Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне банктік және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 5 тамыздағы № 49 Қаулысы
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістерді қарау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 16 шiлдедегi № 82 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23630 болып тіркелген) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістерді қарау қағидаларында:
1-тармақтың үшінші - жетінші абзацтары 2024 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Микроқаржы ұйымы Микроқаржылық қызмет туралы заңның 9-2-бабының 2-тармағында көзделген өтінішті алған күннен кейін күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішті қарайды және жазбаша нысанда, сондай-ақ микроқаржы ұйымына «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген идентификаттау құралдарын қолдану арқылы не микрокредит беру туралы шартта көзделген тәсілмен қарыз алушыны идентификаттауды жүзеге асыру мүмкіндігін беретін ақпараттандыру объектілері (бұдан әрі - ақпараттандыру объектілері) арқылы қарыз алушыға мынадай шешімдердің бірі туралы хабарлайды:
1) микрокредит беру туралы шарттың талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісетіні туралы;
2) микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту жөніндегі өз ұсынысы туралы;
3) Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мұндай бас тарту себептерінің уәжді негіздемесін көрсете отырып, микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тарту туралы хабарлайды.