2. Секвестрлеуге жатпайтын бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) шығыстарын қоспағанда, шығыстардың жылдық бекітілген (нақтыланған) көлемін он пайыздан аз сомаға секвестрлеу - Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның (аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің) шешімімен, он пайыздан жоғары сомаға секвестрлеу республикалық бюджет туралы заң немесе жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімі негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның секвестрлеу жүргізу туралы қаулысы негізінде бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган осы Кодексте белгіленген тәртіппен бюджеттің түсімдері мен шығыстарын өзгерту арқылы тиісті бюджетті түзетуді жүзеге асырады.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің секвестрлеу жүргізу туралы шешімі негізінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің аппараты осы Кодексте белгіленген тәртіппен бюджеттің түсімдері мен шығыстарын өзгерту арқылы тиісті бюджетті түзетуді жүзеге асырады.
4. Бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қысқарту кезінде олардың басымдығы мен әлеуметтік бағыттылығы, сондай-ақ осы Кодекстің 70-бабы 6-тармағы екінші бөлігінің талабы ескеріледі.
Бюджетті атқару процесінде секвестрлеуге жатпайтын, кезекті қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тізбесі республикалық бюджет туралы заңда бекітіледі.
5. Тиісті бюджет комиссиясының секвестрлеу туралы шешім қабылдауымен бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеуді жүзеге асыруды және секвестрлеу белгіленіп отырған бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша төлемдер жүргізуді тоқтата тұрады.
6. Секвестрлеу жүргізу кезінде бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік сұранымдарды жасайды және оларды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті жергілікті уәкілетті органға ұсынады.
7. Секвестрлеу кезінде бюджет қаражаты есебінен жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша туындаған қатынастарды реттеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
1. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың қаулылары, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің шешімдері және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері негізінде түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына, кезекті қаржы жылына арналған міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бекітілген (нақтыланған) бюджеттің көрсеткіштерін өзгерту процесі бюджетті түзету болып табылады.
Егер жүргізілген түзетуден кейін бюджетті нақтылау жүргізілсе, бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды қоспағанда, бюджеттің түзетілген көрсеткіштері нақтыланған бюджетте көрсетіледі.
2. Республикалық бюджетті түзету:
1) орталық мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық және аумақтық бөлімшелері құрылған, таратылған, қайта ұйымдастырылған, функциялары мен штат санының лимиттері өзгертілген жағдайларда жүзеге асырылады.
Бұл ретте бюджетті түзету аталған жағдайларға байланысты тиісті бюджеттік бағдарламаларды республикалық бюджет туралы заңда бекітілген (нақтыланған) осы бюджеттік бағдарламалардың жалпы сомасы шегінде біріктіруді, бөлуді, қысқартуды (ұлғайтуды), беруді білдіреді;
2) Республикалық бюджет комиссиясында міндетті түрде қарала отырып, бюджет құрылымын өзгертпей, қаражат бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арасында және (немесе) бюджеттік бағдарламалар арасында ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің он бес пайызынан аспайтын көлемде қайта бөлінген жағдайларда жүзеге асырылады.
Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген жағдайларда республикалық бюджетті түзету жүргізілгеннен кейін бекітілген (нақтыланған) республикалық бюджет көрсеткіштерінің өзгерістері туралы ақпаратты бес жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Парламентіне береді.
Қарыздар мен гранттарды пайдалануға бағытталған қаражатты қайта бөлуге жол берілмейді.
Осы тармақшаның бірінші абзацының бюджетті түзету кезінде қайта бөлінетін қаражат көлемін шектеу бөлігіндегі ережелері Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервке және Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервіне қолданылмайды;
3) бекітілген бөлінетін бюджеттік бағдарламаның қаражаты бюджеттік бағдарламалардың әртүрлі әкімшілері арасында бөлінген;
4) осы Кодекстің 20-бабының 4 және 9-тармақтарында көзделген;
5) осы Кодекстің 97-бабының 3-тармағында көзделген;
6) осы Кодекстің 115-бабының 1, 2 және 5-тармақтарында көзделген;
7) осы Кодекстің 116-бабының 5 және 6-тармақтарында көзделген;
8) осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.
