4. Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде Алатау қаласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың мынадай ерекшеліктері көзделеді:
1) әкімшілік айыппұлдардың жекелеген мөлшерлері;
2) Алатау қаласындағы әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеп-белгілеу тәсілдері;
3) әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен реттелетін қоғамдық қатынастар саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтың жекелеген құрамдары;
4) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің ведомстволық тиесілі болуы;
5) Алатау қаласы әкімшілік органдарының және (немесе) олардың лауазымды адамдарының Алатау қаласындағы әкімшілік құқық бұзушылық бойынша істерді қарау және әкімшілік жаза қолдану жөніндегі құзырет.
5. Алатау қаласы әкімшілігінің нормативтік құқықтық актісінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде көзделген бірдей іс-әрекет үшін әкімшілік жауаптылық белгіленген жағдайда әкімшілік айыппұл мөлшері көрсетілген Кодексте көзделген әкімшілік айыппұлдың мөлшерінен төмен болмауға тиіс.
72-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
72-бап. Алатау қаласында реттеу режимін бұзғаны үшін жауаптылық
1. Жеке және заңды тұлғалар Алатау қаласының аумағында болған кезде, сондай-ақ реттелетін қоғамдық қатынастарды қозғайтын әрекет (әрекетсіздік) жасаған кезде резиденттігінің болуына қарамастан, осы Конституциялық заңның және Алатау қаласының өзге де заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.
2. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде резиденттігі жоқ және Алатау резиденті шарт бойынша тартқан адам Алатау қаласы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін, егер Алатау резиденті өз кінәсінің жоқтығын және бұзушылықтың алдын алу бойынша ақылға қонымды шаралар қабылдағанын дәлелдемесе, жауапты болатын жағдайлар көзделуі мүмкін.
3. Алатау қаласы заңнамасының және әкімшіліктің әкімшілік актілерінің талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік пен әкімшілік органдары ақшалай өндіріп алуды, бизнес-лицензияларды, реттеуші лицензиялар мен реттеуші рұқсаттарды, берілген салықтық преференциялар мен өзге де жеңілдіктерді тоқтата тұруды немесе одан айыруды қоса алғанда, әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жауаптылық шараларын және осындай талаптардың орындалуын қамтамасыз ету шараларын, жекелеген құқықтарға және (немесе) арнаулы құқықтық режимді қолдануға байланысты игіліктерге рұқсат беруді шектеу шараларын қолдануға құқылы.
4. Әкімшілік пен әкімшілік органдарының жауаптылық шараларын және (немесе) орындауды қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы шешімдері орындауға міндетті болады және Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде және (немесе) Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мәжбүрлеп орындатуға жатады.
5. Әкімшілік пен әкімшілік органдарының осы бапта көзделген шешімдеріне сотқа шағым жасалуы мүмкін.
73-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
73-бап. Алатау қаласындағы инвестициялардың құқықтық режимінің негізгі қағидаттары
1. Қазақстан Республикасы Алатау қаласының аумағында инвестицияларды жүзеге асыру және қорғау мақсатында инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасауды ынталандырады және оған жәрдемдеседі.
2. Алатау қаласындағы инвесторларға және олардың инвестицияларына Қазақстан Республикасының инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы екіжақты келісімдеріне сәйкес инвестицияларды басқаруға, оларға қызмет көрсетуге, оларды пайдалануға, пайдаға жаратуға немесе оларға кез келген басқа нысанда билік етуге қатысты Қазақстан Республикасындағы шетелдік инвесторларға ұсынылатыннан кем емес қолайлы режим ұсынылады. Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде осы Конституциялық заңда көзделген кепілдіктер көлемін азайтпайтын инвестицияларды қорғаудың қосымша кепілдіктері белгіленуі мүмкін.
3. Осы Конституциялық заңға сәйкес инвесторлар жүзеге асырған инвестициялар әділ және тең құқылы режимді, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында толық қорғалу жағдайын және қауіпсіздікті пайдаланады.
