«Дербес шоттарды жүргізу ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2008 жылғы 29 желтоқсандағы № 622 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің м.а 2017 жылғы 19 шілдедегі № 443 бұйрығы
ҚР Қаржы министрінің 2018 жылғы 27 ақпандағы № 306 бұйрығымен күші жойылды
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Дербес шоттарды жүргізу ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2008 жылғы 29 желтоқсандағы № 622 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілер тізілімінде № 5446 болып тіркелген, 2009 жылы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында № 3 жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Дербес шоттарды жүргізу ережелерінде:
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Ережелер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес әзірленді және салық төлеушілердің, салық агенттерінің дербес шоттарын жүргізу мен мемлекеттік кірістер органдарында салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (бұдан әрі - міндетті зейнетақы жарналары), Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды (бұдан әрі - әлеуметтік аударымдар), әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды және (немесе) жарналарды (бұдан әрі - міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар) есепке алу тәртібін айқындайды.