(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК КОДЕКСІ» ҚАЗАҚ...

Предыдущая страница

26) өз қызметінде сертификатталған жабдық мен бағдарламалық қамтылымды пайдалануға;

27) ақпаратты сақтауға арналған резервтік орталығы болуына;

28) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз қызметінде пайдаланатын ақпараттық, коммуникациялық жүйелер мен технологияларды қоса алғанда, бағдарламалық-техникалық қамтылымға кемінде үш жылда бір рет аудит жүргізуге;

2023.16.11. № 40-VIII ҚР Заңымен 29) тармақша өзгертілді (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

29) өз атына шартты зейнетақы шоты ашылған жеке тұлғаға ақы алмай жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары туралы ақпарат беруге;

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының көрсетілген ақпаратты беру тәсілі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ішкі құжаттарында айқындалады.

2023.16.11. № 40-VIII ҚР Заңымен 30) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

30) «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.

3. Міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының, өздері үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың (зейнетақы төлемдерін алушылардың) құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының:

1) осы Кодексте көзделген қызмет түрлерін қоспағанда, өзге де кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына;

2) зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген мақсаттарға пайдалануына;

3) республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 100 еселенген мөлшерінен аспайтын сомада өзінің жұмыскерлеріне берілетін қаржылай көмекті қоспағанда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті активтері есебінен өтеусіз негізде қаржылай көмек беруіне;

4) ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарықтарында қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу кезінде маржалық немесе өзге де қамтамасыз етуді енгізу жағдайларын қоспағанда, зейнетақы активтерін кепілге беруіне;

5) ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу кезінде маржалық немесе өзге де қамтамасыз етуді енгізу, сондай-ақ тендерлерге және (немесе) конкурстарға қатысу кезінде қамтамасыз етуді енгізу жағдайларын қоспағанда, меншікті активтерді кепілге беруіне;

6) акциялардан басқа бағалы қағаздарды шығаруына;

7) қарыз қаражатын тартуына;

8) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарын сатып алуды, сондай-ақ қамтамасыз ету аясында бағалы қағаздармен қарыз беру жөніндегі операцияларды жүзеге асыруды қоспағанда, кез келген тәсілдермен қарыздарды беруіне;

9) кез келген түрдегі кепілгерліктер мен кепілдіктерді беруіне;

10) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры еңбек шартын жасамаған не Ұлттық пошта операторымен шарт жасаспаған адамдарды осы баптың 2-тармағының 12) тармақшасында көрсетілген міндеттерді орындау үшін тартуына;

11) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғаларды құруына және олардың қызметіне қатысуына тыйым салынады.

Осы тармақтың талаптары зейнетақы активтері және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті активтері есебінен жүзеге асырылатын бағалы қағаздармен «репо» операцияларына қолданылмайды.

 

36-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару тәртібі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясы

1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арасында жасалатын сенімгерлік басқару туралы шарттың негізінде жүзеге асырады.

2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбесін әзірлейді, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясын әзірлейді және бекітеді.

3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі активтерді инвестициялық басқаруға арналған шартқа және осы Кодекске сәйкес өзіне сеніп тапсырылған зейнетақы активтерін басқаруға қажетті әрекеттер жасауды басқа тұлғаға тапсыра алады. Бұл ретте сенімгерлік басқарушы өзі таңдап алған сенім білдірілген тұлғаның әрекеті үшін оны өзі жасағандай түрде жауап береді.

4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару бөлігіндегі функциялары:

1) басқару тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау;

2) инвестициялау бағыттары бойынша ұсыныстарды қарау және тұжырымдау;

3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін айқындау бойынша ұсыныстарды тұжырымдау;

4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі туралы жыл сайынғы есепті қарау болып табылады.

5. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі ескеріле отырып жасалады.

 

37-бап. Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерін басқару, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерін сақтау және есепке алу тәртібі

1. Инвестициялық портфельді басқарушының зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен инвестициялық портфельді басқарушының арасында жасалған зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт (бұдан әрі - зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт) негізінде жүзеге асырылады.

2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры инвестициялық портфельді басқарушымен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасасады және зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасасқаннан кейін бір жұмыс күні ішінде осы Кодекстің 35-бабы 2-тармағының 10) тармақшасына сәйкес осындай инвестициялық портфельді басқарушы туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастырады.

3. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарттың үлгілік нысаны қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

Осы баптың 11-тармағында көрсетілген зейнетақы активтері кастодиан-банктегі шоттарға келіп түскен күннен бастап зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт күшіне енеді.

