Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2026 жылғы 8 қазандағы
№ 355 бұйрығына 3 - қосымша
«Жүзім шаруашылығы»
кәсіптік стандарты
1. Кәсіптік стандарттың қолдану аясы: «Жүзім шаруашылығы» кәсіптік стандарты «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес әзірленген.
Кәсіптік стандарт жұмыскерлердің кәсіптік қызметтің белгілі бір түрін жүзеге асыруы, оның ішінде белгілі бір еңбек функцияларын орындауы үшін қажетті, сондай-ақ жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім беру бағдарламаларын әзірлеуде біліктілік деңгейлерін айқындауға арналған.
2. Осы кәсіптік стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) жүзім шаруашылығы - халықты жаңа піскен және кептірілген жүзіммен қамтамасыз етуге, сондай-ақ қайта өңдеу өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз етуге арналған асханалық және техникалық жүзім сұрыптарын өсіруге бағытталған агроөнеркәсіптік кешеннің саласы;
2) ампелография - жүзімнің түрлері мен сұрыптарын, олардың шығу тегін, қасиеттерін, жіктелуін және табиғи факторлар мен адам қызметінің әсерінен өзгеру заңдылықтарын зерттейтін ғылым;
3) дефолиация - негізінен дефолианттарды қолдану арқылы жүзім өсімдігінің жапырақтарын жасанды түрде жою процесі;
4) тілмелеу - қосалқы тамырлардың түзілуін ынталандыру мақсатында қалемшенің төменгі бөлігінің қабығына бойлай тіліктер салу;
5) катаровка - терең тамыр жүйесінің дамуын ынталандыру мақсатында телінген және өз тамырындағы жүзім бұталарының үстіңгі тамырларын, сондай-ақ телінген қалемшелер мен көшеттердің теліндісіндегі тамырларын алып тастау;
6) қалемшелерді кильчевалау - тамырлардың түзілуін ынталандыру және бүршіктердің ашылуын баяулату мақсатында қалемшенің төменгі бөлігіне жоғары температураның (24-26 °С), ал жоғарғы бөлігіне төмен температураның (16-18 °С) әсер етуі арқылы жүргізілетін отырғызу алдындағы дайындау;