(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) «САЛЫҚ ЖӘНЕ БЮДЖЕТКЕ ТӨЛЕНЕТІН БАСҚА ДА МІНДЕТТІ ТӨЛ...

Предыдущая страница

8) төлеу туралы талап және төлеу мерзімдері;

9) тиісті салықтардың және бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдардың деректемелері;

10) шағым жасау мерзімдері мен орны.

4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жүргізілетін салықтық тексеру жағдайында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілетін салық төлеушіні тексеру нәтижелері туралы хабарлама қылмыстық істі қарау аяқталғаннан кейін шығарылады.

Бұл ретте тексеру нәтижелері туралы хабарлама қылмыстық істің аяқталғанын растайтын ресми құжат алынған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей шығарылады және салық төлеушіге табыс етіледі.

5. Тексеру нәтижелері туралы хабарлама салық төлеушінің (салық агентінің) жеке өзіне табыс етілуге және оның қолымен куәландырылуға немесе хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберілуге тиіс. Хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберілген тексеру нәтижелері туралы хабарлама, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, пошта байланысы немесе өзге байланыс ұйымының хабарламасына салық төлеушінің (салық агентінің) алғандығы туралы белгі қойылған күннен бастап салық төлеушіге (салық агентіне) табыс етілді деп есептеледі.

6. Салық органдары хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы салық төлеушіге (салық агентіне) жіберген тексеру нәтижелері жөніндегі хабарламаларды пошта немесе өзге байланыс ұйымы қайтарған жағдайда:

1) осы Кодексте белгіленген негіздер және тәртіп бойынша куәгерлерді тарта отырып салықтық зерттеп-қарауды жүргізу;

2) егер салықтық тексеру актісі осы Кодекстің 158-бабының 3-тармағына сәйкес салықтық зерттеп-қарау актісінің негізінде табыс етілсе, осындай хатты пошта немесе өзге байланыс ұйымының қайтару күні осындай хабарламаларды табыс ету күні болып табылады.

7. Тексеру нәтижелері туралы хабарламаны алған салық төлеуші (салық агенті), егер тексеру нәтижелеріне шағым жасамаса, оны хабарламада белгіленген мерзімдерде орындауға міндетті.

8. Салық төлеуші (салық агенті) тексеру нәтижелері туралы хабарламада көрсетілген салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және (немесе) өсімпұлдың есепке жазылған сомасымен келіскен жағдайда, салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі салықтық міндеттемені, сондай-ақ өсімпұлды төлеу жөніндегі міндеттемені орындау мерзімдері, егер осы Кодекстің 51-бабында өзгеше белгіленбесе, төлеу графигі қоса беріле отырып, салық төлеушінің (салық агентінің) өтініші бойынша алпыс жұмыс күніне ұзартылуы мүмкін.

Бұл ретте көрсетілген сома төлеу мерзімі ұзартылған әрбір күнге өсімпұл есепке жазыла отырып, бюджетке төленуге жатады және көрсетілген кезеңнің әрбір он бес жұмыс күн сайын тең үлестермен төленіп отырады.

Мынадай:

тексеру нәтижелері бойынша есепке жазылған акциздің және төлем көзінен ұстап қалынатын салықтардың сомаларын төлеу бойынша;

тексеру нәтижелеріне шағым жасалғаннан кейін тексеру нәтижелері бойынша есепке жазылған салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және өсімпұлдың сомаларын төлеу бойынша осы тармақта айқындалған тәртiппен салықтық міндеттемені орындау мерзімі ұзартылуға жатпайды.

9. Осы Кодекстің 158-бабының 7-тармағында көрсетілген міндеттемелердің сомасы осы Кодекстің 115-бабында айқындалған тәртіппен салық төлеушіге жіберілген, таратудың салықтық есептілігін ұсынған күннен бастап таратудың салықтық тексеруі аяқталған күнге дейінгі кезеңде салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және әлеуметтік төлемдердің есепке жазылған сомасы туралы хабарламада көрсетіледі.

