«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII Заңы (қолданысқа енген жоқ)

Предыдущая страница

 

106-бап. Банктерді ерікті түрде қайта ұйымдастыру ерекшеліктері

1. Банкті басқа банкке қосу кезінде, қосылатын банктің акцияларын әрбір банктің директорлар кеңесі оны алдын ала мақұлдағаннан кейін қайта ұйымдастырылатын банктер акционерлерінің бірлескен жалпы жиналысында бекітілетін акцияларды айырбастау коэффициенті негізінде айқындалатын мөлшерде өз акцияларын қосылатын банктің акционерлері арасында орналастыру (өткізу) арқылы өзіне қосылу жүзеге асырылатын банк сатып алады. Бұл ретте «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 83-бабының қосылатын қоғамның акцияларын сату бағасына және өзіне қосылу жүзеге асырылатын қоғамның акцияларын орналастыру (өткізу) бағасына қатысты ережелері (оның ішінде қоғам органдарының осы бағаларды айқындауы, қарауы және бекітуі жөніндегі ережелер) қолданылмайды.

2. Қосылатын банктің депозиторлар және (немесе) өзге де кредиторлар алдындағы міндеттемелері өзіне қосылу жүзеге асырылатын банкке берілгеннен кейін осындай кредиторлар және (немесе) депозиторлар алдындағы міндеттемелерді орындауды, оның ішінде депозиторлардың берілген банктік шоттарын жүргізуді өзіне қосылу жүзеге асырылатын банк жүзеге асырады.

3. Қосылатын банк өзіне қосылу жүзеге асырылатын банкке депозиторлар алдындағы міндеттемелерді банктік қызмет көрсету шарттарына қосымша келісімдер жасамастан, қосылатын банкте ашылған олардың банктік шоттарымен (жеке сәйкестендіру кодтарын сақтай отырып), олар бойынша ақша қозғалысының тарихымен, банктік шоттарды ашу және жүргізу кезінде қалыптастырылған дерекнамамен, банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдерін (қаулыларын) қоса алғанда, орындалмаған талаптармен және міндеттемелерді беру кезінде депозиторлардың қосылатын банктегі банктік шоттары бойынша ауыртпалықтармен бірге беруге құқылы.

4. Өзіне қосылу жүзеге асырылатын банк депозиторлардың банктік шоттары деректемелерінің (оның ішінде, қосылатын банк берген жеке сәйкестендіру кодтарының) сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қайта ұйымдастыру рәсімдерін жүргізу мерзімінің шеңберіндегі қажетті мерзімде депозиторлардың өзіне қосылу жүзеге асырылатын банкке берілген банктік шоттары бойынша нұсқауларды оларда көрсетілген, депозиторлардың қосылатын банк берген жеке сәйкестендіру кодтарымен, сондай-ақ қосылатын банктің төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын тиісті деректемелерімен орындауға құқылы. Мұндай нұсқауларды орындау қосылатын банктің корреспонденттік шоты пайдаланыла отырып жүргізіледі. Өзіне қосылу жүзеге асырылатын банк қосылатын банктің ақпараттық жүйесін пайдалануға құқылы.

5. Қайта ұйымдастыру рәсімі шеңберінде құқықтары (талаптары) мен міндеттемелері берілетін банк клиенттерінің дербес деректерін жинауды және өңдеуді өзіне қосылу жүзеге асырылатын банк дербес деректер субъектілерінің немесе олардың заңды өкілдерінің келісуінсіз жүзеге асырады.

6. Банкті қайта ұйымдастыру рәсімдерін жүргізу шеңберіндегі қажетті мерзім ішінде өзіне қосылу жүзеге асырылатын банк депозиторлардың банктік шоттарына Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып жеке сәйкестендіру кодтарын береді және Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 55-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген тәртіппен, салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органды Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 55-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген салық төлеушілердің банктік шоттары бойынша жеке сәйкестендіру кодтарының өзгергені туралы хабардар етеді.

Банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың орындауға қабылданған өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға, депозиторлардың банктік шоттары бойынша ауыртпалық салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдерін (қаулыларын) қоса алғанда, депозиторлардың өздеріне қойылған орындалмаған талаптар бар банктік шоттарының жеке сәйкестендіру кодтарын өзгерткеннен кейін:

өзіне қосылу жүзеге асырылатын банк депозитордың банктік шотына талапты (банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдерін (қаулыларын) қоса алғанда) жіберген немесе депозиторлардың банктік шоттары бойынша ауыртпалықтар салған тұлғаны (органды) депозитордың банктік шоты деректемелерінің, оның ішінде жеке сәйкестендіру кодының өзгергені туралы хабардар етеді;

депозитордың өзіне қосылу жүзеге асырылатын банкке берілген банктік шотына бұрын қойылған орындалмаған талаптарды өзіне қосылу жүзеге асырылатын банк қосылатын банктің деректемелерін (атауын, банктік сәйкестендіру кодын, бизнес-сәйкестендіру нөмірін) өзіне қосылу жүзеге асырылатын банктің тиісті деректемелеріне, сондай-ақ депозитордың жеке сәйкестендіру кодын депозитордың осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес банктік шотқа берілген тиісті жеке сәйкестендіру кодына түзете отырып, депозиторлардың осындай банк ашқан банктік шоттарынан орындайды;

депозитордың өзіне қосылу жүзеге асырылатын банкке берілген банктік шотына бұрын қойылған, банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың орындалмаған өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың орындалмаған шешімдерін (қаулыларын) өзіне қосылу жүзеге асырылатын банк олардың қосылатын банкке келіп түсуінің күнтізбелік кезектілігін сақтай отырып және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген тәртіппен, депозиторлардың өзіне қосылу жүзеге асырылатын банк ашқан банктік шоттарынан орындайды.

Өзіне қосылу жүзеге асырылатын банк депозиторлардың банктік шоттарына қызмет көрсетуді Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және міндеттемелері осы банкке өткен банктік қызмет көрсету шарттарының талаптарына сәйкес жүргізеді.

 

107-бап. Банкті және банк холдингін ерікті түрде қайта ұйымдастыруға арналған рұқсатты беруден бас тарту

Уәкілетті органның банкті (банк холдингін) ерікті түрде қайта ұйымдастыруға арналған рұқсатын беруден бас тарту мынадай кез келген негіз бойынша жүргізіледі:

1) қайта ұйымдастырылатын банктердің (банк холдингтерінің) жоғары органдарының тиісті шешімдерінің болмауы;

2) болжамды қайта ұйымдастыру салдарынан депозитор-лардың мүдделеріне нұқсан келтіру;

3) уәкілетті орган белгілеген пруденциялық нормативтердің және (немесе) лимиттердің, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген макропруденциялық нормативтердің және (немесе) лимиттердің болжамды қайта ұйымдастыру салдарынан бұзылуы;

4) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасы талаптарының болжамды қайта ұйымдастыру салдарынан бұзылуы.

 

 

18-тарау. БАНКТІ ИСЛАМ БАНКІНЕ АЙНАЛДЫРУ НЫСАНЫНДА ЕРІКТІ ТҮРДЕ ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ

 

108-бап. Банкті ислам банкіне айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыру ұғымы

Банкті ислам банкіне айналдыру нысанында (бұдан әрі - банкті ислам банкіне айналдыру) ерікті түрде қайта ұйымдастыру деп ислам банкінің мәртебесін алу және исламдық банк операцияларын осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарға сәйкес жүзеге асыру мақсатында банк қызметін өзгертуге бағытталған іс-шаралар кешені түсініледі.

 

109-бап. Уәкілетті органның банкті ислам банкіне айналдыруға арналған рұқсаты

1. Банкті ислам банкіне айналдыру банк акционерлерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша уәкілетті органның рұқсатымен жүзеге асырылады.

