«Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 8 мамырдағы № 286-VIII Конституциялық Заңы

Предыдущая страница

2. Осы бапта көрсетілмеген басқа да ұғымдар осы Конституциялық заңның тиісті баптарында айқындалатын мағыналарында, ал мұндай анықтама болмаған жағдайда əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде пайдаланылады.

3. Егер осы Конституциялық заңда немесе əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде өзгеше көзделмесе, осы Конституциялық заңда пайдаланылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының басқа салаларындағы ұғымдар мен олардың анықтамалары Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті салаларында пайдаланылатын мағыналарында қолданылады.

4. Осы Конституциялық заң мен Алатау қаласы заңнамасының өзге де актілеріндегі ұғымдар мен олардың анықтамалары Алатау қаласындағы қатынастарды реттеуге жəне мемлекеттік басқаруға қатысты Қазақстан Республикасының басқа нормативтік құқықтық актілеріндегі ұғымдар мен олардың анықтамаларына сəйкес келмеген кезде осы Конституциялық заң мен Алатау қаласы заңнамасының өзге де актілерінде қабылданған ұғымдар мен олардың анықтамалары пайдаланылады.

 

6-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

6-бап. Арнаулы құқықтық режимнің мақсаты

Арнаулы құқықтық режимнің мақсаты - Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны қарқынды дамыту үшін жеке инвестицияларға Қазақстан Республикасы экономикасының сапасын арттыруға жəрдемдесетін, жетілдірілген құқықтық, ұйымдастырушылық жəне экономикалық жағдайлар жасау.

 

7-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

7-бап. Арнаулы құқықтық режимнің міндеттері

Арнаулы құқықтық режимнің мақсатына қол жеткізу мынадай міндеттерді шешу арқылы іске асырылады:

1) Алатау қаласының халықаралық маңызы бар экономикалық, технологиялық, ғылыми-білім беру, сауда-ойын-сауық жəне инвестициялық орталық ретінде қалыптасуы үшін жағдайлар жасау;

2) Алатау қаласында адами капиталды, инвестициялар мен технологияларды жедел түрде тарту мен дамытуды қамтамасыз ететін дербес құқықтық жəне əкімшілік режимді қалыптастыру жəне ұзақ мерзім бойы қолдап отыру;

3) Алатау қаласын дамыту үшін инвестициялардың кепілдіктері мен құқықтық қорғалу деңгейін арттыру;

4) «ақылды қала» құру жəне Алатау қаласын экономикалық тұрғыдан дамыту мақсатында ғылым мен техниканың озық жетістіктерін, технологиялық инновацияларды, тəсілдер мен практикаларды қолдану;

5) озық реттеуші практикалар мен қалалық ортаны жергілікті басқару практикаларын қолдану.

 

8-бап. Арнаулы құқықтық режимнің қағидаттары

1. Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамыту, онда қызметті жəне қызмет əрекетін жүзеге асыру, оның ішінде əкімшілік органдардың процестерді реттеуі мен басқаруы арнаулы құқықтық режимнің мынадай қағидаттары негізінде жүзеге асырылады:

1) ашықтық;

8-баптың 1-тармағының 2) тармақшасы 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

2) аумақтылық;

3) «бірыңғай терезе»;

4) цифрлық басымдылық;

8-баптың 1-тармағының 5) - 8) тармақшалары 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

5) субсидиарлық;

6) тұрақтылық;

7) қаржылық орнықтылық;

8) жеке инвестициялардың басымдығы.

8-баптың 2-тармағы 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

2. Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік органдарының, əкімшіліктің, өзге де мемлекеттік органдардың нормативтік емес құқықтық актілерін қабылдау кезінде көрсетілген қағидаттарды жеке-жеке немесе жиынтығында бұзу, егер бұл елеулі бұзушылық болса, мұндай актілерді заңсыз деп тануға жəне оларды қабылдаған органның, жоғары тұрған органның (бар болса) немесе соттың олардың күшін жоюына алып келеді.