10. Егер осы Кодекстің 142-бабы 1-тармағының 8) және 11) тармақшаларында көрсетілген тақырыптық тексерулерден басқа, жоспардан тыс салықтық тексеруді жүргізу кезінде салық органы сол бір салықтық кезеңде сол бір мәселе бойынша салық төлеушінің (салық агентінің) алдыңғы салықтық тексерулердің кез келгенін жүргізу кезінде анықталмаған Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылық жасау фактісін анықтаса, салық төлеушіге қатысты мұндай бұзушылық үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу басталмайды, ал басталған іс тоқтатылуға жатады.

Осы тармақтың ережелері Қазақстан Республикасының салық заңнамасын:

1) салықтың немесе төлемнің осы түрі бойынша бұрын тексерілген салықтық кезеңге қосымша салықтық есептілікті ұсыну арқылы салық төлеушінің (салық агентінің) салықтың немесе бюджетке төленетін төлемнің төлеуге жататын сомасын азайтуы бөлігінде;

2) салық органының сол бір салықтық кезеңде алдыңғы салықтық тексерулердің кез келгенін жүргізу кезінде жіберген сұрау салуына жауаптың нәтижелері бойынша, егер көрсетілген жауап осындай тексеру аяқталғаннан кейін алынған болса;

3) салықтың немесе бюджетке төленетін төлемнің төлеуге жататын сомасына әсер ететін және салық төлеуші (салық агенті) салықтың немесе төлемнің осы түрі бойынша сол бір салықтық кезеңде алдыңғы салықтық тексерулердің кез келгенін жүргізу барысында салық органының жазбаша сұрау салуына ұсынбаған құжаттарды қарау нәтижелері бойынша;

4) соттың үкiмi немесе қаулысы заңды күшiне енгеннен кейiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсi іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасаған шот-фактура жазып беру жөніндегі әрекетке (әрекеттерге) қатысты, егер салық органы осындай әрекет (әрекеттер) туралы мәлiметтердi мұндай әрекет (әрекеттер) жасалған салықтық кезеңде алдыңғы салықтық тексерулердiң кез келгені аяқталғаннан кейiн алғаш рет алса, анықталған бұзушылықтарға қолданылмайды.

 

 

3-параграф. Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді жекелеген жағдайларда, оның ішінде жанама әдіспен айқындау

 

160-бап. Жалпы ережелер

1. Есепке алуды жүргізу тәртібі бұзылған жағдайда, есепке алу құжаттамасы жоғалған немесе жойылған кезде салық органдары салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді осы бапта және осы Кодекстің 161, 162 және 163-баптарында айқындалған тәртіппен жанама әдістер (активтер, міндеттемелер, айналымдар, шығындар, шығыстар) негізінде айқындайды.

2. Осы Кодекстің 161-бабына сәйкес салық органдарының талаптары негізінде сұратылатын салықтық міндеттемелерді есептеу үшін салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін негіз болып табылатын құжаттардың болмауы немесе оларды салық төлеушінің (салық агентінің) ұсынбауы есепке алуды жүргізу тәртібін бұзу, есепке алу құжаттамасын жоғалту немесе жою деп түсініледі.

3. Активтерді, міндеттемелерді, айналымды, шығыстарды бағалау, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес нақты салыққа және бюджетке төленетін төлемге қатысты салықтық міндеттемені есептеу үшін қабылданатын басқа да салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бағалау негізінде салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің сомаларын айқындау салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындаудың жанама әдістері деп түсініледі. Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бағалау салықтық есептіліктен және (немесе) бастапқы есепке алу құжаттарынан, сондай-ақ басқа да көздерден алынған ақпарат негізінде жүзеге асырылады.

