(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БЮДЖЕТ КОДЕКСІ» 2025 ЖЫЛҒ...

Предыдущая страница

1) орталық мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық және аумақтық бөлімшелері құрылған, таратылған, қайта ұйымдастырылған, функциялары мен штат санының лимиттері өзгертілген жағдайларда жүзеге асырылады.

Бұл ретте бюджетті түзету аталған жағдайларға байланысты тиісті бюджеттік бағдарламаларды республикалық бюджет туралы заңда бекітілген (нақтыланған) осы бюджеттік бағдарламалардың жалпы сомасы шегінде біріктіруді, бөлуді, қысқартуды (ұлғайтуды), беруді білдіреді;

2) Республикалық бюджет комиссиясында міндетті түрде қарала отырып, бюджет құрылымын өзгертпей, қаражат бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арасында және (немесе) бюджеттік бағдарламалар арасында ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің он бес пайызынан аспайтын көлемде қайта бөлінген жағдайларда жүзеге асырылады.

Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген жағдайларда республикалық бюджетті түзету жүргізілгеннен кейін бекітілген (нақтыланған) республикалық бюджет көрсеткіштерінің өзгерістері туралы ақпаратты бес жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Парламентіне береді.

Қарыздар мен гранттарды пайдалануға бағытталған қаражатты қайта бөлуге жол берілмейді.

Осы тармақшаның бірінші абзацының бюджетті түзету кезінде қайта бөлінетін қаражат көлемін шектеу бөлігіндегі ережелері Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервке және Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервіне қолданылмайды;

3) бекітілген бөлінетін бюджеттік бағдарламаның қаражаты бюджеттік бағдарламалардың әртүрлі әкімшілері арасында бөлінген;

4) осы Кодекстің 20-бабының 4 және 9-тармақтарында көзделген;

5) осы Кодекстің 97-бабының 3-тармағында көзделген;

6) осы Кодекстің 115-бабының 1, 2 және 5-тармақтарында көзделген;

7) осы Кодекстің 116-бабының 5 және 6-тармақтарында көзделген;

8) осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.

3. Жергілікті бюджетті түзету:

1) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар мен олардың құрылымдық және аумақтық бөлімшелері құрылған, таратылған, қайта ұйымдастырылған, функциялары мен штат санының лимиттері өзгертілген жағдайларда жүзеге асырылады. Бұл ретте бюджетті түзету аталған жағдайларға байланысты тиісті бюджеттік бағдарламаларды жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімімен бекітілген (нақтыланған) осы бюджеттік бағдарламалардың жалпы сомасы шегінде біріктіруді, бөлуді, қысқартуды (ұлғайтуды), беруді білдіреді;

2) жоғары тұрған бюджеттен қосымша нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттер бөлінген және (немесе) бөлінген көлемдері өзгерген;

3) қаржы жылы ішінде төмен тұрған бюджетке Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервтен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, облыстың және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдарының резервтерінен қаражат бөлінген, сондай-ақ қаржы жылы ішінде төмен тұрған бюджетке жоғары тұрған бюджетте көзделген бөлінетін бюджеттік бағдарламадан қаражат бөлінген;

4) жергілікті бюджет комиссиясында міндетті түрде қарала отырып, бюджет құрылымын өзгертпей, жоғары тұрған бюджеттен берілетін қаражат есебінен қаржыландырылатын бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, қаражат бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері арасында және (немесе) бюджеттік бағдарламалар арасында ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің он бес пайызынан аспайтын көлемде қайта бөлінген жағдайларда жүзеге асырылады.

Қарыздарды пайдалануға бағытталған қаражатты қайта бөлуге жол берілмейді;

5) бекітілген бөлінетін бюджеттік бағдарламаның қаражаты бюджеттік бағдарламалардың әртүрлі әкімшілері арасында бөлінген;

6) осы Кодекстің 20-бабының 4 және 9-тармақтарында көзделген;

7) осы Кодекстің 97-бабының 3-тармағында көзделген;

8) осы Кодекстің 115-бабының 1, 2 және 5-тармақтарында көзделген;

9) осы Кодекстің 116-бабының 5 және 6-тармақтарында көзделген;

10) осы баптың 4-тармағында көзделген;

11) жергілікті атқарушы органның борышы өтелген және оған қызмет көрсетілген жағдайларда жүзеге асырылады.

4. Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджетін түзету аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, бюджеттік мониторинг қорытындылары бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде бюджет қаражаты игерілмеген және (немесе) бюджеттік бағдарламалар тиімсіз орындалған кезде, бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің жиырма пайызынан аспайтын көлемдегі қаражат бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінген жағдайда жергілікті қоғамдастық жиналысымен міндетті түрде келісіле отырып, бюджет құрылымын өзгертпей жүзеге асырылады.

 

 

20-тарау. ТӨТЕНШЕ МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТТІ ӘЗІРЛЕУ, ЕНГІЗУ НЕМЕСЕ ОНЫҢ ҚОЛДАНЫСЫН ТОҚТАТУ

 

99-бап. Төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлеуге, енгізуге немесе оның қолданысын тоқтатуға негіз

1. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының аумағында төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу немесе оның күшін толық немесе ішінара жою туралы жарлықтары төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлеуге, енгізуге немесе оның қолданысын тоқтатуға негіз болып табылады.

2. Қазақстан Республикасының бірнеше өңірінің аумағында бір мезгілде төтенше жағдайды енгізу төтенше жағдайдың салдары республиканың ұлттық мүддесі мен экономикалық қауіпсіздігіне нақты қатер төндіруі мүмкін болған жағдайда ғана төтенше мемлекеттік бюджетті енгізуге негіз болып табылуы мүмкін.

3. Төтенше мемлекеттік бюджетті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және ол Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітіледі.

4. Төтенше мемлекеттік бюджеттің қабылданғаны туралы Қазақстан Республикасының Парламенті дереу хабардар етіледі.

5. Төтенше мемлекеттік бюджеттің қолданылу уақытында республикалық бюджет туралы заңның және жергілікті бюджеттің барлық деңгейдегі бюджеттері туралы мәслихаттар шешімдерінің қолданылуы тоқтатыла тұрады.

6. Төтенше мемлекеттік бюджет төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген мерзім ішінде қолданылады.

7. Төтенше мемлекеттік бюджеттің қолданылуы тоқтатылысымен республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау жүргізіледі.

 

100-бап. Төтенше мемлекеттік бюджеттің жобасын әзірлеу

1. Қазақстан Республикасының Президенті төтенше немесе соғыс жағдайын енгізген кезде тиісті мемлекеттік органдар төтенше немесе соғыс жағдайы қолданылуы кезеңінде жүзеге асырылатын іс-шараларды қаржыландыру жөніндегі бюджеттік сұранымдарды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға енгізеді.

2. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган төтенше немесе соғыс жағдайындағы іс-шараларды қаржыландыруға арналған бюджеттік бағдарламалардың тізбесі мен көлемдерін жасайды және оларды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.

3. Республикалық бюджет комиссиясы осы баптың 2-тармағында көрсетілген бюджеттік бағдарламалардың тізбелері мен көлемдерін мақұлдағаннан кейін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше мемлекеттік бюджет туралы жарлығының жобасын жасайды. Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше мемлекеттік бюджет туралы жарлығының жобасына:

1) осы Кодексте белгіленген құрылым бойынша жасалатын төтенше мемлекеттік бюджет;

2) төтенше мемлекеттік бюджеттің құрамына енгізілген және төтенше немесе соғыс жағдайындағы іс-шараларды қаржыландыруға арналған қажеттілік ескеріле отырып түзетілген республикалық және жергілікті бюджеттердің көрсеткіштері қоса беріледі.

4. Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше мемлекеттік бюджет туралы жарлығының жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі, егер Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу туралы жарлығында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің бекітуіне енгізеді.

 

 

5-БӨЛІМ. БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫ

 

21-тарау. БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

101-бап. Бюджеттің атқарылуы туралы жалпы ережелер

1. Бюджетке түсімдердің түсуін, бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) іске асырылуын қамтамасыз ету, бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану) жөніндегі іс-шаралар кешенін орындау бюджеттің атқарылуы болып табылады.

Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің өздеріне арналған бюджет қаражатын осы Кодекстің талаптарына және тиісті нормативтік құқықтық актілердің ережелеріне сәйкес нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсатында өздерінің пайдалануы бюджеттің шығыстар бойынша атқарылуы болып табылады.

