Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін сенімгерлік басқаруға және инвестициялауға уәкілеттік берілген адамдар мүдделер қақтығысы болған жағдайда нысаналы салым шартының талаптарына сәйкес тек қана нысаналы капитал қорының мүдделері үшін әрекет етуге міндетті.
7. Нысаналы капитал қорының және басқарушы компанияның (фидуциарийдің) лауазымды адамдары фидуциарлық міндеттемелерді, сондай-ақ эндаумент-қордың (нысаналы капитал) активтерін нысаналы пайдалануды бұзған жағдайларда, кез келген мүдделі тұлғаның мәмілені жарамсыз деп тану туралы сотқа жүгінуге құқығы бар.
8. Осы Заңда белгіленген фидуциарлық міндеттемелерді бұза отырып, мәмілені әдейі жасасқан адам, егер мұндай талап пайдакүнемдік уәждерден немесе жауаптылықтан жалтару ниетінен туындаса, мәмілені жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы емес.
24-бап. Инвестициялық кірісті пайдалану тәртібі
1. Инвестициялық кіріс осы Заңда, нысаналы капитал қорының құрылтай құжаттарында, эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасында, сыйға тарту, қайырмалдық немесе нысаналы салым шартында (шарттарында), сондай-ақ өсиетте көзделген мақсаттарға сәйкес не осы Заңда көзделген жағдайларда қамқоршылық кеңестің шешімімен пайдаланылады.
2. Инвестициялық кірісті пайдалану эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Инвестициялық кірістің пайдаланылуы оның нысаналы капитал қорының құрылтай құжаттарында көрсетілген мақсаттарға сәйкестігін қамтамасыз ететін нысаналы капитал қорының басқару органдарының бақылауына жатады.
4. Эндаумент-қор (нысаналы капитал) бір салымшының эндаументі (нысаналы салымы) есебінен қалыптастырылған жағдайда, егер нысаналы салым шартында өзгеше белгіленбесе, эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасы да осы салымшымен келісілуге тиіс.
5. Нысаналы капитал қоры есепті кезеңде түскен инвестициялық кіріс сомасының он бес пайызынан аспайтын соманы немесе есепті жылдағы инвестициялық кірістің көрсеткіші теріс болған жағдайда - эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) таза активтерінің орташа құнының 0,5 (нөл бүтін оннан бес) пайызынан аспайтын соманы нысаналы капитал қорының әкімшілік-басқару шығыстарына пайдалануға құқылы.
6. Үй-жайларды, ғимараттар мен құрылысжайларды жалға алу ақысы, негізгі құралдар мен шығыс материалдарын сатып алуға арналған шығыстар, аудит жүргізуге арналған шығыстар, нысаналы капитал қоры жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу, нысаналы капитал қорын немесе оның жекелеген құрылымдық бөлімшелерін басқаруға арналған шығыстар, нысаналы капитал қорын немесе оның жекелеген құрылымдық бөлімшелерін басқару жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған шығыстар нысаналы капитал қорының әкімшілік-басқару шығыстары болып табылады.
25-бап. Эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) таратып жіберу
1. Эндаумент-қор (нысаналы капитал) мынадай жағдайларда:
1) нысаналы капитал қорының құрылтайшыларымен келісу бойынша қамқоршылық кеңестің шешімі бойынша;
3) қолданылу мерзімі өткеннен кейін;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да жағдайларда таратылып жіберуге жатады.
2. Егер эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) мақсаттарын орындау және (немесе) нысаналы салым шартында белгіленген шектеулер Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзатын болса, қамқоршылық кеңес эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) таратып жіберуге құқылы.
3. Нысаналы капитал қорының осы Заң нормаларын және (немесе) нысаналы капитал қоры жарғысының талаптарын өрескел немесе бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде екі және одан да көп рет) бұзуы сот шешімі бойынша эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) таратып жіберу үшін негіз болып табылады.
Өрескел бұзу деп қасақана немесе адал болмау, ұқыпсыздық немесе осы Заңды білмеу салдарынан осы Заңның анық және елеулі түрде бұзылуы түсініледі.
Өз құзыреттері шегінде қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган, салымшылар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) таратып жіберу туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.