Уәкілетті органның банкті ислам банкіне айналдыруға арналған рұқсатын беру және рұқсат беруден бас тарту тәртібі осы Заңда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

2. Уәкілетті органның банкті ислам банкіне айналдыруға арналған рұқсатын беру туралы өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:

1) банкті ислам банкіне айналдыру туралы шешім қабылданған банк акционерлерінің жалпы жиналысының шешімі;

2) осы Заңның 110-бабының талаптарына сәйкес келетін, банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспары;

3) уәкілетті органның тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарына сәйкес келетін, алдағы үш жылға арналған исламдық банк операцияларын дамыту стратегиясының көшірмесі;

4) қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспары.

3. Уәкілетті орган өтінішті осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттарды өтініш беруші ұсынған күннен бастап алпыс жұмыс күні ішінде қарайды.

Банк осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған жағдайда, уәкілетті орган құжаттарды алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде өтінішті одан әрі қараудан уәжді түрде бас тарту береді.

4. Банк уәкілетті органның банкті ислам банкіне айналдыруға арналған рұқсатты беру не рұқсат беруден бас тарту туралы шешімі қабылданғанға дейін уәкілетті органның банкті ислам банкіне айналдыруға арналған рұқсатын беру туралы өтінішті еркін нысанда жазбаша өтініш беру арқылы кері қайтарып алуға құқылы.

5. Банкті ислам банкіне айналдыруға арналған рұқсатты беруден бас тартуға мыналар негіз болып табылады:

1) уәкілетті органның ұсынылған құжаттар бойынша ескертулерін ол белгілеген мерзімде жоймау;

2) банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының осы Заңның 110-бабында көзделген талаптарға сәйкес келмеуі;

3) исламдық банк операцияларын дамыту стратегиясының уәкілетті органның тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарына сәйкес келмеуі;

4) банкті ислам банкіне айналдыру салдарының қаржылық болжамы банкті ислам банкіне айналдыру салдарынан банктің қаржылық жағдайының нашарлауын болжауы;

5) банктің және (немесе) банк конгломератының пруденциялық нормативтерді және (немесе) лимиттерді бұзуы және (немесе) банкті ислам банкіне айналдыруға арналған рұқсатты беру туралы өтініш берілген күннің алдындағы қатарынан күнтізбелік үш ай ішінде банкте Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 213-бабының алтыншы және сегізінші бөліктерінде, 227-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жазаның болуы;

6) банкті ислам банкіне болжамды айналдыру салдарынан банк депозиторлары мен өзге де кредиторларының заңды мүдделеріне нұқсан келтіру.

6. Уәкілетті орган осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген мерзімде банкті ислам банкіне айналдыруға арналған рұқсатты беруге немесе осы рұқсатты беруден уәжді түрде бас тарту беруге міндетті.

7. Уәкілетті орган банкті ислам банкіне айналдыруға берілген рұқсатты мынадай жағдайларда кері қайтарып алады:

1) рұқсат беруге негіз болған анық емес мәліметтердің анықталуы;

2) банктің өз қызметін өзге нысандарда қайта ұйымдастыру немесе тарату арқылы ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдауы не банктің қызметін тоқтату туралы сот шешімінің қабылдануы;

3) банктің осы Заңның 111-бабында көзделген талаптарды орындамауы не талаптарды орындау мерзімдерін бұзуы;

4) банкке исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны беруден бас тарту.

Банк уәкілетті органға банкті ислам банкіне айналдыруға рұқсатты қайтару арқылы өзіне банкті ислам банкіне айналдыруға берілген рұқсаттан ерікті түрде бас тартуға құқылы.

Банкті ислам банкіне айналдыруға арналған рұқсат кері қайтарып алынған немесе банк өзіне банкті ислам банкіне айналдыруға берілген рұқсаттан ерікті түрде бас тартқан кезде уәкілетті орган рұқсатты кері қайтарып алуға негіз болған факт анықталған күннен немесе рұқсат қайтарылған күннен бастап екі ай ішінде бұрын берілген рұқсаттың күшін жою туралы шешім қабылдайды.

 

110-бап. Банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспары

1. Банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын банктің директорлар кеңесі бекітеді.

2. Банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында төмендегі іс-шараларды іске асыру мерзімдерін қоса алғанда, олардың егжей-тегжейлі сипаттамасы қамтылуға тиіс:

1) исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңесті құру;

2) осы Заңның 22-бабы 4-тармағының бірінші бөлігінде көзделген исламдық банк операцияларын жүзеге асыру туралы шарттардың үлгілік талаптарын әзірлеу;

3) мынадай:

осы Заңның 22-бабы 4-тармағының бірінші бөлігінде көзделген исламдық банк операцияларына айналдыруға жататын;

осы Заңның 22-бабы 4-тармағының екінші бөлігіне сәйкес ислам банкіне жүзеге асыру рұқсат етілген исламдық банк операцияларына айналдыруды талап етпейтін;

банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көрсетілген айналдыру мерзімі аяқталғанға дейін шарттардың қолданылу мерзімінің өтуі негізі бойынша исламдық банк операцияларына айналдыруды талап етпейтін;

осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарға сәйкес келмеу негізі бойынша исламдық банк операцияларына айналдыруға жатпайтын банк операцияларының және өзге де операциялардың тізбесін айқындау;

4) банктің осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген банк операциялары және өзге де операциялар бойынша активтері мен міндеттемелерінің әлеуетті көлемін айқындау;

5) айналдыру туралы хабарландыруды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялау және оны банктің интернет-ресурсында орналастыру;

6) банк клиенттерін банк операцияларының және өзге де операциялардың осы тармақтың 3) тармақшасында көзделген тізбесі, осы Заңның 111-бабының 4-тармағында көзделген жазбаша бас тартуларды не келісімдерді ұсыну мерзімі және олар қабылданатын мекенжай көрсетіле отырып, банкті ислам банкіне айналдыруды жүргізу туралы жазбаша хабардар ету;

7) операциялардың (қызметтің) жаңа түрлері ескеріле отырып, банкті корпоративтік басқарудың және оның ішкі саясаты мен рәсімдерін, өзге де ішкі құжаттарын қайта қарау және өзгерту;

8) банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауға жауапты банктің басшы қызметкерлерін айқындау;

9) клиенттермен банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыру туралы шарттар бойынша жұмыс жүргізу;

10) исламдық банк операцияларын жүзеге асыру үшін бағдарламалық қамтылымды пысықтау;

11) уәкілетті органға банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуы туралы есепті ұсыну;

12) банкті ислам банкі етіп мемлекеттік қайта тіркеу үшін Мемлекеттік корпорацияға жүгіну;

13) уәкілетті органға исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны беру туралы өтінішпен жүгіну;

14) банкті ислам банкіне айналдырудың осы Заңның 111-бабының 7-тармағында көрсетілген мерзімнен аспауға тиісті банк жоспарлаған мерзімі;

15) банкті ислам банкіне айналдыру үшін қажетті өзге де іс-шаралар.

 

111-бап. Банкті ислам банкіне айналдыру кезеңіндегі оның қызметі

1. Банкті ислам банкіне айналдыру кезеңінде банк айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті.

2. Уәкілетті органның банкті ислам банкіне айналдыруға арналған рұқсатын алғаннан кейін банк акционерлерінің жалпы жиналысында директорлар кеңесінің ұсынымы бойынша исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес тағайындалады.

3. Уәкілетті органның банкті ислам банкіне айналдыруға арналған рұқсатын алғаннан кейін банк он жұмыс күні ішінде:

1) айналдыру туралы хабарландыруды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды және көрсетілген хабарландыруды банктің интернет-ресурсында орналастырады;

2) банк клиенттеріне банк операцияларының және өзге де операциялардың осы Заңның 110-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген тізбесін, осы баптың 4-тармағында көзделген жазбаша бас тартуларды не келісімдерді ұсыну мерзімін және олар қабылданатын мекенжайды көрсете отырып, банкті ислам банкіне айналдыруды жүргізу туралы жазбаша хабарламаны жібереді.

