«Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияларды беруге өтініштерді беру және оларды қарау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 23 мамырдағы № 365 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 2023 жылғы 14 қыркүйектегі № 6 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияларды беруге өтініштерді беру және оларды қарау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 23 мамырдағы № 365 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17003 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 188-бабының 6-тармағына және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:»;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны беруге өтініштерді беру және оларды қарау қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.