4. Эндаумент-қор (нысаналы капитал) таратып жіберілген жағдайда, егер сыйға тарту, қайырмалдық немесе нысаналы салым шартында (шарттарында), сондай-ақ өсиетте эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтеріне билік ету тәртібі белгіленбесе, қамқоршылық кеңес мынадай:
1) эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің қалған бөлігін басқа эндаумент-қорға (нысаналы капиталға), басқа нысаналы капитал қорына эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыру және (немесе) толықтыру үшін беру туралы;
2) эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің қалған бөлігін сыйға тарту, қайырмалдық немесе нысаналы салым шартында (шарттарында), сондай-ақ өсиетте белгіленген мақсаттарға немесе осы Заңда белгіленген жағдайларда, қаржылық жоспарға сәйкес эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасында көзделген қайырымдылық объектілерін қаржыландыруға пайдалану туралы;
3) салымшылар алдындағы міндеттемелерді өтеу үшін шешімдердің бірін қабылдауға құқылы.
5. Нысаналы капитал қорының нысаналы салым шартын жасасқан салымшылар, олардың мұрагерлері немесе өзге де құқық мирасқорлары алдындағы міндеттемелерінің мөлшері бастапқы эндаумент (нысаналы салым) сомасынан не бағалы қағаздарды, жылжымайтын мүлікті заттай қайтару мүмкін болмаған жағдайда осы мүліктің бағалау құнына тең сомадан, бірақ көрсетілген мүліктің бастапқы бағасынан аспауға тиіс.
6. Эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) таратып жіберу туралы ақпарат нысаналы капитал қорының ресми интернет-ресурсында міндетті түрде жариялануға тиіс.
7. Эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) таратып жіберуге байланысты шығасыларды нысаналы капитал қоры эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтері есебінен көтереді немесе мүлік жеткіліксіз болған жағдайда, нысаналы капитал қорына тиесілі өзге де мүлік есебінен жүргізіледі.
5-тарау. ЭНДАУМЕНТ-ҚОРДЫҢ (НЫСАНАЛЫ КАПИТАЛДЫҢ) АКТИВТЕРІН ҚҰРАЙТЫН
МҮЛІКТІ БАСҚАРУ
26-бап. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқару
1. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқаруды осы Заңға және нысаналы капитал қорының ішкі құжаттарына сәйкес немесе басқарушы компанияны (фидуциарийді) тарта отырып, нысаналы капитал қоры дербес жүзеге асырады.
2. Нысаналы капитал қоры эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қаржы активтерін республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген он мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен асқан кезде үш ай ішінде басқарушы компанияның (фидуциарийдің) сенімгерлік басқаруына беруге міндетті.
3. Басқарушы компанияны (фидуциарийді) айқындау тәртібі белгіленген өлшемшарттар (кәсіби тәжірибесі, нарықтағы беделі, тәуекелдерді басқару жүйесі және активтерді басқару тәртібі және басқалары) бойынша ашық конкурс негізінде белгіленеді.
Басқарушы компанияның (фидуциарийдің) ұйғарымы бойынша ашық конкурс өткізу шарттары нысаналы капитал қорының ресми интернет-ресурсында жариялануға тиіс.
4. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) осы Заңның 21-бабының 1-тармағында көрсетілген, инвестициялық портфельге енгізілмеген өзге де активтерін басқаруды нысаналы капитал қоры дербес жүзеге асырады.
5. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, сенімгерлік басқару шартының қолданылу кезеңінде нысаналы капитал қоры эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) сенімгерлік басқарудағы активтеріне қатысты қандай да бір әрекетті жүзеге асыруға құқылы емес.
6. Республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің он мың еселенген мөлшерінен аз соманы құрайтын эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қаржы активтерін басқаруды нысаналы капитал қорының жарғысымен осыған уәкілеттік берілген нысаналы капитал қорының басқару органы жүзеге асыра алады.
Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімді қамқоршылық кеңес қабылдайды.
7. Жылжымайтын және жылжымалы мүлікті, сондай-ақ зияткерлік меншік құқықтарын құрайтын эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқару ерекшеліктері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленеді.
27-бап. Эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құрамы
1. Эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтерін осы Заңның 21-бабының 1-тармағына сәйкес эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қаржы құралдары мен өзге де мүлкі құрайды.
2. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфелінің құрамына:
1) басқарушы компанияның (фидуциарийдің) басқаруындағы инвестициялық қорлардың акциялары немесе пайлары;
2) басқарушы компания (фидуциарий) шығарған (берген) активтер;
3) мемлекеттік бағалы қағаздарды және Қазақстан Республикасы қаржы агенттіктерінің агенттік облигацияларын қоспағанда, бір заңды тұлғаның бір түрдегі (шығарылымдағы) орналастырылған қаржы құралдарының жалпы санының он бес пайызынан асатын мөлшерде осы түрдегі (шығарылымдағы) қаржы құралдары кірмейді.
Егер эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерімен қандай да бір мәмілелерді жүзеге асыру нәтижесінде не өзге де жағдайларда эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құрамына қойылатын талаптар және (немесе) шектеулер бұзылатын болса, басқарушы компания (фидуциарий) осындай оқиға болғаннан кейінгі күнтізбелік бір күн ішінде қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органды хабардар етуге және эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құрамында осындай өзгерістер болған күннен бастап алты ай ішінде эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құрамын осы баптың талаптарына сәйкес келтіруге міндетті.
2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Осы баптың 2-тармағы эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқару үшін не бірнеше эндаумент-қордың активтерін (нысаналы капиталдарын) бірлесіп басқару үшін арнайы құрылатын (құрылған) инвестициялық қордың пайларына осы эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестицияларына қолданылмайды.
3. Эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтері мен басқарушы компанияның (фидуциарийдің) меншікті активтерінің лицензиаттардың дауыс беретін акцияларына инвестицияларының жиынтық көлемі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның оларды сатып алуға келісімін алуды талап ететін мөлшерден аз болуға тиіс.
4. Бір тұлға және нысаналы капитал қорының үлестес тұлғалары шығарған (берген) қаржы құралдарына (ақшаны қоспағанда) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтері есебінен жасалатын инвестициялардың жиынтық мөлшері қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
28-бап. Эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құнын айқындау
1. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) таза активтері мен активтерінің құнын айқындау қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) таза активтері мен активтерінің құнын айқындау Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүргізіледі.
3. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) таза активтері мен активтерін бағалау әдістері дұрыс қолданылмаған немесе олардың құны дұрыс есептелмеген жағдайда, басқарушы компанияларға (фидуциарийлерге) орындалуы міндетті нұсқаулар беруге құқылы.
29-бап. Инвестициялық декларация
1. Инвестициялық декларацияны эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарының тізбесін ескере отырып, нысаналы капитал қоры жасайды.
2. Инвестициялық декларацияда:
1) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық саясаты мақсаттарының, міндеттері мен стратегияларының сипаттамасы;
2) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялау объектілерінің тізбесі, мәмілелердің түрлері, инвестициялаудың шарттары, шектеулері мен лимиттері;
3) хеджирлеу мен әртараптандыру шарттары;
4) инвестициялық қызметті жүзеге асыру кезінде сақталуы қамтамасыз етілетін фидуциарлық міндеттемелер қамтылуға тиіс.
3. Басқарушы компания (фидуциарий) осы Заңда және сенімгерлік басқару шартында белгіленген тәртіппен және шарттарда нысаналы капитал қорына инвестициялық декларацияны өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде ұсыныстар енгізуге құқылы.
4. Инвестициялық декларация бекітілген немесе оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде нысаналы капитал қорының ресми интернет-ресурсында жарияланады.
30-бап. Басқарушы компания (фидуциарий) қызметі
1. Басқарушы компания (фидуциарий) осы Заңда, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде, сенімгерлік басқару шартында, инвестициялық декларацияда және фидуциарлық міндеттемелерде белгіленген талаптарға сәйкес әрекеттер жасау арқылы нысаналы капитал қорының мүдделері үшін эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерін сенімгерлік басқаруды жүзеге асырады.