3. Жергілікті бюджетті түзету:
1) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар мен олардың құрылымдық және аумақтық бөлімшелері құрылған, таратылған, қайта ұйымдастырылған, функциялары мен штат санының лимиттері өзгертілген жағдайларда жүзеге асырылады. Бұл ретте бюджетті түзету аталған жағдайларға байланысты тиісті бюджеттік бағдарламаларды жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімімен бекітілген (нақтыланған) осы бюджеттік бағдарламалардың жалпы сомасы шегінде біріктіруді, бөлуді, қысқартуды (ұлғайтуды), беруді білдіреді;
2) жоғары тұрған бюджеттен қосымша нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттер бөлінген және (немесе) бөлінген көлемдері өзгерген;
3) қаржы жылы ішінде төмен тұрған бюджетке Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервтен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, облыстың және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдарының резервтерінен қаражат бөлінген, сондай-ақ қаржы жылы ішінде төмен тұрған бюджетке жоғары тұрған бюджетте көзделген бөлінетін бюджеттік бағдарламадан қаражат бөлінген;
4) жергілікті бюджет комиссиясында міндетті түрде қарала отырып, бюджет құрылымын өзгертпей, жоғары тұрған бюджеттен берілетін қаражат есебінен қаржыландырылатын бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, қаражат бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арасында және (немесе) бюджеттік бағдарламалар арасында ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің он бес пайызынан аспайтын көлемде қайта бөлінген жағдайларда жүзеге асырылады.
Қарыздарды пайдалануға бағытталған қаражатты қайта бөлуге жол берілмейді;
5) бекітілген бөлінетін бюджеттік бағдарламаның қаражаты бюджеттік бағдарламалардың әртүрлі әкімшілері арасында бөлінген;
6) осы Кодекстің 20-бабының 4 және 9-тармақтарында көзделген;
7) осы Кодекстің 97-бабының 3-тармағында көзделген;
8) осы Кодекстің 115-бабының 1, 2 және 5-тармақтарында көзделген;
9) осы Кодекстің 116-бабының 5 және 6-тармақтарында көзделген;
10) осы баптың 4-тармағында көзделген;
11) жергілікті атқарушы органның борышы өтелген және оған қызмет көрсетілген жағдайларда жүзеге асырылады.
4. Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджетін түзету аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, бюджеттік мониторинг қорытындылары бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде бюджет қаражаты игерілмеген және (немесе) бюджеттік бағдарламалар тиімсіз орындалған кезде, бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің жиырма пайызынан аспайтын көлемдегі қаражат бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінген жағдайда жергілікті қоғамдастық жиналысымен міндетті түрде келісіле отырып, бюджет құрылымын өзгертпей жүзеге асырылады.
20-тарау. ТӨТЕНШЕ МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТТІ ӘЗІРЛЕУ, ЕНГІЗУ НЕМЕСЕ ОНЫҢ ҚОЛДАНЫСЫН ТОҚТАТУ
99-бап. Төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлеуге, енгізуге немесе оның қолданысын тоқтатуға негіз
1. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының аумағында төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу немесе оның күшін толық немесе ішінара жою туралы жарлықтары төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлеуге, енгізуге немесе оның қолданысын тоқтатуға негіз болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының бірнеше өңірінің аумағында бір мезгілде төтенше жағдайды енгізу төтенше жағдайдың салдары республиканың ұлттық мүддесі мен экономикалық қауіпсіздігіне нақты қатер төндіруі мүмкін болған жағдайда ғана төтенше мемлекеттік бюджетті енгізуге негіз болып табылуы мүмкін.
3. Төтенше мемлекеттік бюджетті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және ол Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітіледі.
4. Төтенше мемлекеттік бюджеттің қабылданғаны туралы Қазақстан Республикасының Парламенті дереу хабардар етіледі.
5. Төтенше мемлекеттік бюджеттің қолданылу уақытында республикалық бюджет туралы заңның және жергілікті бюджеттің барлық деңгейдегі бюджеттері туралы мәслихаттар шешімдерінің қолданылуы тоқтатыла тұрады.
