«Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 8 мамырдағы № 286-VIII Конституциялық Заңы

Предыдущая страница

7. Алатау қаласында мемлекеттік-жекешелік əріптестік жобаларын жүзеге асыру кезінде мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың түрлері, көлемдері мен тəртібі Кеңестің шешімі бойынша əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

 

34-бап (әкімшілік пен оның органдарына қатысты бөлігінде) 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

34-бап. Алатау қаласы органдарының сатып алу рəсімдері

1. Алатау қаласы органдарының, Алатау қаласы мəслихаты мен əкімі аппараттарының жəне Алатау қаласының жергілікті бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың тауарларды, жұмыстарды жəне көрсетілетін қызметтерді сатып алуы əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сəйкес жүзеге асырылады.

2. Алатау қаласы органдарының тауарларды, жұмыстарды жəне көрсетілетін қызметтерді сатып алуы мемлекеттік сатып алу саласындағы халықаралық тұрғыдан танылған қағидаттар ескеріле отырып жəне:

1) баға мен сапаның оңтайлы арақатынасы;

2) əділдік, адалдық жəне ашықтық;

3) тиімді бəсекелестік;

4) жергілікті қамтуды кезең-кезеңімен ендіру қағидаттары сақталған жағдайда жүзеге асырылуға тиіс.

 

 

4-тарау. АЛАТАУ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТТІ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУ

 

35-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

35-бап. Жалпы ережелер

1. Осы тарауда Алатау қаласындағы қызметті құқықтық реттеудің жекелеген ерекшеліктері белгіленеді.

2. Алатау қаласындағы қызметті құқықтық реттеудің ерекшеліктері осы Конституциялық заңның 4-бабының 3-тармағы ескеріле отырып қабылданатын Алатау қаласының өзге де заңнамасымен қатар осы Конституциялық заңда белгіленеді.

 

36-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

36-бап. Алатау қаласының заңнамасы

1. Алатау қаласының заңнамасы - арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың бір бөлігі.

2. Алатау қаласы əкiмшiлiгiнің, мəслихаты мен əкімдігінің нормативтiк құқықтық актiлерi арнаулы құқықтық режимнiң мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыру үшiн қабылданады жəне осы Конституциялық заңға қайшы келе алмайды.

3. Алатау қаласы əкiмшiлiгiнің, мəслихаты мен əкімдігінің нормативтiк құқықтық актiлерi осы Конституциялық заңда белгiленген ерекше құқықтық мəртебеге ие жəне Қазақстан Республикасының құқықтық актiлер туралы заңнамасында белгiленген Қазақстан Республикасының заңға тəуелдi нормативтiк құқықтық актiлерінің жүйесiнен тыс қабылданады.

4. Əкімшілік мынадай нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды: реттеуші ережелер, қағидалар жəне реттеуші бұйрықтар.

5. Əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілері заңдық күші бойынша мынадай төмендей түсу деңгейлеріне сəйкес келеді:

1) реттеуші ережелер Кеңестің шешімімен бекітіледі;

2) қағидалар əкімшіліктің реттеу комиссиясының шешімімен бекітіледі;

3) реттеуші бұйрықтарды əкімшіліктің бас атқарушы директоры қабылдайды.

6. Алатау қаласының мəслихаты нормативтік құқықтық актілерді шешімдер түрінде қабылдайды.

7. Алатау қаласының əкімдігі нормативтік құқықтық актілерді қаулылар түрінде қабылдайды.

8. Əкімшіліктің Қазақстан Республикасының Конституциясы мен осы Конституциялық заңға қайшы келмейтін нормативтік құқықтық актілері Англия жəне Уэльс құқығының қағидаттарына, нормалары мен прецеденттеріне жəне (немесе) инфрақұрылым сапасы жоғары елдерде кəсіпкерлік қызметті жүргізу стандарттарына негізделуі мүмкін.

9. Осы Конституциялық заңның 4-бабының 3-тармағында белгіленген шектеулерді ескере отырып əкімшілік Алатау қаласында:

1) жеке-құқықтық қатынастарды;

2) жария-құқықтық қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға құқылы.

10. Əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілері тұрақты немесе уақытша болуы мүмкін. Əкімшіліктің уақытша нормативтік құқықтық актілері мынадай мақсаттарда:

1) эксперименттік құқықтық режим шеңберінде технологиялық жəне өзге де инновацияларды əзірлеуді, сынақтан өткізуді жəне ендіруді арнаулы реттеу;

2) құқық нормалары мен реттеудегі тəсілдерді алдын ала сынақтан өткізу;

3) тиісті тұрақты нормативтік құқықтық акті қабылданғанға дейін қоғамдық қатынастарды немесе белгілі бір саладағы қоғамдық қатынастарды реттеу мақсаттарында;

4) Кеңес айқындайтын мақсаттарда қабылданады жəне белгілі бір мерзімге немесе актінің қолданысының аяқталуы айқындалған оқиға басталғанға дейін қолданылады.

11. Алатау қаласының заңнамасы мен арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың өзге де нормативтік құқықтық актілері Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жеке мемлекеттік есепке алынуға тиіс.

12. Алатау қаласының заңнамасы Кеңестің шешімі бойынша əкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тəртіппен Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізілуге тиіс.

13. Егер Алатау қаласы заңнамасының нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын дереу қабылдау қажеттігі Алатау қаласының қауіпсіздігін, тыныс-тіршілігін не оны орнықты дамытуды қамтамасыз етуге негізделмесе, аталған жобалар қабылданғанға дейін олар жария талқылауға жатады. Жария талқылауды өткізу тəртібі əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

14. Алатау қаласы заңнамасының нормативтік құқықтық актілерін əзірлеу, олардың заңдық (құқықтық) сараптамасын жүргізу, қабылдау, есепке алу, қолданысқа енгізу, өзгерту, толықтыру, тоқтату, күшін жою, қолданысын тоқтата тұру жəне жариялау тəртібі жəне олардың иерархиясы Кеңестің шешімі бойынша əкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

15. Алатау қаласы заңнамасының нормаларында түсініксіз тұстар мен əртүрлi түсiну, сондай-ақ оларды қолдану практикасында қайшылықтар анықталған жағдайларда, əкiмшiлiк ресми түсiндiрме бередi. Ресми түсіндірме беру актілері мiндеттi сипатқа ие болады.

Алатау қаласы заңнамасының нормаларын түсіндіру арнаулы құқықтық режимнің қағидаттарына сəйкес жүзеге асырылады.

Алатау қаласының заңнамасы мен Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінің жəне заңға тəуелді нормативтік құқықтық актілерінің нормалары арасындағы барлық күмəндар, қайшылықтар мен түсініксіз тұстар Алатау қаласының заңнамасы нормаларының пайдасына шешіледі.

16. Алатау қаласы əкімшілігінің, мəслихаты мен əкімдігінің нормативтік құқықтық актілері мынадай негіздер:

1) Алатау қаласы əкімшілігінің, мəслихатының немесе əкімдігінің осы Конституциялық заңда берілген өкілеттіктерден асып кетуі;

2) арнаулы құқықтық режимнің мақсатына жəне (немесе) міндеттеріне айқын қарама-қайшылық бойынша заңсыз деп танылуы жəне Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының талап қоюы бойынша тек қана сотта олардың толық немесе ішінара күші жойылуы мүмкін.

17. Егер осы тармақтың екінші бөлігінде өзгеше көзделмесе, Алатау қаласы əкімшілігінің, мəслихатының немесе əкімдігінің нормативтік құқықтық актісін заңсыз деп тану мен оның күшін жоюдың кері күші болмайды. Мұндай тану жəне күшін жою:

1) осы нормативтік құқықтық актінің қолданылу кезеңінде адал ниетпен жасалған мəмілелерге;

2) осы нормативтік құқықтық актінің негізінде адал түрде алынған бизнес-лицензиялардың, реттеуші лицензиялардың жəне реттеуші рұқсаттардың қолданылуына;

3) осы нормативтік құқықтық актінің қолданылу кезеңінде үшінші тұлғалардың адал түрде иеленген құқықтары мен міндеттемелеріне əсер етпейді.

Алатау қаласы əкiмшiлiгiнiң, мəслихатының немесе əкімдігінің нормативтiк құқықтық актiсi көрiнеу заңсыз болған айрықша жағдайларда сот мұндай нормативтік құқықтық актіні қабылданған кезінен бастап заңсыз деп таниды. Бұл жағдайда осы актінің, бизнес-лицензиялардың, реттеуші лицензиялардың жəне реттеуші рұқсаттардың негізінде жасалған, осы нормативтік құқықтық актінің қолданылу кезеңінде берілген мəмілелер жарамсыз болады.

Көрінеу заңсыз нормативтік құқықтық актіні шығару нəтижесінде адал адамдарға келтірілген залалдарды оны шығарған органдар өтеуге тиіс.

