«Сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 10 ақпандағы № 44-VI Заңы (2026.26.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

Сот сараптамасы органы басшысының сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтары бар.

2. Сот сараптамасы органы басшысының:

1) сот сараптамасын жүргізу үшін қажетті объектілерді өзі дербес талап етуге;

2) осы сот сараптамасы органының қызметкерлері болып табылмайтын адамдарды сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) келісімінсіз оны жүргізуге тартуға;

3) сот сарапшысына нақты сот сараптамасы бойынша түйіндердің мазмұнын алдын ала шешетін нұсқаулар беруге құқығы жоқ.

 

18-бап. Сот сараптамасы органы басшысының міндеттері

Сот сараптамасы органының басшысы:

1) сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны, ұйғарымды және зерттеу объектілерін алған кезде заң талаптарын ескере отырып, осы сот сараптамасы органының нақты бір сот сарапшысына немесе сот сарапшылары комиссиясына жүргізуді тапсыруға;

2) сот сарапшысының тәуелсіздігі қағидатын бұзбай, сот сараптамасын жүргізу мерзімінің сақталуын, жүргізілетін зерттеулердің жан-жақтылығын, толықтығын, объективтілігі мен ғылыми негізділігін бақылауды, сондай-ақ сот сараптамасы объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге;

3) зерттеулер аяқталғаннан кейін сарапшының қорытындысын, зерттеу объектілерін және зерттеуге ұсынылған басқа да материалдарды сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) жолдауға;

4) сот сараптамасын жүргізуді ұйымдастыруға байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жария етпеуге;

5) зерттеулер жүргізу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.

 

19-бап. Сот сарапшысы

1. Сот сараптамасын жүргізу:

1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;

2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын жеке тұлғаларға;

3) осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларда біржолғы тәртіппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін.

2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталған адамдар Қазақстан Республикасының азаматтығында тұруға тиіс.

3. Біржолғы тәртіппен сот сараптамасын жүргізу:

1) уəкілетті орган белгілеген сот сараптамалары түрлерінің тізбесінде көзделмеген сот сараптамасы тағайындалған;

2) сот сараптамасы органдарының қызметкерлерi болып табылатын тиiстi мамандықтағы сот сарапшыларынан, сондай-ақ лицензия негiзiнде сот-сараптама қызметiмен айналысатын адамдардан уәжді бас тарту қанағаттандырылған не сот сараптамасы органы тұтастай сот сараптамасын жүргiзуден уәжді шеттетiлген;

3) осы Заңның 62-бабына сәйкес шет мемлекеттiң сот сарапшысы тартылған жағдайларда тапсырылуы мүмкiн.

4. Сот сарапшысы біліктілік талаптарына және заңда белгіленген өзге де талаптарға сай келуге тиіс.

5. Мынадай:

1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған;

2) заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар;

3) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде қылмыс жасағаны үшін сотталған немесе қылмыстық жауаптылықтан босатылған адам сот сарапшысы бола алмайды.

6. Тиісті заңдық факт басталған сәттен бастап үш жыл ішінде:

1) заңда белгіленген тәртіппен соттылығы өтелген немесе алынған;

2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтары немесе 36-бабы негізінде қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылған;

3) мемлекеттік қызметтен, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан, соттардан, әскери қызметтен, сот сараптамасы органдарынан тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған;

2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

4) сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиядан айрылған адам сот сарапшысы бола алмайды.

5) 2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

 

20-бап. Сот сарапшысына қойылатын біліктілік талаптары

Осы Заңның 19-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталған адамдар мынадай біліктілік талаптарына сай болуға:

1) жоғары білімі болуға;

2) сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу құқығын беретін біліктілік куәлігімен расталған сот сарапшысы біліктілігі болуға;

3) осы Заңда көзделген жағдайларда және тәртіппен аттестатталған болуға тиіс.