 

161-бап. Есепке алу құжаттары (мәліметтері) және өзге де құжаттар (мәліметтер) болмаған кездегі салықтық тексерулер

Егер салықтық тексеру барысында салық төлеуші (салық агенті) салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін қажетті құжаттардың барлығын немесе бір бөлігін ұсынбаған болса, салық төлеушіге (салық агентіне) көрсетілген құжаттарды ұсыну немесе қалпына келтіру туралы салық органының талабы, сондай-ақ салықтық тексеруді тоқтата тұру туралы хабарлама міндетті түрде табыс етіледі.

Салық төлеушіге (салық агентіне) талап ету табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде салық органының талабы орындалуға жатады.

Салық органының талабы бойынша салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін қажетті құжаттарды ұсынбаған салық төлеуші (салық агенті) көрсетілген құжаттарды ұсынбау себептерін жазбаша түсіндіруге міндетті.

 

162-бап. Ақпарат көздері

1. Салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді жанама әдістер негізінде айқындау үшін салық органдары мән-жайларға, тексерілетін салық төлеуші (салық агенті) қызметінің сипаты мен тегіне қарай мынадай:

1) екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттарында ақшаның болуы және оның қозғалысы туралы үзінді көшірмелерді;

2) уәкілетті мемлекеттік органдардың, заңды тұлғалардың, жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы;

3) салық төлеушінің (салық агентінің) бухгалтерлік есепке алу деректерімен салыстыруға жататын салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шоты негізінде салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер сомаларының есепке жазылуы және түсуі туралы;

4) салық төлеуші (салық агенті) мен оның өнім берушілері және сатып алушылар тексерілетін салықтық кезең үшін және алдыңғы салықтық кезеңдер үшін ұсынған салықтық есептілік нысандарынан алынған салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы;

5) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы, сондай-ақ өзге де көздерден алынған, тауарларды тиеп-жөнелтуді және (немесе) жұмыстарды орындауды және (немесе) қызметтерді көрсетуді жүзеге асырған тұлғаларға қатысты қарсы тексерулер нәтижелері туралы;

6) салық органы бұрын жүргізілген салықтық тексерулер, оның ішінде тексерілетін салық төлеушінің (салық агентінің) салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект болып табылатын мүлкін (тұрғын үй-жайлардан басқа) түгендеу кезінде алған;

7) салық органы салықтық және кедендік бақылаудың өзге де нысандарының нәтижелері бойынша алған мәліметтерді пайдалануы мүмкін.

2. Салық органдары:

1) банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға;

2) тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдарға және Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға;

3) тексерілетін салық төлеушінің өнім берушілерімен және сатып алушыларымен өзара есеп айырысулар мәселесі бойынша қарсы салықтық тексерулер жүргізу туралы басқа да салық органдарына;

4) шет мемлекеттердің құзыретті органдарына сұрау салулар жібереді.

3. Қажетті ақпарат мынадай көздерден де (құжаттамалық расталған):

1) тексерілетін салық төлеуші (салық агенті) орындаған қызмет көрсетулер құны туралы тапсырыс берушілерден және сатып алынған өнімнің құны мен көлемі туралы сатып алушылардан;

2) тексерілетін салық төлеушіге (салық агентіне) акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерінің өндірісі және айналымы саласында қызметтер көрсеткен, шикізатты, энергия ресурстарын және қосалқы материалдарды жіберуді жүзеге асырған жеке және заңды тұлғалардан алынуы мүмкін.

4. Ақпарат көздері мән-жайларға, тексерілетін салық төлеушінің (салық агентінің) қызмет сипаты мен тегіне қарай әрбір нақты жағдайда ерекшеленуі мүмкін.

 

163-бап. Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау тәртібі

1. Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау осы Кодекстің 162-бабында айқындалған тәртіппен алынған ақпараттың негізінде жүргізіледі.

2. Кірісті есептеу үшін салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттарына, төлем карточкаларына, сондай-ақ банктік шотынан үзінді көшірмемен расталатын өзге де төлем және есеп-қисап құжаттарынан ақшаның түсуі туралы ақпарат және салық төлеушінің (салық агентінің) ақшаны алу фактісін растайтын басқа да ақпарат (құжаттар) пайдаланылады.

