Шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдік заңды тұлғалардың аталған объектілерге меншік құқығын иелену және жүзеге асыру ерекшеліктері Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
2. Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде мынадай мәселелер бойынша реттеу ерекшеліктері айқындалуы мүмкін:
1) тұрғын, коммерциялық және өзге де тұрғын емес жылжымайтын мүлік объектілерін сатып алу тәртібі;
2) тұрғын үй құрылысын қаржыландыру мен ұйымдастыру;
3) нысанасы жылжымайтын мүлік болып саналатын шарттарды жасасу және орындау тәртібі, тараптардың осындай шарттар бойынша құқықтары мен міндеттері;
4) кейіннен сатып алу құқығымен тұрғын жылжымайтын мүлікті жалға алу тәртібі;
5) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде бақыланбайтын көші-қон процестеріне жол бермеу мақсатында шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың жылжымайтын мүлік объектілерін сатып алуы мен иеленуін реттеу жүйесін ұйымдастыру;
6) Алатау қаласында жылжымайтын мүлік объектілерін сатып алуға байланысты өзге де мәселелер.
3. Цифрлық басымдылық қағидатын іске асыру мақсатында әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде жылжымайтын мүлікке және заңдық маңызы бар цифрлық жазбалар енгізу арқылы Алатау қаласы объектілерінің құқықтық кадастрында есепке алынуға тиіс өзге де объектілерге құқықтардың (құқық ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін және тоқтатылуын есепке алу, тану және растау үшін, таратылған тізілім (блокчейн) технологиясы негізінде осындай кадастрды жүргізу көзделуі мүмкін.
67-бап. Алатау қаласында жер қатынастары
67-баптың 1-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
1. Алатау қаласында жер қатынастары осы Конституциялық заңның ережелері ескеріле отырып, әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
67-баптың 2-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
2. Алатау қаласында арнаулы құқықтық режим міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға және (немесе) меншікке берілмеген жер учаскелерінен тұратын Алатау қаласының жер қоры қалыптастырылады.
67-баптың 3-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
3. Осы Конституциялық заңда көзделген функцияларын іске асыру мақсатында әкімшілік өз құзыреті шегінде, жерді иелену, пайдалану және билік ету құқықтарын қоса алғанда, Алатау қаласының жер қорын басқаруды жүзеге асырады.
67-баптың 4-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
4. Алатау қаласындағы мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелері Алатаудың резиденттеріне жер пайдалануға Алатау қаласының жер қорынан өтеулі негізде берілуі мүмкін.
Алатау қаласының жер қорын қалыптастыру мақсатында жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару немесе мәжбүрлеп алып қою нәтижесінде Алатаудың резиденттеріне жер пайдалануға берілген жер учаскелері бойынша Алатаудың резиденттері әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын тәртіппен бұрынғы меншік иелеріне немесе жер пайдаланушыларға құнын өтеу немесе тиісінше төлемдер төлеу бойынша шығыстарды мемлекетке өтейді.
67-баптың 5-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
5. Алатау қаласындағы жер учаскелері жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттарда айқындалатын олардың нысаналы мақсатына, қызметті жүзеге асыруға арналған бизнес-лицензияға және мастер-жоспар мен аумақтың тиісті бөлігінің егжей-тегжейлі даму жоспарларында көзделген Алатау қаласының аумағын аймақтарға бөлуге сәйкес пайдаланылуға тиіс.
67-баптың 6-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
6. Алатау қаласындағы жер учаскелері мемлекеттік жер пайдаланушыларға жер пайдалануға және (немесе) квазимемлекеттік сектор ұйымдарына уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға алуға) берілуі мүмкін.
67-баптың 7-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
7. Алатау қаласында жер учаскелерін жер пайдалануға беру тәртібі Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
67-баптың 8-тармағы 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
8. Алатау қаласы мен қала маңындағы аймақта шаруа немесе фермер қожалығын, жеке қосалқы шаруашылықты, бағбандық, бау-бақша шаруашылығын, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысын жүргізу үшін жер учаскелерін беруге тыйым салынады.
67-баптың 9-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
9. Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын ерекше жағдайларда жер учаскелері Алатаудың резидент заңды тұлғаларына инвестициялық жоба бойынша өздерінің негізгі міндеттемелерін, оның ішінде:
3) тиісті бизнес-лицензияда айқындалған елеулі өзге де шарттарды орындаған жағдайда, кейіннен меншікке сатып алу құқығымен жер пайдалануға берілуі мүмкін.