Егер Алатау қаласы əкімшілігінің, мəслихатының немесе əкімдігінің нормативтік құқықтық актісінің Қазақстан Республикасының Конституциясына немесе осы Конституциялық заңға қайшы келуі қабылданған кезде айқындалса, ол көрінеу заңсыз нормативтік құқықтық акт болып есептеледі.

18. Көрінеу заңсыз болған жағдайларды қоспағанда, Алатау қаласы əкiмшiлiгiнiң, мəслихатының немесе əкімдігінің нормативтік құқықтық актісі əкімшіліктің интернет-ресурсында орналастырылған күнінен бастап үш жыл өткен соң оған дау айтуға болмайды.

19. Əкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде Кеңестің шешімі бойынша Қазақстан Республикасының тиісті уəкілетті мемлекеттік органдарымен келісілуге тиіс əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілері қабылданатын мəселелердің тізбесі айқындалады.

 

37-бап. Алатау қаласында тілдерді қолдану

35-баптың 1-тармағы 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

1. Əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілері қазақ, орыс жəне ағылшын тілдерінде əзірленеді жəне қабылданады. Əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерін басқа тілдерге аударуға жол беріледі. Əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінің ресми аудармасын Алатау қаласының тиісті актіні қабылдаған органы қамтамасыз етеді.

2. Əкімшілікте ішкі құжаттаманы, жұмыс құжаттамасын, есепке алу-статистикалық, қаржылық, техникалық құжаттаманы жəне өзге де жұмыс құжаттамасын жүргізу қазақ, орыс жəне ағылшын тілдерінде жүзеге асырылады.

3. Алатау қаласының органдарына жолданымдар қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде беріледі.

Алатау қаласы органдарының қабылданған жолданымға жауаптары мен оларға қоса берілетін құжаттар тиісті жолданым тілінде жазылады.

4. Алатау қаласының заңнамасы бойынша жазбаша түрде жасалатын барлық мəмілелер қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде жазылады. Қажет болған кезде мұндай мəмілелер қосымша басқа тілдерде жазылуы мүмкін.

Тараптарының бірі Алатау резиденті бола отырып, жазбаша нысанда жасалатын мəмілелер ағылшын не қазақ немесе орыс тілінде жазылады.

5. Деректемелер мен көрнекі ақпараттың мəтіндері орфография, əдеп жəне мəтіннің түпнұсқалық аудармасының нормалары сақталып жазылады.

6. Алатау қаласында мемлекеттік емес заңды тұлғалардың маңдайшалары қазақ тілінде орналастырылады. Қажет болған кезде маңдайшалар қосымша орыс немесе ағылшын тілінде орналастырылуы мүмкін. Маңдайшаларды басқа тілдерде орналастыруға тыйым салынады.

 

38-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

38-бап. Алатау қаласындағы резиденттік

1. Алатау резидентінің құқықтық мəртебесі (бұдан əрі - резиденттік) резиденттіктің жекелеген санаттары бойынша беріледі.

Резиденттікті беру, өзгерту жəне тоқтату тіркелуге тиіс.

2. Резиденттiк санаттары арнаулы құқықтық режимдi жəне осы Конституциялық заң мен əкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген тиiстi құқықтарды, мiндеттер мен талаптарды Алатау резидентiне қатысты қолданудың жол берiлетiн көлемiн айқындайды.

3. Əкімшілік Алатау резиденттерінің тізілімін жүргізеді.

4. Резиденттiк санаттарының жүйесi, резиденттiктi беру, өзгерту жəне тоқтату шарттары, оларды тiркеу тəртiбi, Алатау резиденттерi тiзiлiмiнiң мəлiметтерiн қалыптастыру, жүргiзу, мазмұндау жəне жариялау тəртiбi əкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалады.

 

39-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

39-бап. Алатау қаласындағы кəсіпкерлік қызмет жəне бизнес-лицензиялау

1. Тұлғаның нақты жүзеге асырылатын, коммерциялық емес ұйымдар үшін - бизнесті құру мақсаттарына қол жеткізуге не жеке тұлғалар мен коммерциялық ұйымдар үшін бизнестің кірісін қалыптастыруға бағытталған кəсіпкерлік қызметі негізгі бизнес болып саналады.