Қазақстан Республикасының атынан әкімшілік, әкімшілік және өзге де мемлекеттік органдар инвестор мен инвестицияларға қатысты адал және ақылға қонымды әрекет етуге және Алатау қаласының аумағында инвестицияларды басқаруға, пайдалануға, пайдаға жаратуға, оларға иелік етуге, оларды иеліктен шығаруға немесе оларға кез келген басқа нысанда билік етуге кедергі келтіруі мүмкін қандай да бір еркін, негізсіз немесе кемсітуші шараларға жол бермеуге міндетті, сондай-ақ:
Алатау қаласында заңнамалық және реттеуші орта, әкімшіліктің, әкімшілік және (немесе) өзге де мемлекеттік органдардың растаулары мен міндеттемелері және солардың негізінде инвестордың инвестициялар туралы шешім қабылдауы негізінде туындаған инвестордың негізді үмітін қорғауды;
инвестицияларға қолданылатын арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың ашықтығы мен болжамды болуын;
инвестор мен инвестицияларға қатысы бар сот талқылауы немесе әкімшілік талқылау барысында сот төрелігіне қол жеткізуді, тыңдату құқығын және тиісті құқықтық процесті;
инвестордың мемлекеттік органдар және (немесе) лауазымды адамдар тарапынан болатын негізсіз араласудан немесе қысымнан қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті.
74-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
74-бап. Инвестициялық дауларды шешу
1. Инвестициялық даулар мүмкіндігінше тараптар арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі.
2. Егер инвестициялық дауларды дау тараптарының кез келгені екінші тарапқа жазбаша түрде жүгінген күннен бастап үш ай ішінде келіссөздер арқылы шешу мүмкін болмаса және дауласушы тараптар өзгеше туралы уағдаласпаса, онда дау инвестордың таңдауы бойынша:
1) Қазақстан Республикасының соттарына;
«Астана» халықаралық қаржы орталығының Халықаралық төрелік орталығына;
егер инвестор мемлекеті Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің азаматтары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі конвенцияға (бұдан әрі - ИКСИД конвенциясы) қатысушы болса, осы Конвенцияға сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа (бұдан әрі - Орталық);
егер инвестор мемлекеті ИКСИД конвенциясына қатысушы болмаса, Орталықтың қосымша (Қосымша органның қағидалары бойынша жұмыс істейтін) органына;
Халықаралық сауда палатасы жанындағы Халықаралық төрелік сотқа;
Лондон халықаралық төрелік сотына;
Стокгольмдегі Сауда палатасының Төрелік институтына;
Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) төрелік регламентіне сәйкес нақты дауды қарау үшін арнайы құрылған халықаралық төрелікке шешу үшін беріледі.
3. Егер дауды шешу рәсімінің бастамашысы әкімшілік немесе әкімшілік орган болса, ал инвестор дауларды қараудың қандай да бір рәсімін таңдаудан жалтарса, әкімшілік немесе әкімшілік орган дауды келіссөздер арқылы реттеу мақсатында инвесторға алғашқы жазбаша түрде жүгінген күннен бастап үш ай өткен соң дауды Қазақстан Республикасының соттарына қарауға беруге құқылы.
Инвестор осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген инвестициялық дауды шешудің өзге рәсімін таңдау туралы жазбаша өтініш ұсынған жағдайда, мұндай өтінішті инвестор инвестициялық даудың мәні бойынша өзінің алғашқы өтінішінің ұсынылуынан кешіктірмей берген кезде Қазақстан Республикасының инвестициялық дауды қарайтын соты оны жүргізуді тоқтатады.
4. Егер наразылық мәлімдеген тарап өзінің құқықтарының болжамды түрде бұзылғаны туралы алғаш рет білген немесе алғаш рет білуге тиіс болған күннен бастап бес жылдан астам уақыт өтсе, наразылық осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес реттеу үшін берілмейді.
5. Егер дауласушы тараптар өзгеше келіспесе, төрелік құрамы 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йоркте қабылданған Шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындау туралы конвенцияның (бұдан әрі - Нью-Йорк конвенциясы) тарапы болатын мемлекеттің аумағында болуы тиіс екенін көздей отырып, қолданылатын төрелік қағидаларға сәйкес төрелік орнын айқындайды.
6. Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес қабылданған шешім түпкілікті және инвестициялық дау тараптары үшін міндетті болады және тиісті төреліктің шешімдерін орындауға қолданылатын тетікке сәйкес танылуға және орындалуға тиіс.
Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген төрелікке берілген инвестициялық дау Нью-Йорк конвенциясының 1-бабының мақсаты үшін коммерциялық қатынастардан туындайтын дау ретінде қаралуға тиіс.
7. Осы баптың ережелері инвестициялық дауларды осы баптың 2-тармағына сәйкес қарауға Қазақстан Республикасының келісім беруі деп танылады.
Әкімшіліктің және (немесе) өзге де әкімшілік органның осы баптың мақсаттары үшін қажет болуы мүмкін қосымша келісімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі қамтамасыз етеді.
Инвестордың келісімі кез келген уақытта әкімшіліктің атына жазбаша өтініш беру арқылы немесе төрелікке жүгінген кезде беріледі.
8. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға, Англия және Уэльс құқығына немесе өзге де шетелдік құқыққа сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мүлкіне, оның ішінде оның сенімгерлік басқаруындағы мүлікке берілетін иммунитеттерден бас тарту ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
9. Дауды төрелікке беру қамтамасыз ету шаралары үшін инвестордың Қазақстан Республикасының соттарына жүгінуіне кедергі болмайды. Қазақстан Республикасының соттары мұндай өтініштерді инвестициялық даудың мәні бойынша қарамай қарастырады.
75-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
75-бап. Алатау қаласындағы шарттардың құқықтық режимі
1. Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде Алатау резиденттерінің шарттарын реттеу ерекшеліктері, оның ішінде шарттардың халықаралық тұрғыдан танылған нысандары пайдаланыла отырып, сондай-ақ банктік қолайлылық қағидаттары және өзге де халықаралық тұрғыдан танылған қағидаттар ескеріліп көзделеді. Көрсетілген ерекшеліктер тараптардың құқықтары мен міндеттерін, тәуекелдерді бөлуді, міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді, есеп айырысу тәртібін, тараптардың жауапкершілігін, сондай-ақ өзге де талаптарды қоса алғанда, осындай шарттардың талаптарына қатысты көзделеді.
2. Алатау резиденті тарапы болатын немесе Алатау қаласында инвестицияларды жүзеге асыруға байланысты шартқа қатысты қолданылуға тиіс құқықты айқындаудың ерекшеліктері, шетелдік элементтің болуына қарамастан, осы Конституциялық заңда және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
Мұндай шарттың тараптары оны жасасқан кезде немесе кейіннен өзара келісім бойынша осы шарт бойынша олардың құқықтары мен міндеттеріне қолданылуға тиіс құқықты таңдауға құқылы.
3. Осы баптың 2-тармағының ережелері, императивті нормалардың өзінде көрсетілгендіктен немесе олардың ерекше маңызына қарай, оның ішінде азаматтық айналымға қатысушылардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қамтамасыз ету үшін қолданылуға тиіс құқыққа қарамастан, тиісті қатынастарды реттейтін Алатау қаласы заңнамасының императивті нормаларының әрекеттерін қозғамайды.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
76-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
76-бап. Арнаулы ереже
Осы Конституциялық заңда белгіленген арнаулы құқықтық режимнің жалпы ережелері мен қағидаттары, инвестициялардың құқықтық режимінің қағидаттары және инвестициялық дауларды шешу туралы ережелер өзгермейді.
Осы бапта көрсетілген ережелер осы Конституциялық заңның күші жойылды деп танылған жағдайда ғана өз қолданысын тоқтатуы мүмкін.
77-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
77-бап. Жалпы өтпелі ереже
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері және оларды іске асыру үшін қабылданған заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер Алатау қаласының аумағындағы қатынастарға Алатау қаласының заңнамасымен реттелмеген бөлігінде қолданылады деп белгіленсін.
78-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
78-бап. Алатау қаласында негізгі бизнесті жүзеге асыратын заңды тұлғалар туралы өтпелі ережелер
1. Осы Конституциялық заңның 39 және 40-баптары қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жатпайтын мемлекеттік емес заңды тұлғалар Алатаудың резидент заңды тұлғалары болмайды.
Егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, Конституциялық заңның көрсетілген ережелері қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл өткен соң (осы бапта бұдан әрі - өтпелі кезең) Алатау қаласының аумағындағы негізгі бизнесті тікелей Алатаудың резидент заңды тұлғалары ғана жүзеге асыра алады.