67-баптың 10-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
10. Әкімшіліктің Алатау қаласындағы жер қатынастарын реттейтін нормативтік құқықтық актілерінде мынадай мәселелер бойынша жер қатынастарын реттеу ерекшеліктері:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жер қатынастарын реттеудің құқықтық режимінен алып қоюлардың, оның ішінде жер пайдалану құқығын беру шарттарының айқындалуы көзделуі мүмкін.
Алатау қаласының жер қорының жер учаскелері азаматтық-құқықтық мәміле негізінде және Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген басқа жағдайларда жеке меншікке ұсынылады не беріледі;
2) жер пайдалану құқығын беру кезінде жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының оларды алу үшін сұратылған мақсатқа қарай айқындалуы;
3) уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалға алудың) үлгілік шартының әзірленуі және бекітілуі;
4) жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттардың және жер учаскесіне сәйкестендіру құжаттарының түрі, мазмұны және нысаны;
5) Алатау қаласы аумағының аймақтарға бөлінуі;
6) Алатау қаласының тиісті түрде жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында жер қатынастарын реттеудің өзге де мәселелері көзделуі мүмкін.
67-баптың 11-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
11. Алатаудың резиденттеріне жер пайдалануға және (немесе) меншікке берілген жер учаскелерінің нысаналы мақсатқа сай пайдаланылуына және олардың қорғалуына мониторингті және мемлекеттік бақылауды әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен әкімшілік жүзеге асырады.
67-баптың 12-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
12. Алатаудың резидент заңды тұлғасына берілген жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығы Алатаудың резидент заңды тұлғасы тиісті бизнес-лицензиядан айырылған немесе тиісті жоба бойынша әкімшілікпен шарт мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап тоқтатылады.
67-баптың 13-тармағы 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
13. Кеңес Алатау қаласын дамыту мақсатында жер учаскелері:
1) Алатау қаласының инфрақұрылымын дамыту және жер қорын қалыптастыру мақсатында қала құрылысын жоспарлаудың көрсетілген құжаттарын (бұдан әрі - бірінші кезекте мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын аумақтар) іске асыру мақсатында қабылданған ұзақ мерзімді жоспарда, мастер-жоспарда және (немесе) әкімшіліктің шешімдерінде көзделген мерзімдерде мемлекет мұқтажы үшін бірінші кезекте мәжбүрлеп иеліктен шығарылуға тиіс;
2) қала құрылысын жоспарлау (бұдан әрі - перспективалық игеру аумағы) құжаттарына сәйкес игерілуге тиіс Алатау қаласының аумақтарын айқындайды.
67-баптың 14-тармағы 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
14. Перспективалық игеру аумақтарында орналасқан жер учаскелеріне қатысты инвестицияларды жүзеге асыруды бастау мақсатында әкімшілік меншік иесін және (немесе) мемлекеттік емес жер пайдаланушыны әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен тиісті түрде хабардар еткен күннен бастап есептелетін екі жылдық мерзім белгіленеді. Меншік иесі және (немесе) мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін үшінші тұлғаларға берген жағдайда осы екі жылдық мерзімнің өтуі тоқтатыла тұрмайды.
Осы Конституциялық заңның 70-бабына сәйкес мәжбүрлеп алып қою рәсімі шеңберінде Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар жіберілген перспективалық игеру аумақтарында орналасқан жер учаскелеріне қатысты осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген хабарлама осындай нұсқаманың мерзімі өткеннен кейін жіберілуі мүмкін.
Меншік иесі және (немесе) мемлекеттік емес жер пайдаланушы тиісті түрде хабардар етілген күннен бастап тиісті жер учаскесіне жер салығының жыл сайын еселеп арттырылатын мөлшерлемелері немесе тиісінше жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемдер қолданылады, олардың мөлшері мен төлеу тәртібін нысаналы мақсатына, санатына және өзге де сипаттамаларына қарамастан Кеңестің шешімі бойынша әкімшілік айқындайды.
Жер учаскелерін инвестицияларды жүзеге асыру мақсаттары үшін берілген екі жылдық мерзім өткеннен кейін игермеу әкімшіліктің жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсіміне бастама жасауына негіз болады.
67-баптың 15-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
15. Осы баптың 16-тармағында көзделген жағдайларда перспективалық игеру аумақтарында орналасқан жер учаскелеріне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары қала құрылысын жоспарлау құжаттарында белгіленген аймақтарға бөлу және (немесе) жер санаты ескеріле отырып қайта ресімделуге жатады. Перспективалық игеру аумақтарында орналасқан жер учаскелеріне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарын қайта ресімдеу тәртібі әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
67-баптың 16-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
16. Перспективалық игеру аумақтарында инвестицияларды жүзеге асыру мақсаттары үшін берілген жер учаскелерін игеру мынадай кез келген тәсілдермен:
1) осы Конституциялық заңда және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен бизнес-лицензия алу;
2) Алатау резиденттерінің инвестицияларды жүзеге асыруы мақсатында меншік иелерінің және (немесе) мемлекеттік емес жер пайдаланушылардың жер учаскесіне құқықты (оның ішінде сату арқылы) беруі;
3) жер учаскелері меншік иелерінің, мемлекеттік емес жер пайдаланушылардың, әкімшіліктің (әкімшілік органдарының), Алатау резиденттерінің және (немесе) өзге де тұлғалардың қатысуымен бірлескен кәсіпорындар құру арқылы не бірлескен қызмет туралы шарт негізінде инвестицияларды жүзеге асыру тәсілдерімен;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де тәсілдермен жүргізілуі мүмкін.
68-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
68-бап. Алатау қаласының жер қорын қалыптастыру
1. Алатау қаласының жер қорын қалыптастыруды әкімшілік осы Конституциялық заңда және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіпке сәйкес жүзеге асырады.
1) мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға және (немесе) меншікке берілмеген жер учаскелерінен;
2) мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару нәтижесінде алынған жер учаскелерінен;
3) меншік иелерінен және (немесе) жер пайдаланушылардан мәжбүрлеп алып қою нәтижесінде алынған, мақсатына сай пайдаланылмаған, игерілмеген немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жер учаскелерінен;
4) мемлекеттік жер пайдаланушылардан мемлекет мұқтажы үшін алып қою нәтижесінде алынған жер учаскелерінен;
5) меншік иесінің немесе жер пайдаланушының жер учаскесіне меншік құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан мемлекет пайдасына ерікті түрде бас тартуы нәтижесінде алынған жер учаскелерінен;
6) егер заң бойынша да, өсиет бойынша да мұрагерлері жоқ не бірде бір мұрагер мұраны қабылдамаған, не өсиет қалдырушы барлық мұрагерлерді мұрадан айырған, не мұрагер мемлекет пайдасына мұрадан бас тартқан немесе мұрадан кімнің пайдасына бас тартатынын көрсетпей мұрадан бас тартқан жағдайда алынған жер учаскелері;
7) әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де негіздерде берілетін жер учаскелерінен құралады.
69-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
69-бап. Алатау қаласының жер қорын қалыптастыру мақсатында мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару
1. Осы бапқа сәйкес мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару - меншік иелерінің немесе жер пайдаланушылардың мүлкін иеліктен шығарудың айрықша жағдайы, ол Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамыту мақсатында Алатау қаласының ұзақ мерзімді жоспары мен мастер-жоспарын іске асыру және сақтау, жер қорын қалыптастыру және арнаулы құқықтық режимнің міндеттерін орындау жөніндегі мемлекеттік мүддені қанағаттандыруға бағытталған.
2. Мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын жер учаскесінің және осындай жер учаскесіндегі өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құны «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізілетін бағалау негізінде айқындалады.
3. Бірінші кезектегі мәжбүрлеп иеліктен шығару аумақтары бойынша 2025 жылғы 26 қыркүйектен бастап бес жыл ішінде мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе жер учаскесіндегі өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын айқындау көрсетілген кезеңдегі нарықтық құнның өзгеруін есепке алмай және Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын тәртіппен белгіленетін және қолданылатын индекстеуге сәйкес жүзеге асырылады.
4. Алатау қаласының жер қорын қалыптастыру мақсатында мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін немесе иеліктен шығарылатын жер учаскесіндегі өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен әкімшілік жүзеге асырады.
Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін немесе иеліктен шығарылатын жер учаскесіндегі өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару меншік иесінің немесе жер пайдаланушының келісімімен не сот шешімі бойынша мүліктің тең құны өтелген кезде жүзеге асырылады.
5. Меншік иесі немесе жер пайдаланушы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарламаны алған кезден бастап:
1) мемлекеттің оны басымдықпен сатып алуға құқығы бар;
2) меншік иесінің немесе жер пайдаланушының иеліктен шығарылатын жер учаскесіндегі құрылыс объектілерін жаңадан салуға, кеңейтуге, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға, реконструкциялауға, қалпына келтіруге және (немесе) күрделі жөндеуге байланысты шығындары мен шеккен залалдары өтелуге жатпайды.
6. Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін немесе иеліктен шығарылатын жер учаскесіндегі өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде тең құнын өтеу:
1) меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен Алатау қаласынан тыс жерде өзге жер учаскесін беруді;
2) иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе иеліктен шығарылатын жер учаскесіндегі өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын өтеуді көздеуі мүмкін.
7. Алатау қаласынан тыс жерде өзге жер учаскесін беру кезінде өтеудің тең құны иеліктен шығарылатын және оның орнына берілетін жер учаскелерінің сипаттамаларын, оның ішінде орналасқан жерін, нысаналы мақсатын, алаңын, топырақтың сапалық жай-күйін, сумен қамтамасыз етілуін және инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін кешенді бағалауға сүйене отырып айқындалады.
8. Құны тең жер учаскелері Алатау қаласынан тыс жерден, сауда-саттық (аукциондар) рәсімі қолданылмай, оның ішінде Алатау қаласындағы мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің сипаттамаларына ұқсас немесе олармен салыстырғанда анағұрлым жақсартылған сипаттамаларымен берілуі мүмкін.
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары Алатау қаласындағы мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің орнына Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын жер учаскесінің сипаттамаларын кешенді бағалаудың әдістемесі негізінде құны тең жер учаскелерін беруді қамтамасыз етеді.
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары өздерінің мемлекеттік меншігіндегі жерлердегі жер учаскелерін құны тең жер учаскелері ретінде беру үшін резервке қояды.
9. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарының құны тең жер учаскелерін резервке қою және беру тәртібі мен мерзімі осы Конституциялық заңның 27-бабында көзделген жәрдемдесу тәртібімен нормативтік құқықтық актілерде айқындалады.
10. Осы бапқа сәйкес мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару мақсатында және осы Конституциялық заңның 84-бабының 4-тармағында көзделген комиссияның құзыретіне жатқызылған өзге де мақсаттарда жеке тұрғын үйлер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажет рұқсаттарды алмай мемлекетке тиесілі жер учаскелері болып қалыптастырылмаған жерге салынған, жеке тұрғын үйлермен байланысты құрылыстар мен құрылысжайлар Алатау қаласының аумағында заңды түрде салынған деп танылады. Аталған жылжымайтын мүлік объектілері 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тұрғызылған және мақсатына сай пайдаланылған кезде мәжбүрлеп иеліктен шығару мақсаттары және осы Конституциялық Заңның 84-бабының 4-тармағында көзделген комиссияның құзыретіне жатқызылған өзге де мақсаттар үшін заңды түрде салынған мүлік (бұдан әрі - танылатын мүлік) деп танылады. Жылжымайтын мүлік объектілерін танылатын мүлік ретінде тану туралы шешімді осы Конституциялық Заңның 84-бабына сәйкес құрылған комиссия қабылдайды.
11. Меншік иелеріне немесе жер пайдаланушыларға мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін немесе иеліктен шығарылатын жер учаскесіндегі өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты келтірілген залал жіберіп алған пайданы қамтымайды және бюджет қаражатынан өтелуге жатады.
70-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
70-бап. Алатау қаласының жер қорын қалыптастыру мақсатында ауыл шаруашылығында пайдаланылатын (ауыл шаруашылығы мақсатындағы) жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою
1. Нысаналы мақсаты перспективалық игеру аумақтарында орналасқан және мақсатына қарай пайдаланылмайтын, игерілмейтін немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын, ғимараттар және (немесе) құрылыстар салуды көздемейтін ауыл шаруашылығында пайдаланылатын (ауыл шаруашылығы мақсатындағы) жер учаскесіне (осы бапта бұдан әрі - ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері) қатысты әкімшілік оны мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару не мәжбүрлеп алып қою қажеттігін айқындайды.
2. Әкімшілік мақсатына қарай пайдаланылмайтын, игерілмеген немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару қажеттігі туралы шешім қабылдаған жағдайда мұндай жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару осы Конституциялық заңның 69-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Әкімшілік мақсатына қарай пайдаланылмайтын, игерілмеген немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою қажеттігі туралы шешім қабылдаған жағдайда жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою осы бапқа сәйкес жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасы жер заңнамасының жер учаскесіне қатысты талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген күннен бастап:
1) осы жер учаскесі бойынша меншік иелері немесе жер пайдаланушылар жасайтын құқықтардың ауысуы жөніндегі мәмілелерді мемлекеттік тіркеу тоқтатыла тұрады;
2) нысаналы мақсатына, санатына және өзге де сипаттамаларына қарамастан, жер салығының немесе тиісінше жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының еселеніп арттырылған мөлшерлемелері қолданылады.
