«Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі» Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 9 қаңтардағы № 255-VIII Кодексі (қолданысқа енген жоқ)

Предыдущая страница

6. Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығының, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының куәландырушы орталығының, Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығының және Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарапының қызметін үйлестіруді уәкілетті орган жүзеге асырады.

 

53-бап. Арнаулы куәландырушы орталық

1. Арнаулы куәландырушы орталық - Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтіне сәйкестігін куәландыратын, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыратын уәкілетті бөлімшесі.

2. Қазақстан Республикасының арнаулы негізгі куәландырушы орталығы - арнаулы куәландырушы орталықтардың электрондық цифрлық қолтаңбасы ашық кілттерінің тиесілілігін және жарамдылығын растауды жүзеге асыратын куәландырушы орталық.

3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің сертификаттарын беру, сақтау, кері қайтарып алу және Қазақстан Республикасының арнаулы негізгі куәландырушы орталығының электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің тиесілілігі мен жарамдылығын растау қағидаларын бекітеді.

4. Қазақстан Республикасының арнаулы негізгі куәландырушы орталығының функцияларын жүзеге асыруды Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті қамтамасыз етеді.

5. Арнаулы куәландырушы орталықты аккредиттеу - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы куәландырушы орталықтың қызметті жүзеге асырудағы құзыреттілігін ресми мойындауы.

6. Арнаулы куәландырушы орталықтарды аккредиттеу арнаулы куәландырушы орталықтардың (Қазақстан Республикасының арнаулы негізгі куәландырушы орталығын қоспағанда) өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыруы үшін міндетті шарт болып табылады.

 

54-бап. Куәландырушы орталықты аккредиттеу

1. Куәландырушы орталықты аккредиттеу - куәландырушы орталықтың қызметтер көрсетудегі құзыреттілігін киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның ресми түрде мойындауы.

2. Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу куәландырушы орталықтардың (Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығын қоспағанда) өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыруы үшін міндетті шарт болып табылады. Аккредиттеуді киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

3. Егер уәкілетті орган бекітетін куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу қағидаларына сәйкес куәландырушы орталықтың өтінішінде неғұрлым қысқа мерзім көрсетілмесе, куәландырушы орталықты үш жыл мерзімге аккредиттеу тегін негізде жүзеге асырылады.

 

55-бап. Куәландырушы орталықтың функциялары

1. Куәландырушы орталық мынадай функцияларды орындайды:

1) электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын береді;

2) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификаттарын береді, сақтайды, кері қайтарып алады;

3) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификаттарын қолдану саясатын бекітеді;

4) уәкілетті орган бекітетін электрондық цифрлық қолтаңбаны қалыптастыру және түпнұсқалығын тексеру қағидаларына сәйкес электрондық құжатта электрондық цифрлық қолтаңбаның болған кезін растайтын уақыт белгісінің сервисін өтеусіз негізде береді;

5) кері қайтарып алынған электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификаттарының тізімі сервисін және электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатының кері қайтарып алу мәртебесін тексеру онлайн-сервисін өтеусіз негізде береді;

6) қолданыстағы және кері қайтарып алынған электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификаттарын есепке алуды жүзеге асырады;

7) пайдаланушылардың электрондық цифрлық қолтаңбасының сертификаттарын, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығына кері қайтарып алу туралы ақпаратты ұсынады;

8) электрондық цифрлық қолтаңба сертификатын Қазақстан Республикасының ұлттық куәландырушы орталығы берген, электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтімен қол қойылған, электрондық цифрлық қолтаңба сертификаттарын иегерінен түскен сұрау салу бойынша кері қайтарып алуды жүзеге асырады.

2. Куәландырушы орталық электрондық цифрлық қолтаңбаның сақтаудағы ашық кілттерінің және жабық кілттерінің жоғалуын, модификациялануын немесе қолдан жасалуын болғызбау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті.

3. Куәландырушы орталық электрондық цифрлық қолтаңба сертификаттарының иегерлері туралы мәліметтерді қорғауды қамтамасыз етеді және оларды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ашады.

4. Осы баптың 2-тармағында көзделген міндетті орындамағаны үшін куәландырушы орталық Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

5. Куәландырушы орталықтың электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификаттарын беру, сақтау, кері қайтарып алу, электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің тиесілілігін және жарамдылығын растау қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.

6. Электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификаттарының көшірмелері уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тиісті куәландырушы орталықтарда сақталады.

7. Куәландырушы орталықтарда кері қайтарып алынған электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификаттарының сақталу мерзімі кері қайтарып алынған күннен бастап кемінде бес жылды құрайды.

8. Осы баптың 7-тармағында көрсетілген мерзім өткеннен кейін кері қайтарып алынған электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификаттары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен архивтік сақтауға түседі.

 

56-бап. Куәландырушы орталық қызметінің тоқтатылуы

1. Куәландырушы орталықтың қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тоқтатылады.

2. Өз қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайда куәландырушы орталық қызметі тоқтатылғанға дейін күнтізбелік тоқсан күн бұрын ол қызмет көрсететін цифрлық жүйелердің барлық қатысушыларын және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органды бұл туралы хабардар етуге міндетті.

3. Куәландырушы орталықтың қызметі тоқтатылған кезде ол берген электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификаттары және электрондық цифрлық қолтаңбаның тиісті кілттері, электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатының иегерлері туралы мәліметтер электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатының иегерімен келісу бойынша басқа куәландырушы орталықтарға беріледі.

4. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзім өткеннен кейін электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификаттары және басқа куәландырушы орталықтарға берілмеген электрондық цифрлық қолтаңбаның тиісті кілттері өз қолданысын тоқтатады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақталуға тиіс.

 

57-бап. Шетелдік электрондық цифрлық қолтаңбаны тану

1. Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарапы - трансшекаралық өзара іс-қимыл шеңберінде шетелдік электрондық цифрлық қолтаңбаның және Қазақстан Республикасының аумағында берілген электрондық цифрлық қолтаңбаның түпнұсқалығын растауды жүзеге асыратын цифрлық жүйе.

2. Куәландырушы орталықтардың, шет мемлекеттердің сенім білдірілген үшінші тараптарының Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарапымен өзара іс-қимылын тіркеу және тоқтату қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.

3. Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарапының электрондық цифрлық қолтаңбасының түпнұсқалығын растау қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.

 

58-бап. Электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификаты иегерінің құқықтары мен міндеттері

1. Электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификаты - куәландырушы орталықтың электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған цифрлық жазба, ол электрондық цифрлық қолтаңбаның осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкестігін растауға қызмет етеді.

2. Электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатының иегері атына электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификаты берілген, электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатында көрсетілген ашық кілтке сәйкес келетін жабық кілтті заңды түрде иеленетін жеке немесе заңды тұлға болып табылады.

3. Электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатының иегері куәландырушы орталықтан осы Кодекске және уәкілетті орган бекіткен куәландырушы орталықтың электрондық цифрлық қолтаңба сертификатын беру, сақтау, кері қайтарып алу қағидаларына сәйкес электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатын кері қайтарып алуды талап етуге құқылы.

4. Электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатының иегері өзіне тиесілі электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін заңсыз қол жеткізуден және пайдаланудан қорғау жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.

5. Жабық кілт және куәландырушы орталық цифрлық жүйеге берген электрондық цифрлық қолтаңбаның тиісті ашық кілті сертификаты цифрлық жүйеге орнатылады және оның иегері оның сақталуын, қауіпсіз пайдаланылуын және заңсыз қол жеткізуден қорғалуын қамтамасыз етеді.

 

59-бап. Электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатын кері қайтарып алу

1. Электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатын берген куәландырушы орталық мынадай жағдайларда:

1) куәландырушы орталық айқындаған тәртіппен электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификаты иегерінің талап етуі бойынша;

2) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатын алған кезде анық емес мәліметтерді не толық емес құжаттар топтамасын ұсыну фактісі анықталған кезде;

3) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатының иегері қайтыс болғанда;

4) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификаты иегерінің тегі, аты немесе әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) өзгергенде;

5) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатының иегері - заңды тұлғаның басшысы ауысқанда, атауы ауысқанда, қайта ұйымдастырылғанда, таратылғанда;

6) заңды күшіне енген сот шешімі бойынша тиісті хабарламаның негізінде кері қайтарып алады.

2. Куәландырушы орталық куәландырушы орталықтың электрондық цифрлық қолтаңба сертификатын беру, сақтау, кері қайтарып алу қағидаларында айқындалған тәртіппен және мерзімдерде электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатын кері қайтарып алады.

 

60-бап. Электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатын беруден бас тарту

Куәландырушы орталық:

1) ұсынылған құжаттар толық болмаған;

2) анық емес мәліметтер ұсынылған;

3) сот актісі заңды күшіне енген;

4) адам он алты жасқа толмаған жағдайларда электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатын беруден бас тартады.