3. Осы Кодекстің 162-бабында айқындалған жеке тұлғалар немесе ұйымдар тексерілетін салық төлеушіде (салық агентінде) басқа да алынған (алынуға жататын) кірістердің бар екендігіне қатысты ақпарат берген кезде осы кірістердің сомасы кірістің жалпы сомасына (салық салынатын айналымға) енгізілуге жатады.

4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің салық органдары берген ақпарат негізінде салық төлеушінің (салық агентінің) экспорттық операциялары бойынша валюталық түсім сомаларының түсу фактісі анықталған жағдайда, валюталық түсімнің бұл сомасы өткізу бойынша айналым мөлшеріне және жиынтық кіріс құрамына енгізіледі.

5. Осы бапқа сәйкес салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау кезінде салық төлеушінің (салық агентінің) бастапқы құжаттармен расталмаған шығыстары корпоративтік табыс салығын есептеу үшін шегерімдерге және қосылған құн салығын есептеу үшін есепке жатқызуға жатпайды.

6. Акцизделетін тауарлар бойынша салық салынатын база осы Кодекстің 466-бабының негізінде айқындалады.

Бұл ретте өндірілген акцизделетін тауарлардың көлемі шикізаттың, энергия ресурстары мен қосалқы материалдардың шығыстары мен ысыраптарының салалық нормаларына сәйкес айқындалады.

7. Салық төлеушіде (салық агентінде) бастапқы құнын растайтын құжаттары жоқ негізгі құралдардың, оның ішінде құрылысы аяқталмаған объектілердің, көлік құралдарының, жер учаскелерінің, материалдық емес активтердің, инвестициялық жылжымайтын мүліктің бар екендігі анықталған кезде, көрсетілген мүліктің нарықтық құны осы салық төлеушінің жиынтық кірісіне қосылады.

Объектілердің нарықтық құны салық органдары тартатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметін жүзеге асыратын бағалаушы есебінің негізінде айқындалады.

8. Жалақы төлеуге арналған банктік шоттан ақша алу және (немесе) жеке тұлғалардың банктік шоттарына банктік шоттан ақша аудару фактілері анықталған кездегі ақша да жеке табыс салығын, әлеуметтік салықты салу объектісі болуы мүмкін. Бұл ретте салықтық міндеттеме салық төлеушіге (салық агентіне) немесе үшінші тұлғаларға тиісті ақша сомаларын аудару (беру) туралы салық төлеушінің (салық агентінің) өкімін екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым орындаған кезде туындайды.

9. Салық органдары жанама әдістер негізінде айқындаған салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтер салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық есептілік нысандарында көрсетілген тиісті деректермен және салық органдарына ұсынылған өзге де есептермен салыстырылады.

10. Егер салық төлеуші (салық агенті) салықтық есептілікте мәлімдеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің сомасы жанама әдістерді қолдану негізінде айқындалған салықтардың сомасынан асып түскен жағдайда, тексеру кезінде салық төлеуші (салық агенті) салықтық есептілікте көрсеткен салықтардың сомасы қабылданады.

11. Егер салық төлеуші (салық агенті) салықтық есептілікте мәлімдеген кіріс сомасы басқа (қосымша) ақпарат көздерінен анықталған кіріс сомасынан асып түскен жағдайда, тексеру кезінде салықтық есептілікте көрсетілген кіріс сомасы қабылданады.

 

164-бап. Салық салу объектілерін жекелеген жағдайларда айқындау

1. Егер жеке тұлғаның салық декларациясында көрсетілген кірістері жеке тұтынуға, оның ішінде мүлік сатып алуға жұмсаған шығыстарына сәйкес келмесе, салық органдары кіріс пен салықты өткен кезеңдердегі кірістерді ескере отырып, оның жұмсаған шығыстары негізінде айқындайды.

2. Басқа да тұлғалар мен органдар көрсетілген кірісті алудың заңдылығына дау айтатын жағдайларда, кіріс салық салынуға жатады.

3. Егер кіріс сот шешімі бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда бюджетке алып қоюға жататын болса, онда көрсетілген кіріс одан төленген салық сомасы шегерілмей алып қойылады.

4. Салық органдары жеке тұлғаның төлем көзінен жеке табыс салығын салуға жатпайтын дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелмей кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан, сондай-ақ осы Кодекстің 36-тарауында белгіленген мүліктік кіріске немесе өзге де кірістерге жатпайтын кірістер алу фактісін анықтаған кезде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына немесе Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес дара кәсіпкер ретінде тіркелуге алып келетін кірістер шегінен асатын мөлшерде айқындалған осындай кіріс осы Кодекстің 320-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығын салуға жатады.

 

 

19-тарау. БАҚЫЛАУ-КАССА МАШИНАЛАРЫН ҚОЛДАНУ

 

165-бап. Осы тарауда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы тарауда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

2021.20.12. № 85-VII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) ақшалай есеп айырысулар - қолма-қол ақша және (немесе) төлем карточкаларын және (немесе) мобильдік төлемдерді пайдалана отырып есеп айырысулар арқылы тауарды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін жүзеге асырылатын есеп айырысулар;

2) бақылау-касса машиналарына техникалық қызмет көрсету орталығы (бұдан әрі - техникалық қызмет көрсету орталығы) - бақылау-касса машиналарына техникалық қызмет көрсету бойынша жарғыға (қызмет түріне) сәйкес қызметін жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъект;

3) бақылау-касса машиналарының мемлекеттік тізілімі (бұдан әрі - мемлекеттік тізілім) - уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға рұқсат берген бақылау-касса машиналары модельдерінің тізбесі;

4) бақылау-касса машинасы - тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы ақпаратты тіркеуді және көрсетуді қамтамасыз ететiн, деректерді беру функциясы жоқ фискалдық жады блогы бар электрондық құрылғы, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар (жоқ) аппараттық-бағдарламалық кешен, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар электрондық құрылғы;

5) бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасы - бақылау-касса машинасының салық органында тіркелу (есептен шығарылу) фактісін растайтын есепке алу құжаты;

6) бақылау-касса машинасының чегі - сатушы (тауарды, жұмысты, көрсетілетін қызметтi берушi) мен сатып алушы (клиент) арасындағы ақшалай есеп айырысудың жүзеге асырылу фактісін растайтын, қағаз түрінде не электрондық түрде берілген бақылау-касса машинасының бастапқы есепке алу құжаты;

7) көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу терминалы - көрсетілген қызметтер үшін қолма-қол ақша қабылдауға не төлем карточкаларын пайдалана отырып есеп айырысуларға арналған электрондық-механикалық құрылғы;

8) қолма-қол ақшаны есепке алу кітабы - қолма-қол ақшаның, тауар чектерінің, бақылау-касса машинасының фискалдық жады немесе фискалдық деректерді жинақтаушы көрсеткіштерінің ауысым сайынғы айналымын есепке алу журналы;

9) салық органының пломбасы - фискалдық жады блогы бар бақылау-касса машинасының корпусын санкциясыз ашудан қорғау құралы;

10) сауда автоматы - автоматты режимде қолма-қол ақша немесе төлем карточкаларын пайдалана отырып есеп айырысулар арқылы тауарларды өткізуді жүзеге асыратын электрондық-механикалық құрылғы;

11) тауар чегі - бақылау-касса машинасының техникалық ақауы болған немесе электр энергиясы болмаған жағдайларда пайдаланылатын ақшалай есеп айырысудың жүзеге асырылу фактісін растайтын бастапқы есепке алу құжаты;

12) тауар чектерінің кітабы - кітапқа біріктірілген тауар чектерінің жиынтығы;

13) фискалдық белгі - бақылау-касса машинасының фискалдық режимде жұмыс істейтінін растау ретінде бақылау-касса машинасының чектерінде көрсетілетін айрықша символ;