2. Алатау қаласының аумағында негізгі бизнесті жүзеге асыру мақсатында осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік емес заңды тұлғалар Алатаудың резидент заңды тұлғасын құруға және оған осындай негізгі бизнесті жүзеге асыру үшін қажетті мүлікті, мүліктік құқықтар мен тиісті міндеттемелерді беруге құқылы.
Көрсетілген мүлікті, мүліктік құқықтар мен міндеттемелерді беру:
1) осы Конституциялық заңның күшімен жүзеге асырылады;
2) кредиторлардың келісімін қажет етпейді;
3) шарттарды өзгерту немесе бұзу үшін негіз болмайды;
4) осындай шарттар мен міндеттемелер бойынша құқықтар мен міндеттердің тоқтатылуына алып келмейді;
5) салық салу мақсаттары үшін қабылдаушы және (немесе) беруші тараптың кірісі және (немесе) айналымы болып танылмайды.
3. Өтпелі кезең өткеннен кейін Алатаудың резидент заңды тұлғалары болмайтын заңды тұлғалар Алатау қаласының аумағында негізгі бизнесті жүзеге асыруға және:
1) реттеуші лицензияларды, реттеуші рұқсаттарды және әкімшіліктің өзге де көрсетілетін қызметтерін алуға;
2) Алатау резиденттері өткізетін сатып алуларға қатысуға;
3) Алатау қаласының эксперименталды құқықтық режимдеріне қатысуға құқылы емес.
4. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғаларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары негізгі бизнеске жататын және Алатау қаласының заңнамасымен реттелетін қызмет түрлерін жүзеге асыруға берілген лицензиялар, рұқсаттар және рұқсат беру сипатындағы өзге де құжаттар өтпелі кезең өткеннен кейін Алатау қаласының аумағында қолданылмайды.
79-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
79-бап. Алатау қаласында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың филиалдары туралы өтпелі ережелер
Осы Конституциялық заңның 39 және 40-баптары қолданысқа енгізілгенге дейін Алатау қаласында тіркелген және (немесе) қызметін жүзеге асыратын, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жатпайтын мемлекеттік емес заңды тұлғалардың филиалдары көрсетілген ережелер (осы бапта бұдан әрі - өтпелі кезең) қолданысқа енгізілгеннен кейін екі жыл ішінде есептік тіркеуден шығарылуға тиіс не оларды есептік тіркеу орны Алатау қаласының шегінен тыс жерге көшірілуге тиіс.
Өтпелі кезең өткеннен кейін есептік тіркеуден шығарылмаған немесе есептік тіркеу орны Алатау қаласының шегінен тыс жерге көшірілмеген аталған филиалдардың қызметі сот шешімі бойынша осы баптың негізінде мәжбүрлеп тоқтатылуға жатады.
80-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
80-бап. «Alatau» арнайы экономикалық аймағы жөніндегі өтпелі ережелер
1. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап «Alatau» арнайы экономикалық аймағында (бұдан әрі - Алатау АЭА) мыналарға:
1) Алатау АЭА қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шарттар, сондай-ақ инвестициялық жобаның немесе оның елеулі талаптарының өзгеруіне алып келетін осындай шарттарды өзгертуге;
2) бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шарттар;
3) қосалқы қызметті жүзеге асыру туралы шарттар жасасуға тыйым салынады.
2. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылғы 1 шілдеге дейінгі кезеңде қызметтің басым түрлерін жүзеге асыратын Алатау АЭА қатысушылары және Алатау қаласының аумағында және Алатау қаласының белгіленетін қала маңындағы аймақта Алатау АЭА-да бейінді емес немесе қосалқы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар осы Конституциялық заңның 78-бабында көзделген тәртіппен Алатау қаласының аумағында тиісті қызметті жүзеге асыруға байланысты шарттар бойынша мүлікті, құқықтар мен міндеттемелерді беруді қоса алғанда, өз жобаларын негізгі бизнес ретінде іске асыруды өздері құратын Алатаудың резидент заңды тұлғаларына ауыстыруға құқылы.
Алатаудың көрсетілген резидент заңды тұлғаларына берілетін бизнес-лицензиялардың шарттары қызметтің басым түрлерін жүзеге асырған Алатау АЭА-ның қатысушылары және Алатау қаласының аумағында Алатау АЭА-да бейінді емес немесе қосалқы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар үшін тиісінше қолданыста болған шарттармен салыстырғанда нашар болмауы тиіс.
