«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII Заңы (қолданысқа енген жоқ)

Предыдущая страница

8. Өтініш беруші заңды тұлға бір мезгілде әмбебап банк лицензиясын және исламдық банк операциялары мен өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны алу үшін алғаш рет ұсынатын құжаттар тізбесі:

1) осы баптың 6 және 7-тармақтарында көзделген құжаттар;

2) ең төмен мөлшерін уәкілетті орган белгілеген, исламдық банк операциялары үшін бөлінген активтердің қалыптастырылуын растайтын құжаттар.

9. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына банк лицензиясын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыруды жоспарлап отырған, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі өзі резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы берген, мәні бойынша ұқсас операциялар түрлеріне банк қызметін жүзеге асыруға арналған қолданыстағы лицензиясы (қолданыстағы рұқсаты) болған кезде береді.

10. Өтініш беруші - Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы әмбебап банк лицензиясын алғаш рет алу үшін ұсынатын құжаттар тізбесі:

1) осы баптың 6-тармағының 1), 3), 4), 5), 6) және 8) тармақшаларында көзделген құжаттар;

2) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басқару органы бекіткен филиал туралы ереженің нотариат куәландырған көшірмесі;

3) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің Қазақстан Республикасының аумағында өзінің филиалының қызметін жүзеге асыру процесінде туындайтын міндеттемелер бойынша жауапкершілікті қабылдауы туралы және мұндай міндеттемелерді Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің балансында есепке алу туралы жазбаша міндеттемесі (растауы);

4) рұқсат етілген операциялар түрлерінің тізбесі көрсетіле отырып, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі өзі резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы берген Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің қолданыстағы лицензиясының (қолданыстағы рұқсаттың) көшірмесі.

Егер осы Заңның 16-бабының 1-тармағында көзделген Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалын ашуға рұқсат беру туралы өтініш берілгеннен кейін Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі жүзеге асыруға құқылы операциялар түрлерінің тізбесі өзгерсе не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі жаңа лицензия (жаңа рұқсат) алса, көрсетілген лицензия (рұқсат) ұсынылады.

11. Өтініш беруші - Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны алу үшін алғаш рет ұсынатын құжаттар тізбесі:

1) осы баптың 10-тармағында көзделген құжаттар;

2) исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін өзге де осыған ұқсас орган туралы ереженің (нұсқаудың) көшірмесі;

3) исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін өзге де осыған ұқсас органның басшысы мен мүшелерінің лауазымына тағайындалған адамдар туралы мәліметтер.

12. Өтініш беруші - Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы бір мезгілде әмбебап банк лицензиясын және исламдық банк операциялары мен өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны алғаш рет алу үшін ұсынатын құжаттар тізбесі:

1) осы баптың 11-тармағында көзделген құжаттар;

2) ең төмен мөлшерін уәкілетті орган белгілеген, исламдық банк операциялары үшін бөлінген активтердің қалыптастырылуын растайтын құжаттар.

13. Жұмыс істеп тұрған банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің жұмыс істеп тұрған филиалы операциялардың қосымша түрлерін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясын алу үшін:

1) операциялардың қосымша түрлерін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясын алу үшін өтініш берген айдың алдындағы қатарынан үш ай ішінде уәкілетті орган белгілеген пруденциялық нормативтер мен лимиттердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген макропруденциялық нормативтер мен лимиттердің орындалуын қамтамасыз етуге;

2) операциялардың қосымша түрлерін жүзеге асырудың жалпы талаптары туралы қағидаларды бекітуге;

19-бабы 13-тармағының 3) тармақшасы 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

3) осы Заңның 88-бабында көзделген қаржылық орнықтылығын қалпына келтірудің жаңартылған жоспарын бекітуге міндетті.

