6. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының түсімі және жұмсалуы ұлттық және шетелдік валюталармен жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының операциялары бойынша есепке алу мен есептілік ұлттық валютамен жүзеге асырылады.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
7. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында жасалатын сенімгерлік басқару туралы шарт негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының бухгалтерлік есебін жүргізу және қаржылық есептілігін жасау тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенімгерлік басқару нәтижелері бойынша қаржылық есептілік жасауды сенімгерлік басқару туралы шартқа сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
22-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру көздері
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру көздері:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсімдер;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқарудан түсетін инвестициялық кірістер;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де түсімдер мен кірістер болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсімдер:
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) мұнай секторы ұйымдарының тікелей салықтарынан (жергілікті бюджеттерге есептелетін салықтарды қоспағанда) тұрады, оларға:
корпоративтік табыс салығы, үстеме пайда салығы, жер қойнауын пайдалануға баламалы салық;
пайдалы қазбаларды өндіру салығы, бонустар, өнімді бөлу жөніндегі үлестер;
экспортқа рента салығы;
өнімді бөлу туралы келісімшарт бойынша қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының қосымша төлемі жатады;
2) мұнай секторы ұйымдары жүзеге асыратын операциялардан түсетін басқа да түсімдерден (жергілікті бюджеттерге есептелетін түсімдерді қоспағанда), соның ішінде мұнай келісімшарттары талаптарының бұзылғаны үшін түсімдерден (жергілікті бюджеттерге есептелетін түсімдерді қоспағанда);
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) республикалық меншікті жекешелендіруден түсетін түсімдерден;
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және тізбе бойынша олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың активтерін бәсекелес ортаға беруден түсетін түсімдерден;
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 3-2) тармақшамен толықтырылды
3-2) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйымның осы Кодекстің 39-2-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес сатып алынған активтерді сатуынан түсетін түсімдерден;
4) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдерден тұрады.
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Мұнай секторы ұйымдарына:
1) шикі мұнайды, газ конденсатын өндірумен айналысатын заңды тұлғалар;
2) шикі мұнайды, газ конденсатын барлауға келісімшарттар жасасқан заңды тұлғалар;
3) жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда берген пайдалы қазбаларды мемлекет атынан алушы жатады.
Келесі қаржы жылына мұнай секторы ұйымдарының тізбесін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мен жер қойнауын пайдалану, мұнай келісімшарттарын жасасу және орындау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын құзыретті орган бірлесе отырып, ағымдағы қаржы жылының 20 желтоқсанына қарай бекітеді.
4. Материалдық емес активтерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқарудан түсетін инвестициялық кірістер Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қаржы құралдарына орналастырудан құралады.
23-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан түсетін республикалық бюджетке кепілді трансферт түрінде;
2) 2011.24.11. № 495-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқаруға және жыл сайын аудит өткізуге байланысты шығыстарды жабуға;
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын мақсаттарға Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке берілетін нысаналы трансферттер түрінде жұмсалады.
2. Материалдық емес активтерді қоспағанда:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының сақталуын;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жеткілікті өтімділік деңгейін ұстап тұруды;
3) тәуекел деңгейі қалыпты болған кезде ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры кірістілігінің жоғары деңгейін;
4) ұзақ мерзімді перспективада инвестициялық кірістер алуды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры рұқсат етілген қаржы құралдарына орналастырылады.
3. Материалдық емес активтерді қоспағанда, рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын Басқару жөніндегі кеңестің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп айқындайды.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры жеке және заңды тұлғаларды кредиттеуге және міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдаланыла алмайды.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына активтерді есептеу және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану тәртібін айқындайды.
6. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан алынатын активтер Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген тәртіппен айырбастауға немесе қайта айырбастауға жатады.
24-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетін кепілдік берілген трансферт
2015.12.11. № 395-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетін түсімдер Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферт болып табылады.
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдік берілген трансферт мөлшері абсолюттік тіркелген мәнде айқындалады және Қазақстан Республикасының заңымен бекітіледі.