2. Республикалық бюджеттің атқарылуын Қазақстан Республикасының Үкіметі қамтамасыз етеді.

3. Жергілікті бюджеттердің атқарылуын жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді.

Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуын тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің аппараты қамтамасыз етеді.

4. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджетті атқару саласында басшылықты жүзеге асырады, өз құзыреті шегінде республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді, республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы, бухгалтерлік және бюджеттік есепке алу, қаржылық және бюджеттік есептілік саласында әдіснамалық басшылықты жүзеге асырады.

5. Бюджеттің атқарылуы ағымдағы қаржы жылының 1 қаңтарында басталып, 31 желтоқсанында аяқталады.

Бюджетке түсетін түсімдерді есепке жатқызуға және бюджеттен төлемдерді жүзеге асыруға байланысты ағымдағы қаржы жылының барлық операциясы ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанында аяқталады.

Ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанынан кейін бюджетке есепке жатқызылған түсімдер жаңа қаржы жылының түсімдері болып есептеледі.

Ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсаны аяқталғанға дейінгіні қоса алғанда пайдаланылмаған жоспарлы мақсаттардың қалдықтары жойылады.

Ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша пайда болған бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджет қаражатының қалдықтарын аккредитивтік және өзге де бюджеттен тыс шоттарға аударуға жол берілмейді.

6. Бюджеттің атқарылуы республикалық бюджет туралы заңмен немесе жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімімен бекітілген, тиісті қаржы жылына арналған бюджет қаражатының көлемдері шегінде жүзеге асырылады.

Бюджеттің атқарылуы кезінде жоспарлы кезеңнің екінші және (немесе) үшінші қаржы жылдарында көзделген бюджет қаражатын ағымдағы қаржы жылында пайдалануға жол берілмейді.

7. Бюджеттің атқарылуын ұйымдастыру және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджетті атқару жөніндегі қызметін үйлестіру бюджетті атқару жөніндегі тиісті уәкілетті органға жүктеледі.

8. Арнаулы мемлекеттік органдар бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайтын арнаулы мемлекеттік органдардың бюджетті атқару рәсімдерін, сондай-ақ білім беру саласындағы уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайтын білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобаны іске асыру кезіндегі бюджеттің атқарылу рәсімдерін қоспағанда, бюджеттің қазынашылық атқарылуы рәсімдерін және оларға кассалық қызмет көрсетуді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

 

102-бап. Мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін, өз иелігінде қалатын ақша бойынша атқару ерекшеліктері

102-бабы 1-тармағының қолданысы 2025 ж. 1 шілдеге дейін тоқтатылды, 2025 ж. 1 қаңтардан бастап 2025 ж. 1 сәуірге дейін осы тармақ 172-баптың 2-тармағының 1) тармақшасының редакциясында қолданылды, 2025 ж. 1 сәуірден бастап 2025 ж. 1 шілдеге дейін осы тармақ 172-баптың 2-тармағының 2) тармақшасының редакциясында қолданылды

1. Ғылым, білім беру, дене шынықтыру және спорт, сұрыптарды сынақтан өткізу, ветеринария, орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар салаларында мемлекеттік мекемелер, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету саласында арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының мемлекеттік мекемелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мемлекеттік мекемелері, мемлекеттік кітапханалар, мемлекеттік музейлер, музей-қорықтар және мемлекеттік архивтер өндіретін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақшаны қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында кіріс келтіретін қызметті жүзеге асыруға құқық берілген мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін ақша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті бюджетке есепке жатқызылуға тиіс.

2. Мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін, өз иелігінде қалатын ақша есебінен тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

3. Мемлекеттік мекеменің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін, өз иелігінде қалатын ақша есебінен азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу осы Кодекстің 109-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

4. Мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден алатын, өз иелігінде қалатын ақша бойынша іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу тәртібін, сондай-ақ республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің оларды өткізуден түскен ақша өз иелігінде қалатын тауарлары (жұмыстары, көрсетілетін қызметтері) тізбесінің сыныптауышын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

5. Өткізуден түскен ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуі бойынша ақылы қызмет түрлерін жүзеге асыру, мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түскен, өз иелігінде қалатын ақшаны пайдалану тәртібін тиісті саланың (аяның) орталық мемлекеттік органы айқындайды.

