Конкурс, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға және мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енгенге дейінгі кезеңге күн сайынғы және (немесе) апта сайынғы қажеттіліктегі тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 20 тамыздағы № 559 бұйрығы
(2025.06.04. берілген өзгерістермен)
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 35) тармақшасына және 18-бабы 2-тармағының 12) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес Конкурс, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға және мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енгенге дейінгі кезеңге күн сайынғы және (немесе) апта сайынғы қажеттіліктегі тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі бекітілсін.
2. Осы бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алуы заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.