2011.24.11. № 495-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Есепті қаржы жылы ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке аударылмаған кепілдік берілген трансферт сомасын Республикалық бюджет комиссиясының ұсынысы бойынша және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіпке сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің бюджетті түзету арқылы азаматтық-құқықтық мәмілелері осы Кодекстің 96-бабының 5-тармағына сәйкес жасалған тиісті бюджеттік бағдарламалар бойынша төленбеген тіркелген міндеттемелер сомасынан аспайтын көлемде өткен қаржы жылының республикалық бюджетінде бекітілген ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламаларын қаржыландыру үшін ағымдағы қаржы жылында пайдалануға құқығы бар.
2011.24.11. № 495-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Есепті қаржы жылы үшін республикалық бюджетке Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан аударылмаған кепілдік берілген трансферт сомаларын тарту өткен қаржы жылының ағымдағы бюджеттік бағдарламалары, бюджеттік даму бағдарламалары бойынша тіркелген міндеттемелердің төленбеген бөлігінің және қаржы жылының басындағы бюджеттік қаражаттар қалдықтары айырмасының сомасында жүзеге асырылады.
25-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес материалдық емес активтерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын тиімді пайдалану және оны қаржы құралдарына орналастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейтін, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультациялық - кеңесші органы болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі Кеңестің функциялары:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану көлемдері мен бағыттары жөніндегі ұсыныстарды қарау және әзірлеу;
2015.02.08. № 342-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын орналастыру үшін, материалдық емес активтерді қоспағанда, рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу;
2015.02.08. № 342-V ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару бөлігінде «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңында белгіленген функциялар болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі Кеңесті құру туралы шешімді, оның құрамын және ол туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
6-тарау. Бірыңғай бюджеттік сыныптама
26-бап. Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың анықтамасы
1. Бірыңғай бюджеттік сыныптама объектілерге топтамалық кодтар бере отырып, бюджет түсімдері мен шығыстарын функционалдық, ведомстволық және экономикалық сипаттамалар бойынша топтастыру болып табылады.
2. Бюджет процесі бірыңғай бюджеттік сыныптама негізінде жүзеге асырылады.
2011.24.11. № 495-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Бiрыңғай бюджеттiк сыныптама бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулылары, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан және облыстық маңызы бар қала мәслихатының шешімдері негiзiнде жасалады.
2011.24.11. № 495-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ жаңа редакцияда
4. Бірыңғай бюджеттік сыныптаманы бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
27-бап. Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың құрамы
Бірыңғай бюджеттік сыныптама:
1) бюджет түсімдерінің сыныптамасын;
2) бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасын;
3) бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасын қамтиды.
28-бап. Бюджет түсімдерінің сыныптамасы
1. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына негізделген белгілі бір сипаттамалар бойынша барлық деңгейдегі бюджеттер түсімдерінің топтамасы бюджет түсімдерінің сыныптамасы болып табылады.
2. Бюджет түсімдері сыныптамасының топтамасы санаттан, сыныптан, кіші сыныптан және өзіндік ерекшеліктен тұрады.
Санаттар түсімдерді экономикалық белгілер бойынша топтастыруды көрсетеді.
Сыныптар мен кіші сыныптарда түсімдер олардың көздері мен түрлері бойынша топтастырылады.
Өзіндік ерекшелік бюджетке төлем немесе түсім түрін айқындайды.
245-бапқа сәйкес 29-бап алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілді
29-бап. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Функционалдық және ведомстволық белгілер бойынша бюджеттік қаражаттың жұмсалу бағыттарын айқындайтын, мемлекет функцияларының орындалуын, Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын іске асыруды көрсететін барлық деңгейлердегі бюджеттер шығыстарының топтамасы бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы болып табылады.
2. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасының топтамасы мынадай деңгейлерден тұрады:
функционалдық топтар;
функционалдық кіші топтар;
бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері;
бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар).
3. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы негізінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін және бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) топтастыру арқылы жасалатын бюджет шығыстарының ведомстволық сыныптамасы қалыптастырылуы мүмкін.