Егер Алатау қаласының аумағында іс жүзінде тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан немесе қызметтерді көрсетуден, Алатау қаласының аумағында орналасқан мүлікті иеленуден, пайдаланудан немесе оған билік етуден жəне (немесе) консультациялық, агенттік, өкілдік жəне өзге де қосалқы қызметтер көрсетуді қоспағанда, Алатау қаласының аумағында құрылған жəне (немесе) басқарылатын зияткерлік қызмет нəтижелері арқылы түсетін кірісті тікелей қалыптастыратын негізгі өндірістік, операциялық, коммерциялық жəне технологиялық функцияларды орындауды қамтитын қызмет жүзеге асырылса, негізгі бизнес Алатау қаласының аумағында жүзеге асырылатын бизнес болып есептеледі.

2. Алатау қаласының аумағында негiзгi бизнестi жүзеге асыру фактiсiн айқындауды əкiмшiлiк өзi айқындаған тəртiппен жүзеге асырады. Əкiмшiлiк Алатау қаласының аумағында негiзгi бизнестi жүзеге асыратын тұлғаны, егер оның iс жүзiндегi қызметi осы Конституциялық заңда белгiленген негiзгi бизнес белгiлерiне сəйкес келсе, тiркелген орнына қарамастан, осындай тұлға деп тануға құқылы.

3. Жеке жəне заңды тұлғалар Алатау қаласының аумағында негізгі бизнесті құрайтын қызметті жүргізуді əкімшілік беретін бизнес-лицензия негізінде жүзеге асырады.

4. Қызметінде негізгі бизнестің белгілері жоқ Алатаудың резидент коммерциялық емес заңды тұлғалары мұндай қызметті бизнес-лицензия алмай жүзеге асыруға құқылы.

5. Бизнес-лицензия алған тұлға негізгі бизнесті құрайтын қызметті тек қана бизнес-лицензияда көрсетілген жəне əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын қызмет түрлері мен шарттары шегінде жүзеге асыруға құқылы.

6. Бизнес-лицензия коммерциялық ұйымға ол Алатаудың резидент заңды тұлғасы ретінде мемлекеттік тіркелген кезде беріледі. Өзге тұлғаларға бизнес-лицензия Алатау қаласында негізгі бизнесті жүзеге асыру ниеті болған жағдайда өтініш бойынша беріледі.

7. Алатау қаласының шегiнен тысқары жерлерде тiркелген Алатаудың резидент заңды тұлғаларының өкiлдiктерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңды тұлғаларының Алатау қаласындағы өкiлдiктерi кəсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға құқылы емес.

8. Бизнес-лицензиялардың түрлерi, бизнес-лицензиялау тəртiбi, бизнес-лицензияны тоқтата тұрудың жəне оның қолданылуын тоқтатудың салдары əкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалады.

 

40-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

40-бап. Заңды тұлғалардың Алатау қаласының аумағындағы қызметінің құқықтық режимі

1. Заңды тұлғалардың Алатау қаласының аумағындағы негізгі бизнесін тек қана Алатаудың резидент заңды тұлғалары жүзеге асыруға тиіс.

2. Алатаудың резиденттері болмайтын заңды тұлғалар Алатау қаласының аумағында жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсету жөніндегі қызметті:

1) мұндай қызмет уақытша немесе жобалық негізде жүзеге асырылған жəне тұрақты сипатта болмаған жағдайда - филиал құрмай;

2) мұндай қызмет тұрақты негізде мынадай шарттарда:

мұндай қызмет Алатау қаласының аумағында жүзеге асырылатын заңды тұлғаның негізгі бизнесіне жатпаған;

тауарларды өткізу жүзеге асырылмаған не тауарларды өткізу тек қана оларды орындау үшін қажетті көлемде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер нəтижесін жасау процесінде жүзеге асырылған жəне оның дербес кəсіпкерлік мақсаты болмаған;

осы Конституциялық заңға немесе əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сəйкес тек қана Алатаудың резидент заңды тұлғалары жүргізетін қызмет жүзеге асырылмаған жағдайда, Алатау қаласында тіркелген филиал арқылы жүзеге асыруға құқылы.

3. Алатау резидентігінің болуы туралы талап:

1) Алатау қаласындағы қызметін (функцияларын) өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлғаларға, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор ұйымдарына;

2) Қазақстан Республикасында заңды тұлға құрмайтын жəне Алатау қаласында негізгі бизнесін филиал немесе өкілдік арқылы жүзеге асырмайтын, сондай-ақ қызметін Алатау қаласында тұрақты негізде жүргізбейтін жəне Алатау резиденттерімен жəне (немесе) Алатау қаласының органдарымен жасалған шарттар бойынша қаржыландыруды ұсыну жəне (немесе) жекелеген қызметтер көрсету (оның ішінде техникалық, консультациялық жəне өзге де кəсіби көрсетілетін қызметтер), тауарларды беру жəне (немесе) жобалау, іздестіру, ғылыми-зерттеу, тəжірибелік-конструкторлық не технологиялық жұмыстарды орындау арқылы Алатау қаласындағы жобаларға қатысатын шетелдік заңды тұлғаларға қолданылмайды.

4. Егер осы Конституциялық заңда өзгеше белгіленбесе:

1) Алатау резиденттері болмайтын заңды тұлғалардың Алатау қаласының аумағында бизнес-лицензияның болуын талап ететін негізгі бизнесті жүзеге асыруына;

2) Алатау қаласының шегінен тысқары жерлерде Қазақстан Республикасының өзге аумағында құрылған мемлекеттік емес заңды тұлғалардың тіркелу орнын Алатау қаласында тіркелу орнына өзгертуге;

3) Алатаудың резидент заңды тұлғаларының Қазақстан Республикасының өзге аумағында филиалдар құруына тыйым салынады.

5. Алатаудың резидент заңды тұлғаларының түрлерi мен ұйымдық-құқықтық нысандары, оларды құрудың, тiркеудiң, қайта ұйымдастырудың, таратудың жəне қызметiн тоқтатудың негiздерi мен тəртiбi, олардың қызметiн жүзеге асыруға қойылатын талаптар əкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалады.

6. Əкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде шетелдiк заңды тұлғалардың тiркелу орнын шетелдiк юрисдикциялардан олардың қызметiн тоқтатпай Алатау қаласына өзгерту (редомициляциялау) мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн.

7. Алатаудың резидент заңды тұлғаларына Бизнес-сəйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінде бизнес-сəйкестендіру нөмірлері беріледі. Мұндай бизнес-сəйкестендіру нөмірлері Қазақстан Республикасының өзге заңды тұлғаларына берілетін бизнес-сəйкестендіру нөмірлерімен бірдей деп танылады жəне қолданылады.

8. Əкiмшiлiк Алатаудың резидент заңды тұлғаларын мемлекеттiк тiркеудi, қайта тiркеудi жəне олардың қызметiнің тоқтатылуын тiркеудi, Алатау қаласында есептiк тiркеудi, қайта тiркеудi, сондай-ақ Алатау қаласындағы филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркеуден шығаруды жүзеге асырады.

Əкімшілік Бизнес-сəйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне өзі тіркеген заңды тұлғалар, филиалдар мен өкілдіктер туралы мəліметтерді оларға бизнес-сəйкестендіру нөмірлерін беру үшін ұсынады.

9. Бизнес-сəйкестендіру нөмірлерін беру, есепке алу жəне пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен жүзеге асырылады.

10. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары Алатаудың резидент заңды тұлғаларына, Алатау қаласындағы филиалдар мен өкiлдiктерге бизнес-сəйкестендiру нөмiрлерiн берудi, сондай-ақ олар туралы мəлiметтердi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк цифрлық жүйелерiне интеграциялауды қамтамасыз етедi.

Көрсетілген цифрлық жүйелерде осы Конституциялық заңның 27-бабының 3-тармағында көзделген тəртіппен Алатаудың резидент заңды тұлғаларын, филиалдар мен өкілдіктерді Алатау қаласының субъектілері ретінде сəйкестендіру қамтамасыз етіледі.

11. Алатаудың резидент заңды тұлғаларын оңалту жəне олардың банкроттығы Кеңестің шешімі бойынша əкімшіліктің нормативтік құқықтық актісіне сəйкес жүзеге асырылады.

 

41-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

41-бап. Алатау қаласындағы реттеп лицензиялау жəне рұқсат беру рəсімдері

1. Алатау қаласының аумағындағы қызметті мемлекеттік реттеу реттеуші лицензиялар мен реттеуші рұқсаттарды қолдануды қоса алғанда, осы Конституциялық заң мен əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген нысандарда жүзеге асырылады.

2. Əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сəйкес жекелеген қызмет түрлері реттеуші лицензиялар негізінде Алатау қаласында жүзеге асырылады.

Егер осы Конституциялық заңда өзгеше белгіленбесе, реттеуші лицензиялар тек қана Алатау резиденттеріне беріледі.

