтің жүйелік маңызы бар банктің не жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілген тұрақтандыру банкінің акцияларын жаңа инвесторға сатуының шарты жүйелік маңызы бар банкті реттеу кезінде пайдаланылған республикалық бюджеттің қаражатын және (немесе) өзге де мемлекеттік қаражатты осындай банктің болашақ таза пайдасы есебінен ішінара өтеу (жабу) болып табылса, онда көрсетілген өтеу (жабу) сомасы осы тармақтың екінші бөлігінде айқындалған залалдар мөлшерінен шегерілуге жатады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шешім Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе ұлттық басқарушы холдинг жүйелік маңызы бар банктің не жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілген тұрақтандыру банкінің акцияларын жаңа инвесторға сатқаннан кейін үш ай ішінде қабылданады.
2. Міндетті ақшалай жарналардың мөлшері, оларды енгізу тәртібі мен мерзімдері уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірлескен актісінде айқындалады.
Міндетті ақшалай жарнаның мөлшерін залалдарды өтеу туралы шешім қабылданған жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жылына банктің немесе Қазақстан Республикасы бейрезидент банкі филиалының міндеттемелері сомасының 0,2 пайызынан асыруға болмайды.
Егер төлеу банктің пруденциялық немесе макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді бұзуына алып келсе, уәкілетті орган жарнаны төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді алты айдан аспайтын мерзімге беруге құқылы.
16-тарау. БАНКТІ БАСҚАРУ ЖӨНІНДЕГІ УАҚЫТША ӘКІМШІЛІК
101-бап. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік туралы жалпы ережелер
1. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік мынадай жағдайларда:
1) банкті тиімді басқаруды қамтамасыз ету, банк депозиторларының, өзге де кредиторлары мен клиенттерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында, сондай-ақ банктің қаржылық жағдайының одан әрі нашарлауын болғызбау үшін қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі қолданылған;
2) банкке толық бақылау орнату және осындай банкке реттеу құралдарын қолдану мақсатында реттеу режимі қолданылған кезде уәкілетті орган тағайындайтын банкті басқарудың уақытша органы.
2. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік тағайындалған күннен бастап және қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі немесе реттеу режимі тоқтатылғанға дейін:
1) банк акционерлерінің банк акцияларын пайдалану және оларға билік ету бойынша барлық құқығын жүзеге асыру тоқтатыла тұрады;
2) банк органдарының өкілеттіктері тоқтатыла тұрады;
3) банктің басшы қызметкерлері жұмыстан шеттетіледі;
4) банк органдарының барлық өкілеттіктері, сондай-ақ банк акционерлерінің құқықтары банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікке өтеді;
5) банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікті қоспағанда, банк атынан және соның есебінен оның акционерлері, банк органдары, банктің басшы қызметкерлері немесе өзге де тұлғалар жасаған барлық мәміле жарамсыз деп танылады.
3. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікті уәкілетті орган оның қызметкерлері, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның өкілдері және (немесе) «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-4-бабында белгіленген ең төмен талаптарға сай келетін өзге де адамдар қатарынан тағайындайды.
4. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің қызметіне байланысты шығыстар банктің ақшасы және (немесе) өзге де мүлкі есебінен жабылады.
Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің құрамына енгізілген уәкілетті орган қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуге байланысты шығыстарды, сондай-ақ банктің мүлкі болмаған не банк мүлкінің құны осы шығыстарды жабуға жеткіліксіз болған жағдайларда, уәкілетті органның банкке реттеу режимін қолдану туралы шешімін жариялау жөніндегі шығыстарды қоспағанда, уәкілетті органның банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің қызметіне байланысты шығыстарды қаржыландыруына тыйым салынады.
5. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікті тағайындау және оның қызмет тәртібі, сондай-ақ есептілік пен өзге де ақпараттың тізбесі, банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің уәкілетті органға оларды беру нысандары, тәртібі мен мерзімдері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.