 

9-бап. Ашықтық қағидаты

1. Алатау қаласының əкімшілігі, əкімдігі жəне мəслихаты Алатау қаласының тыныс-тіршілігі туралы, сондай-ақ өздері қабылдаған шешімдер мен актілер туралы ақпаратты əкімшіліктің интернет-ресурсында жəне (немесе) əкімшілік айқындаған өзге де цифрлық объектіде ашық қолжетімділікте орналастыру арқылы барлық мүдделі тұлғалар үшін олардың ашықтығы мен қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.

2. Алатау қаласы органдарының нормативтік құқықтық жəне өзге де актілері осы баптың 1-тармағына сəйкес ашық қолжетімділікте орналастырылғанға дейін күшіне енбейді.

3. Инвестициялық міндеттемелердің сомалары мен берілген жеңілдіктер туралы, тиісті бизнес-лицензияда, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік əріптестік жобасын іске асыру үшін - тиісті мемлекеттік-жекешелік əріптестік шартында айқындалған, инвестициялық жобаны іске асыру шеңберіндегі босатулар мен преференциялар туралы мəліметтер құпия ақпаратқа жатпайды жəне ашық қолжетімділікте орналастырылуға тиіс.

4. Əкімшілік Алатау қаласын дамыту туралы жылдық есепті Кеңес бекіткеннен кейін бір айдың ішінде əкімшіліктің интернет-ресурсында жария түрде орналастыруды қамтамасыз етеді.

 

10-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

10-бап. Аумақтылық қағидаты

Осы Конституциялық заң, Алатау қаласы органдарының актілері Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға жəне Алатау қаласында қызмет пен қызмет əрекетін жүзеге асыруға байланысты қатынастарға ғана қолданылады.

Осы Конституциялық заң, Алатау қаласы əкімшілігінің нормативтік құқықтық актілері мен əкімшілік жəне мемлекеттік органдардың шешімдері Алатау қаласының шегінен тысқары жерлердегі қызмет бойынша қатынастарға, мұндай қатынастар арнаулы құқықтық режимнің мақсаты мен міндеттеріне сəйкес Алатау қаласынан тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өткізуге, Алатау қаласының жер қорын қалыптастыруға, қала маңындағы аймақтың қызметін реттеуге, Алатау қаласының тыныс-тіршілігін жəне оны дамытуды қамтамасыз ететін көліктік, энергетикалық, ақпараттық-коммуникациялық жəне өзге де инфрақұрылымды дамытуға тікелей байланысты болатын шамада ғана қолданылады.

Алатау қаласының шегінен тысқары жерлерде осы Конституциялық заңмен реттелетін қоғамдық қатынастарға қатысушыларға арнаулы құқықтық режимді қолдану жағдайлары Кеңестің шешімі бойынша əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

 

11-бап. «Бірыңғай терезе» қағидаты

Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға басшылық ету, əкімшіліктің өзі реттейтін мəселелер бойынша, оның ішінде тіркеу, есепке алу, аккредиттеу, бизнес-лицензиялау, реттеп лицензиялау, рұқсаттар, сертификаттар беру, ақпарат ұсыну бойынша қызметтер көрсетуі, сондай-ақ оның Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға, Алатау қаласында кəсіпкерлік қызметті жəне осы Конституциялық заңмен жəне əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен реттелетін өзге де қызметті жүргізуге қатысты мəселелер жөніндегі қызметке мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізуі цифрлық жүйелерді пайдалану арқылы «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша орталықтандырылған түрде жүзеге асырылады.

