«Мемлекет меншігіне жекелеген негіздер бойынша айналдырылған (түскен) бағалы металдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды тасымалдау, қабылдау, есепке алу, бағалау, сақтау және өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 12 мамырдағы № 300 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 28 ақпандағы № 322 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Мемлекет меншігіне жекелеген негіздер бойынша айналдырылған (түскен) бағалы металдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды тасымалдау, қабылдау, есепке алу, бағалау, сақтау және өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 12 мамырдағы № 300 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11427 болып тіркелген, 2015 жылғы 9 шілдеде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекет меншігіне жекелеген негіздер бойынша айналдырылған (түскен) бағалы металдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды тасымалдау, қабылдау, есепке алу, бағалау, сақтау және өткізу қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен қысқартулар:
1) алғашқы баға - бағалаушының бағалау туралы есебі негізінде комиссия белгілейтін баға;
2) арнайы байланыс қызметі - Ұлттық почта операторының республикалық арнайы байланыс қызметі;
3) асыл тастар - табиғи алмастар, зүбәржаттар, лағылдар, сапфирлер және александриттер, сондай-ақ шикі (табиғи) және өңделген түрдегі табиғи меруерт және бірегей жақұт қосылымдары;
4) бағалы металдар - алтын, күміс, платина және платина тобындағы металдар (палладий, иридий, родий, рутений және осмий);