 

61-бап. Электрондық цифрлық қолтаңбаны қалыптастыру және оның түпнұсқалығын тексеру

1. Электрондық цифрлық қолтаңбаны қалыптастыру және оның түпнұсқалығын тексеру электрондық цифрлық қолтаңбаны қалыптастыру және оның түпнұсқалығын тексеру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Заңды тұлғаның (филиалдардың және өкілдіктердің) атынан қол қоюға арналған өкілеттіктер қол қою жүзеге асырылатын цифрлық жүйемен, Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығының өкілеттіктерін тексеру сервисі арқылы тексеріледі.

3. Электрондық құжаттарды тексерудің сенімділігі мен біркелкілігін қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган электрондық құжаттарды тексеру сервисін ұсынады.

4. Электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып электрондық құжаттарға қол қою жүзеге асырылатын цифрлық жүйе мұндай қолтаңбаларды жүйе иегері ұсынатын ашық сервис арқылы тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

5. Егер Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес заңды тұлға (филиал және өкілдік) қол қойған құжат мөрмен куәландырылуға жататын болса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай құжатқа қол қоюға құқығы бар заңды тұлға қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат өз қолымен қол қойылған және мөрмен куәландырылған қағаз жеткізгіштегі құжатпен тең деп танылады.

 

 

12-тарау. ЦИФРЛЫҚ ОРТАДАҒЫ ҚҰЖАТТАР

 

62-бап. Электрондық құжат

1. Анықтығын, тиесілілігін және өзгермейтіндігін растау электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен қамтамасыз етілген цифрлық жазба электрондық құжат болып танылады.

Электрондық құжат өзінің қасиеттерін өзгертпестен, өзі құрылған цифрлық жүйеден тыс айналым мен сақталу мүмкіндігіне ие болуға тиіс.

2. Осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін және оған қол қоюға өкілеттігі бар адамның электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған электрондық құжат қағаз жеткізгіштегі қол қойылған құжатпен тең болады.

3. Электрондық құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік және (немесе) мемлекеттік емес цифрлық жүйелер арқылы, сондай-ақ олардан тыс қалыптастырылады, сақталады және ұсынылады.

4. Мемлекеттік құпияларға жатқызылған қорғалып орындалған цифрлық жүйелерді пайдалана отырып, электрондық құжаттарды және мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын өзге де деректерді жинау, өңдеу, сақтау, беру, іздеу, тарату, пайдалану, қорғау, тіркеу, растау және жою тәртібін, сондай-ақ арнаулы куәландырушы орталықты құру, аккредиттеу және оның қызметін тоқтату тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті айқындайды.

5. Мемлекеттік органдардың электрондық құжаттары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен цифрлық архивтерге мемлекеттік сақтауға беріледі.

6. Заңды тұлғаның басшысы немесе оны алмастыратын адам осы заңды тұлғаның жұмыскеріне немесе ол тағайындаған адамға электрондық құжаттарға қол қоюға өкілеттік беруге құқылы. Бұл ретте әрбір жұмыскер өз атына алынған электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификатын және оған сәйкес келетін электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін пайдаланады.

 

63-бап. Цифрлық құжаттар

1. Цифрлық құжат - сұрау салу немесе ұсыну кезінде ұлттық тіркелімдерде қамтылған деректер негізінде цифрлық ортада қалыптастырылатын анық мәліметтерді материалдық емес цифрлық ұсыну.

2. Цифрлық құжат онда қамтылған мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді алу, мәмілелер жасасу немесе өзге де құқықтық қатынастарды жүзеге асыру үшін қажетті заңдық маңызы бар фактілер мен мәліметтерді растайды.

3. Цифрлық құжатты үшінші тұлғалар ұсынуға немесе тексеруге тиіс жағдайларда ол тиісті мемлекеттік органның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.

4. Цифрлық құжатты ұсыну кезінде оны дұрыс қалыптастыру мен техникалық тұтастығы үшін цифрлық құжаттар сервисінің операторы жауапты болады.

5. Төлем және қаржы қызметтерін алған кезде жеке басты куәландыратын цифрлық құжаттарды қаржы және төлем ұйымдары пайдаланады және оларға жеке тұлғалар жеке жүгінген (қатысқан) кезде цифрлық құжаттар сервисі арқылы ұсынылады.

