Лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған не лицензиясынан айырылған, сондай-ақ Республикалық палата мүшелігінен шығарылған жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы қағидаларын және өкімнің нысанын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2020 жылғы 14 қыркүйектегі № 354 бұйрығы
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының 123-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған не лицензиясынан айырылған, сондай-ақ Республикалық палата мүшелігінен шығарылған жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімнің нысаны бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот актілерін орындау департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.