Ашық бюджеттердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру және бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын (бюджеттік бағдарламалар паспорттарын іске асыру туралы есептерді) жария талқылау қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің м.а. 2025 жылғы 18 сәуірдегі № 176-НҚ бұйрығы
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-2-бабы 1-тармағының 10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес қоса беріліп отырған Ашық бюджеттердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру және бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын (бюджеттік бағдарламалар паспорттарын іске асыру туралы есептерді) жария талқылау қағидалары бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес кейбір бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мемлекет пен қоғам коммуникацияларын дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.