6. Мемлекеттік мекеменің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін, өз иелігінде қалатын ақша түсімдері мен шығыстарының жоспарын және мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін, өз иелігінде қалатын ақша түсімдері мен шығыстарының жоспарын жасау, бекіту, ұсыну және орындау тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

 

103-бап. Бюджеттің атқарылу процесі

1. Бюджеттің атқарылу рәсімдеріне:

1) мемлекеттік мекемелердің міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларын жасауы және оларды бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне ұсынуы;

2) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларын жасауы және оларды мемлекеттік қазынашылыққа және (немесе) бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органға енгізуі;

3) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның республикалық бюджет түсімдері бойынша жиынтық жоспарды, мемлекеттік қазынашылықтың және (немесе) бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органның тиісінше міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, республикалық және жергілікті бюджеттер бойынша түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасауы;

4) түсімдерді бірыңғай қазынашылық шотқа есепке жатқызу арқылы түсімдер бойынша бюджеттің атқарылуы;

5) мемлекеттік мекемелердің тіркелген азаматтық-құқықтық мәмілелерге және басқа да міндеттемелерге сәйкес төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыруы нәтижесінде бірыңғай қазынашылық шоттан қаражатты есептен шығару арқылы шығыстар бойынша бюджеттің атқарылуы жатады.

 

 

22-тарау. БЮДЖЕТТІҢ ҚАЗЫНАШЫЛЫҚ АТҚАРЫЛУЫ

 

104-бап. Бюджеттің қазынашылық атқарылуы туралы жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық бюджеттің атқарылуын қамтамасыз ету және жергілікті бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, салықтық емес төлемдер есебінен қалыптастырылатын бюджеттен тыс қорлардың атқарылуына кассалық қызмет көрсету жөніндегі іс-шаралар кешенін орындау бюджеттің қазынашылық атқарылуы болып табылады.

2. Қазынашылық сүйемелдеу - қолма-қол ақшаны бақылау шоттары арқылы төлемдер жүргізу кезінде құрылыспен байланысты бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде аванс беруге бөлінген қаражаттың нысаналы пайдаланылуын осы Кодекстің 110-бабына сәйкес ағымдағы бақылауды жүзеге асыру жөніндегі қызмет.

Қазынашылық сүйемелдеу дербес білім беру ұйымдарының инвестициялық шығындарын қаржыландыруға бағытталған бюджеттік инвестицияларға қолданылмайды.

3. Бюджеттің қазынашылық атқарылуын мемлекеттік қазынашылық және мемлекеттік қазынашылық органдары бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қамтамасыз етеді.

4. Бюджеттің қазынашылық атқарылуы рәсімдеріне мыналар жатады:

1) түсімдерді бірыңғай қазынашылық шотқа есепке жатқызу;

2) міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, республикалық бюджет бойынша түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын қалыптастыру, бекіту және жүргізу, мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері мен төлемдері бойынша жеке қаржыландыру жоспарларын, республикалық бюджет бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелері мен төлемдері жөніндегі қаржыландыру жоспарларын қабылдау және жүргізу және оларға өзгерістер енгізу туралы анықтамаларды қабылдау;

3) түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, жергілікті бюджеттердің міндеттемелері бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері мен төлемдері бойынша жеке қаржыландыру жоспарларын, жергілікті бюджеттердің бюджеттік бағдарламалары әкімшілерінің міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарларын қабылдау және жүргізу және оларға өзгерістер енгізу туралы анықтамаларды қабылдау;

4) кодтарды, қолма-қол ақшаны бақылау шоттарын және шоттарды ашу, жүргізу және жабу;

5) осы Кодексте белгіленген тәртіппен мемлекеттік мекемелердің азаматтық-құқықтық мәмілелерін тіркеу, ұлттық және шетел валютасымен төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру, ағымдағы бақылауды жүзеге асыру;

6) өтімділікті басқару;

7) мемлекеттік сыртқы қарыздардың, байланысты гранттардың қаражатын және қоса қаржыландыру қаражатын алу мен есепке алу жөніндегі қаржылық рәсімдерді жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді тарту;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да рәсімдерді жүзеге асыру.

 

105-бап. Мемлекеттік мекеменің міндеттемелері мен төлемдері бойынша жеке қаржыландыру жоспары, бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспары, түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары

1. Мемлекеттік мекемелердің міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарлары, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарлары, түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары:

кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға және жергілікті бюджеттер туралы мәслихаттардың шешімдеріне;

кезекті қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерді іске асыру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың қаулыларына, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің шешіміне;

мемлекеттік органдардың даму жоспарларына;

облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларына;

квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарларына және (немесе) іс-шаралар жоспарларына;

бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларына сәйкес әзірленеді.

2. Мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері мен төлемдері бойынша жеке қаржыландыру жоспарларын мемлекеттік мекемелер бюджет шығыстарының функционалдық және экономикалық сыныптамалары бойынша әзірлейді және оларды бекіту және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарларын әзірлеу үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне береді.

3. Міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарлары бойынша шығыстардың жиынтық сомалары міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарларына сәйкес келуге тиіс.

4. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері шығыстардың функционалдық және экономикалық сыныптамалары бойынша әзірлейді және аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттерінен қаржыландырылатын, оларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің аппараттарына беретін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін қоспағанда, бюджеттік бағдарламалар деңгейінде мемлекеттік қазынашылыққа немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органға береді.

5. Міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, республикалық және жергілікті бюджеттер бойынша түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасауды, бекітуді және жүргізуді тиісінше мемлекеттік қазынашылық және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган жүзеге асырады, бұған жоғарыда санамаланған рәсімдерді тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің аппараттары жүзеге асыратын аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттері кірмейді.

6. Бюджетке түсетін түсімдердің жиынтық жоспары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бюджетке түсетін төлемдер түсімдерінің мерзімдерін, алдыңғы жылдардағы бюджетке түсетін төлемдер түсімдерінің серпінін, мемлекеттік бағалы қағаздар кірістілігінің серпінін және бағалы қағаздар нарығындағы сұраныс пен ұсыныстар деңгейін талдау нәтижелерін, кредиттік шарттардың, қарыз шарттарының, байланысты гранттар туралы келісімдердің талаптарын негізге ала отырып, бюджет түсімдерінің санаттары, сыныптары, кіші сыныптары, сыныпталу ерекшеліктері бойынша жасалады.

Міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарлары бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарлары негізінде функционалдық топтар, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері және бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасының бюджеттік бағдарламалары бойынша жасалады.

Түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары теңгерімді болуға тиіс, бұл жыл басынан бастап өспелі қорытындысымен айлар бойынша түсімдерден шығыстардың асып кетуіне жол бермеуді білдіреді.

7. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасының ерекшеліктеріне қатысты және бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстардың жылдық және ай сайынғы көлемдерін өзгертпейтін өзгерістерді өздері дербес енгізеді.

Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне қажетті бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстардың ай сайынғы көлемдерін өзгерту мемлекеттік қазынашылық немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган арқылы жүзеге асырылады.

8. Бюджеттің атқарылуы барысында бюджеттік бағдарламаға (кіші бағдарламаға) бюджет қаражатын бюджеттік бағдарламаның паспортында көзделген түпкілікті нәтижені сақтай отырып, бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстардың жылдық көлемін өзгертпей, бір бюджеттік бағдарлама шегінде кіші бағдарламалар арасында, бір бюджеттік кіші бағдарлама шегінде іс-шаралар, жобалар, өңірлер арасында қайта бөлу кезінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және жағдайларда өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан нысаналы трансферттердің қаражатын бір бюджеттік бағдарлама шегінде кіші бағдарламалар арасында, сондай-ақ бір бюджеттік кіші бағдарлама шегінде іс-шаралар, жобалар, өңірлер арасында қайта бөлу міндетті түрде Республикалық бюджет комиссиясында қаралып және олардың нысаналы мақсаты сақтала отырып жүзеге асырылады.

9. Бюджеттік бағдарламаның басшысы бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің қаржыландыру жоспарларының және жеке қаржыландыру жоспарларының анықтығын, дұрыс ресімделуін және мемлекеттік қазынашылыққа немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органға уақтылы ұсынылуын және осы баптың 6-тармағында көзделген бюджет қаражатын қайта бөлудің негізділігін қамтамасыз етеді.