Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға түзеу мекемелерінің түрлерін тағайындау жөніндегі сот практикасы туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының 2006 жылғы 23 маусымдағы № 7 Нормативтік қаулысы
(2011.21.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2018 жылғы 20 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түзеу мекемелерінің түрлерін тағайындау тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасының қылмыстық заңының өзгеруіне байланысты және заңның дұрыс әрі біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
1. Түзеу мекемесінің түрін дұрыс анықтау жазаның мақсатына қол жеткізу үшін маңызды және жасалған қылмыстың ауырлығын, қылмыскердің жеке басын, оның жасы мен жынысын ескере отырып, жазаның жеке орындалуын қамтамасыз етеді. Соттар бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жазасын өтейтін түзеу мекемесінің түрін тағайындау тәртібін анықтайтын Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің (әрі қарай - ҚЕ) 48, 79-баптарының ережелерін қатаң басшылыққа алуы қажет.
Осы орайда заң қандай да болмасын түзеу колониясының түрін соттың қалауы бойынша тағайындауға мүмкіндік бермейтінін назарда ұстаған жөн. Тек ерекше жағдайларда сот ҚК-нің 55-бабын қолданып, үкімде қабылданған шешімнің мәнін көрсете отырып жеңілірек режимдегі колония тағайындауға құқылы.
ҚК-нің 79-бабының тоғызыншы бөлігінде көрсетілген жағдайларда сот кәмелетке толмаған еркек жынысты сотталғанға бас бостандығынан айыру жазасын күшейтілген режимдегі тәрбиелеу колониясының орнына жалпы режимдегі тәрбиелеу колониясында өтеуді тағайындауы мүмкін.
2. ҚК-нің 48-бабының бесінші бөлігінің а) тармағына сәйкес, абайсызда қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған ерлер мен әйелдер жаза мерзіміне, бұрын сотталғанына және бұрын жасаған қылмыстары үшін бас бостандығынан айыру жазасын өтегеніне қарамастан колония-қоныстарға жіберіледі.