Осы редакция 2018 жылғы 8 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 27 ақпандағы
№ 149 бұйрығымен
бекітілген
Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық
компаниялардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ олардың іске асырылуын мониторингілеу және бағалау
қағидалары
(2017.30.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 4-4) тармақшасына сәйкес әзірленген және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамнан басқа (бұдан әрі - Қор) акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму жоспарларын (бұдан әрі - даму жоспары) әзірлеу, бекіту, сондай-ақ олардың іске асырылуын мониторингілеу және бағалау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) атқарушы орган - алқалы орган немесе атауы компанияның жарғысында белгіленетін атқарушы органның функциясын дара басшылықпен жүзеге асыратын тұлға;
2) даму жоспары - ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг және ұлттық компания қызметiнiң негiзгi бағыттарын және қаржы-шаруашылық қызметiнiң көрсеткiштерiн айқындайтын бесжылдық кезеңге арналған құжат;
3) жергiлiктi атқарушы орган (әкiмдiк) - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкiмi басқаратын, өз құзыретi шегiнде тиiстi аумақта жергiлiктi мемлекеттiк басқаруды және өзiн-өзi басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;
4) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган - жергілікті мемлекеттік басқарудың және өзін-өзі басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыруға әкімдік өкілеттік берген, тиісті жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекеме;