Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2020 жылғы 29 мамырдағы
№ 69 бұйрығына 1-қосымша
«Жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу»
мемлекеттік көрсетілетін қызметтің
қағидалары
(2026.01.01. берілген өзгерістермен)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы «Жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу» мемлекеттік көрсетілетін қызметтің қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10 - бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және «Жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет (бұдан әрі-мемлекеттік көрсетілетін қызмет) тәртібін айқындайды.
2. Мемлекеттік қызметті облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық әділет органдары (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
3. «Бір өтініш» қағидаты - бір өтініш негізінде көрсетілетін бірнеше мемлекеттік қызметтердің жиынтығын көздейтін мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нысаны.
2-тарау. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі
ҚР Әділет министрінің 2024.06.12. № 1007 бұйрығымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2025 ж. 3 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу (бұдан әрі - аттестация) күні, уақыты мен орны туралы хабарландыруды көрсетілетін қызметті беруші өзінің интернет-ресурсында жариялайды.
Жеке тұлға (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті алушы) мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті берушіге өтінішті және құжаттарды «электрондық үкімет» www.egov.kz веб-порталы арқылы аттестаттау өткізілетін күнге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей жолдайды.