4. Банк клиенттері осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде банкке:

1) осы Заңның 22-бабы 4-тармағының бірінші бөлігінде көзделген исламдық банк операцияларына айналдыруға жататын банк операциялары және өзге де операциялар бойынша шарт талаптарын өзгертуге;

2) ислам банкіне осы Заңның 22-бабы 4-тармағының екінші бөлігіне сәйкес жүзеге асыру рұқсат етілген исламдық банк операцияларына айналдыруды талап етпейтін банк операциялары және өзге де операциялар бойынша шарт талаптарын банкті ислам банкіне айналдыруға байланысты банктің атауын өзгерту бөлігінде өзгертуге;

3) уәкілетті органның банкті ислам банкіне айналдыруға арналған рұқсатында көрсетілген айналдыру мерзімі аяқталғанға дейін шарттардың қолданылу мерзімінің өтуі негізі бойынша исламдық банк операцияларына айналдыруды талап етпейтін немесе осы Заңның 36-бабында белгіленген исламдық банк операциялары қағидаттарына сәйкес келмеу негізі бойынша айналдыруға жатпайтын банк операциялары және өзге де операциялар жөніндегі шарттар бойынша құқықты (талапты) басқаға беруге немесе борышты аударуға жазбаша бас тартуды не келісімді ұсынуға міндетті.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзімде жауапты ұсынбау:

осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшалары бойынша клиенттің бас тартуы ретінде қаралады;

осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасы бойынша клиенттің келісімі ретінде қаралады.

Клиент осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген шарттар бойынша жазбаша бас тартуды берген кезде осы шарттардың қолданысы осы Заңның 112-бабының 1-тармағында көрсетілген есепті банк уәкілетті органға ұсынғанға дейін тоқтатылуға жатады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралар исламдық банк операцияларын жүзеге асыру талаптары қамтылған не банкті ислам банкіне айналдыруға байланысты банктің атауын өзгертуді көздейтін, банк исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны алғаннан кейін оның күшіне енуі талабымен шартқа қосымша келісімді жасасу арқылы жүзеге асырылады.

Банк клиенттерінің банктік шоттарына қойылатын орындалмаған талаптар (банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдерін (қаулыларын) қоса алғанда) болған және ақша жеткіліксіз болған не болмаған (оның ішінде бір жылдан астам уақыт ақша қозғалысы болмаған) кезде банк мұндай талаптарды қайтаруды жүзеге асыруға және банктік шоттарды жабуға құқылы.

5. Банкке исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензия берілген кезде немесе банктің қызметін тоқтату туралы сот шешімі қабылданған кезде, сондай-ақ уәкілетті орган рұқсатты кері қайтарып алған жағдайда, банкті ислам банкіне айналдыруға арналған рұқсатты банк уәкілетті органға қайтаруға тиіс.

6. Банкті ислам банкіне айналдыру кезеңінде оған шарттардың қолданылу мерзімін ұзартуға және (немесе) осы Заңның 22-бабының 2, 3 және 5-тармақтарында көзделген банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға жаңа шарттар жасасуға, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.

7. Банкті ислам банкіне айналдыру мерзімі бес жылдан аспауға тиіс. Уәкілетті орган мұндай мерзімді банктің өтінішхаты бойынша бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартады.

8. Осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарға сәйкес келмейтін мәмілелерден банк айналдыру кезеңінде алатын кірісті пайдалану туралы шешімді банктің исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңесі қабылдайды.

 

112-бап. Банкті Мемлекеттік корпорацияда мемлекеттік қайта тіркеу және исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны беру

1. Банк уәкілетті органның рұқсатында көрсетілген айналдыру мерзімі аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей уәкілетті органға растаушы құжаттарды қоса бере отырып, банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуы туралы есепті ұсынады.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген есепке ескертулер болған кезде уәкілетті орган банктен қосымша іс-шараларды орындауды және (немесе) қосымша ақпарат пен құжаттарды беруді талап етуге құқылы. Банк уәкілетті органның ескертулерін ескеруге (талап етілетін қосымша іс-шараларды орындауға және (немесе) қосымша ақпарат пен құжаттарды беруге) және уәкілетті органға банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуы туралы есепті уәкілетті орган белгілеген мерзімде растаушы құжаттарды қоса бере отырып, қайтадан ұсынуға міндетті.

