4) тарату комиссияларының қызметінде депозиторлар мен өзге де кредиторлардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатер төндіретін жағдайдың жасалуына алып келуі мүмкін кемшіліктер және (немесе) тәуекелдер анықталған не депозиторлар мен кредиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы не Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған кезде тарату комиссияларының қызметіндегі анықталған кемшіліктерді және (немесе) тәуекелдерді, бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды белгіленген мерзімде жою және (немесе) белгіленген мерзімде іс-шаралар жоспарын ұсыну туралы тарату комиссияларының орындауы міндетті жазбаша нұсқамалар шығаруға құқылы.
Жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде берілген іс-шаралар жоспарында бұзушылықтардың, олардың туындауына алып келген себептердің сипаттамасы, жоспарланған іс-шаралардың тізбесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдар көрсетіледі;
5) тарату комиссиясы жазбаша нұсқаманы белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда, тарату комиссиясының мүшелерін ауыстыруға не банк ерікті түрде таратылған жағдайда, оларды ауыстыруды талап етуге, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шараларды қолдануға, сондай-ақ депозиторлар мен өзге де кредиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа не прокуратура органдарына жүгінуге;
6) тарату шығыстары сметасын қалыптастыру мен бекітудің ерекшеліктерін және тәртібін белгілеуге;
7) тарату комиссияларының кассадағы қолма-қол ақшаны сақтау, қолма-қол ақшамен кіріс және шығыс операцияларын жасау, кассалық құжаттарды жүргізу қағидаларын орындауы жөніндегі, қолма-қол ақшаның жұмсалуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды, касса қалдықтарының лимиттерін, сондай-ақ тарату комиссиясының ағымдағы шотына қолма-қол ақшаны тапсыру мерзімдерін айқындауға құқылы.
2. Тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайда, тарату комиссиясының төрағасы, бөлімше басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
116-бап. Банктің тарату массасы
1. Банктің мүлкі, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларда банкті мәжбүрлеп тарату рәсімінде өндіріп алу қолданылуы мүмкін өзге де адамдардың мүлкі банктің тарату массасы болып табылады.
Банктің тарату массасын қалыптастыру және түгендеу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
1) Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес шығарылған облигациялардың қамтамасыз етілуі болып табылатын бөлінген активтер кірмейді;
Тарату комиссиясы бөлінген активтерді уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен арнаулы қаржы компаниясының облигацияларын ұстаушылардың өкіліне басқаруға (бөлінген активтерді өткізу және кепілге қойылған мүлікке және бөлінген активтердің құрамына кіретін өзге де қамтамасыз етуге өндіріп алуды қолдану құқығымен) береді;
2) ипотекалық қарыз шарттары бойынша құқықтар (талаптар) (ипотекалық куәліктерді қоса алғанда), сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары түріндегі ипотекалық облигациялардың қамтамасыз етілуі болып табылатын кепіл мүлкі көрсетілген облигацияларға меншік құқығы оларды ұстаушыларда туындаған немесе оларға мәмілелер бойынша не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер бойынша ауысқан жағдайларда кірмейді.
Тарату комиссиясы ипотекалық облигациялардың қамтамасыз етілуі болып табылатын кепіл мүлкін ипотекалық облигациялар эмитенті кредиторларының талаптарын қанағаттандыру үшін ипотекалық облигацияларды ұстаушылардың өкіліне береді;
3) банк операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырылған немесе банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғалған күнге дейін, осы күндердің қайсысы бұрын болғанына қарай, кредиторға бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміледе (мәмілелерде) айқындалған тәртіппен және шарттарда берілген қамтамасыз ету ақысы;
4) үшінші тұлғаларға тиесілі және кастодиан-банкке сақтау мен есепке алу үшін сеніп тапсырылған бағалы қағаздар, сондай-ақ кастодиан-банкке есепке алу мен сақтау үшін сеніп тапсырылған зейнетақы активтері, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның арнаулы резервтегі активтері, инвестициялық қорлардың активтері, арнаулы қаржы компанияларының бөлінген активтері кірмейді.
