«Жылу энергиясын пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 211 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2025 жылғы 29 қазандағы № 417-н/қ бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Жылу энергиясын пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 211 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10234 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жылу энергиясын пайдалану қағидаларында:
2-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
«2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:
1) баланстық тиесілік - жылумен жабдықтау субъектісінің немесе тұтынушының меншік құқығымен немесе өзге де заңды негізде жабдықтың және (немесе) жылу желісінің тиесілігі;
2) баланстық тиесілік және пайдалану жауапкершілігінің шекарасы - жылумен жабдықтау субъектілері мен тұтынушылар арасындағы, сондай-ақ тұтынушылар мен қосалқы тұтынушылар арасындағы жылу желісінің баланстық тиесілігі бойынша айқындалатын және тараптардың пайдалану жауапкершілігін белгілейтін жылу желісін бөлу нүктесі;
3) бірыңғай есеп айырысу орталығы - тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті орган айқындайтын жұмыс істеу талаптары мен тәртібіне сәйкес келетін, бірыңғай төлем құжатын қалыптастыруды жүзеге асыратын және ақпараттық жүйелер негізінде коммуналдық көрсетілетін қызметтерді берушілер мен коммуналдық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін заңды тұлғалар;
4) бірыңғай төлем құжаты - қағаз жеткізгіште жасалған не электрондық нысанда қалыптастырылған, оның негізінде немесе оның көмегімен төлем және (немесе) ақша аудару жүзеге асырылатын, коммуналдық және қосымша көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуді жүзеге асыру үшін жасалған құжат;