6. Төтенше мемлекеттік бюджет төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген мерзім ішінде қолданылады.
7. Төтенше мемлекеттік бюджеттің қолданылуы тоқтатылысымен республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау жүргізіледі.
100-бап. Төтенше мемлекеттік бюджеттің жобасын әзірлеу
1. Қазақстан Республикасының Президенті төтенше немесе соғыс жағдайын енгізген кезде тиісті мемлекеттік органдар төтенше немесе соғыс жағдайы қолданылуы кезеңінде жүзеге асырылатын іс-шараларды қаржыландыру жөніндегі бюджеттік сұранымдарды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға енгізеді.
2. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган төтенше немесе соғыс жағдайындағы іс-шараларды қаржыландыруға арналған бюджеттік бағдарламалардың тізбесі мен көлемдерін жасайды және оларды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
3. Республикалық бюджет комиссиясы осы баптың 2-тармағында көрсетілген бюджеттік бағдарламалардың тізбелері мен көлемдерін мақұлдағаннан кейін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше мемлекеттік бюджет туралы жарлығының жобасын жасайды. Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше мемлекеттік бюджет туралы жарлығының жобасына:
1) осы Кодексте белгіленген құрылым бойынша жасалатын төтенше мемлекеттік бюджет;
2) төтенше мемлекеттік бюджеттің құрамына енгізілген және төтенше немесе соғыс жағдайындағы іс-шараларды қаржыландыруға арналған қажеттілік ескеріле отырып түзетілген республикалық және жергілікті бюджеттердің көрсеткіштері қоса беріледі.
4. Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше мемлекеттік бюджет туралы жарлығының жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі, егер Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу туралы жарлығында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің бекітуіне енгізеді.
21-тарау. БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
101-бап. Бюджеттің атқарылуы туралы жалпы ережелер
1. Бюджетке түсімдердің түсуін, бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) іске асырылуын қамтамасыз ету, бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану) жөніндегі іс-шаралар кешенін орындау бюджеттің атқарылуы болып табылады.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің өздеріне арналған бюджет қаражатын осы Кодекстің талаптарына және тиісті нормативтік құқықтық актілердің ережелеріне сәйкес нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсатында өздерінің пайдалануы бюджеттің шығыстар бойынша атқарылуы болып табылады.
2. Республикалық бюджеттің атқарылуын Қазақстан Республикасының Үкіметі қамтамасыз етеді.
3. Жергілікті бюджеттердің атқарылуын жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуын тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің аппараты қамтамасыз етеді.
4. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджетті атқару саласында басшылықты жүзеге асырады, өз құзыреті шегінде республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді, республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы, бухгалтерлік және бюджеттік есепке алу, қаржылық және бюджеттік есептілік саласында әдіснамалық басшылықты жүзеге асырады.
5. Бюджеттің атқарылуы ағымдағы қаржы жылының 1 қаңтарында басталып, 31 желтоқсанында аяқталады.
Бюджетке түсетін түсімдерді есепке жатқызуға және бюджеттен төлемдерді жүзеге асыруға байланысты ағымдағы қаржы жылының барлық операциясы ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанында аяқталады.
Ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанынан кейін бюджетке есепке жатқызылған түсімдер жаңа қаржы жылының түсімдері болып есептеледі.
Ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсаны аяқталғанға дейінгіні қоса алғанда пайдаланылмаған жоспарлы мақсаттардың қалдықтары жойылады.
Ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша пайда болған бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджет қаражатының қалдықтарын аккредитивтік және өзге де бюджеттен тыс шоттарға аударуға жол берілмейді.
6. Бюджеттің атқарылуы республикалық бюджет туралы заңмен немесе жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімімен бекітілген, тиісті қаржы жылына арналған бюджет қаражатының көлемдері шегінде жүзеге асырылады.
Бюджеттің атқарылуы кезінде жоспарлы кезеңнің екінші және (немесе) үшінші қаржы жылдарында көзделген бюджет қаражатын ағымдағы қаржы жылында пайдалануға жол берілмейді.