Кастодиан-банкке сақтау мен есепке алу үшін сеніп тапсырылған зейнетақы активтері, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне бөлінетін трансферттер, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның арнаулы резервтегі активтері, инвестициялық қорлардың активтері, арнаулы қаржы компаниясының бөлінген активтері басқа банкке әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның, акционерлік инвестициялық қордың, арнаулы қаржы компаниясының, инвестициялық пай қорын басқарушы компанияның өтініші бойынша аударылады.
3. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар банктің, ислам банкінің тарату массасына инвестициялық депозит туралы шарт бойынша тартылған ақша есебінен сатып алынған мүлік кірмейді. Тарату комиссиясы көрсетілген мүлікті, сондай-ақ инвестициялық депозиттер бойынша міндеттемелерді исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар басқа банкке, ислам банкіне беруге тиіс.
Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар банкті, ислам банкін таңдау тәртібі және оған инвестициялық депозит туралы шарт бойынша тартылған ақша есебінен сатып алынған мүлікті және исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар таратылатын банктің, ислам банкінің инвестициялық депозиттері бойынша міндеттемелерін беру тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
20-тарау. БАНКТІ ЕРІКТІ ТҮРДЕ ТАРАТУ
117-бап. Ерікті түрде тарату
1. Банк акционерлерінің жалпы жиналысы оны ерікті түрде тарату туралы шешім қабылдағаннан кейін банк жеке тұлғалардың депозиттерін оларды тікелей төлеу арқылы қайтару не оларды депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушылар болып табылатын басқа банкке немесе Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалына аудару бойынша шаралар қабылдауға міндетті.
Жеке тұлғалардың депозиттерін Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалына аудару осы Заңның 22-бабы 7-тармағының екінші бөлігінде көзделген шарттар сақтала отырып жүзеге асырылады.
Банкті ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты беру тәртібі, сондай-ақ жеке тұлғалардың депозиттерін қайтару, оларды басқа банкке немесе Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалына аудару тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
2. Жеке тұлғалардың депозиттерін қайтаруды жүзеге асырғаннан кейін банк уәкілетті органға өзін ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты беру туралы өтінішхатпен жүгінуге құқылы.
Көрсетілген өтінішхатқа:
іске асыру мерзімдері көрсетіле отырып, банктің өз қызметін тоқтатуы жөніндегі іс-шаралардың банк акционерлерінің жалпы жиналысында бекітілген тізбесі;
банктің өз міндеттемелері бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру үшін қаражатының жеткілікті екенін куәландыратын банктің баланстық есебі;
басқа да қажетті мәліметтер қоса берілуге тиіс.
Банкті ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты беру туралы өтінішхатқа қоса берілетін құжаттар мен мәліметтер тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
3. Банкті ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты беру туралы өтінішхатты уәкілетті орган банкті ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты алуға өтініш қабылданған күннен бастап екі ай ішінде қарауға тиіс.
Банкті ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты беруден бас тартқан жағдайда уәкілетті орган бұл туралы уәжді шешім шығарады, оны банктің назарына жеткізеді.
4. Уәкілетті орган банкті ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты беруден бас тартуды мынадай негіздердің кез келгені бойынша жүргізеді:
1) ұсынылған құжаттардың толық болмауы немесе тиісінше ресімделмеуі;
2) өз міндеттемелері бойынша есеп айырысу үшін банк қаражатының жеткіліксіз болуы;
3) жеке тұлғалардың депозиттерін оларды тікелей төлеу арқылы қайтару не оларды депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушылар болып табылатын басқа банкке немесе Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалына аудару бойынша шаралар қабылдамауы.
5. Банк ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты алған кезде тарату комиссиясын құрады, оған банктің мүлкі мен істерін басқару жөніндегі өкілеттіктер ауысады.
Ерікті түрде таратылатын банктің тарату комиссиясы қызметінің ерекшеліктері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
6. Уәкілетті орган ерікті түрде таратылатын банктің тарату комиссиясының қызметіне бақылауды жүзеге асырады.
7. Банк ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты алғаннан кейін бұл жөнінде ақпаратты Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялауға, сондай-ақ банктің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
8. Тарату комиссиясы тарату балансы мен банкті тарату туралы есеп бекітілгеннен кейін күнтізбелік жеті күн ішінде оларды Мемлекеттік корпорацияға және уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
Тарату комиссиясы банкті тарату аяқталған кезде архивке құжаттарды сақтау үшін белгіленген тәртіппен тапсыруға және бұл жөнінде уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
9. Ерікті түрде таратылатын банктің барлық кредиторының талаптарын қанағаттандыруға қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда, банк мәжбүрлеп таратылуға жатады.
Ерікті түрде тарату процесін аяқтаудың мүмкін болмауына байланысты уәкілетті орган банкті мәжбүрлеп тарату туралы арызбен сотқа жүгінеді.
21-тарау. БАНКТІ МӘЖБҮРЛЕП ТАРАТУ
118-бап. Банкті мәжбүрлеп тарату негіздері
Банкті мәжбүрлеп тарату:
1) банктің осы Заңда көзделген негіздер бойынша операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырылуына;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да негіздер бойынша банкті мәжбүрлеп тарату туралы уәкілетті мемлекеттік органдардың арызбен (талап қоюмен) сотқа жүгінуіне;
3) ерікті түрде таратылатын банктің барлық кредиторының талаптарын қанағаттандыру үшін қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда, банкті ерікті түрде тарату процесін аяқтаудың мүмкін болмауына байланысты заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жүргізіледі.
119-бап. Банкті өзге де негіздер бойынша тарату
1. Банкті мәжбүрлеп тарату банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айыру туралы шешім болмаған кезде уәкілетті мемлекеттік органдардың арызбен (талап қоюмен) сотқа жүгінуі бойынша сот іс қозғаған жағдайда осы Заңға сәйкес жүргізіледі.
2. Сот банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімді уәкілетті органға жібереді.
Осы Заңның 118-бабының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша қозғалған іс бойынша соттың банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі күшіне енген күннен бастап банк операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырылады.
120-бап. Мәжбүрлеп таратуды жүргізу шарттары мен тәртібі
1. Соттың банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап:
осы Заңның 84-бабы 1-тармағының 1), 2), 4), 5), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген салдар басталады;
банктің бұрын жұмыс істеп келген органдарының өкілеттіктері тоқтатылады, басшы қызметкерлері, ал қажет болған жағдайда өзге де қызметкерлері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмыстан шығарылады.
2. Банкті мәжбүрлеп таратуға байланысты барлық шығыстар, осы Заңның 84-бабының 10-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы банктің қаражаты есебінен ғана жүргізіледі.
3. Тарату комиссиясы банктің мүлкін бағалауды Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүргізеді.
4. Банктің шетел валютасында көрсетілген міндеттемелері соттың банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енген күнге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген ресми бағам бойынша теңгемен есепке алынады.
5. Аралық тарату балансын және мәжбүрлеп таратылатын банктің кредиторлар талаптарының тізілімін уәкілетті орган бекітеді.
6. Аралық тарату балансы бекітілгенге дейін қарсы біртекті талаптарды есепке алуды жүргізуге жол беріледі.
Аралық тарату балансы бекітілгеннен кейін қарсы біртекті талаптарды есепке алу осы кредитордың талаптарын қанағаттандырудың тиісті кезегі басталған кезде ғана жүргізіледі.
Мәжбүрлеп таратудың кез келген кезеңінде мәжбүрлеп таратылатын банкке:
құқықты (талапты) басқаға беру шартынан;
банктік қарыз берілген және (немесе) талап туындайтын өзге де мәміле жасалған күні бір-біріне үлестес болып табылған заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру нәтижесінде туындаған қарсы біртекті талаптарды есепке алуды жүргізуге тыйым салынады.
7. Банктің тарату комиссиясы мәжбүрлеп таратылатын банктің мүлкін өткізуді уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тәртіппен жүргізеді.
8. Уәкілетті орган банктің тарату комиссиясының қызметіне бақылауды жүзеге асырады.
9. Тарату комиссиясы сотқа уәкілетті органмен келісілген тарату туралы есепті және тарату балансын ұсынады.
Сот уәкілетті органнан және тарату комиссиясынан тарату ісін жүргізуге байланысты кез келген ақпаратты сұратуға құқылы.
Сот тарату туралы есепті және тарату балансын бекітеді және тарату ісін жүргізудің аяқталғаны туралы ұйғарым шығарады.
Тарату комиссиясы сот ұйғарымының көшірмесін Мемлекеттік корпорацияға және уәкілетті органға жібереді.
Тарату комиссиясы тарату балансы мен тарату туралы есеп бекітілгеннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде оларды - Мемлекеттік корпорацияға, ал көрсетілген құжаттардың көшірмелерін уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
Тарату комиссиясы банкті мәжбүрлеп тарату аяқталғаннан кейін архивке құжаттарды сақтау үшін белгіленген тәртіппен тапсыруға және бұл жөнінде уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
10. Тарату комиссиясы банк қызметінің тоқтатылуы тіркелгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға банк қызметінің тоқтатылуы тіркелгені туралы бұйрықтың көшірмесін ұсынады.
121-бап. Мәжбүрлеп таратылатын банктің тарату комиссиясы
1. Сот банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылданғаннан кейін тарату ісін жүргізуді қозғайды және уәкілетті органға банктің филиалдары мен өкілдіктерінің болуын ескере отырып, банктің тарату комиссиясын құру жөнінде міндет жүктейді.
Банктің тарату комиссиясы банк істерін аяқтау және оның депозиторларымен және өзге де кредиторларымен есеп айырысуын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды.
2. Мәжбүрлеп таратылатын банктің тарату комиссиясын тағайындау және босату тәртібі, тарату комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне қойылатын талаптар, сондай-ақ таратуды жүзеге асыру тәртібі және тарату комиссиясының жұмысына қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
3. Мәжбүрлеп таратылатын банктің тарату комиссиясы төрағасының және мүшелерінің құқықтары мен міндеттері, оның ішінде сыйақыға құқығы, мәжбүрлеп таратылатын банктің істері мен мүлкін басқару жөніндегі өкілеттіктердің көлемі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде және тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды ескере отырып, кредиторлар комитетімен жасасатын келісіммен реттеледі.
Банктің тарату комиссиясының төрағасына, мүшелеріне және өзге де тартылған қызметкерлеріне төленетін сыйақының ай сайынғы мөлшері олардың әрқайсысына республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен жалақының он еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
4. Уәкілетті орган уәкілетті органның тапсырмасы бойынша банкті мәжбүрлеп тарату рәсімін жүзеге асыру үшін банктерді тарату жөніндегі көрсетілетін қызметтерді ұсынуға мамандандырылған адамдарды тартуға құқылы.
Банктерді мәжбүрлеп таратуды жүзеге асыру үшін тартылатын адамдарға қойылатын талаптар, банктерді тарату жөніндегі көрсетілетін қызметтер ұсынуға мамандандырылған заңды тұлғаны таңдау тәртібі, сондай-ақ олардың қатысуымен банктерді мәжбүрлеп таратуды жүзеге асыру тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
122-бап. Мәмілелерді жарамсыз деп тану және мүлікті қайтару
1. Мәжбүрлеп таратылатын банктің тарату комиссиясы, оның ішінде кредиторлардың өтінішхаты бойынша, соттың банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енген күнге дейін үш жыл ішінде банк жасаған мәмілелер бойынша Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) осы бапта көзделген, мәмілелердің жарамсыздығына негіздер болған кезде мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
2. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен басқа, мыналар мәмілелердің жарамсыздығына негіз болып табылады:
1) егер мәміленің салдары банктің залалдарына алып келсе (алып келетін болса), мәміле шарттарының салыстырмалы мән-жайларда ұқсас мәмілелер жасалатын шарттардан банк үшін нашар жаққа қарай едәуір айырмашылығы болуы;
2) егер мәміленің салдары банктің залалдарына алып келсе (алып келетін болса), банктің мәмілені Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) уәкілетті орган қолданған қадағалап ден қою шараларында белгіленген талаптарды және (немесе) шектеулерді бұза отырып жасауы;
3) банк мүлкінің өтеусіз (оның ішінде уақытша пайдалануға) берілуі не салыстырмалы экономикалық жағдайлар кезінде ұқсас мүлікті беру (иеліктен шығару) шарттарынан банк үшін нашар жаққа қарай едәуір айырмашылығы болатын шарттарда не банк кредиторларының мүдделеріне нұқсан келтіретін негіздердің болмауынсыз иеліктен шығарылуы;
4) банкті реттеу режимі немесе мәжбүрлеп тарату басталған күнге дейін алты ай ішінде жасалған мәміленің банктің бір кредиторының талаптарын басқалардың алдында артықшылықпен қанағаттандыруға алып келуі;
5) егер енгізілген өзгерістердің салдары банктің залалдарына алып келсе (алып келетін болса), кепіл туралы шарттың талаптарына кепіл нысанасын банк үшін нашар жаққа қарай өзгерту көзделетін өзгерістердің енгізілуі.
3. Мәміле жарамсыз деп танылған кезде жауапкер - мәміле бойынша алғанның бәрін қайтаруға, ал оларды заттай қайтару мүмкін болмаған кезде қайтарылуға жататын мүліктің, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құнын өтеуге міндетті.
Мүлікті қайтару мүмкін болмаған кезде немесе мүліктің жоғалуына, бүлінуіне не оны кейіннен үшінші тұлғалардың адал жолмен сатып алуына байланысты ол өтеусіз берілген кезде талап етілетін мүліктің бастапқы сатып алушылары осыған байланысты туындаған залалдарды жоғалған, бүлінген не үшінші тұлғалар адал жолмен сатып алған мүліктің құны шегінде өтеу бойынша жауапты болады.
Бастапқы сатып алушылардың мүлік құнын өтеуі мүмкін болмаған кезде банктің мүлкін иеліктен шығару туралы шешім қабылдаған тұлға сот тәртібімен субсидиарлық жауапқа тартылуға тиіс.
4. Осы баптың 1 және 3-тармақтарының ережелері банктің ірі қатысушыларына, банк холдингтеріне дивидендтерді есепке жазу және төлеу туралы банктің шешімдеріне де, сондай-ақ банктің басшы қызметкерлеріне сыйақы төлеу туралы келісімдер мен бұйрықтарға да және осындай төлемдердің өздеріне де қолданылады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) уәкілетті орган:
банк акционерлеріне дивидендтерді;
банктің басшы қызметкерлеріне сыйақыларды есепке жазу және (немесе) төлеу тәртібіне және (немесе) негіздеріне қолданған, қадағалап ден қою шараларында белгіленген талаптарды және (немесе) шектеулерді бұзу банктің ірі қатысушыларына, банк холдингтеріне дивидендтерді есепке жазу және (немесе) төлеу туралы банк шешімдерінің, сондай-ақ банктің басшы қызметкерлеріне сыйақы төлеу туралы келісімдердің және (немесе) бұйрықтардың және осындай төлемдердің өздерінің жарамсыздығына негіз болып табылады.
5. Осы баптың 2-тармағының ережелері мынадай:
1) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) банкті мәжбүрлеп тарату басталған күннен кейін немесе банкті мәжбүрлеп тарату басталған күнге дейін бір ай ішінде жасалған;
2) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырған күнге дейін бір ай ішінде жасалған;
3) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) банкті реттеу режимі немесе мәжбүрлеп тарату басталған күнге дейін алты ай ішінде банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғамен немесе оның мүддесінде жасалған;
4) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) банкті реттеу режимі немесе мәжбүрлеп тарату басталған күнге дейін немесе банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айыру күніне дейін алты ай ішінде банктің қаржылық орнықсыздығы белгілерінің болуы туралы білген (немесе білуге тиіс) тұлғамен жасалған;
5) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) бойынша мынадай жағдайлардың бірінде:
банкті мәжбүрлеп тарату басталған күннен кейін немесе банкті мәжбүрлеп тарату басталған күнге дейін бір ай ішінде;
банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырған күнге дейін бір ай ішінде;
банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғамен банкті реттеу режимі немесе мәжбүрлеп тарату басталғанға дейін алты ай ішінде;
банктің қаржылық орнықсыздығы белгілерінің болуы туралы білген (немесе білуге тиіс) тұлғамен банкті реттеу режимі немесе мәжбүрлеп тарату басталған күнге дейін немесе банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырған күнге дейін алты ай ішінде тараптарды ауыстыру (әмбебап құқық мирасқорлығы нәтижесінде тараптардың ауысуын қоспағанда) жүзеге асырылған жағдайларды қоспағанда, бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәмілеге (мәмілелерге) қатысты қолданылмайды.
6. Бас қаржылық келісім шеңберіндегі бір немесе бірнеше мәміленің жарамсыз болуы, егер бас қаржылық келісімге және қалған мәмілелерге қатысты оларды жарамсыз деп тануға негіздер болмаса, бас қаржылық келісімнің өзінің және бас қаржылық келісім шеңберіндегі қалған мәмілелердің жарамсыз болуына алып келмейді.
Бас қаржылық келісім шеңберіндегі бір немесе бірнеше мәміле нетто-міндеттемелер (нетто-талаптар) анықталғаннан кейін жарамсыз деп танылған жағдайда, нетто-міндеттемені (нетто-талапты) айқындаған мәміле тарапы одан жарамсыз деп танылған мәміленің немесе мәмілелердің нәтижелерін алып тастау арқылы нетто-міндеттемені (нетто-талапты) қайта есептеуге тиіс.
123-бап. Мәжбүрлеп таратылатын банк кредиторларының талаптарын қанағаттандыру кезектілігі
1. Мәжбүрлеп таратылатын банк кредиторларының талаптары осы бапта белгіленген тәртіппен қанағаттандырылады.
2. Тарату ісін жүргізуге байланысты, оның ішінде банктің тарату комиссиясының қызметін қамтамасыз ету бойынша шығыстар мәжбүрлеп таратылатын банктің ақшасы және (немесе) өзге де мүлкі есебінен кезектен тыс жүргізіледі.
3. Кредиторлардың белгіленген тәртіппен танылған талаптары мынадай кезектілікпен қанағаттандырылады:
тиісті мерзімдік төлемдерді капиталдандыру арқылы өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілгені үшін мәжбүрлеп таратылатын банк өздерінің алдында жауапты болатын жеке тұлғалардың талаптары;
жалақыдан және (немесе) өзге кірістен ұсталған алименттерді төлеу жөніндегі;
мәжбүрлеп таратылатын банктің басшы қызметкерлерін қоспағанда, еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдардың еңбегіне ақы төлеу мен оларға өтемақы төлеу жөніндегі;
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті өтеу жөніндегі;
жалақыдан ұсталған міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі;
жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі;
міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі;
міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды төлеу жөніндегі;
авторлық шарттар бойынша сыйақылар төлеу жөніндегі талаптар қанағаттандырылады;
2) екінші кезекте депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның кепілдік берілетін депозиттер бойынша төлеген (төлейтін) өтем сомасы бойынша және (немесе) банк мүлкінің мөлшері мен реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу шеңберінде басқа банкке (банктерге), тұрақтандыру банкіне берілетін кепілдік берілетін депозиттер бойынша міндеттемелердің мөлшері арасындағы орны толтырылған айырманың сомасы бойынша талаптары қанағаттандырылады;