5. Жер учаскелері мақсатына қарай елеулі пайдаланылмаған, игерілмеген және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жағдайда, олар мәжбүрлеп алып қоюға жатады. Жер учаскесін пайдаланбау фактісін, жер учаскесін пайдаланбау уақыты кезеңіне енгізілмейтін жағдайларды және жер учаскесін пайдаланбаудың елеулі болу сипаттамаларын айқындау тәртібі әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
6. Жер учаскесі жер учаскесінің меншік иесінен немесе мемлекеттен жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын сатып алған жер пайдаланушыдан осы бапта көрсетілген негіздер бойынша сот шешімімен мәжбүрлеп алып қойылған жағдайда, жер учаскесіне меншік құқығы немесе жер учаскесіне мемлекеттен сатып алынған уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығына қатысты жер пайдалану құқығы әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен сауда-саттық (аукциондар) өткізілмей Алатау қаласының жер қорына беріледі. Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде бұрынғы меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға мәжбүрлеп алып қойылатын жер учаскесін сатып алуға жұмсаған шығыстарына төленетін төлемдер, сондай-ақ орындалуы жер учаскесі немесе уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығы кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша талаптар мөлшерінде кепіл ұстаушыға төленетін төлем мөлшерін айқындау тәртібі белгіленеді.
7. Өтеусіз негізде берілген жер учаскесі осы бапта көрсетілген негіздер бойынша сот шешімімен меншік иесінен мәжбүрлеп алып қойылған жағдайда, осы жер учаскесі жер учаскесінің меншік иесіне құнын өтеместен одан әрі қайта бөлу үшін сауда-саттық (аукциондар) өткізілмей Алатау қаласының жер қорына алынады.
8. Меншік иесі немесе жер пайдаланушы Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың мерзімі өткенге дейін жер учаскесін мақсатына қарай пайдалану жөнінде тиісті шаралар қабылдаған немесе Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзуды жойған жағдайда әкімшілік жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою рәсімін тоқтатады. Бұл жағдайда меншік иесінің немесе жер пайдаланушының құқықтары мен міндеттері осы Конституциялық заңның 67-бабының 13 - 16-тармақтарына сәйкес айқындалады.
9. Мақсатына қарай пайдаланылмайтын, игерілмеген немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы осы баптың ережелері бірінші кезекте мәжбүрлеп иеліктен шығару аумақтарында орналасқан жер учаскелеріне қолданылмайды.
71-бап. Алатау қаласындағы әкімшілік-деликт құқық бұзушылықтардың арнаулы құқықтық режимі
1. Алатау қаласында әкімшілік құқық бұзушылықтардың (әкімшілік деликт) арнаулы құқықтық режимі белгіленеді.
2. Алатау қаласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың арнаулы құқықтық режимі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне және осы бапқа сәйкес Кеңестің шешімі бойынша қабылданатын әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісіне негізделеді.
3. Әкімшілік құқық бұзушылықтардың арнаулы құқықтық режимінің мақсаттары үшін Алатау қаласында жасалған әкімшілік құқық бұзушылық деп Алатау қаласында немесе одан тыс жерде Қазақстан Республикасының өзге аумағында басталған немесе жалғасқан не аяқталған қоғамдық тәртіпті, мемлекеттік немесе жеке мүдделерді бұзатын, жеке немесе заңды тұлғаның кінәлі (қасақана немесе абайсызда жасалған), қоғамға қауіпті, құқыққа қарсы әрекеті не әрекетсіздігі танылады.
Алатау қаласының мемлекеттік және өзге де органдарының, сондай-ақ Кеңестің шешімі бойынша Алатау қаласының әкімшілігі мен өзге де әкімшілік органдарының жекелеген іске асыру және (немесе) бақылау функциялары берілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының бизнес-лицензияларын, реттеу лицензиялары мен реттеуші рұқсаттарын, аккредиттеулерін, талаптары мен нұсқамаларын сақтамау әкімшілік құқық бұзушылық болып саналмайды. Көрсетілген әкімшілік актілердің орындалуын қамтамасыз етудің түрлері мен шаралары Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.