14) фискалдық деректер - фискалдық жады блогы бар бақылау-касса машинасының фискалдық жадында не деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасының фискалдық деректерді жинақтауышында тіркелетін және салық органдарына берілген, фискалдық белгісі бар ақшалай есеп айырысулар туралы ақпарат;

15) фискалдық деректерді жинақтауыш - деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машинасында жүргізілген ақшалай есеп айырысулар туралы ақпараттың түзетілмей тіркелуін және энергияға тәуелсіз ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін бағдарламалық-аппараттық құралдар кешені;

16) фискалдық деректер операторы - ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілері бойынша салық органдарына ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді жедел режимде беруді қамтамасыз ететін, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган айқындаған заңды тұлға;

17) фискалдық есеп - белгілі бір кезеңдегі фискалдық деректер көрсеткіштері туралы есеп;

18) фискалдық жады - деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машинасында жүргізілген ақшалай есеп айырысулар туралы қорытынды ақпараттың ауысым сайын түзетілмей тіркелуін және энергияға тәуелсіз ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін бағдарламалық-аппараттық құралдар кешені;

19) фискалдық режим - ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді фискалдық деректер операторы арқылы салық органдарына бір мезгілде бере отырып, ақпараттың фискалдық жадында не фискалдық деректерді жинақтауышта түзетілмей тіркелуін және энергияға тәуелсіз ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін бақылау-касса машинасының жұмыс істеу режимі.

 

166-баптың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 22-бабының редакциясында қолданылды

166-бап. Жалпы ережелер

1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай есеп айырысулар модельдері мемлекеттік тізілімге енгізілген, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналары мiндеттi түрде қолданыла отырып жүргiзiледi.

2. Осы баптың 1-тармағының ережесi:

1) жеке тұлғалардың;

2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) жеке сот орындаушыларының, адвокаттар мен медиаторлардың;

3) уәкілетті органмен келісу бойынша көлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен нысан бойынша билеттерді бере отырып, қалалық қоғамдық көлікте тасымалдау бойынша халыққа қызмет көрсету бөлігінде;

4) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің;

5) қызметі ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi жоқ жерлердегі салық төлеушілердің;

2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

6) екінші деңгейдегі банктердің;

2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

7) діни бірлестіктердің;

2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2021.24.06. № 53-VII ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

8) ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысуларды қоспағанда, Ұлттық пошта операторының ақшалай есеп айырысуларына;

2021.24.06. № 53-VII ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

9) арнаулы мобильді қосымша арқылы жүргізілетін ақшалай есеп айырысуларға қолданылмайды.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген тұлғалар ақшалай есеп айырысуларды жүзеге асыру кезінде модельдері мемлекеттік тізілімге енгізілген, деректер беру функциясы жоқ бақылау-касса машиналарын қолданады.

Аумағында ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілері жоқ Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктері туралы ақпарат уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырылады.

3. Салық төлеушілер қолданатын бақылау-касса машиналарын салық органдарында есепке алу:

1) бақылау-касса машинасын есепке қоюды;

2) тіркеу деректеріне өзгерістер енгізуді;

3) бақылау-касса машинасын есептен шығаруды қамтиды.

4. Сауда операциялары немесе қолма-қол ақша арқылы қызметтер көрсету кезінде ақшалай есеп айырысуларды жүзеге асыратын сауда автоматтары мен көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу терминалдары деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарымен жарақтандыруға жатады.

5. Бақылау-касса машиналарын қолдану кезінде мынадай талаптар қойылады:

1) ақшалай есеп айырысулармен байланысты қызмет басталғанға дейін бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою жүзеге асырылады;

2) тауар, жұмыс, көрсетiлетiн қызмет үшін төленген сомаға бақылау-касса машинасының чегін немесе тауар чегін беру жүзеге асырылады;

3) бақылау-касса машиналарына салық органдары лауазымды адамдарының қол жеткізуі қамтамасыз етіледі.

2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен; 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6-тармақ өзгертілді