 

2026.14.07. № 350-VIII ҚР Заңымен 20-1-баппен толықтырылды (2026 ж. 26 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)

20-1-бап. Сот сарапшысының біліктілік даярлығы

1. Осы Заңның 19-бабының 5 жəне 6-тармақтарында аталған адамдарды қоспағанда, сот сарапшысы біліктілігін алуға ниет білдірген адам сот сарапшыларының міндетті біліктілік даярлығынан өтуге тиіс.

2. Сот сарапшыларының біліктілік даярлығын сараптама мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар жұмыс істеп жүрген сот сарапшылары жүргізеді.

3. Сот сарапшыларының біліктілік даярлығынан өтуін сот сараптамасы органы уəкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Сот сарапшылары палатасының қатысуымен сот сараптамасы органы əзірлеп, бекіткен сот сарапшыларының біліктілік даярлығынан өту тəртібі туралы ережеге сəйкес ұйымдастырады.

 

2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен 21-бап жаңа редакцияда (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

21-бап. Сот сарапшысы біліктілігін беру

1. Сот сарапшысы біліктілігін беру Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге жəне практикалық дағдылардың тиісті деңгейін тексеруге кешенді компьютерлік тестілеу арқылы, оған сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу құқығына сот сарапшысының біліктілік куəлігі беріле отырып жүзеге асырылады.

2. Сот сараптамасы органына сот сарапшысы ретінде жұмысқа алғаш рет кіретін адамдарға жəне сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияны алуға үміткер адамдарға (бұдан əрі - үміткерлер) сот сарапшысы біліктілігін беру тəртібі мен шарттарын уəкілетті орган айқындайды.

3. Егер үміткер осы Заңда белгіленген талаптарға сəйкес келмесе, сот сарапшысы біліктілігін беруге жіберуден бас тартылады.

4. Сот сарапшысы біліктілігін беруге жіберуден немесе сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу құқығына сот сарапшысының біліктілік куəлігін беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тəртіппен шағым жасалуы мүмкін.

5. Сот сарапшысы біліктілігін беру айына бір реттен сиретпей жүргізіледі.

6. Тестілеуден өтпеген үміткер ол өткізілген күннен бастап үш айдан кейін қайта тестілеуге жіберіледі.

 

2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен 22-бап жаңа редакцияда (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

22-бап. Сот сарапшысын аттестаттау

1. Сот-сараптама қызметін жиырма жылдан аса жүзеге асырып жүрген адамдарды қоспағанда, сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылатын сот сарапшылары, сондай-ақ лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын адамдар əрбір бес жыл сайын аттестаттаудан өтеді.

2. Сот сарапшысы біліктілігінің жеткіліксіздігі туралы куəландыратын, сот сарапшысының біліктілік талаптарына сəйкес келмеу жəне (немесе) сот-сараптама қызметімен айналысу кезінде осы Заңның талаптарын бұзу фактілері анықталған кезде оны кезектен тыс аттестаттау өткізіледі.

3. Сот сарапшысын аттестаттау тəртібі мен шарттарын уəкілетті орган айқындайды.

4. Аттестаттауға жіберуден бас тартуға жəне аттестаттамау туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тəртіппен шағым жасалуы мүмкін.

5. Сот сарапшысын аттестаттау айына бір реттен сиретпей өткізіледі.

6. Аттестаттаудан өтпеген сот сарапшысы аттестаттау өткізілген күннен бастап бір айдан кейін жəне үш айдан кешіктірілмей бір реттен асырмай қайта аттестаттауға жатады.

7. Аттестаттаудан қайта өте алмаған сот сарапшысы аттестатталмаған болып табылады жəне сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу құқығына біліктілік куəлігінен сот тəртібімен айырылады.