2. Басқарушы компания (фидуциарий):
1) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) таза активтерінің құнын бағалауды, инвестициялық портфельге енгізілген активтерінің қозғалысын, құрамын және құнын есепке алуды жүзеге асыруға;
2) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерінің құнын, қозғалысын және құрамын кезең-кезеңмен, бірақ айына бір реттен сиретпей кастодианмен салыстырып тексеруді жүзеге асыруға;
3) сенімгерлік басқару шартына сәйкес кезең-кезеңмен, бірақ айына кемінде бір рет нысаналы капитал қорына таза активтердің құрамы мен құны туралы хабар беруге;
4) фидуциарлық міндеттемелерді, сенімділік, өтімділік, кірістілік және әртараптандыру қағидаттарын қамтамасыз ету қажеттілігін негізге ала отырып, эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерін басқаруды жүзеге асыруға;
5) жыл сайын эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерін сенімгерлік басқарумен байланысты бухгалтерлік және қаржылық есептілік аудитін жүргізуге;
6) нысаналы капитал қорын бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның немесе инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы басқарушы компания (фидуциарий) мұндай тоқтата тұру немесе айыру туралы білген күннен кейінгі күннен кешіктірмей сенімгерлік басқару шартында көзделген нысан бойынша мен тәртіппен хабардар етуге;
7) эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерін бөлек бухгалтерлік есепке алуды жүргізуді және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес олар бойынша қаржылық және өзге де есептілікті ұсынуды жүзеге асыруға;
8) нысаналы капитал қорын эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерін сенімгерлік басқару жөніндегі қызметке байланысты өзге де фактілер мен оқиғалар туралы сенімгерлік басқару шартында көзделген тәртіппен және мерзімдерде хабардар етуге;
9) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес эндаумент-қор (нысаналы капитал) туралы ақпаратты ашуға міндетті.
3. Басқарушы компания (фидуциарий) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерімен мәмілелер жасау кезінде мүддесі үшін өзі әрекет ететін эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) жеке атауын көрсетуге міндетті.
Көрсетілген талап бұзылған жағдайда басқарушы компания (фидуциарий) қабылданған міндеттемелерді өз есебінен орындайды.
31-бап. Кастодиандық қызмет көрсету
Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) басқарушы компанияның (фидуциарийдің) басқаруына берілген қаржы активтеріне кастодиандық қызмет көрсетуді кастодиан «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісіне және кастодиандық қызмет көрсету жөніндегі шартқа сәйкес жүзеге асырады.
32-бап. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезіндегі шектеулер
Басқарушы компания (фидуциарий) басқарылатын эндаумент-қорға (нысаналы капиталға) қатысты:
1) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерін басқару жөніндегі қызметке байланысты емес өз міндеттемелерінің немесе үшінші тұлғалар міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерін пайдалануға;
2) салдарынан Қазақстан Республикасының заңнамасында, фидуциарлық міндеттемелерде және инвестициялық декларацияда белгіленген талаптар бұзылатын мәмілелер жасауға;
3) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерін өтеусіз иеліктен шығару туралы инвестициялық шешімдер қабылдауға құқылы емес.
6-тарау. НЫСАНАЛЫ КАПИТАЛ ҚОРЛАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
33-бап. Халықаралық ынтымақтастық және сыртқы экономикалық қызмет
1. Қазақстан Республикасының нысаналы капитал қорларының қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Сыртқы экономикалық қызмет шеңберіндегі халықаралық ынтымақтастық мынадай бағыттарда жүзеге асырылуы мүмкін:
1) нысаналы капитал қорының активтеріне және эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтеріне шетелдік инвестицияларды тарту;
2) фидуциарлық міндеттемелерге және инвестициялық декларацияға сәйкес нысаналы капитал қорының активтерін және эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін шетелдік активтерге инвестициялау;
3) халықаралық экономикалық және қаржылық жобаларға қатысу;
4) нысаналы капитал қорларының және эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) қызметіне байланысты халықаралық қауымдастықтар мен ұйымдарға қатысу.
3. Нысаналы капитал қорларының сыртқы экономикалық қызметі олардың мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған және фидуциарлық міндеттемелер, олардың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар және тәуекелдерді тиімді басқару қағидаттарының сақталуы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
34-бап. «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында нысаналы капитал қорларының қызметін жүзеге асыру
Нысаналы капитал қорларының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, осы Заңда және «Астана» халықаралық қаржы орталығының актілерінде белгіленген қағидалар мен талаптарды сақтай отырып, «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында қызметін жүзеге асыруға құқығы бар.
35-бап. Осы Заңды бұзғаны үшін жауаптылық
Осы Заңды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылыққа алып келеді.
36-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2025 жылғы 30 маусым
№ 199-VIII ҚРЗ