Ғылыми-техникалық кеңес бойынша үлгілік ережені бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 23 қазандағы № 491 бұйрығы
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 39) тармақшасына және «Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 112-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ғылыми-техникалық кеңес туралы үлгілік ереже бекітілсін.
2. «Жер қойнауын пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың жобаларын қарау жөніндегі ғылыми-техникалық кеңестің қызметі туралы үлгілік ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 16 қарашадағы № 585 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33654 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.