Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 23 маусымдағы № 379 бұйрығы
ҚР Қаржы министрінің 2016 жылғы 16 наурыздағы № 128 бұйрығымен күші жойылды
«Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығын қараңыз
«Мемлекеттік сатып алу туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 14-бабының 11), 12) және 13) тармақшаларына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк сатып алу заңнамасы департаментi (С.М. Ахметов) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
| Министр | Б. Сұлтанов |
Қаржы министрінің
2015 жылғы 23 маусымдағы
№ 379 бұйрығымен
бекітілген
Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру
қағидалары
Осы Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі - Қағида) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібін анықтайды.
1. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді
мемлекеттік сатып алуды жоспарлау
1. Осы Қағиданың 5 және 6-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешімді тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың бекітілген не нақтыланған жылдық жоспарының негізінде ғана қабылдайды.