7. Бюджеттің атқарылуын ұйымдастыру және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджетті атқару жөніндегі қызметін үйлестіру бюджетті атқару жөніндегі тиісті уәкілетті органға жүктеледі.
8. Арнаулы мемлекеттік органдар бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайтын арнаулы мемлекеттік органдардың бюджетті атқару рәсімдерін, сондай-ақ білім беру саласындағы уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайтын білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобаны іске асыру кезіндегі бюджеттің атқарылу рәсімдерін қоспағанда, бюджеттің қазынашылық атқарылуы рәсімдерін және оларға кассалық қызмет көрсетуді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
102-бап. Мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін, өз иелігінде қалатын ақша бойынша атқару ерекшеліктері
102-бабы 1-тармағының қолданысы 2025 ж. 1 шілдеге дейін тоқтатылды, 2025 ж. 1 қаңтардан бастап 2025 ж. 1 сәуірге дейін осы тармақ 172-баптың 2-тармағының 1) тармақшасының редакциясында қолданылды, 2025 ж. 1 сәуірден бастап 2025 ж. 1 шілдеге дейін осы тармақ 172-баптың 2-тармағының 2) тармақшасының редакциясында қолданылды
1. Ғылым, білім беру, дене шынықтыру және спорт, сұрыптарды сынақтан өткізу, ветеринария, орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар салаларында мемлекеттік мекемелер, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету саласында арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының мемлекеттік мекемелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мемлекеттік мекемелері, мемлекеттік кітапханалар, мемлекеттік музейлер, музей-қорықтар және мемлекеттік архивтер өндіретін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақшаны қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында кіріс келтіретін қызметті жүзеге асыруға құқық берілген мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін ақша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті бюджетке есепке жатқызылуға тиіс.
2. Мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін, өз иелігінде қалатын ақша есебінен тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік мекеменің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін, өз иелігінде қалатын ақша есебінен азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу осы Кодекстің 109-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден алатын, өз иелігінде қалатын ақша бойынша іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу тәртібін, сондай-ақ республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің оларды өткізуден түскен ақша өз иелігінде қалатын тауарлары (жұмыстары, көрсетілетін қызметтері) тізбесінің сыныптауышын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
5. Өткізуден түскен ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуі бойынша ақылы қызмет түрлерін жүзеге асыру, мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түскен, өз иелігінде қалатын ақшаны пайдалану тәртібін тиісті саланың (аяның) орталық мемлекеттік органы айқындайды.
6. Мемлекеттік мекеменің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін, өз иелігінде қалатын ақша түсімдері мен шығыстарының жоспарын және мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін, өз иелігінде қалатын ақша түсімдері мен шығыстарының жоспарын жасау, бекіту, ұсыну және орындау тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
103-бап. Бюджеттің атқарылу процесі
1. Бюджеттің атқарылу рәсімдеріне:
1) мемлекеттік мекемелердің міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларын жасауы және оларды бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне ұсынуы;
2) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларын жасауы және оларды мемлекеттік қазынашылыққа және (немесе) бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органға енгізуі;
3) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның республикалық бюджет түсімдері бойынша жиынтық жоспарды, мемлекеттік қазынашылықтың және (немесе) бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органның тиісінше міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, республикалық және жергілікті бюджеттер бойынша түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасауы;
4) түсімдерді бірыңғай қазынашылық шотқа есепке жатқызу арқылы түсімдер бойынша бюджеттің атқарылуы;
5) мемлекеттік мекемелердің тіркелген азаматтық-құқықтық мәмілелерге және басқа да міндеттемелерге сәйкес төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыруы нәтижесінде бірыңғай қазынашылық шоттан қаражатты есептен шығару арқылы шығыстар бойынша бюджеттің атқарылуы жатады.
22-тарау. БЮДЖЕТТІҢ ҚАЗЫНАШЫЛЫҚ АТҚАРЫЛУЫ
104-бап. Бюджеттің қазынашылық атқарылуы туралы жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық бюджеттің атқарылуын қамтамасыз ету және жергілікті бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, салықтық емес төлемдер есебінен қалыптастырылатын бюджеттен тыс қорлардың атқарылуына кассалық қызмет көрсету жөніндегі іс-шаралар кешенін орындау бюджеттің қазынашылық атқарылуы болып табылады.
2. Қазынашылық сүйемелдеу - қолма-қол ақшаны бақылау шоттары арқылы төлемдер жүргізу кезінде құрылыспен байланысты бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде аванс беруге бөлінген қаражаттың нысаналы пайдаланылуын осы Кодекстің 110-бабына сәйкес ағымдағы бақылауды жүзеге асыру жөніндегі қызмет.
Қазынашылық сүйемелдеу дербес білім беру ұйымдарының инвестициялық шығындарын қаржыландыруға бағытталған бюджеттік инвестицияларға қолданылмайды.
3. Бюджеттің қазынашылық атқарылуын мемлекеттік қазынашылық және мемлекеттік қазынашылық органдары бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қамтамасыз етеді.
4. Бюджеттің қазынашылық атқарылуы рәсімдеріне мыналар жатады:
1) түсімдерді бірыңғай қазынашылық шотқа есепке жатқызу;
2) міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, республикалық бюджет бойынша түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын қалыптастыру, бекіту және жүргізу, мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері мен төлемдері бойынша жеке қаржыландыру жоспарларын, республикалық бюджет бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелері мен төлемдері жөніндегі қаржыландыру жоспарларын қабылдау және жүргізу және оларға өзгерістер енгізу туралы анықтамаларды қабылдау;
3) түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, жергілікті бюджеттердің міндеттемелері бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері мен төлемдері бойынша жеке қаржыландыру жоспарларын, жергілікті бюджеттердің бюджеттік бағдарламалары әкімшілерінің міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарларын қабылдау және жүргізу және оларға өзгерістер енгізу туралы анықтамаларды қабылдау;
4) кодтарды, қолма-қол ақшаны бақылау шоттарын және шоттарды ашу, жүргізу және жабу;
5) осы Кодексте белгіленген тәртіппен мемлекеттік мекемелердің азаматтық-құқықтық мәмілелерін тіркеу, ұлттық және шетел валютасымен төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру, ағымдағы бақылауды жүзеге асыру;
7) мемлекеттік сыртқы қарыздардың, байланысты гранттардың қаражатын және қоса қаржыландыру қаражатын алу мен есепке алу жөніндегі қаржылық рәсімдерді жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді тарту;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да рәсімдерді жүзеге асыру.
105-бап. Мемлекеттік мекеменің міндеттемелері мен төлемдері бойынша жеке қаржыландыру жоспары, бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспары, түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары
1. Мемлекеттік мекемелердің міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарлары, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарлары, түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары:
кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға және жергілікті бюджеттер туралы мәслихаттардың шешімдеріне;
кезекті қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерді іске асыру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың қаулыларына, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің шешіміне;
мемлекеттік органдардың даму жоспарларына;
облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларына;
квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарларына және (немесе) іс-шаралар жоспарларына;
бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларына сәйкес әзірленеді.
2. Мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері мен төлемдері бойынша жеке қаржыландыру жоспарларын мемлекеттік мекемелер бюджет шығыстарының функционалдық және экономикалық сыныптамалары бойынша әзірлейді және оларды бекіту және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарларын әзірлеу үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне береді.
3. Міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарлары бойынша шығыстардың жиынтық сомалары міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарларына сәйкес келуге тиіс.
4. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері шығыстардың функционалдық және экономикалық сыныптамалары бойынша әзірлейді және аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттерінен қаржыландырылатын, оларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің аппараттарына беретін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін қоспағанда, бюджеттік бағдарламалар деңгейінде мемлекеттік қазынашылыққа немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органға береді.
5. Міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, республикалық және жергілікті бюджеттер бойынша түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасауды, бекітуді және жүргізуді тиісінше мемлекеттік қазынашылық және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган жүзеге асырады, бұған жоғарыда санамаланған рәсімдерді тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің аппараттары жүзеге асыратын аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттері кірмейді.