3. 2027 жылғы 1 шілдеден бастап 2027 жылғы 1 қыркүйекке дейінгі кезеңде Қазақстан Республикасының Үкіметі Алатау АЭА-ның атауын өзгертуді және оның аумағынан Алатау қаласының аумағын және Алатау қаласының белгіленетін қала маңындағы аймағын алып тастауды қамтамасыз етеді.
Көрсетілген алып тастау Алатау қаласының аумағында және Алатау қаласының белгіленетін қала маңындағы аймағында Алатау АЭА-ның жұмыс істеуін тоқтату болып есептеледі.
Көрсетілген тоқтату күнінен бастап үш ай ішінде Алатау АЭА-ның басқарушы компаниясының жарғылық капиталына қатысу үлестерін иелену және пайдалану құқықтары Алматы облысының жергілікті атқарушы органына берілуге тиіс.
4. Алатау АЭА-ның қатысушыларының және Алатау қаласының аумағында Алатау АЭА-да бейінді емес немесе қосалқы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың жер учаскелеріне жер пайдалану құқықтары осы баптың 2-тармағына сәйкес өз жобаларының іске асырылуын ауыстыруды жүзеге асырмаған жағдайда ұзартуға жатпайды. Егер осы Конституциялық заңның 67-бабының ережесінен өзгеше туындамаса, көрсетілген жер учаскелері бойынша оларды сатып алу құқығын беруге тыйым салынады.
81-бап (1-тармақты қоспағанда) 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
81-бап. Инвестициялық шарттар жөніндегі өтпелі ережелер
81-баптың 1-тармағы 2026 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді
1. Осы тармақ қолданысқа енгізілген күннен бастап Алатау қаласының аумағында жүзеге асырылатын қызмет пен іске асырылатын жобалар бойынша:
1) жеңілдетілген инвестициялық келісімшарттар;
2) инвестициялық міндеттемелер туралы келісімдер;
3) инвестициялар туралы келісімдер;
4) Қазақстан Республикасының орталық немесе жергілікті мемлекеттік органдарымен Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы заңнамаға жатпайтын, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жасалатын және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін немесе реттелетін төлемдерге, бағалар мен тарифтерге қатысты кез келген нысанда салықтық және өзге де жеңілдіктер, преференциялар мен артықшылықтар беруді көздейтін өзге де шарттар жасасуға жол берілмейді.
Осы тыйым салу көрсетілген салықтық және өзге де жеңілдіктер, преференциялар мен артықшылықтар беруді көздейтін Қазақстан Республикасының орталық немесе жергілікті мемлекеттік органдарының рұқсаттарына, лицензияларына, келісімдеріне және өзге де әкімшілік актілеріне қолданылады.
2. Осы Конституциялық заң ресми жарияланған күнге дейін жасалған және Алатау қаласының аумағында инвестициялық жобаларды іске асыруды көздейтін инвестициялық келісімшарттар, арнаулы инвестициялық келісімшарттар, инвестициялық міндеттемелер туралы келісімдер, инвестициялар туралы келісімдер және осы баптың 1-тармағында көрсетілген өзге де шарттар (осы бапта бұдан әрі - инвестициялық шарттар) өз күшін сақтайды.
3. Инвестициялық шарттар бойынша инвестициялық жобаларды іске асыратын тұлғалар арнаулы құқықтық режимге жатпайтын инвестициялық шарттардың талаптарына және оларға қолданылатын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Алатау қаласының аумағында өз қызметін және инвестициялық жобаларды іске асыруды жалғастыруға құқылы.
4. Алатау қаласының аумағындағы инвестициялық шарттар бойынша инвестициялық жобаларды әкімшілік осы Конституциялық заңның 78-бабын қолдану мақсатында негізгі бизнес деп тануға құқылы.
Алатау қаласының аумағында көрсетілген негізгі бизнесті жүзеге асыру мақсатында инвестициялық шарттардың тараптары тиісті инвестициялық жобаларды іске асыруды өздері құрған Алатаудың резидент заңды тұлғаларына ауыстыруға және оларға инвестициялық шарттар бойынша тиісті инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты жер учаскелерін, мүлікті, мүліктік құқықтар мен тиісті міндеттемелерді беруге құқылы.
5. Осы баптың 4-тармағында көзделген беру:
1) осы Конституциялық заңның күшімен жүзеге асырылады;
2) кредиторлардың келісімін қажет етпейді;
3) шарттарды өзгерту немесе бұзу үшін негіз болмайды және осындай шарттар мен міндеттемелер бойынша құқықтар мен міндеттерді тоқтатуға алып келмейді;
4) салық салу мақсаттары үшін қабылдаушы және (немесе) беруші тараптың кірісі және (немесе) айналымы деп танылмайды.
6. Осы баптың 4-тармағына сәйкес құрылатын Алатаудың резидент заңды тұлғасына берілетін бизнес-лицензияның шарттары тиісті инвестициялық шарттарда көзделген сондай салықтық преференцияларды қамтуға тиіс.
7. Инвестициялық шарттар жер учаскелерін, мүлікті, мүліктік құқықтар мен осы инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты міндеттемелерді беруді қоса алғанда, осындай Алатаудың резидент заңды тұлғасына инвестициялық жобалар бойынша негізгі бизнесті ауыстырған жағдайда, осы баптың 4-тармағына сәйкес құрылған Алатаудың резидент заңды тұлғасына бизнес-лицензия берілген күннен бастап өз қолданысын тоқтатады.
82-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
82-бап. Инвестициялық жобалар және олар бойынша берілген жер учаскелері туралы өтпелі ережелер
1. Инвестициялық жобалар ретінде айқындалған және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 282-бабының 8-1-тармағына сәйкес Алатау қаласының аумағында мемлекеттік меншіктен берілген жер учаскелерінде (меншікке немесе жер пайдалануға) іске асырылатын жобалар осы Конституциялық заңның 78-бабын қолдану мақсатында заңды тұлғалардың негізгі бизнесі болып танылады.
2. Осы Конституциялық заңның 78-бабының талаптарын сақтау мақсатында жер учаскелерінің меншік иелері немесе жер пайдаланушылары Алатаудың құрылатын резидент заңды тұлғаларына осы баптың 1-тармағында көзделген тиісті инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты көрсетілген жер учаскелерін, мүлікті, мүліктік құқықтарды және тиісті міндеттемелерді беруге құқылы.
3. Инвестициялық жобаның барлық коммерциялық, технологиялық, әлеуметтік-экономикалық және өзге де көрсеткіштері мен сипаттамалары, сондай-ақ бизнес-жоспарларда және жұмыс бағдарламаларда мәлімделген, олар бойынша оң қорытындылар қабылданған және (немесе) тиісті жер учаскелері берілген көрсетілген жобаны іске асыру мақсаттары - аталған жер учаскелері бойынша меншік иелерінің немесе жер пайдаланушыларының міндеттемелері, өйткені Қазақстан Республикасының заңнамасынан, жер пайдалану шарттарынан өзгеше туындамайды не жобаларды инвестициялық ретінде келісу мен айқындаудың және тиісті жер учаскелерін кейіннен берудің шарттары мен негіздеріне қайшы келмейді.
Көрсетілген міндеттемелер осы Конституциялық заңның 78-бабына сәйкес заңды тұлғаларды құрған кезде берілетін бизнес-лицензияларға енгізілуге жатады.
4. Жер учаскелерінің меншік иелері немесе жер пайдаланушылары осы баптың 3-тармағында көзделген тиісті міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда, әкімшілік барлық анықталған нақты мән-жайларды ескере отырып, біржақты тәртіппен жер пайдалану шарттарын орындаудан бас тартуға, сондай-ақ көрсетілген жер учаскелерінің беру мақсаттарын бұза отырып пайдаланғаны үшін осы Конституциялық заңда көзделген тәртіппен мәжбүрлеп алып қоюды жүзеге асыруға құқылы.
83-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
83-бап. Алатау қаласындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы өтпелі ережелер
1. Кеңестің шешімімен Алатау қаласының аумағында адамдардың жекелеген санаттарына қатысты ұзақ мерзімді жоспар бекітілгенге дейін қолданылатын және мынадай шараларды көздейтін реттеудің және қала құрылысын регламенттеудің ерекше режимі (осы бапта бұдан әрі - ерекше режим) енгізілуі мүмкін: