«Жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың үлгілік қағидаларын, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын және «Ағаштарды кесуге рұқсат беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 235 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 3 наурыздағы № 121 бұйрығы
БҰЙРАМЫН:
1. «Жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың үлгілік қағидаларын, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын және «Ағаштарды кесуге рұқсат беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 235 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10886 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген «Ағаштарды кесуге рұқсат беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларында:
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Мемлекеттік қызмет көрсету процесінде көрсетілетін қызметті берушінің құрылымдық бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) әрекеттері:
1) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі өтінішті осы Қағидалардың 5-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттармен бірге олар түскен күні тіркеуді жүзеге асырады.
Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес өтініш жасаған жағдайда, өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады;
2) көрсетілетін қызметті берушінің жауапты орындаушысы құжаттары бар өтініштің осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін 3 (үш) жұмыс күні ішінде қарайды.