 

12-бап. Цифрлық басымдылық қағидаты

1. Алатау қаласының қауіпсіздігін, «ақылды қала» ретіндегі тиімді тыныс-тіршілігі мен оны дамытуды қамтамасыз ету мақсатында қалалық шаруашылық объектілері, абаттандыру, инженерлік, көліктік, тұрғын үй-коммуналдық жəне өзге де инфрақұрылым элементтері бойынша, сондай-ақ қалалық ортаның қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелері арқылы жиналатын, өңделетін жəне пайдаланылатын барлық деректер Алатау қаласының қалалық кеңістігін басқарудың бірыңғай қалалық цифрлық платформасына (бұдан əрі - бірыңғай қалалық цифрлық платформа) интеграциялануға тиіс.

Бірыңғай қалалық цифрлық платформаны қалыптастыру, оның жұмыс істеуі мен оны дамыту тəртібі, деректерді қорғау мен олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар, оларға қол жеткізу шарттары, сондай-ақ жалпыға қолжетімді, қолжетімділігі шектеулі жəне құпия деректерге жатқызылған деректер тізбесі əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

Əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, бірыңғай қалалық цифрлық платформаға интеграцияланған деректер олардың құқық иеленушісінің келісімінсіз үшінші тұлғаларға берілмейді.

Қазақстан Республикасының дербес деректер жəне оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, көрсетілген ақпаратқа қолжетімділік Алатау қаласын орнықты дамыту мақсаттарына қол жеткізу, өмір сүру сапасын арттыру жəне инновациялық экономиканы дамыту үшін қажет шамада əкімшілік органдарға, Алатау резиденттеріне, Алатау қаласында тіркелген өзге де заңды тұлғаларға қамтамасыз етілуге тиіс.

2. Алатау қаласының аумағында немесе оған қатысты əзірленетін немесе пайдаланылатын кез келген жүйелер мен технологиялар Алатау қаласының стандарттарына жəне əкімшілік белгілеген деректерді интеграциялау хаттамаларына сəйкес келуге тиіс.

3. Алатау қаласындағы ішкі əкімшілік рəсімдер, конклюденттік емес əкімшілік əрекеттер мен əкімшілік актілер құқықтық қатынастар субъектілерінің цифрлық ортада өзара іс-қимыл жасау арналары бойынша бастапқыдан цифрлық форматта құрылады, жүзеге асырылады жəне пайдаланылады.

4. Егер Алатау қаласындағы əкімшілік рəсімдер жəне конклюденттік емес əкімшілік актілер мен əкімшілік əрекеттер Алатау қаласының əкімшілік актілері, рəсімдер мен əрекеттер репозиторийінде ашық цифрлық түрде орналастырылмаса, олар жарамсыз болады.

5. Осы баптың 3 жəне 4-тармақтарының ережелері төтенше жағдай режимі, төтенше немесе əскери жағдай енгізілген кезде, сондай-ақ Алатау қаласы цифрлық объектілерінің жұмыс істеуінде əкімшілік рəсімдер жасау, əрекет ету немесе цифрлық нысанда нормативтік құқықтық актілерді қабылдау мүмкіндігін болғызбайтын іркілістер болған кезде қолданылмайды. Мұндай жағдайларда аталған рəсімдер, əрекеттер мен актілер кейіннен міндетті түрде Алатау қаласының əкімшілік актілері, рəсімдер мен əрекеттер репозиторийіне ашық цифрлық түрде орналастырылуға тиіс.

 

13-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

13-бап. Субсидиарлық қағидаты

1. Егер арнаулы құқықтық режимнің мақсатына қол жеткізу жəне міндеттерін орындау үшін Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамыту туралы мəселелерді шешу Алатау қаласының органдары үшін қажетті актілерді қабылдауда жəне республикалық деңгейде əрекеттер жасауда Қазақстан Республикасы Үкіметінің, орталық мемлекеттік органдардың, Алматы облысы мен Алматы қаласының жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын жəне есеп беретін өзге де мемлекеттік органдардың жəне квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жəрдемдесуін талап етпесе ғана, осы Конституциялық заңға сəйкес Алатау қаласындағы қатынастарды реттеу жəне мемлекеттік басқару Алатау қаласы органдарының дербес артықшылығы болады.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық мемлекеттік органдар, Алматы облысы мен Алматы қаласының жергілікті мемлекеттік басқару органдары, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын жəне есеп беретін өзге де мемлекеттік органдар жəне квазимемлекеттік сектор субъектілері арнаулы құқықтық режимнің мақсатына қол жеткізу жəне міндеттерін орындау үшін Алатау қаласын дамытуға жəне оның органдарына жəрдемдесуге міндетті.

 

14-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

14-бап. Тұрақтылық қағидаты

1. Алатау қаласының заңнамасын өзгерту Алатау резиденттеріне осы өзгерістерге бейімделу, олардың құқықтық салдары мен құқықтық айқындылығын болжау мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.

2. Алатау қаласының заңнамасын өзгерту немесе оның күшін жою Алатау қаласының заңнамасына сəйкес бұрын жасалған шарттар бойынша азаматтық-құқықтық міндеттемелерді өзгертуге алып келмейді.

3. Алатау қаласы заңнамасының өзгерістері қолданысқа енгізілгенге немесе олардың күші жойылғанға дейін Алатау қаласының заңнамасына сəйкес берілген бизнес-лицензиялардың, реттеуші лицензиялардың, реттеуші рұқсаттар мен тіркеулердің жəне оларда көзделген қызметті (бұдан əрі - бұрын рұқсат етілген қызмет) жүзеге асыру шарттарының қолданысы сақталады.

4. Егер Алатаудың резидент заңды тұлғаларының инвестициялық жобаларын іске асыру бойынша жаңа реттеуші талаптарды жүктейтін немесе оларды іске асыру жағдайларын өзгеше түрде нашарлататын Алатау қаласы заңнамасының өзгерістері қаржылық орнықтылық қағидатын, адамның өмірі мен денсаулығын қорғауды, қоршаған ортаны қорғауды немесе Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету мақсатында ғана қолданысқа енгізілген болса, мұндай өзгерістер бұрын рұқсат етілген қызметке қолданылуы мүмкін.

Көрсетілген өзгерістерді қолдану тек қана нақты инвестициялық жоба бойынша қабылданған жəне тиісті бизнес-лицензияға, реттеуші лицензияға, реттеуші рұқсатқа, тіркеуге қажетті өзгерістер енгізуді көздейтін əкімшіліктің уəжді əкімшілік актісі (ауыртпалық түсіретін əкімшілік акт) негізінде жүргізіледі.

Алатау қаласы заңнамасының осындай жаңа реттеуші талаптарын бұрын рұқсат етілген қызметке қолдану тиісті талаптардың сипаты мен көлемі, олардың жүзеге асырылатын қызметке əсер ету дəрежесі, сондай-ақ технологиялық, ұйымдастырушылық, қаржылық жəне өзге де процестерді бейімдеу қажеттігі ескерілген мерзімге белгіленетін өтпелі кезеңді көздеуге тиіс.

Алатау резиденті көрсетілген өтпелі кезең ішінде Алатау қаласы заңнамасының тиісті өзгерістері қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған шарттарда бұрын рұқсат етілген қызметті жүзеге асыруды жалғастыруға құқылы.

5. Осы баптың 4-тармағының ережелері салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді белгілеу, енгізу, өзгерту, олардың күшін жою, есептеу жəне төлеу тəртібі жөніндегі қатынастарға, сондай-ақ салықтық міндеттемені орындауға байланысты қоғамдық қатынастарға қолданылмайды.

 

15-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

15-бап. Қаржылық орнықтылық қағидаты

1. Алатау қаласының заңнамасы жəне Алатау қаласының мемлекеттік жəне əкімшілік органдарының актілері Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысы мен қаржы жүйесінің орнықтылығын бұзбауға тиіс.

