Аквашаруашылық субъектілері, аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілер субсидия берілген күннен бастап бес жыл ішінде қызметін тоқтатқан жағдайда, аквашаруашылықты субсидиялау шеңберінде алған ақшаны уәкілетті орган айқындаған тәртіппен толық не ішінара қайтаруға міндетті.
8. Осы баптың 7-тармағына сәйкес ақшаны қайтарған аквашаруашылық субъектілерінің, аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілердің және осы баптың 6-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген адамдардың ақшаны қайтарған күнінен бастап екі жыл өткен соң аквашаруашылық үшін субсидия алуына рұқсат етіледі.
19-бап. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету
1. Аквашаруашылық субъектілерін, аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілерді инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету:
1) аквашаруашылық саласында жаңа өндірістерді құру;
2) аквашаруашылық саласындағы жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту (техникалық қайта жарақтандыру) және кеңейту;
3) су ысырабын азайту және оны ұтымды пайдалану үшін жүзеге асырылады.
2. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді жергілікті атқарушы органдар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға (реконструкциялауға) бюджет қаражатын бөлу арқылы жүзеге асырады.
3. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға (реконструкциялауға) бюджет қаражатын бөлу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5-тарау. АКВАШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ
20-бап. Мемлекеттік бақылау
1. Аквашаруашылық саласындағы мемлекеттік бақылауды уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері мен олардың лауазымды адамдары (бұдан әрі - бақылау органы) тексеру, бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырады.
2. Тексерулер және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Аквашаруашылық субъектілері, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі - мемлекеттік бақылау субъектілері) аквашаруашылық саласындағы мемлекеттік бақылау субъектілері болып табылады.
21-бап. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау
1. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын мемлекеттік бақылау субъектілеріне беру және оларға әкімшілік жүктемені азайту болып табылады.
2. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мемлекеттік бақылау субъектісі ұсынған есептілікті, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен электрондық ақпараттық ресурстардан алынған басқа да құжаттарды және мемлекеттік бақылау субъектісінің қызметі туралы мәліметтерді зерделеу мен талдау негізінде жүзеге асырылады.
3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда бақылау органы бұзушылықтар анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғамай, бірақ мемлекеттік бақылау субъектісіне оларды жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, мемлекеттік бақылау субъектісіне анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды жібереді.
4. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным мемлекеттік бақылау субъектісіне жеке өзінің қолын қойғызып немесе оны жөнелту және алу фактілерін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;
2) поштамен - хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) электрондық тәсілмен - бақылау органы сұрау салған кезде мемлекеттік бақылау субъектісінің хатта көрсетілген электрондық мекенжайына немесе егер бұл мекенжайды осы субъект бақылау органына ұсынған болса, бақылау органының жөнелтуі арқылы табыс етілген (алынған) болып есептеледі.
5. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды алған мемлекеттік бақылау субъектісі ол табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде бақылау органына анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген оларды жоюдың нақты мерзімдерін көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуға міндетті.
Мемлекеттік бақылау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды орындау мерзімі өткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде бақылау органына бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты жазбаша түрде беруге міндетті.
Мемлекеттік бақылау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы берілген ақпаратқа бұзушылықтарды жою фактісін дәлелдейтін материалдарды (қажет болғанда) қоса береді.
6. Мемлекеттік бақылау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ұсынымды жіберген бақылау органына ұсыным табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.
7. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізіміне енгізу жолымен бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындауға алып келеді.
8. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау бір жыл ішінде екі реттен асырмай жүргізіледі.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
22-бап. Аквашаруашылық саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының аквашаруашылық саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
1. Көл-тауар балық өсіру шаруашылығын, тор қоршама балық өсіру шаруашылығын, тоған балық өсіру шаруашылығын және сумен қамтамасыз ету циклі тұйықталған балық өсіру шаруашылығын жүзеге асыратын балық шаруашылығы субъектілері осы Заң қолданысқа енгізілген күннен кейін үш жыл ішінде өз қызметін осы Заңның 10-бабының 4-тармағы екінші және үшінші бөліктерінің және 12-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес келтіруге тиіс.
2. Бекітіп берілмеген балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің паспорттарында балық өсіруге арналған балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекітіп беру мерзімдері болмаған жағдайда, мұндай мерзімдер балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы аккредиттелген ғылыми ұйымның ғылыми ұсынымдары негізінде айқындалады деп белгіленсін.
3. Осы Заңның 11-бабының 6-тармағы 4) тармақшасының қолданысы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«4) балық шаруашылығы су айдынының учаскесін бекітіп беруге арналған жарнаны уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес айқындалған мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде енгізу.».
4. 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін:
1) осы Заңның 10-бабының 3-тармағы екінші бөлігінің қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«Көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүргізу үшін конкурсқа шығарылатын резервтегі балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізімі су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік су инспекциясымен келісілгеннен кейін уәкілетті органның және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының интернет-ресурсында уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және мерзімдерде ашық қолжетімділікте орналастырылады.»;
2) осы Заңның 10-бабының 9-тармағы екінші бөлігінің қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«Жосықсыз аквашаруашылық субъектілерінің тізілімі соттардың заңды күшіне енген шешімдері негізінде уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.»;
3) осы Заңның 11-бабы 2-тармағының екінші бөлігінің қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«Жобаны іске асыру үшін тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары учаскелерінің тізімі су қорын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті органмен және тиісті облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен келісілгеннен кейін уәкілетті органның және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының интернет-ресурстары арқылы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде ашық қолжетімділікте орналастырылады.»;
4) осы Заңның 14-бабының 8-тармағы 2) тармақшасының қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«2) көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған шартты және аквашаруашылық субъектісін дамыту жоспарын орындауға, сондай-ақ уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша шарт талаптарының және аквашаруашылық субъектісін дамыту жоспарының орындалуы туралы ақпарат беруге;».
24-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 6-баптың 1-тармағының 7) және 8) тармақшаларын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2025 жылғы 12 маусым
№ 193-VIII ҚРЗ