30-бап. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы
1. Бюджеттік бағдарламаларды іске асыру үшін мемлекеттік мекемелер жүзеге асыратын операцияларды көрсететін экономикалық сипаттамалар бойынша бюджет шығыстарын топтастыру бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы болып табылады.
2. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасын топтастыру санаттан, сыныптан, кіші сыныптан және өзіндік ерекшеліктен тұрады.
Санат шығыстарды экономикалық белгілері бойынша топтастырады. Сынып және кіші сынып шығыстарды мемлекеттік мекемелер жүргізетін операциялардың негізгі түрлері бойынша топтастырады. Өзіндік ерекшелік бюджеттік бағдарламаны іске асыру үшін мемлекеттік мекеме жүргізетін операцияның түрін айқындайды.
2011.24.11. № 495-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы ерекшеліктерінің құрылымын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
31-бап. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі
2011.24.11. № 495-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты мемлекеттік орган болып табылады.
Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі өзіне жүктелген функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес айқындалады.
Бюджеттік бағдарламалардың бір әкімшісінің құзыретіне жатқызуға болмайтын, экономиканың әртүрлі салаларындағы жобаларды іске асыруды көздейтін, ұлттық холдингтер мен ұлттық басқарушы холдингтің жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру жоспарланған бюджеттік бағдарламалар бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әкімші болады.
2. Егер бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бір мезгілде бюджеттік бағдарламаның әкімшісі және мемлекеттік мекеме болып табылса, ол бюджет қаражатын дербес пайдаланады.
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда; 2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Облыстық бюджеттік бағдарламалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері болып табылатын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ішкі істер органдарын және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органының аумақтық бөлімшелерін қоспағанда, мемлекеттік органдардың құрылымдық және аумақтық бөлімшелері бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бола алмайды.
4. Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдар республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері болып табылады.
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың базалық құрылымы және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасы негiзге алына отырып айқындалады.
2012.23.11. № 55-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Әкiмдердiң және облыстық мәслихаттардың, республикалық маңызы бар қалалар, астана мәслихаттарының аппараттары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкiмдiктерi уәкiлеттiк берген атқарушы органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиялары және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың iшкi iстер органдары облыстық бюджеттiк бағдарламалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттiк бағдарламаларының әкiмшiлерi болып табылады.
7. Аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің және мәслихатының аппараттары, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігі уәкілеттік берген атқарушы органдар аудандық (қалалық) бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері болып табылады.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің аппараттары осы әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері болып табылады.
2015.02.11. № 384-V ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
9. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылатын Қоғамдық кеңес отырысында стратегиялық жоспарлардың және бюджеттік бағдарламалардың жобаларын; стратегиялық жоспарлардың және бюджеттік бағдарламалардың орындалуын; стратегиялық жоспарлардың нысаналы индикаторларына қол жеткізу туралы есептерді, бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы есептерді, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы есептерді, қайырымдылықтан түсетін ақшаның түсуі мен жұмсалуы туралы есептерді, ашық бюджеттердің интернет-порталында бюджеттік бағдарламалардың жобаларын және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы есептерді жария талқылау қорытындылары бойынша есептерді талқылауды өткізеді.
245-бапқа сәйкес 32-бап алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілді
2015.12.11. № 395-V ҚР Заңымен 32-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
32-бап. Бюджеттік бағдарламалар
1. Стратегиялық жоспарды әзірлейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламасы стратегиялық жоспарда айқындалған мақсаттармен өзара байланысты республикалық бюджет шығыстарының бағытын айқындайды.
Стратегиялық жоспар әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламасы мемлекеттік орган туралы ережеде айқындалған өкілеттіктермен өзара байланысты республикалық бюджет шығыстарының бағытын айқындайды.
Жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламасы аумақты дамытудың тиісті бағдарламасында айқындалған мақсаттармен, нысаналы индикаторлармен не мемлекеттік орган туралы ережеде айқындалған өкілеттіктермен өзара байланысты жергілікті бюджет шығыстарының бағытын айқындайды.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.30.11. № 112-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісі бюджеттік бағдарламаны жылжымалы негiзде жыл сайын жоспарлы кезеңге әзiрлейдi және ол тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсеткіштерін, жоспарлы кезеңге жоспарланатын бюджет қаражатының көлемін қамтиды.
