Көміртегі офсетін мақұлдау және офсеттік бірліктер беру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2021 жылғы 5 қарашадағы № 455 бұйрығы
(2025.18.10. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 2024.17.06. № 123 бұйрығымен кіріспе жаңа редакцияда (2024 ж. 2 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 298-бабының 4-тармағына, «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасымен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 5 шілдедегі № 479 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 92) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Көміртегі офсетін мақұлдау және офсеттік бірліктер беру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсына орналастырылуын;
3) осы бұйрық Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.