4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісіне сәйкес есептелген, инвестициялық портфельді басқарушы алған зейнетақы активтерінің номиналдық кірістілігі мен зейнетақы активтері кірістілігінің ең аз мәні арасында теріс айырма пайда болған жағдайда, инвестициялық портфельді басқарушы кейіннен осы соманы өтеу жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың соңындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтары осы инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруында болған міндетті зейнетақы жарналарының салымшыларына, өздері үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаларға аудару үшін осы теріс айырманы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде меншікті капитал есебінен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өтейді.

5. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына беруді мынадай шарттар бір мезгілде орындалған кезде:

1) міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ішкі құжаттарында белгіленген нысан бойынша және құжаттарды қоса бере отырып, инвестициялық портфельді басқарушыны таңдауы (өзгертуі) туралы жазбаша өтініші болған;

2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, инвестициялық портфельді басқарушы және кастодиан-банк арасында жасалған зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт, сондай-ақ кастодиандық шарт болған;

3) міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына берілуге жататын зейнетақы жинақтары:

міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның инвестициялық портфельді басқарушыны таңдауы (өзгертуі) туралы өтініші келіп түскен күнге осы тұлғаның жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары сомасының елу пайызынан аспаған кезде жүзеге асырылады.

Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына одан кейін беру кезінде зейнетақы жинақтарының көлемі инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық кірісі ескеріле отырып, бұрын берілген зейнетақы жинақтары есепке алынып айқындалады (өтініш беру зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына берген күннен бастап жылына бір реттен жиілетпей жүргізіледі);

не

сақтандыру ұйымымен жасалған зейнетақы аннуитеті шарты болған жағдайда олардың жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен құралған зейнетақы жинақтарының мөлшерінен аспаған;

4) инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беруге жататын ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотында бар зейнетақы жинақтарынан аспаған;

5) міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның өтінішінде көрсетілген инвестициялық портфельді басқарушы қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келген кезде жүзеге асырылады.

6. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беруді осы баптың 5-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген өтініш келіп түскен күннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде, осы баптың 5-тармағының 3) және 4) тармақшаларында белгіленген шектеулерді ескере отырып, осы өтініште көрсетілген зейнетақы жинақтарының сомасына сәйкес келетін сомада жүзеге асырады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шарттар орындалмаған және (немесе) толық емес құжаттар топтамасы ұсынылған жағдайларда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осы баптың 5-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген өтініш келіп түскен күннен кейін бес жұмыс күні ішінде зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына беруден бас тартады.

7. Инвестициялық портфельді басқарушы өзінің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерін басқа тұлғаға сенімгерлік басқаруға беруге құқылы емес.

8. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт:

1) инвестициялық портфельді басқарушы қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген мерзімде қадағалап ден қою шараларын қолданудың негіздерін жоймаған жағдайда;

2) инвестициялық портфельді басқарушы осы Кодекстің 15-бабының 7) тармақшасына сәйкес зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыру үшін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда (инвестициялық портфельді басқарушы зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыру үшін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның талаптарына сәйкес келетін инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімінен шығарылған жағдайда);

3) инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруында зейнетақы активтері мен олар жөніндегі міндеттемелер болмаған жағдайда, оның бастамасы бойынша;

4) инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерін сақтауды және есепке алуды жүзеге асыратын кастодиан-банк лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған не одан айырылған және кастодиан-банктің лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған не ол одан айырылған күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде басқа кастодиан-банкпен жаңа кастодиандық шарт жасалмаған жағдайда бұзылады.

9. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт бұзылған кезде инвестициялық портфельді басқарушы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруына беру жөніндегі рәсімдерді жүзеге асырады.

10. Инвестициялық портфельді басқарушыға осы Кодекске қайшы келмейтін бөлігінде Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасының нормалары қолданылады.

11. Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері инвестициялық портфельді басқарушы таңдайтын кастодиан-банктегі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының шоттарында сақталады және есепке алынады.

Бір инвестициялық портфельді басқарушыға инвестициялық басқаруға берілген зейнетақы активтерін сақтауды және есепке алуды бір кастодиан-банк жүзеге асыруға тиіс.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, инвестициялық портфельді басқарушы мен кастодиан-банк арасында жасалған кастодиандық шарттың үлгілік нысаны қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерін сақтау және есепке алу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасында белгіленеді.

12. Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері есебінен алуға рұқсат етілген қаржылық құралдардың тізбесін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.

 

38-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен жасалатын салымшының (алушының) міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар және шартты зейнетақы шоттары

1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының, өздері үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың (зейнетақы төлемдерін алушылардың) құқықтарын, міндеттерін, жауапкершілігін және өзге де құқықтық қатынастарын белгілейтін, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар қосылу шарттары болып табылады, оларды бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осы Кодекстің негізінде әзірлейді, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ішкі құжатымен бекітіледі және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының интернет-ресурсында орналастырылады.

2. Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеке зейнетақы шотын ашу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын немесе өсімпұлды аудару кезінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына агенттер ұсынатын жеке тұлғалардың тізімдері негізінде жүзеге асырылады.

Бұл ретте бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген функцияларын іске асыруға қажетті жеке тұлғаның азаматтығы, мәртебесі, әрекетке қабілеттілігі, жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері бойынша тіркелуі, «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының телефон нөмірі туралы мәліметтерді және болған жағдайда, ол туралы өзге де мәліметтерді бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.

Міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы, агент және өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлға міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу үшін ашылған жеке зейнетақы шотына міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары немесе өсімпұл есепке жазылған күннен бастап міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылған болып есептеледі. Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылу үшін кәмелетке толмаған адамның заңды өкілінің келісімі талап етілмейді.

3. Жеке тұлғаның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу үшін ашылған жеке зейнетақы шоты болған жағдайда, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотын қайтадан ашу жүзеге асырылмайды.

Бұл ретте жеке тұлғаның пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеген агент міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу үшін бұрын ашылған жеке зейнетақы шотына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары немесе өсімпұл есепке жазылған күннен бастап міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнет ақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылған болып есептеледі.

4. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында шартты зейнетақы шоттарын ашу бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ішкі қағидаларында белгіленген тәртіппен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезінде агент бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ұсынатын жеке тұлғалар тізімінің негізінде жүзеге асырылады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеке тұлғаның атына ашылған шартты зейнетақы шоты болған жағдайда, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бұрын ашылған шартты зейнетақы шотына аударылады.

 

39-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін сақтау және есепке алу

1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арасында жасалатын кастодиандық шартқа сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі шоттарда сақталады және есепке алынады.

2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін есепке алу және сақтау мақсатында шетелдік кастодиандарда шоттар ашуға құқылы.

3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің нысаналы орналастырылуын бақылауды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен зейнетақы активтерін шоғырландыру, оларды орналастыру, инвестициялық кіріс алу жөніндегі барлық операциялардың есебін жүргізеді және ай сайын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына оның шоттарының жай-күйі туралы хабарлайды.

 

40-бап. Міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының, өздері үшін міндетті зейнетақы жарналары енгізілген, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың, зейнетақы төлемдерін алушылардың және агенттердің құқықтары мен міндеттері

1. Міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының, өздері үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алушылардың:

1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының интернет-ресурсындағы және (немесе) «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинеті арқылы, сондай-ақ Кодекстің 55-бабында және 262-бабының 5-тармағында көзделген ережелерді ескере отырып, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жеке жүгінген кезде жеке зейнетақы шоты ашылған күннен бастап кез келген сұрату күніне өзінің зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты ақы төлемей алуға, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілін өзгертуге;

2) біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру үшін қолжетімді міндетті зейнетақы жарналары есебінен құралған зейнетақы жинақтары туралы ақпарат алуға;

3) инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру үшін қолжетімді зейнетақы жинақтарының сомасы туралы ақпарат алуға;

4) жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары туралы ақпарат алуға;

5) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;

6) зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алуға;

7) өзінің зейнетақы жинақтарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өсиет етуге;

8) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына осы Кодекстің 37-бабы 5-тармағының 3) тармақшасында көзделген сомада зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін инвестициялық портфельді басқарушыны таңдау туралы өтінішті беруге;

9) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өзінің зейнетақы жинақтарын бір инвестициялық портфельді басқарушыдан басқа инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру үшін инвестициялық портфельді басқарушыны өзгерту туралы өтініш беруге (зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға берген күннен бастап бір жылдан кейін);

10) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне сенімгерлік басқаруға қайтаруға өтініш беруге құқығы бар (зейнетақы жинақтары инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға берілген күннен бастап бір жылдан кейін).

Егер зейнетақы жинақтары инвестициялық портфельді басқарушыны таңдау туралы өтінішке сәйкес сол бір инвестициялық портфельді басқарушыға бірнеше рет сенімгерлік басқаруға аударылған болса, онда зейнетақы жинақтарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне сенімгерлік басқаруға қайтару зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға бастапқы берген күннен бастап бір жылдан кейін жүзеге асырылады;

11) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан инвестициялық портфельді басқарушылар туралы ақпаратты және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ішкі құжаттарында көзделген өзге де ақпаратты алуға;

12) өзінің зейнетақы жинақтары есебінен сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға;