«Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 19 наурыздағы № 392 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 8 желтоқсандағы № 755 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 19 наурыздағы № 392 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16689 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі уәкілетті органның ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларында:
101-1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
«101-1. Мемлекеттік аудит объектісінің басшысы аудиторлық есепті алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде мемлекеттік аудиттің аудиторлық іс-шаралары мүдделеріне әсер еткен кәсіпкерлік субъектілері мен өзге де тұлғаларды ақпараттық жүйелер және/немесе электрондық пошта, сондай-ақ пошта байланысы арқылы жазбаша түрде анықталған бұзушылықтар туралы хабардар етеді.
Мүдделері аудиторлық іс-шаралармен қозғалған кәсіпкерлік субъектілері және өзге де тұлғалар (жеке және заңды тұлғалар) анықталған бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, хабарламаны алған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде өз ұстанымын (қарсылықтарын) мемлекеттік аудит объектісіне жібереді.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген тұлғалардың ұстанымын (қарсылықтарын) мемлекеттік аудит объектісі Заңның 37-баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген мерзім шегінде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына жібереді және ол мемлекеттік аудит объектісінің қарсылықтарымен бірге қаралады.
Апелляциялық комиссияға қарсылық берген кезде мемлекеттік аудит объектісі кәсіпкерлік субъектілерінің және өзге де тұлғалардың аудиторлық есепке және/немесе қаржылық есептілік бойынша аудиторлық есепке ескертулерін ескереді.»;