 

64-бап. Цифрлық мәліметтер

1. Цифрлық мәліметтер - жеке құжатты ресімдемей фактілерді, құқықтар мен міндеттерді куәландыру үшін пайдаланылатын ұлттық тіркелімдерде және өзге де мемлекеттік цифрлық ресурстарда қамтылған деректер.

2. Құқықтық қатынастарда цифрлық мәліметтерді пайдалану, егер олардың анықтығын цифрлық құжаттар сервисі арқылы ұсыну кезінде растауға болатын болса, цифрлық құжатты ұсынуға теңестіріледі.

3. Мемлекеттік органдар мен ұлттық тіркелімдерге қолжетімділігі бар өзге де субъектілер қажетті мәліметтерді, егер мұндай мәліметтер ұлттық тіркелімдерде бар болса, адамнан құжаттарды ұсынуды талап етпей, тікелей эталондық деректер көздерінен алуға міндетті.

4. Цифрлық құжаттар сервисі арқылы үшінші тұлғалардың цифрлық мәліметтерге қол жеткізуі дербес деректерді қорғауды міндетті түрде қамтамасыз ете отырып, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен пайдаланушының келісімімен жүзеге асырылады.

 

65-бап. Цифрлық архив

1. Цифрлық архив - архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ұйымдастырылған және электрондық нысанда сақталатын электрондық архив құжаттарының және архив құжаттарының электрондық көшірмелерінің жиынтығы.

2. Цифрлық архив Қазақстан халқының мәдени мұрасын сақтау мақсатында жұмыс істейді.

3. Цифрлық архив Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес сақталатын ақпараттың қолжетімділігін, сақталуын, тұтастығын және құпиялылығын қамтамасыз етеді.

4. Цифрлық архивтің жұмыс істеу тәртібін киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

5. Электрондық құжаттар мен цифрлық объектілерді сақтау, пайдалану және жою архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

 

66-бап. Цифрлық орта субъектілеріне хабарлау

1. Цифрлық орта субъектілеріне хабарлау бірыңғай хабарламалар нүктесі арқылы цифрлық тәсілмен жүзеге асырылады.

2. Бірыңғай хабарламалар нүктесі - мемлекеттік органдардан хабарламаларды цифрлық объектілерге, ұялы байланыстың абоненттік құрылғысына және (немесе) электрондық поштаға, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде атаулы таратуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін және жеткізу мәртебелері туралы ақпаратты кепілді жеткізуді және сақтауды қамтамасыз ететін мемлекеттік цифрлық объект.

3. Бірыңғай хабарламалар нүктесінің хабархаттары тиісінше жеткізілу фактісі туралы ақпарат болған жағдайда жеткізілді деп танылады.

 

67-бап. Смарт-келісімшарттар

1. Смарт-келісімшарт - цифрлық технологияларды қолдану арқылы белгілі бір мән-жайлар туындаған кезде тараптар алдын ала келіскен талаптардың автоматты түрде орындалуын көздейтін шарт.

2. Тараптардың келісімі бойынша смарт-келісімшарт талаптарының барлығы немесе бір бөлігі бағдарламалық код түрінде, егер мұндай код тараптардың құқықтары мен міндеттерінің мазмұнын біржақты анықтауға мүмкіндік берсе және шарттарды адамның қабылдауы үшін қолжетімді нысанда жазып келтіру мүмкіндігін қамтамасыз етсе, көрсетілуі мүмкін.

3. Смарт-келісімшарт тараптар арасындағы дауларды шешу тәртібін көздеуге тиіс, онда дау бойынша түпкілікті шешімді адам Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе тараптардың келісімінде белгіленген рәсімге сәйкес қабылдайды.

4. Құқықтық қатынастар субъектілері смарт-келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындамауға не тиісінше орындамауға алып келген техникалық қатеге, бағдарламалық қамтылымның ақаулығына немесе цифрлық платформаның жұмыс істеуінен бас тартуға байланысты қауіп-қатерден қорғаудың сақтандыру және өзге де тетіктерін пайдалануға құқылы.

5. Қызметтің жекелеген салаларында смарт-келісімшарттарды пайдалануға қатысты талаптар осы Кодексте және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

 

 

5-БӨЛІМ. ЦИФРЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ

 

13-тарау. МЕМЛЕКЕТТІҢ ЦИФРЛЫҚ АРХИТЕКТУРАСЫ

 

68-бап. Мемлекеттің цифрлық архитектурасы

1. Мемлекеттің цифрлық архитектурасы - цифрлық шешімдерді келісілген дамытуды, интеграциялауды және стандарттауды қамтамасыз ету мақсатында цифрлық форматта қалыпқа келтірілген және ұсынылған, мемлекеттің жұмыс істеу мақсаттарына, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың салалары (аялары) бойынша міндеттеріне, функциялары мен процестеріне қол жеткізу үшін құрылатын және пайдаланылатын цифрлық объектілердің, цифрлық деректердің кешенді сипаттамасы.