14. Жұмыс істеп тұрған банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің жұмыс істеп тұрған филиалы операциялардың қосымша түрлерін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясын алу үшін ұсынатын құжаттар тізбесі:

1) оның ішінде өтініш беруші осы баптың 13-тармағында көзделген талаптардың орындалуын растайтын өтініш;

19-бабы 14-тармағының 2) тармақшасы 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

2) осы Заңның 88-бабында көзделген қаржылық орнықтылығын қалпына келтірудің жаңартылған жоспарының көшірмесі;

3) көрсетілген алымды «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы төлеу жағдайларын қоспағанда, жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығына лицензиялық алымның бюджетке төленгенін растайтын құжат;

4) адамның өтініш беруге өкілеттігін растайтын құжаттардың және оған қоса берілетін құжаттар мен мәліметтердің көшірмелері.

15. Әмбебап банк лицензиясы бар банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы исламдық банк операцияларын жүзеге асыруға арналған қосымша лицензия алуға өтініш бергенге дейін жоспарланып отырған исламдық банк операцияларын жүзеге асыруды бастауға байланысты барлық ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды, оның ішінде мыналарды орындауға:

1) осы баптың 13-тармағында белгіленген талаптарды орындауға;

2) банк акционерлерінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басқару органының жалпы жиналысының исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензия алуға ниеті туралы шешім қабылдауға;

3) осы Заңның 7-бабының 5-тармағында көзделген жарғыға, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы туралы ережеге осы Заңның 14-бабының 4-тармағында көзделген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды енгізуге;

4) исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес туралы ережені бекітуі, сондай-ақ исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің басшысы мен мүшелерін тағайындауға (өтініш беруші банк үшін);

5) уәкілетті органның тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарына сай келетін, таяу үш жылға арналған исламдық банк операцияларын дамыту стратегиясын бекітуге;

6) ең төмен мөлшерін уәкілетті орган белгілеген, исламдық банк операцияларын жүзеге асыру үшін бөлінген активтердің қалыптастырылуға;

7) банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының өзге де активтері мен міндеттемелерінен исламдық банк операцияларына жататын активтер мен міндеттемелерді бөлек есепке алуды қамтамасыз етуге тиіс.

16. Әмбебап банк лицензиясы бар банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға қосымша лицензия алу үшін ұсынатын құжаттар тізбесі:

1) осы баптың 14-тармағында көзделген құжаттар;

2) банк акционерлерінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басқару органының жалпы жиналысының исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензия алу ниеті туралы шешімінің көшірмесі;

3) осы баптың 15-тармағының 3) тармақшасында көзделген талаптар ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы туралы жарғының, ереженің нотариат куәландырған көшірмесі;

4) исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес туралы ереженің көшірмесі, сондай-ақ исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің басшысы мен мүшелерінің лауазымына тағайындалған адамдардың осы Заңның 36-бабының 2 және 3-тармақтарында белгіленген талаптарға сай келетінін растайтын, олар туралы мәліметтер (өтініш беруші банк үшін);

исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін өзге де осыған ұқсас орган туралы ереженің (нұсқаудың) көшірмесі, сондай-ақ исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің басшысы мен мүшелерінің лауазымына тағайындалған адамдар не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін өзге де осыған ұқсас орган туралы мәліметтер (өтініш беруші Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы үшін);

5) уәкілетті органның тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарына сай келетін, таяу үш жылға арналған исламдық банк операцияларын дамыту стратегиясының көшірмесі;

6) ең төмен мөлшерін уәкілетті орган белгілеген, бөлінген активтердің қалыптастырылуын растайтын құжаттар.

17. Банк лицензиясын беру туралы өтінішті уәкілетті орган өтініш беруші Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына сәйкес келетін құжаттар мен мәліметтерді ұсынған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарайды.

Уәкілетті орган микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыру шеңберінде ұсынылған банк лицензиясын беру туралы өтінішті Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына сәйкес келетін құжаттар мен мәліметтерді ұсынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.