2. Алатау қаласында оның аумағындағы Алатау қаласын дамытуға негіз болатын жəне Қазақстан Республикасының өзге аумағында салық түсімдерінің төмендеуіне алып келмейтін экономикалық қызметті ынталандыру мақсатында салықтық преференциялар беріледі.

3. Валюталық операцияларға, цифрлық активтермен операциялар жасауға, сондай-ақ Алатау резиденттерінің міндеттемелерді шетел валютасында не цифрлық активтерде қабылдауына жəне (немесе) орындауына тек қана Алатау қаласының аумағында негізгі бизнесті жүзеге асыру мақсатында жол беріледі жəне олар Қазақстан Республикасының өзге аумағындағы қызметті қаржыландыру үшін пайдаланылмауға тиіс.

4. Алатау қаласында салықтық преференцияларды қолдануды, валюталық операцияларды, цифрлық активтермен операцияларды жəне қаржы-экономикалық артықшылықтардың басқа да нысандарын теріс пайдалануға бағытталған, сол сияқты көрсетілген артықшылықтарды тағайындауға қайшы түрде жасалған операциялар мен мəмілелер əкімшіліктің немесе Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының талап қоюы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.

 

16-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

16-бап. Жеке инвестициялардың басымдығы қағидаты

Алатау қаласын дамыту жеке инвестициялардың жəне олар үшін қолайлы əрі орнықты нормативтік құқықтық жəне өзге де институционалдық жағдайлар жасау есебінен жүзеге асырылады.

Алатау қаласындағы бюджеттік инвестициялар мен квазимемлекеттік сектор инвестициялары мемлекетке немесе тиісінше квазимемлекеттік сектор ұйымына тиесілі тек қана көліктік, коммуналдық, энергетикалық жəне əлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мақсатында жүзеге асырылуы мүмкін.

 

 

 

2-тарау. АЛАТАУ ҚАЛАСЫН МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ

 

17-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

17-бап. Алатау қаласы органдарының жүйесі

Алатау қаласының органдары:

1) əкімшілік жəне ол құратын əкімшілік органдары;

2) мəслихат;

3) əкімдік.

 

18-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

18-бап. Əкімшіліктің құқықтық жағдайы

1. Əкімшіліктің құқықтық жағдайы, мəртебесі, қызметінің ұйымдық-құқықтық нысаны мен режимі осы Конституциялық заңға сəйкес белгіленеді.

Əкімшілік пен əкімшілікті басқару қызметінің осы Конституциялық заңда айқындалмаған ерекшеліктері əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен немесе əкімшілік туралы ережемен реттеледі.

2. Əкімшілік - Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуды мемлекеттік басқару жəне оған басшылық ету, сондай-ақ осы саладағы нормативтік құқықтық реттеу функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

Əкімшілік өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, осы Конституциялық заңды, əкімшілік туралы ережені, Қазақстан Республикасының басқа да заңдарын жəне Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын басшылыққа алады.

3. Əкімшілік - қызметін арнаулы басқару ұйымының ұйымдық-құқықтық нысанында жүзеге асыратын мүше болмайтын коммерциялық емес ұйым.

4. Əкімшілік қызметін Кеңес бекітетін ереженің негізінде жүзеге асырады. Ереже - əкімшіліктің құрылтай құжаты.

Əкімшілік туралы ережеде əкімшіліктің мақсаттары мен қызмет түрлері, əкімшіліктің өкілеттіктері, əкімшіліктің басқару органдарының құзыреті, оларды қалыптастыру тəртібі жəне Кеңес айқындайтын өзге де ережелер қамтылады.

5. Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес өндіріп алуға болмайтын мүлікті, сондай-ақ республикалық бюджет қаражаты есебінен құрылған (сатып алынған) не Қазақстан Республикасының атынан иелену, пайдалану жəне билік ету құқықтарын жүзеге асыру үшін əкімшілікке берілген мүлікті қоспағанда, əкімшілік өз міндеттемелері бойынша өзінің барлық мүлкімен жауап береді.