3. Эксперименттік құқықтық режимге қатысу, сондай-ақ жекелеген операцияларды жасау, жекелеген жобаларды іске асыру, Алатау қаласының аумағында өзге де нақты əрекеттерді жасау əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сəйкес реттеуші рұқсаттар алуды талап етеді.

Тиісті құқық тек қана Алатау резиденттеріне немесе олардың жекелеген санаттарына берілуі мүмкін екені осы Конституциялық заңда немесе əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Алатау резиденттеріне, сондай-ақ өзге де тұлғаларға реттеуші рұқсаттар беріледі.

4. Реттеушi лицензиялар мен реттеушi рұқсаттарды əкiмшiлiк немесе əкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалған жағдайларда, əкiмшiлiк органдары бередi.

5. Егер Алатау қаласының заңнамасында өзгеше көзделмесе, осы Конституциялық заңның 4-бабының 3-тармағында көзделген рұқсат беру жəне хабарлама жасау тəртіптерін енгізуге жəне іске асыруға байланысты мемлекеттік реттеуді өз құзыреттері шегінде Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдары жүзеге асырады.

6. Реттеушi лицензиялар мен реттеушi рұқсаттар белгiлi бiр мерзiмге не қолданылу мерзiмi шектелмей берiледi.

7. Егер осы Конституциялық заңда немесе əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде өзгеше белгіленбесе, Алатау қаласының аумағындағы мемлекеттік заңды тұлғалар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес мемлекеттік реттелуге тиіс.

8. Бизнес-лицензияның болуы реттеуші лицензияны, реттеуші рұқсатты алу міндетінен босатпайды.

9. Реттеп лицензиялауды жəне рұқсат беру рəсімдерін жүзеге асыру кезінде əкімшілік инфрақұрылым сапасы жоғары елдерде берілген жəне (немесе) əкімшілік айқындайтын халықаралық ұйымдар берген лицензияларды, рұқсаттарды, аккредиттеулерді жəне қызметті жүзеге асыру құқығын растайтын өзге де құжаттарды тануға құқылы.

10. Реттеп лицензиялауды жүзеге асыру жəне рұқсат беру рəсімдерін жүзеге асыру тəртібі, қойылатын біліктілік талаптарын жəне (немесе) өзге де талаптар, сондай-ақ олардың орындалуын қамтамасыз ету тəсілдері жəне Алатау қаласындағы қызметті мемлекеттік реттеуді бұзғаны үшін өзге де құқықтық ықпал ету шаралары əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

 

42-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

42-бап. Алатау қаласындағы мемлекеттік бақылау жəне қадағалау

1. Осы Конституциялық заңмен жəне əкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттелетiн қоғамдық қатынастар салаларында Алатау резиденттерi мен Алатау қаласындағы өзге де тұлғаларға қатысты Алатау қаласындағы мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды тек қана əкiмшiлiк жəне осы Конституциялық заңға сəйкес ол уəкiлеттiк берген тұлғалар əкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiсiнде айқындалған тəртiппен жүзеге асырады.

2. Орталық мемлекеттiк органдар мен олардың аумақтық бөлiмшелерi мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға, əкiмшiлiк ықпал ету шараларын қолдануға, мiндеттi нұсқамалар беруге не əкiмшiлiктi реттеуге жатқызылған мəселелер бойынша Алатау резиденттерiнiң қызметiн тоқтата тұруға құқылы емес.

3. Осы Конституциялық заңмен жəне əкiмшiлiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттелмейтiн жəне осы Конституциялық заңның 4-бабының 3-тармағында көзделген қатынастар салаларына жатқызылмаған заңнама салаларында Алатау резиденттерiне қатысты мемлекеттiк бақылау мен қадағалау тек қана əкiмшiлiктiң алдын ала жазбаша келiсiмi болған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тəртiппен жүзеге асырылады. Алдын ала жазбаша келісімнің қажеттігі арнаулы мемлекеттік органдардың, айрықша құзыретіне жатқызылған өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уəкілетті орган мен қаржылық мониторингті жүзеге асыратын уəкілетті органның қызметіне, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша жүргізілетін мемлекеттік бақылау мен қадағалауға, сондай-ақ Кеңестің шешімі бойынша əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын өзге де жағдайларда қолданылмайды.

Əкімшілік, егер:

мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасы əкімшіліктің, əкімшілік органдарының, əкімшілік уəкілеттік берген өзге де мемлекеттік органдардың жəне (немесе) ұйымдардың өкілеттіктерімен қамтылатын;