Уәкілетті орган банк лицензиясын қайта ресімдеу туралы өтінішті «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, оның ішінде осы Заңның 21-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда, өтініш беруші Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына сәйкес келетін құжаттар мен мәліметтерді ұсынған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарайды.

Өтініш беруші базалық банк лицензиясын әмбебап банк лицензиясына қайта ресімдеу кезінде бір мезгілде операциялардың қосымша түрлерін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясын алу қажет болған кезде өтініш беруші осы баптың 13 және 15-тармақтарында белгіленген талаптарды орындауға міндетті. Көрсетілген жағдайда уәкілетті орган банк лицензиясын қайта ресімдеу туралы өтінішті Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін құжаттар мен мәліметтерді өтініш беруші ұсынған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарайды.

Уәкілетті орган осы тармақтың бірінші, екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген өтінішті қарау мерзімін мынадай кез келген жағдайларда тоқтата тұруға құқылы:

ұсынылған құжаттардағы және (немесе) мәліметтердегі өтініш беруші және (немесе) оның құрылтайшылары туралы анық емес деректердің анықталуы;

ұсынылған құжаттар және (немесе) мәліметтер мазмұнының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуі;

ұсынылған құжаттар мен мәліметтердегі деректердің анықтығын тексеруді жүзеге асырудың қажет болуы.

Өтініш берушінің ұсынылған құжаттарға және (немесе) мәліметтерге уәкілетті орган берген ескертулерді жою мерзімі он жұмыс күнінен аспайды.

Өтініш беруші ұсынылған құжаттарға және (немесе) мәліметтерге уәкілетті орган берген ескертулерді жойғаннан кейін және уәкілетті орган көрсетілген құжаттардағы және (немесе) мәліметтердегі деректердің анықтығын тексеруді аяқтағаннан кейін немесе өтініш беруші осы тармақтың алтыншы бөлігінде белгіленген мерзім ішінде түзетілген (нақтыланған) құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынбаған жағдайда, өтінішті қарау мерзімі қайта басталады.

18. Уәкілетті орган банк лицензиясын беру немесе қайта ресімдеу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рұқсат етілген операциялар түрлерінің атауларын нақтылауға құқылы.

19. Банк лицензиясын бергені үшін мөлшері мен төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалатын алым алынады.

20. Банк лицензиясы шектеусіз мерзімге беріледі.

Банк лицензиясы үшінші тұлғаларға берілмеуге тиіс.

Банк операцияларының және өзге де операциялардың, исламдық банк операцияларының барлық түрін жүзеге асыру құқығына берілген банк лицензиясында тікелей нұсқау болған кезде ғана оларды жүзеге асыруға болады.

21. Банк лицензиясының көшірмесі банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының клиенттері көруі үшін қолжетімді жерде, сондай-ақ олардың интернет-ресурстарында орналастырылуға жатады.

22. Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың әрқайсысы үшін рұқсат етілген банк операциялары түрлерінің тізбесін қоса алғанда, олардың құқықтық мәртебесі, қызметін құру, лицензиялау, реттеу және тоқтату тәртібі, оларға банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыруға арналған лицензиялар беру негіздері және олардың қызметін ықтимал шектеу осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.

Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға лицензиялар беру тәртібі, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға банк операцияларын жүргізу үшін қойылатын біліктілік талаптары, сондай-ақ көрсетілген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттардың тізбесі олардың құзыреті шегінде уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

23. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыруға мыналарға:

1) банкноттарды, монеталар мен құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғаға осы Заңның 22-бабының 2-тармағы бірінші бөлігінің 12) тармақшасында көзделген банк операцияларын жүзеге асыруға;

2) қызметті қолма-қол шетел валютасымен айырбастау пункттері арқылы ғана жүзеге асыратын заңды тұлғаға осы Заңның 22-бабының 2-тармағы бірінші бөлігінің 7) тармақшасында көзделген банк операциясын жүзеге асыруға арналған лицензияны береді.