Стратегиялық жоспарлар әзірлейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органдармен келісу бойынша бекітеді.
Стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.
Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттерінен қаржыландырылатын жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарымен келісу бойынша бекітілетін бюджеттік бағдарламаларын қоспағанда, жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті жергілікті уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.
2017.30.11. № 112-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер немесе кредиттер есебінен іс-шараларды іске асыруға бағытталған бюджеттік бағдарламаларды төмен тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері нысаналы трансферттерді немесе кредиттерді аударатын жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламаларының әкімшісімен және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдармен келісу бойынша бекітеді (қайта бекітеді).
Жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалары әкімшісінің төмен тұрған бюджеттерге нысаналы даму трансферттерін немесе кредиттерді беруге бағытталған бюджеттік бағдарламаларында (кіші бағдармаларында) жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері немесе кредиттер есебінен қаржыландырылатын жергілікті бюджеттік инвестициялардың тізбесі жергілікті бюджеттік инвестициялардың атаулары мен жоспарлы кезеңге арналған шығыстар көрсетіле отырып, төмен тұрған бюджеттер бөлінісінде көрсетіледі.
Осы Кодекстің 46-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес төмен тұрған бюджеттердің кірістері бойынша шығындарды өтеуге бағытталған ағымдағы нысаналы трансферттерді қоспағанда, жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалары әкімшісінің ағымдағы нысаналы трансферттерді беруге бағытталған бюджеттік бағдарламаларында (кіші бағдарламаларында) тікелей нәтиже көрсеткіштері төмен тұрған бюджеттер бөлінісінде көрсетіледі.
Республикалық немесе облыстық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалары әкімшісінің төмен тұрған бюджеттерге нысаналы даму трансферттерін немесе кредиттерді беруге бағытталған бекітілген (қайта бекітілген) бюджеттік бағдарламаларын олар бекітілген (қайта бекітілген) күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың немесе аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарының назарына жеткізеді.
Аудандық (қалалық) бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалары әкімшісінің төмен тұрған бюджеттерге нысаналы даму трансферттерін немесе кредиттерді беруге бағытталған бекітілген (қайта бекітілген) бюджеттік бағдарламаларын олар бекітілген (қайта бекітілген) күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының назарына жеткізеді.
2017.30.11. № 112-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Республикалық бюджеттік бағдарламалар:
бюджетті нақтылау кезінде олардың қаржыландыру көлемдері мен нәтижелер көрсеткіштері өзгерген жағдайда, осы баптың 2-тармағына сәйкес мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органдармен немесе бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша;
бюджетті түзету кезінде олардың қаржыландыру көлемдері мен нәтижелер көрсеткіштері өзгерген жағдайда, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша қайта бекітіледі.
Жергілікті бюджеттік бағдарламалар жергілікті бюджетті нақтылау немесе түзету кезінде олардың қаржыландыру көлемдері мен нәтижелер көрсеткіштері өзгерген жағдайда, осы баптың 2-тармағына сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органмен келісу бойынша қайта бекітіледі.
2017.30.11. № 112-VI ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Бюджеттік бағдарламаларға мынадай:
қаражат бір бюджеттік бағдарламаның ішінде ағымдағы бюджеттік кіші бағдарламалар арасында қайта бөлінген;
бір бюджеттік бағдарламаның ішінде ағымдағы бюджеттік кіші бағдарлама бойынша қалыптасқан үнемдеу бюджеттік даму кіші бағдарламасына қайта бөлінген жағдайларда, бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бастамасы бойынша бюджеттік бағдарламаның түпкілікті нәтижесінің жоспарланған көрсеткіштері сақталған жағдайда бюджеттік бағдарлама бойынша жылдық қаржыландыру көлемін өзгертпей, мемлекеттік жоспарлау және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органдармен келіспей немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органмен келісу бойынша өзгерістер енгізіледі.