3. Уәкілетті орган банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуы туралы есепті уәкілетті органға ұсынылған күнінен бастап екі ай ішінде мақұлдайды немесе мақұлдаудан бас тартады.

4. Уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында көрсетілген есепті мақұлдағаннан кейін банк банкті мемлекеттік қайта тіркеу үшін Мемлекеттік корпорацияға күнтізбелік отыз күн ішінде жүгінуге міндетті.

Ислам банкінің жарғысында осы Заңның 7-бабының 5-тармағында көзделген ақпарат қамтылуға тиіс.

5. Банк Мемлекеттік корпорацияда мемлекеттік қайта тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, бірақ уәкілетті органның рұқсатында көрсетілген айналдыру мерзімі аяқталғанға дейін отыз жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға:

1) мына құжаттарды:

ислам банкі жарғысының нотариат куәландырған көшірмесін;

жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығына лицензиялық алымның бюджетке төленгенін растайтын құжатты;

исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес туралы ережені;

исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің басшысы мен мүшелері лауазымына тағайындалған адамдар туралы, олардың осы Заңның 36-бабында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын мәліметтерді;

исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асырудың жалпы шарттары туралы қағидаларды;

ислам банкінің ішкі кредиттік саясаты туралы қағидаларды қоса бере отырып, исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны беру туралы;

2) «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртіппен бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны (бар болса) қайта ресімдеу туралы өтінішпен жүгінуге міндетті.

6. Уәкілетті орган исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны беру және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны қайта ресімдеу туралы өтінішті Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін құжаттар ұсынылған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарайды.

Исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды лицензиялау тәртібі осы Заңның 19-бабында айқындалады.

7. Банкке исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензия берілген кезден бастап:

1) банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға бұрын берілген лицензияның қолданысы тоқтатылады;

2) банкті ислам банкіне айналдыру аяқталды деп есептеледі.

Банк исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны, бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға қайта ресімделген лицензияны алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде өзіне бұрын берілген лицензиялардың түпнұсқаларын уәкілетті органға қайтаруға міндетті.

 

 

8-БӨЛІМ. ТАРАТУ

 

19-тарау. БАНКТІ ТАРАТУ БОЙЫНША ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

113-бап. Банктерді тарату түрлері мен негіздері

1. Банк:

1) уәкілетті органның рұқсаты болған кезде оның акционерлерінің шешімі бойынша (ерікті түрде тарату);

2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда соттың шешімі бойынша (мәжбүрлеп тарату) таратылуы мүмкін.

2. Банкті тарату осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

 

114-бап. Таратылатын банк кредиторларының комитеті

1. Кредиторлардың мүдделерін қамтамасыз ету және олардың банкті ерікті түрде немесе мәжбүрлеп тарату рәсімдеріне қатысуымен шешімдер қабылдау мақсатында кредиторлар комитеті құрылады.

Кредиторлар комитетінің құрамын банктің тарату комиссиясының ұсынуы бойынша уәкілетті орган бекітеді.

2. Кредиторлар комитетін қалыптастыру және оның қызметінің ерекшеліктері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.

 

115-бап. Уәкілетті органның банкті тарату процесіндегі өкілеттіктері

1. Уәкілетті орган ерікті түрде және мәжбүрлеп таратылатын банктердің тарату комиссияларының қызметіне бақылауды жүзеге асыру мақсатында:

1) тарату комиссияларының есептерді және қосымша ақпаратты беру нысанын, мерзімдері мен кезеңділігін белгілеуге;

2) тарату комиссияларынан өзге де қажетті ақпаратты алуға;

3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тарату комиссияларының қызметіне тексеру жүргізуге;