 

20-бап. Банк лицензиясын беруден (қайта ресімдеуден) бас тарту

1. Банк лицензиясын беруден (қайта ресімдеуден) бас тарту мынадай негіздердің кез келгені бойынша жүргізіледі:

1) өтініш берушінің осы Заңның 19-бабында және 112-бабының 5-тармағында белгіленген талаптардың кез келгенін сақтамауы;

2) құрамына банк кіретін банк конгломератының өтініш берілгенге дейінгі алты ай кезеңде пруденциялық нормативтер мен лимиттерді сақтамауы;

3) осы Заңның 72-бабының 4-тармағында белгіленген Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының резерв ретінде қабылданатын активтерді қалыптастыру жөніндегі талапты орындамауы;

4) банктің жарғылық капиталының осы Заңның 8-бабының талаптарына сәйкес келмеуі;

5) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалы Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыруды жоспарлап отырған, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі өзі резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы берген, мәні бойынша ұқсас операциялар түрлерін жүзеге асыруға арналған қолданыстағы лицензияның (қолданыстағы рұқсаттың) болмауы;

6) өтініш берушіге банкті, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалын ашуға бұрын берілген рұқсаттың күшінің жойылуы;

7) өтініш берушінің даму стратегиясының және (немесе) өзге де ұсынылған құжаттардың уәкілетті органның тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарына сәйкес келмеуі және (немесе) мыналарды:

алғашқы үш қаржы (операциялық) жылы өткеннен кейін өтініш беруші қызметінің рентабельді болатынын;

өтініш берушінің және (немесе) құрамына өтініш беруші кіретін банк конгломератының пруденциялық нормативтер мен лимиттерді орындайтынын;

өтініш берушінің оның даму стратегиясына сәйкес келетін ұйымдастырушылық құрылымының бар екенін растайтын мәліметтерді ұсынбауы;

8) тағайындауға (сайлауға) ұсынылатын кандидаттар ішінен өтініш берушінің басшы қызметкеріне келісім берілмеуі (банк лицензиясын алуға алғаш рет жүгінген өтініш беруші үшін);

9) осы Заңның 45-бабы 4-тармағының екінші бөлігінде белгіленген, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының басшы қызметкерлерінің ішінде кемінде екі басшы қызметкердің Қазақстан Республикасының резиденті болуы жөніндегі талаптың сақталмауы;

10) өтініш беруші ұсынған құжаттардың және (немесе) мәліметтердің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуі;

11) банк лицензиясын алу үшін ұсынылған құжаттардағы және (немесе) мәліметтердегі деректердің (мәліметтердің) анық еместігі.

2. Банк лицензиясын беруден (қайта ресімдеуден) бас тартылған жағдайда өтініш беруші соның негізінде бас тарту алынған сәйкессіздіктерді жоюға және түзетілген (нақтыланған) құжаттар және (немесе) мәліметтер ұсыныла отырып, банк лицензиясын алуға арналған өтінішпен уәкілетті органға қайта жүгінуге құқылы.

Осы баптың 1-тармағының 8) тармақшасында көзделген негіз бойынша банк лицензиясын беруден (қайта ресімдеуден) бас тартылған жағдайда, өтініш беруші сәйкессіздіктерді жоюға және өтініш берушіге келісім беруден бас тартылған адамның орнына осы Заңның 45-бабының және «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-4-бабының талаптарына сәйкес өтініш берушінің басшы қызметкері лауазымына өтініш беруші ұсынатын жаңа адамға қатысты құжаттар мен мәліметтер ұсыныла отырып, банк лицензиясын алуға арналған өтінішпен уәкілетті органға қайта жүгінуге құқылы.

 

21-бап. Базалық банк лицензиясы бар банктің әмбебап банк лицензиясы бар банкке өту (қайта ресімдеу) тәртібі

1. Активтерінің жиынтық көлемі қатарынан үш ай бойы әрбір осындай айдың есепті күніне уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген шекті мәннен асатын, базалық банк лицензиясы бар банк осы уақыт кезеңі өткеннен кейін пруденциялық нормативтер мен лимиттерді, тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптарды, сондай-ақ әмбебап банк лицензиясы бар банк үшін уәкілетті орган белгіленген есепке алу мен есептілікке қойылатын талаптарды сақтауға міндетті.

2. Активтерінің жиынтық көлемі қатарынан тоғыз ай бойы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген шекті мәннен асатын, базалық банк лицензиясы бар банк осы баптың 1-тармағына сәйкес он екі ай бойы пруденциалдық нормативтер мен лимиттерді сақтаған кезде осы Заңның 19-бабында белгіленген тәртіппен базалық банк лицензиясын әмбебап банк лицензиясына қайта ресімдеу туралы өтінішпен уәкілетті органға жүгіну арқылы базалық банк лицензиясын әмбебап банк лицензиясына қайта ресімдеуге не өз активтерінің жиынтық көлемінің мәнін шекті мәннен аспайтын мөлшерге дейін азайтуға міндетті.

 

 

3-БӨЛІМ. БАНК ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ КОРПОРАТИВТІК БАСҚАРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

6-тарау. БАНКТІҢ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БЕЙРЕЗИДЕНТ БАНКІ

ФИЛИАЛЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН ЖАЛПЫ ТАЛАПТАР

 

22-бап. Банк қызметі

1. Банктің қызметі осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде көзделген банк операцияларын, осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көзделген өзге де операцияларды, сондай-ақ осы баптың 4-тармағының бірінші бөлігінде көзделген исламдық банк операцияларын жүзеге асыру болып табылады.

2. Банк тиісті банк лицензиясы болған кезде банк операцияларының мынадай түрлерін жүзеге асыруға құқылы:

1) депозиттер қабылдау, заңды тұлғалардың банктік шоттарын ашу және жүргізу;

2) депозиттер қабылдау, жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашу және жүргізу;

3) банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымдарының корреспонденттік шоттарын ашу және жүргізу;

4) жеке және заңды тұлғаларға тиесілі тазартылған бағалы металдардың және бағалы металдардан жасалған монеталардың нақты саны көрсетілетін, осы тұлғалардың металл шоттарын ашу және жүргізу;

5) аударым операциялары: ақша төлемдері мен аударымдары бойынша жеке және заңды тұлғалардың нұсқауларын орындау;

6) кассалық операциялар: қолма-қол ақшаны ұсақтауды, айырбастауды, қайта санауды, сұрыптауды, орауды және сақтауды қоса алғанда, оны қабылдау және беру;

7) қолма-қол ақшамен және (немесе) қолма-қол ақшасыз шетел валютасымен айырбастау операциялары;

8) банктік қарыз операциялары: ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен ақшалай нысанда банктік қарыздар беру (банкаралық кепілгерлікті қоспағанда);

9) аккредитив ашу (ұсыну) мен оны растау және ол бойынша міндеттемелерді орындау;

10) ақшалай нысанда орындау көзделетін банк кепілдіктерін беру (банкаралық кепілгерлікті қоспағанда);

11) үшінші тұлғалар үшін ақшалай нысанда орындау көзделетін банк кепілдіктерін және өзге де міндеттемелерді беру (банкаралық кепілдіктерді қоспағанда);

12) банкноттарды, монеталар мен құндылықтарды инкассациялау;

13) есепке алу операциялары: жеке және заңды тұлғалардың вексельдері мен өзге де борышкерлік міндеттемелерін есепке алу (дисконт);

14) төлем құжаттарын инкассоға қабылдау (вексельдерді қоспағанда).

Базалық банк лицензиясы бар банк осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген банк операциясын уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мөлшерден аспайтын шектерде жүзеге асырады.

Базалық банк лицензиясы бар банк осы тармақтың бірінші бөлігінің 8), 9), 10), 11), 13) және 14) тармақшаларында көзделген банк операцияларын Қазақстан Республикасының резиденттерімен ғана жүзеге асырады.

3. Банк тиісті банк лицензиясы болған кезде осы баптың 2-тармағында көзделген банк операцияларынан басқа, өзге де операциялардың мынадай түрлерін жүзеге асыруға құқылы:

1) факторингтік операциялар: төлем жасамау тәуекелін қабылдай отырып немесе қабылдамай, ақшалай талап беру арқылы қаржыландыру;

2) лизинг қызметі;

3) сенімгерлік операциялар: құрылтайшы көрсеткен адамның мүддесіне, сенімгерлік басқару құрылтайшысының тапсырмасы бойынша ақшаларды, тазартылған қымбат металдарды, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талап етуді) басқару;

4) сейфтік операциялар: сейф жәшіктерін, шкафтарды, үй-жайларды жалға беруді қоса алғанда, құжаттандырылған нысанда шығарылған бағалы қағаздарды, клиенттердің құжаттары мен құндылықтарын сақтау жөніндегі қызметтер;

5) тазартылған қымбат бағалы металдарды (алтын, күміс, платина, платина тобына жататын металдар) құйма күйінде, қымбат бағалы металдардан жасалған монеталарды сатып алу, кепілге қабылдау, есепке алу, сақтау және сату;

6) құрамында бағалы металдар және (немесе) асыл тастар бар зергерлік бұйымдарды сатып алу, кепілге қабылдау, есепке алу, сақтау және сату;

7) вексельдермен жасалатын операциялар: вексельдерді инкассоға қабылдау, төлемшінің вексельдерді төлеу бойынша қызметтер ұсынуы, домицилденген вексельдерді төлеу, делдалдық тәртібімен вексельдер акцепті;

8) форфейтингтік операциялар (форфейтингтеу): тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алушының борыштық міндеттемесін сатушыға айналымсыз вексельді сатып алу арқылы төлеу;

9) банкаралық қарыздар (банкаралық қаржыландыру), банкаралық кепілдіктер, банкаралық кепілгерліктер, сондай-ақ өзге де банкаралық операциялар.

Базалық банк лицензиясы бар банк осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген операцияларды Қазақстан Республикасының резиденттерімен ғана жүзеге асырады.

4. Ислам банкі, сондай-ақ исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар банк тиісті банк лицензиясы болған кезде исламдық банк операцияларының мынадай түрлерін жүзеге асыруға құқылы:

1) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың банктік шоттарын ашу және жүргізу;

2) исламдық банк депозиттерін қабылдау:

жеке және заңды тұлғалардан талап етуге дейінгі пайызсыз депозиттерді қабылдау,

жеке және заңды тұлғалардың инвестициялық депозиттерін қабылдау;

3) банктік қарыз операциялары: мерзімділік, қайтарымдылық шарттарымен және сыйақы алмай ақшалай нысанда кредиттер беру (банкаралық кепілгерлікті қоспағанда);

4) жеке және заңды тұлғаларды:

тауарды үшінші тұлғаға кейіннен сату туралы шартсыз;

тауарды үшінші тұлғаға кейіннен сату шартымен коммерциялық кредит беру арқылы сауда делдалы ретінде банктік қаржыландыру;

5) заңды тұлғалардың капиталына қатысу арқылы және (немесе) әріптестік шарттарымен өндірістік және сауда қызметін банктік қаржыландыру;

6) лизинг (жалдау) шарттарымен банктік инвестициялық қызмет;

7) исламдық банк операцияларын жүзеге асыру кезіндегі агенттік қызмет.

Егер бұл ислам банкінің жарғысында және банк лицензиясында көзделсе, ол осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарды сақтай отырып, осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінің 3), 4), 5), 6), 7), 9), 10), 11), 12), 13) және 14) тармақшаларында және 3-тармағының бірінші бөлігінің 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 9) тармақшаларында көзделген банк операцияларының және өзге де операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыруға құқылы.