Қазақстандық жұмыскерлердің тәлімгерлігін ұйымдастыру қағидаларын және шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 18 маусымдағы № 197 бұйрығы
(2026.03.11. берілген өзгерістермен)
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026.26.05. № 197 бұйрығымен (2026 ж. 13 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2026.19.10. № 410 бұйрығымен (2026 ж. 3 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) кіріспе жаңа редакцияда
«Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 37-1-бабының 9-тармағына және «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгінiң кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 81 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігi туралы ереженің 15-тармағы 119-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстандық жұмыскерлердің тәлімгерлігін ұйымдастыру қағидалары және шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерге қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.