Микроқаржы ұйымдары үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 7 сәуірдегі № 59 Қаулысы
«Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 18-бабы 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Микроқаржы ұйымдары үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) бекітілсін.
2. Банктік емес ұйымдарды реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қағидаларға сәйкес есептелетін шығарылған бағалы қағаздар мен тартылған қарыздар бойынша міндеттемелердің жиынтық міндеттемелерге қатынасының коэффициенті 10 (он) пайыздан аз мөлшерді құрайтын не шығарылған бағалы қағаздар мен тартылған қарыздар бойынша міндеттемелері жоқ микроқаржы ұйымдары Қағидалардың талаптарын 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап сақтайды.
Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын
реттеу және дамыту