 

23-бап. Сот сарапшысының құқықтары

1. Сот сарапшысының:

1) сот сараптамасының нысанасына қатысты іс материалдарымен танысуға;

2) қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды оған беру, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын қабылдау туралы өтінішхаттарды мәлімдеуге;

3) қылмыстық процесті жүргізетін органның, тергеу судьясының, соттың, іс жүргізуінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жатқан органның (лауазымды адамның) рұқсатымен процестік әрекеттерді жүргізуге және сот отырысына қатысуға және оларға қатысатын адамдарға сот сараптамасы нысанасына қатысты сұрақтар қоюға;

4) өзі қатысқан процестік әрекеттің хаттамасымен, сондай-ақ тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және өзінің әрекеттері мен айғақтарының толық және дұрыс көрсетілуіне қатысты хаттамаларға енгізілуге жататын ескертулер жасауға;

5) сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) келiсуi бойынша сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған, іс үшін маңызы бар, сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда, ұйғарымда қамтылған мәселелердің шегінен тыс мән-жайлар бойынша өз құзыретi шегiнде қорытынды беруге;

6) ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақтар беруге; аудармашының көмегін тегін пайдалануға, одан бас тартуды мәлімдеуге;

7) сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) және іс бойынша іс жүргізуге қатысатын өзге де адамдардың сот сараптамасын жүргізу кезіндегі оның құқықтарына қысым көрсететін шешімдері мен әрекеттеріне шағым жасауға;

8) сот сараптамасын жүргізу кезінде жұмсалған шығыстардың өтемін және егер сот сараптамасын жүргізу оның лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмыс үшін сыйақы алуға құқығы бар.

2. Сот сарапшысының:

1) сот сараптамасын тағайындаған органды (адамды) хабардар етпей, процеске қатысушылармен сот сараптамасын жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге;

2) зерттеу үшін материалдарды өзі дербес жинауға;

3) егер сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) оған арнайы рұқсаты болмаса, объектілердің толық немесе ішінара жойылуына не олардың сыртқы түрінің немесе негізгі қасиеттерінің өзгеруіне алып келуі мүмкін зерттеулер жүргізуге құқығы жоқ.

 

24-бап. Сот сарапшысының міндеттері

Сот сарапшысы:

1) қылмыстық процесті жүргізетін органның, тергеу судьясының, соттың, іс жүргізуінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жатқан органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге;

2) өзіне ұсынылған объектілерге жан-жақты, толық және объективті зерттеу жүргізуге, өзінің алдына қойылған мәселелер бойынша негізделген жазбаша қорытынды беруге;

3) заңда көзделген жағдайларда қорытынды беруден бас тартуға, қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы уәжді жазбаша хабарлама жасауға және оны сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) беруге (жолдауға);

4) жүргізілген зерттеуге және берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақтар беруге;

5) зерттеуге ұсынылған объектілердің сақталуын қамтамасыз етуге;

6) істің мән-жайлары туралы мәліметтерді және сот сараптамасын жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған өзге де мәліметтерді жария етпеуге;

2026.14.07. № 350-VIII ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (2026 ж. 26 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

7) сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) шығыстар сметасын және жұмсалған шығыстар туралы есепті ұсынуға;

2026.14.07. № 350-VIII ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 26 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)

9) уəкілетті органның сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, сұрау салуда белгіленген ақылға қонымды мерзімде мəліметтер мен құжаттарды, сондай-ақ өзге де қажетті ақпаратты беруге міндетті.

 

 

4-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СОТ САРАПШЫЛАРЫ ПАЛАТАСЫ

 

25-бап. Қазақстан Республикасының Сот сарапшылары палатасы

1. Қазақстан Республикасының Сот сарапшылары палатасы (бұдан әрі - Палата) Палата мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қызметін үйлестіру, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы заңнамасын сақтауы үшін құрылатын коммерциялық емес, кәсіби, өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болып табылады.

2. Палата заңды тұлға болып табылады және заңда белгіленген тәртіппен тіркелуге жатады.

3. Лицензия негізінде сот-сараптама қызметiмен айналысатын адамдар Палата мүшелері болып табылады.

4. Палатаға мүшелік міндетті болып табылады.

5. Адамның осы Заңның 19-бабының талаптарына сәйкес келмеу жағдайларынан басқа, лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын адамға Палата мүшесі болуына бас тартылмайды.

Кіру жарналарын Палатаның алуына жол берілмейді.

6. Палатаның қызметін қаржыландыру міндетті жарналар және заңда тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады.

Жарналарды төлеу тәртібі, мөлшері және мерзімі Палатаның жарғысында белгіленеді.

2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

7. Астана, әрбір облыс және республикалық маңызы қала аумағында Палатаның филиалы болып табылатын сот сарапшыларының бір аумақтық палатасы (бұдан әрі - аумақтық палата) құрылады.

 

26-бап. Палатаның басқару органдары

1. Палатаның жоғары басқару органы оның мүшелерінің жалпы жиналысы болып табылады.

2. Палатаға басшылықты оның мүшелері жалпы жиналыста сайлаған төраға және басқарма жүзеге асырады.

3. Палата мүшелері жалпы жиналысының, төрағасының және басқармасының құзыреті оның жарғысында регламенттеледі.

4. Палата жалпы жиналысының айрықша құзыретіне мыналар жатады:

1) Палатаның жарғысын қабылдау, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

2) Палатаның төрағасын, басқарма және ревизиялық комиссия мүшелерін сайлау;

3) Палатаның төрағасын, басқарма және ревизиялық комиссия мүшелерін мерзімінен бұрын кері шақырту;

4) Палата қызметінің негізгі бағыттарын айқындау;

5) Палатаның бюджетін бекіту.

Палатаның жарғысында өзге де мәселелер көзделуі мүмкін, олар бойынша шешімдер қабылдау жалпы жиналыстың айрықша құзыретіне жатады.

5. Палата мүшелерінің жалпы жиналысын шақыру тәртібі мен мерзімдері оның жарғысында айқындалады.

6. Палатаның төрағасы болып кемінде он жыл сот-сараптама қызметінің өтілі бар адам сайланады.

2026.14.07. № 350-VIII ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 26 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

7. Палата төрағасы лауазымға екі жыл мерзімге жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Бір адам Палата төрағасы болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды.

Палата төрағасын сайлау баламалы негізде жүзеге асырылады.

8. Палата басқармасының мүшелері жасырын дауыс беру арқылы үш жылға сайланады.

 

27-бап. Палатаның жарғысы

1. Палатаның жарғысында:

1) қызметінің атауы, орналасқан жері, мақсаттары және негізгі түрлері;

2) Палатаның өкілеттіктері;

3) мүшелікті алу, тоқтата тұру және оны жою шарттары мен тәртібі;

4) мүшелерінің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі;

5) аумақтық палаталардың ұйымдық құрылымы, құқықтық жағдайы;

6) басшы органдарды қалыптастыру тәртібі, олардың функциялары мен өкілеттіктерінің мерзімдері;

7) ақша қаражатын және өзге де мүлікті қалыптастыру көздері, мүлікті басқару тәртібі;

8) оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;

9) Палатаны қайта құру және тарату тәртібі, оны таратқан жағдайда мүліктің жай-күйі көзделуге тиіс.

2. Палатаның жарғысында Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер қамтылуы мүмкін.

 

28-бап. Палатаның өкілеттіктері

1. Палатаның қызметі осы Заңда, оның жарғысында айқындалады.

2. Палата:

1) өз мүшелерінің, сондай-ақ аумақтық палаталардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;

2026.14.07. № 350-VIII ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 26 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)

1-1) аумақтық палаталар басшыларының қызметін бақылайды;

2) өз мүшелерінің, сондай-ақ аумақтық палаталардың мемлекеттік органдармен, өзге де заңды тұлғалармен қарым-қатынастарында сот-сараптама қызметін жүзеге асыруы кезінде олардың құқықтары мен заңды мүдделерін білдіреді және қорғайды;

2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3) сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензия алуға үміткер адамдарды дайындауда әдістемелік көмекті жүзеге асырады;

4) өз мүшелерін оқытуды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;

5) сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша ғылыми-әдістемелік материалдарды әзірлейді;

6) уəкілетті органға сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру, тоқтату және одан айыру туралы ұсынысты енгізеді;

7) өз мүшелерінің сот сарапшысының міндеттерін және сот сарапшысы әдебін бұзуына қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;

8) сот-сараптама қызметі мəселелері бойынша уəкілетті органның, Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарының норма шығарушылық қызметіне қатысады;

9) аумақтық палаталардың қызметін тексеруді жүзеге асырады;

10) сот-сараптама қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысады;

11) 2025.17.12. № 241-VIIІ ҚР Заңымен алып тасталды (2025 ж. 29 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

12) уəкілетті органға ол бекіткен нысан бойынша өз қызметі туралы статистикалық ақпарат ұсынады;

13) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асырады.