2. Мемлекеттің цифрлық архитектурасы (оның ішінде «цифрлық үкімет» архитектурасы) мыналарды қамтиды:

1) цифрлық объектілерді (цифрлық жүйелерді және цифрлық платформаларды) құру мен дамытудың архитектуралық қағидаттары;

2) стандартталған өзара іс-қимыл интерфейстерін қоса алғанда, цифрлық жүйелердің интеграциясы мен үйлесімділігіне қойылатын талаптар;

3) бұлтты инфрақұрылымда орналастыруға дайын архитектураға қойылатын талаптар (бұлтты дайындық);

4) модульділікті, компоненттерді қайта пайдалануды және интероперабельділікті қамтамасыз ететін сервистік архитектураға қойылатын талаптар;

5) цифрлық деректердің сапасын, үйлесімділігін, қорғалуын және ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ететін цифрлық деректер архитектурасына қойылатын талаптар;

6) цифрлық деректерді қорғауды, киберқауіпсіздікті және киберқауіптерге төзімділікті қоса алғанда, архитектуралық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қойылатын талаптар.

3. Мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиесілі заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды іске асыруға және мемлекеттік қызметтер көрсетуге қатысатын өзге де ұйымдар уәкілетті орган бекітетін мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру, дамыту және мониторингтеу қағидаларын сақтауға міндетті.

 

69-бап. «Цифрлық үкімет» архитектурасы

1. «Цифрлық үкімет» - мемлекеттік органдардың бір-бірімен, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалармен цифрлық технологияларды кешенді пайдалануға негізделген цифрлық өзара іс-қимыл жүйесі.

2. «Цифрлық үкімет» архитектурасы негізінде «цифрлық үкімет» жұмыс істейді.

3. «Цифрлық үкіметтің» архитектурасын қалыптастыру, іске асырылуын мониторингтеу және дамыту цифрландыру және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы бірыңғай талаптарға және мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру, дамыту және мониторингтеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

 

70-бап. Смарт-қалалар мен смарт-өңірлер

1. Смарт-қалалар мен смарт-өңірлер - басқару, инфрақұрылым және көрсетілетін қызметтерді ұсыну цифрлық деректер мен цифрлық объектілер арқылы жасанды интеллект негізінде ұйымдастырылған қалалар мен өңірлер.

2. Смарт-қалалар мен смарт-өңірлерді дамыту мемлекеттің цифрлық архитектурасына және уәкілетті орган бекітетін «смарт-қалалар» мен «смарт-өңірлер» құру жөніндегі әдістемеге сәйкес жүзеге асырылады.

 

71-бап. Мемлекеттің цифрлық объектілерінің архитектуралық порталы

1. Мемлекеттің цифрлық объектілерінің архитектуралық порталы - цифрландыру саласындағы мониторинг, талдау және жоспарлау үшін мемлекеттік органдардың одан әрі пайдалануы мақсатында мемлекеттің цифрлық объектілері, мемлекеттің цифрлық архитектурасы, платформалық бағдарламалық өнімдер туралы мәліметтерді есепке алуды, сақтауды және жүйелеуді жүзеге асыруға арналған цифрлық объект.

2. Мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиесілі заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды іске асыруға және мемлекеттің цифрлық объектілерінің архитектуралық порталында мемлекеттік қызметтер көрсетуге қатысатын өзге де ұйымдар цифрлық объектілер мен олардың техникалық құжаттамасы туралы мәліметтерді орналастырады, мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру, дамыту және мониторингтеу қағидаларына сәйкес оларды есепке алуды және жаңартып отыруды жүргізеді.

3. Цифрлық объектіге техникалық құжаттаманың тізбесі мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру және іске асырылуын мониторингтеу қағидаларында айқындалады.

Техникалық құжаттама цифрлық объектіге арналған құжаттама жиынтығы болып табылады, оның негізінде цифрлық объектіні құру және дамыту, сондай-ақ оны тәжірибелік және өнеркәсіптік пайдалану жүзеге асырылады.

4. Мемлекеттің цифрлық объектілерінің архитектуралық порталы Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан цифрлық инфрақұрылымда жұмыс істейді.