Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 17 қыркүйектегі
№ 754 қаулысымен
бекітілген
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік гранттар беру
Қағидалары
(2025.19.11. берілген өзгерістермен)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік гранттар беру қағидалары (бұдан әрі - Мемлекеттік гранттар беру қағидалары) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі 94-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және кәсіпкерлерге бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларында мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі - әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда);
2) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі (бұдан әрі - тізілім) - осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар туралы мәліметтер қамтылған электрондық деректер базасы;
3) бизнес-сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі - БСН) - заңды тұлға (филиал мен өкілдік) және қызметін бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкер үшін қалыптастырылатын бірегей нөмір;
4) бизнес-жоба - кәсіпкердің өз бизнесін құру (тауарлар өндіру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету) мүмкіндігін ашатын, сипаттама, есеп-қисаптар, болжамдар нысанында орындалған, сондай-ақ жобаны іске асыру мерзімдері және бизнес-идеяларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын құру үшін берілетін мемлекеттік грант (бұдан әрі - мемлекеттік грант) көлемінің кемінде 20 %-ы деңгейінде кәсіпкердің өз қаражатымен (ақшалай қаражатпен, бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы/жылжымайтын мүлікпен) қоса қаржыландыру қамтылған жоспары;
5) бизнес-идея - тауарлар шығаруды, қызметтер көрсетуді, жұмыстарды орындауды көздейтін нақты жобаны іске асыруға бағытталған кәсіпкерлік бастама;
6) веб-портал - Интернет желісінде орналастырылған, субсидиялаудың ақпараттық жүйесін қолжетімді ететін интернет-ресурс;