6. Əкімшілік Қазақстан Республикасының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

7. Əкімшіліктің шешімдерін іске асыруды жəне оның қызметіне басшылық етуді əкімшіліктің бас атқарушы директоры жəне бес жылға тағайындалатын оның орынбасарлары жүзеге асырады.

8. Əкімшіліктің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері жəне қазақ, орыс жəне ағылшын тілдерінде өз атауы жазылған мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының қазынашылық органдарында шоттары болады, сондай-ақ ол екінші деңгейдегі банктерде, шетелдік банктерде жəне басқа да қаржы ұйымдарында шоттар ашуға құқылы.

Əкімшілік мемлекеттік мүлік болып саналатын қаражатты шетелдік банктердегі жəне басқа да шетелдік қаржы ұйымдарындағы шоттарда орналастыруға құқылы емес.

9. Əкімшілік банкроттыққа жатпайды.

10. Əкімшіліктің кіріс əкелетін қызметті ол арнаулы құқықтық режимнің мақсаты мен əкімшілік қызметінің мақсатына қол жеткізуге қызмет ететіндіктен ғана жүзеге асыруға құқығы бар. Əкімшіліктің өз қызметінің нəтижесінде алған кірістері тек қана арнаулы құқықтық режимнің міндеттерін орындауға жұмсалады.

11. Əкiмшiлiктiң мүлкi мүлiктiк жарналар, сатып алу нəтижесiнде немесе заңмен тыйым салынбаған өзге де тəсiлмен қалыптасады.

Əкімшілік оған иеленуге, пайдалануға жəне билік етуге берілген, сондай-ақ республикалық бюджет қаражаты жəне осы Конституциялық заңда көзделген салықтардан, алымдардан жəне өзге де міндетті төлемдерден əкімшіліктің бюджетіне түсетін түсімдер есебінен құрылған (сатып алынған) мемлекеттік мүлікке қатысты құқықтарды Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырады.

Əкімшіліктің мүлкі - осы мүлікті иелену, пайдалану жəне оған билік ету құқығын жүзеге асыру үшін əкімшілікке берілген мемлекеттік мүліктен оқшауланған мүлік. Мемлекеттiк мүлiк əкiмшiлiктiң жеке балансында көрсетiледi жəне оған қатысты əкiмшiлiк бөлек есеп жүргiзедi.

12. Əкiмшiлiк өз мүлкіне жəне оған иеленуге, пайдалануға жəне билiк етуге берiлген мемлекеттiк мүлікке арнаулы құқықтық режимнiң мiндеттерi мен қағидаттарын ескере отырып, əкiмшiлiк туралы ережеде айқындалған мақсаттарда жəне əкімшілік қызметiнiң шегiнде ғана билiк етуге құқылы.

13. Əкімшіліктің мүлкін жəне Қазақстан Республикасының атынан иелену, пайдалану жəне билік ету құқықтарын жүзеге асыру үшін əкімшілікке берілген мемлекеттік мүлікті қалыптастыру көздері:

1) əкімшіліктің құрылтайшысы ретінде Қазақстан Республикасы Үкіметінен түсетін түсімдер, оның ішінде республикалық бюджет қаражаты;

2) Алатау қаласының коммуналдық мүлкі түріндегі түсімдер;

3) үшінші тұлғалардың ерікті мүліктік жарналары мен қайырмалдықтары;

4) əкімшіліктің қызметін жүзеге асырудан алынған кірістер;

5) дивидендтер (қатысу үлестері, акциялар, облигациялар, басқа да бағалы қағаздар жəне салымдар (депозиттер) бойынша алынатын кірістер, сыйақы);

6) осы Конституциялық заңда көзделген салықтар, алымдар жəне басқа да міндетті төлемдер бойынша түсімдер;

7) Кеңестің шешімі бойынша əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген өзге де көздер.