3. Палата лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын адамның жасаған әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) заңдылығы туралы мәселені қарау кезінде одан жүргізілген сот-сараптамалық зерттеулер туралы мәліметтерді, ал қажет болған жағдайларда жеке түсіндірмелер беруді, оның ішінде сот сарапшысының әдебін сақтамау мәселелері бойынша жеке түсіндірмелер беруді талап етуге құқылы.

 

29-бап. Аумақтық палатаның өкілеттіктері

1. Аумақтық палатаның қызметі осы Заңмен, Палатаның жарғысымен және оның филиалдары туралы ережемен реттеледі.

2. Аумақтық палата Палатаға жүктелген өкілеттіктерден туындайтын өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3. Аумақтық палата уəкілетті орган бекіткен нысан бойынша өз қызметі туралы статистикалық ақпаратты Палатаға ұсынады.

 

 

5-тарау. СОТ САРАПТАМАСЫН ЖҮРГІЗУ

 

30-бап. Сот сараптамасын жүргізу негіздері

2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2026.14.07. № 350-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 26 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Сот сараптамасын жүргізу негіздері Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде, сондай-ақ «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген.

2. Сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сараптамасы органының басшысына не осы Заңның 19-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамға сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу және қорытынды беру үшін қажетті зерттеу объектілерін және өзге де материалдарды ұсынады.

3. Тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу ерекшеліктері осы Заңның 6-тарауында айқындалады.

 

31-бап. Сот сараптамасын ұйымдастыру және жүргізу кезіндегі шектеулер

1. Заңда көзделген негіздер болған кезде сот сараптамасын жүргізуді сот сараптамасы органына тапсыруға болмайды, ал басталған сот сараптамасын жүргізу дереу тоқтатылады.

2. Сот сарапшысы сот сараптамасын жүргiзуге қатысудан бас тартуына болады, ал егер оған сот сараптамасы тапсырылған болса, заңда көзделген негiздер болған кезде оны жүргiзуді дереу тоқтатуға мiндеттi.

 

32-бап. Сот сараптамасының объектілері

1. Сараптамалық зерттеу объектiлерiнiң анықтығы мен жарамдылығына сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) кепiлдiк бередi.

2. Сот сараптамасы объектiлерi, егер олардың көлемдері мен қасиеттерi мүмкiндiк берсе, сот сарапшысына оралған және мөрленген түрде берiледi. Қалған жағдайларда сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сарапшысын зерттеу объектiлерi орналасқан жерге жеткiзудi, оларға кедергісіз қол жеткізуді және зерттеу жүргізу үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз етуге тиiс.

3. Зерттеулер жүргізу кезінде заттай дәлелдемелер мен құжаттар сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) рұқсатымен зерттеулер жүргізу және қорытынды беру үшін қаншалықты қажет болса, сол шамада ғана зақымдалуы немесе пайдаланылуы мүмкін. Көрсетілген рұқсат сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда, ұйғарымда немесе сот сарапшысының өтінішхатын қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан ішінара бас тарту туралы уәжді қаулыда, ұйғарымда қамтылуға тиіс.

4. Сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) рұқсатымен жүргізілген зерттеу объектілерінің зақымдалуы немесе жойылуы олардың меншік иесіне сот сараптамасы органының немесе сот сарапшысының залалды өтеуіне алып келмейді.

 

33-бап. Үлгілер

1. Үлгілерді алу тәртібі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде және осы Заңда белгіленген.

2. Үлгілерді алу сараптамалық зерттеудің бір бөлігі болып табылған жағдайларда, оны сот сарапшысы жүргізуі мүмкін.

3. Зерттеу процесінде сот сарапшысы эксперименттік үлгілерді дайындауы мүмкін, ол туралы қорытындыда хабарланады. Сот сараптамасын тағайындаған адам осындай үлгілерді дайындау кезінде қатысуға құқылы, бұл оның өзі жасайтын хаттамада көрсетіледі.

Зерттеу жүргiзгеннен кейiн сот сарапшысы үлгiлердi оралған және мөрленген түрде өзiнiң қорытындысына қоса береді.

 

34-бап. Сот сараптамасын жүргізу мерзімдері, оны ұзарту және тоқтата тұру

1. Сот сараптамасын жүргізу мерзімі сот сараптамасы органы не осы Заңның 19-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адам сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны, ұйғарымды және оның объектілерін іс жүргізуге қабылдаған күннен бастап есептеледі.

2. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген айрықша жағдайлардан басқа, сот сараптамасын жүргізу мерзімі отыз тәуліктен аспауға тиіс.

3. Сот сараптамасын жүргізу мерзімін ұзартуды сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сараптамасы органы басшысының не осы Заңның 19-бабы 1-тармағының 2), 3) тармақшаларына сәйкес сот сараптама қызметін жүзеге асыратын сот сарапшысының (сот сарапшыларының) уәжді өтінішхаты бойынша жүзеге асырады.

Ерікті түрде сот сараптамасына тартылатын немесе медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастырылған адамдардың сот сараптамасын жүргізу үшін онда болу мерзімін ұзарту тәртібі осы Заңның 47-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.

4. Қорытынды беру үшін қосымша материалдар қажет болған жағдайларда сот сараптамасы органының басшысы не осы Заңның 19-бабы 1-тармағының 2), 3) тармақшаларына сәйкес сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын сот сарапшысы (сот сарапшылары) сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) атына уәжді өтінішхат жолдайды. Бұл ретте, сот сараптамасын жүргізу тоқтатыла тұрады, бірақ ол он жұмыс күнінен аспауға тиіс.

Егер сот сараптамасын жүргізуді тоқтата тұру үшін негіз болған мән-жайлар жойылмаса, сот сараптамасы ұсынылған материалдар көлемінде жүргізіледі не бұл мүмкін болмаған жағдайда сараптама жүргізу үшін ұсынылған материалдар оны тағайындаған органға (адамға) орындалмастан қайтарылады.

5. Зерттеу жүргізілгеннен және сарапшы қорытындысы жасалғаннан не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарлағаннан кейін үш тәулік ішінде сот сараптамасының аяқталғаны туралы хабарланады не сарапшының қорытындысы (қорытынды беру мүмкін еместігі туралы хабарлама), зерттеу объектілері және басқа да материалдар сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) беріледі (жолданады).

 

35-бап. Процеске қатысушылардың сот сараптамасын жүргізу кезінде оған қатысуы

2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Процеске қатысушылардың сот сараптамасын жүргізу кезінде қатысуы Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде айқындалады.

2. Сот сараптамасын жүргізу кезінде оған қатысатын процеске қатысушылар зерттеулердің барысына араласуға құқылы емес, бірақ сот сараптамасының мәніне қатысты түсініктемелер бере алады.

3. Егер сот сараптамасын жүргізу кезінде оған қатысатын процеске қатысушы сот сарапшысының қызметіне кедергі келтірсе, сот сарапшысы зерттеуді тоқтата тұруға және процесті жүргізуші орган (адам) не сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) алдында процеске аталған қатысушыға сот сараптамасын жүргізу кезінде қатысу үшін рұқсат беруден бас тарту туралы өтінішхат беруге құқылы.

4. Сот сарапшысы қорытынды жасаған кезде, сондай-ақ сот сарапшыларының кеңесуі және түйіндерді тұжырымдауы сатысында, егер сот сараптамасын сот сарапшыларының комиссиясы жүргізсе, процеске қатысушылардың оған қатысуына жол берілмейді.