14. Əкімшіліктің иеленуіне, пайдалануына жəне билік етуіне берілуге тиіс Алатау қаласының коммуналдық мүлкінің тізбесі, мұндай берудің мерзімдері мен тəртібі Кеңестің шешімімен бекітіледі.

15. Əкімшілік осы Конституциялық заңға енгізілетін, əкімшілікті қайта ұйымдастыру немесе тарату тəртібін, сондай-ақ оның мүлкінің заңды тағдырын айқындайтын өзгерістер мен толықтырулар негізінде қайта ұйымдастырылуы немесе таратылуы мүмкін.

 

19-бап (4-тармақты қоспағанда) 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

19-бап. Əкімшіліктің өкілеттіктері

1. Əкімшілік арнаулы құқықтық режимнің мақсатына, міндеттері мен қағидаттарына сəйкес Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға жауапты мемлекеттік органның стратегиялық, реттеуші, іске асыру жəне бақылау функцияларын орындайды.

2. Əкімшілік өзінің жекелеген іске асыру жəне (немесе) бақылау функцияларын жəне оларға сəйкес келетін құзыреттер мен өкілеттіктерді жүзеге асыруды осы Конституциялық заңның ережелеріне сəйкес беруге құқылы.

3. Мемлекеттік билік органдары əкімшіліктің, оның лауазымды адамдарының қызметіне, сондай-ақ арнаулы құқықтық режимнің міндеттерін орындауға байланысты əкімшілік органдарының қызметіне араласуға құқылы емес.

4. Əкімшілік пен əкімшіліктің органдары Алатау қаласында «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша іске асыру жəне бақылау функцияларын жүзеге асырады.

Егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, көрсетілген қағидатты іске асыру үшін Алатау қаласындағы қызмет бойынша барлық хабарламаларды, тіркеулерді, рұқсаттарды, келісулерді жəне өзге де əкімшілік əрекеттерді əкімшілік пен əкімшіліктің органдары жүзеге асырады.

5. Əкімшіліктің мынадай өкілеттіктері болады:

1) Алатау қаласының стратегиялық құжаттарын бекітеді, олардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;

2) осы Конституциялық заңға сəйкес басшылықты жəне нормативтік құқықтық реттеуді жүзеге асырады;

3) осы Конституциялық заңмен реттелетін қатынастарға байланысты мəселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, олардың лауазымды адамдарымен жəне квазимемлекеттік сектор субъектілерімен салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;

4) Алатау қаласында кəсіпкерлік жəне өзге де қызметті жүргізуге байланысты рұқсаттарды, сертификаттарды жəне өзге де құжаттарды тіркеуді, есепке алуды, аккредиттеуді, бизнес-лицензиялауды, реттеп лицензиялауды, беруді жүзеге асырады;

5) əкімшілік органдарын құрады;

6) өкілдіктер құрады, коммерциялық емес жəне коммерциялық ұйымдар құрады, оларға қатысады;

7) сотқа талап қоюлар береді, төрелік талқылауға бастамашылық жасайды жəне Алатау қаласындағы қызметті реттеуге, оның тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға байланысты мəселелер бойынша қабылданған əкімшілік актілердің орындалуын қамтамасыз ететін əкімшілік шараларды жүзеге асырады;

8) халықаралық даму институттарымен жəне басқа да коммерциялық ұйымдармен байланыстар орнатады жəне оларды дамытуды қамтамасыз етеді, осыған байланысты Алатау қаласының басқа органдарының өкілеттіктеріне жататындарды қоспағанда, кез келген келісімдер, шарттар, келісімшарттар жасасады;

9) əкімшілік туралы ережеде немесе Кеңестің жекелеген шешімдерінде айқындалатын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

6. Əкімшіліктің бас атқарушы директоры - Қазақстан Республикасы Президентінің жəне Қазақстан Республикасы Үкіметінің Алатау қаласындағы өкілі.

 

20-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі