«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI Кодексі (2026.07.09. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

3. Тексеру жүргізу мерзімдері ұзартылған жағдайда аумақтық бөлімше қосымша актіні ресімдейді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің нөмірі мен тіркелген күні жəне ұзарту себебі көрсетіліп, ол мемлекеттік құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға жіберіледі.

Тексеру жүргізу мерзімдері ұзартылған жағдайда аумақтық бөлімше бұл жөнінде ерекше бақылау жəне қадағалау субъектісін (заңды тұлғаның басшысын не оның уəкілетті адамын, жеке тұлғаны) міндетті түрде хабардар етеді.

4. Аумақтық бөлімше тексеру жүргізу мерзімдерін ұзарту туралы хабарламаны тексеру мерзімдері аяқталғанға дейін бір жұмыс күні бұрын «цифрлық үкімет» веб-порталы немесе мемлекеттік құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органның цифрлық жүйелері арқылы, егер ерекше бақылау жəне қадағалау субъектісі электрондық пошта мекенжайын көрсеткен болса, сол мекенжайға немесе өзге де қолжетімді тəсілмен жібереді.

 

51-7-бап. Тексеру жəне мониторинг нəтижелерін ресімдеу тəртібі

1. Тексеру жəне мониторинг нəтижелері бойынша аумақтық бөлімшенің лауазымды адамы:

1) тексеру немесе мониторинг нəтижелері туралы актіні;

2) бұзушылықтар анықталған жағдайларда анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы жасайды.

2. Тексеру немесе мониторинг жүргізу барысында бұзушылықтар анықталғанда олардың нəтижелері туралы əрбір акт бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы бір ғана нұсқама берілуі мүмкін.

3. Тексеру немесе мониторинг нəтижелері туралы актіге мыналар қоса беріледі:

1) бұзушылықтар анықталған жағдайда анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама;

2) өнімнің (тауардың), шикізаттың, табиғи орта құрамдастарының сынамаларын (үлгілерін) алу, тұлғаларды зерттеп-қарауға жіберу актілері, зертханалық жəне (немесе) аспаптық зерттеулердің, өлшеулердің хаттамалары (қорытындылары) жəне тексеру немесе мониторинг нəтижелерімен байланысты басқа да құжаттар (олар болған кезде) немесе олардың көшірмелері.

4. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау мерзімдері оны орындаудың нақты мүмкіндігіне ықпал ететін мəн-жайлар ескеріле отырып, бірақ анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етілген күннен бастап кемінде күнтізбелік он күн болып айқындалады.

5. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау мерзімдерін айқындау кезінде:

1) ерекше бақылау жəне қадағалау субъектісінде бұзушылықтарды жою бойынша ұйымдастырушылық, техникалық жəне қаржылық мүмкіндіктердің болуы;

2) пайдаланылатын өндірістік объектілердің техникалық жай-күйінің ерекшеліктері;

3) «Рұқсаттар жəне хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тиісті рұқсатты алу немесе хабарламаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де міндетті қорытындыларды, келісулерді жəне басқа да құжаттарды беру мерзімдері ескеріледі.

6. Ерекше бақылау жəне қадағалау субъектісі қосымша уақыт шығындары жəне (немесе) қаржылық шығындар қажет болған жағдайда өзіне тексеру немесе мониторинг нəтижелері туралы акт жəне анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, жедел ден қою шараларын қолдану үшін негіз болып табылатын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзушылықтарды қоспағанда, анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтінішпен аумақтық бөлімшеге жүгінуге құқылы.

Өтініште ерекше бақылау жəне қадағалау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қабылданатын шараларды жəне оларды жою мерзімдерін ұзартудың объективті себептерін баяндауға міндетті.

7. Аумақтық бөлімше өтініште баяндалған дəлелдерді ескере отырып, анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы немесе уəжді негіздемемен мерзімдерді ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

8. Тексеру немесе мониторинг нəтижелері туралы акт, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жасалады жəне табыс етіледі.

9. Тексеру немесе мониторинг нəтижелері туралы акт, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама қағаз жеткізгіште екі данада жасалады. Бірінші данасы ерекше бақылау жəне қадағалау субъектісіне (заңды тұлғаның басшысына не оның уəкілетті адамына, жеке тұлғаға) табыс етіледі, ерекше бақылау жəне қадағалау субъектісі (заңды тұлғаның басшысы не оның уəкілетті адамы, жеке тұлға) оларды алғаны жөнінде қол қоятын екінші данасы аумақтық бөлімшеде қалады.

10. Тексеру немесе мониторинг нəтижелері туралы акт, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама электрондық нысанда ерекше бақылау жəне қадағалау субъектісіне (заңды тұлғаның басшысына не оның уəкілетті адамына, жеке тұлғаға) «цифрлық үкіметтің» веб-порталы немесе мемлекеттік құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органның цифрлық жүйелері арқылы немесе егер ерекше бақылау жəне қадағалау субъектісі электрондық пошта мекенжайын көрсеткен болса, сол мекенжайға жіберу арқылы табыс етіледі.

11. Аумақтық бөлімше тексеру немесе мониторинг нəтижелері туралы актіні, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы мемлекеттік құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға электрондық нысанда жібереді.

12. Тексеру немесе мониторинг нəтижелері туралы акт ерекше бақылау жəне қадағалау субъектісіне табыс етілген күн тексеру немесе мониторинг мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.

13. Тексеру немесе мониторинг нəтижелері бойынша ескертулер жəне (немесе) қарсылықтар болған жағдайда ерекше бақылау жəне қадағалау субъектісінің басшысы не оның өкілі ескертулерді жəне (немесе) қарсылықтарды жазбаша түрде баяндайды.

Ескертулер жəне (немесе) қарсылықтар тексеру немесе мониторинг нəтижелері туралы актіге қоса беріледі, бұл жөнінде актіде тиісті белгі жасалады.

14. Тексеру немесе мониторинг жүргізу кезінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзушылықтар болмаған жағдайда олардың нəтижелері туралы актіде тиісті жазба жасалады.

15. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі ішінде ерекше бақылау жəне қадағалау субъектісі аумақтық бөлімшеге анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат беруге міндетті.

16. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат берілмеген немесе бұзушылықтар жойылмаған жағдайда аумақтық бөлімше жоспардан тыс тексеруді тағайындайды.

17. Жоспардан тыс тексеру шеңберінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылық шаралары қолданылады.

18. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетілген мерзімдерде анықталған бұзушылықтар жойылған жағдайда ерекше бақылау жəне қадағалау субъектісі аумақтық бөлімшеге бұзушылықтарды жою тəртібі мен тəсілдерін егжей- тегжейлі сипаттай отырып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы толық ақпарат беруге міндетті. Бақылау жəне қадағалау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы берілген ақпаратқа бұзушылықты жою фактісін дəлелдейтін материалдарды (қажет болған кезде) қоса береді.

Бұл жағдайда жоспардан тыс тексеру талап етілмейді.

 

51-8-бап. Тексерудің немесе мониторингтің жарамсыздығы

1. Мынадай негіздердің бірі болған кезде тексеру жарамсыз деп танылады:

1) тексеру жүргізу үшін негіздердің болмауы;

2) тексеруді тағайындау туралы актінің болмауы;

3) тексеру жүргізу кезеңділігінің бұзылуы;

4) ерекше бақылау жəне қадағалау субъектісіне тексеруді тағайындау жəне (немесе) оның мерзімдерін ұзарту (болған кезде) туралы актінің ұсынылмауы;

5) аумақтық бөлімшенің құзыретіне кірмейтін мəселелер бойынша тексерудің тағайындалуы;

6) тексеруді тағайындау жəне (немесе) оның мерзімдерін ұзарту (болған кезде) туралы акт белгіленген мерзімдерде мемлекеттік құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға жіберілмей, тексерудің жүргізілуі;

7) тексеру жүргізудің осы параграфта көзделген мерзімдерінің бұзылуы.

2. Мынадай негіздердің бірі болған кезде мониторинг жарамсыз деп танылады:

1) мониторинг жүргізу үшін негіздердің болмауы;

2) аумақтық бөлімшенің құзыретіне кірмейтін талаптардың бақылануы;

3) ерекше бақылау жəне қадағалау субъектісіне мониторинг жүргізу туралы шешім көшірмесінің жəне (немесе) мониторинг мерзімін ұзарту туралы шешімнің (болған кезде) ұсынылмауы;

4) мониторинг нысанасы шеңберінен шығатын мəселелер бойынша мониторингтің жүргізілуі;

5) мониторинг жүргізу мерзімдерінің бұзылуы.

3. Жарамсыз деп танылған, тексеруді тағайындау, оның мерзімдерін ұзарту, тексеру немесе мониторинг нəтижелері туралы актілер, тексеру немесе мониторинг қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама ерекше бақылау жəне қадағалау субъектілерінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер талаптарын бұзуының дəлелдемесі бола алмайды.

4. Тексеруді немесе мониторингті жарамсыз деп тану жоғары тұрған мемлекеттік органның немесе соттың осы тексеру немесе мониторинг нəтижелері бойынша актінің, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың күшін жоюы үшін негіз болып табылады.

5. Тексерудің немесе мониторингтің жарамсыздығына байланысты тексеруді тағайындау, оның мерзімдерін ұзарту, тексеру немесе мониторинг нəтижелері туралы актілердің, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың күшін жою туралы ерекше бақылау жəне қадағалау субъектісінің өтінішін жоғары тұрған мемлекеттік органның қарауы өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Мұндай өтінішті қараудың белгіленген мерзімінің бұзылуы ерекше бақылау жəне қадағалау субъектісінің пайдасына шешіледі.

 

 

3-параграф. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау

 

52-бап. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау

1. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау осы бақылау субъектілерінің Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзушылықтарының алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге және жоюға бағытталған.

2. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өткізуді жүзеге асыратын, фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілері, сондай-ақ бастапқы материалдардың, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын бақылауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымы мемлекеттік бақылауға жатады.

3. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау:

2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексерулер жүргізу;

2) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу;

2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3) тармақша өзгертілді

3) осы Кодекске жəне Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне сәйкес субъектіге (объектіге) бармай профилактикалық бақылау жүргізу;

2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

4) «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілген рұқсаттар бойынша біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына, жіберілген хабарламалар бойынша талаптарға сәйкестігіне жүргізілетін тексерулер;

2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

5) тергеп-тексеру нысанында жүзеге асырылады.

 

53-бап. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар

1. Мыналар:

1) Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік фармацевтикалық инспекторы және (немесе) оның орынбасары;

2) дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің мемлекеттік фармацевтикалық инспекторлары;

3) дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органның басшысы айқындайтын, тиісті аумақтардағы бас мемлекеттік фармацевтикалық инспекторлар;

4) дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік фармацевтикалық инспекторлары дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар болып табылады.

2. Тиісті саладағы жоғары тұрған бас мемлекеттік фармацевтикалық инспектор төмен тұрған лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың арызы (шағымы) бойынша шешім шығарылғанға дейін олар қабылдаған актілердің орындалуын тоқтата тұруға, күшін жоюға не кері қайтарып алуға құқылы.

 

54-бап. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезіндегі лауазымды адамдардың құқықтары

1. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 154-бабының 1-тармағында көзделген құқықтардан бөлек, мыналарға:

1) сараптама жүргізу үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлгілерін іріктеуді жүзеге асыруға;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды айналыстан алып қоюды жүзеге асыруға;

3) жарамсыз болып қалған, жарамдылық мерзімі өткен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, жалған, контрафактілік және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін басқа да дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, онда өндіруге, дайындауға, сақтауға, қолдануға және өткізуге тыйым салуға және (немесе) оны тоқтата тұруға;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуы тұрғысынан дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы объектілерге баруға;

5) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілерден дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері жөнінде ақпарат, ведомстволық есептілік алуға құқығы бар.

2. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылаудың нәтижелері бойынша шешім қабылдау үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің анықталған бұзушылықтарына қарай мынадай актілерді шығарады:

1) тексеру нәтижелері туралы акт - дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам субъектінің (объектінің) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкестігін тексеру, оны профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша беретін құжат;

2) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама;

3) бас мемлекеттік фармацевтикалық инспекторлардың:

дәрілік заттардың айналысы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарына сәйкес келмеген кезде, адамның өміріне және (немесе) денсаулығына қауіп төндіретін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әкелуге, өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салу;

Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес фармацевтикалық қызметке арналған лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның және (немесе) денсаулық сақтау саласындағы өзге де рұқсат беру құжатының қолданысын тоқтата тұру;

төмен тұрған лауазымды адамдар қабылдаған актілердің орындалуын тоқтата тұру немесе күшін жою не оларды кері қайтарып алу туралы қаулылары.

2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Профилактикалық бақылау, тексеру және тергеп-тексеру нысанында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға профилактикалық бақылаудың, тексерудің немесе тергеп-тексерудің нысанасына жатпайтын талаптар қоюға және өтініштермен жүгінуге тыйым салынады.

 

55-бап. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау

1. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау цифрлық жүйелердің деректерін, сондай-ақ бақылау субъектісінің (объектісінің) қызметі туралы басқа да мәліметтерді талдау және салғастыру арқылы жүргізіледі.

2. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары бұзушылықтарды уақтылы анықтау, олардың жолын кесу және оларға жол бермеу, бақылау субъектілеріне (объектілеріне) бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган анықтаған бұзушылықтарды дербес жою құқығын беру және оларға әкімшілік жүктемені төмендету болып табылады.

3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау тоқсанына бір реттен аспайтын жиілікпен жүргізіледі.

4. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным ресімделеді. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымның нысанын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.

5. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным бақылау субъектісіне (объектісіне) бұзушылықтар анықталған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде мынадай тәсілдердің бірімен:

1) хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберіледі;

2) бақылау субъектісінің (объектісінің) өкіліне және (немесе) лауазымды адамына қол қойғызып табыс етіледі;

3) «цифрлық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушының жеке кабинетіне электрондық тәсілмен жіберіледі.

6. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген, анықталған бұзушылықтарды ол табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде тиісінше жою бақылау субъектісінің (объектісінің) ұсынымды орындауы болып танылады.

7. Бақылау субъектісі (объектісі) ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ұсыным табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органға қарсылық жіберуге құқылы.

8. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау үшін бақылау субъектісін (объектісін) іріктеуге негіз болып табылады.

9. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган мен оның аумақтық бөлімшелерінің бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды арнайы тіркеу журналында есепке алуына жатады, ол нөмірленуге, тігілуге және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органың немесе оның аумақтық бөлімшесінің мөрімен бекемделуге тиіс.

10. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау:

55-баптың 10-тармағының 1) тармақшасы 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді

1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға, сондай-ақ бірлесіп төлеуге жататын дәрілік заттарға;

55-баптың 10-тармағының 2) тармақшасы 2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) барлық дəрілік зат пен медициналық бұйымға қатысты жүргізіледі.

 

2026.07.07. № 334-VIII ҚР Заңымен 55-1-баппен толықтырылды (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)

55-1-бап. Дəрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы тергеп-тексеру

1. Тергеп-тексерулер Қазақстан Республикасы Кəсіпкерлік кодексінің 144-4-бабы 3-тармағының 1) жəне 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жүргізіледі.

2. Осы Кодекстің 53-бабының 1-тармағында көзделген лауазымды адамдар тергеп-тексерулерді осы Кодекске, Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне жəне дəрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласында тергеп-тексерулерді жүргізу тəртібіне сəйкес жүргізеді.

3. Бақылау жəне қадағалау субъектілері (объектілері) тергеп-тексеру шеңберінде:

1) бақылау жəне қадағалау субъектісінің (объектісінің) ішкі құжаттарында арнаулы киім мен жеке қорғану құралдарының болуы туралы талап көзделген кезде, лауазымды адамдарға, жұмысқа тартылған сарапшылар мен мамандарға осындай киім мен құралдарды беруді;

2) тергеп-тексеру жағдайына қатысты құжаттарды жəне (немесе) материалдарды, оның ішінде архивтік құжаттарды жəне (немесе) материалдарды, түсініктемелерді қағаз жеткізгіште жəне (немесе) электрондық нысанда ұсынуды, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорға (цифрлық жүйелерге) қолжетімділік беруді;

3) объектіге қарап-тексеру жүргізу, дəрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың, шикізаттың, құрамдастардың үлгілерін іріктеу үшін кедергісіз мүмкіндік беруді;

4) лауазымды адамдардың, комиссия мүшелерінің, жұмысқа тартылған сарапшылар мен мамандардың тергеп-тексеру нысанасына (тұрғын жəне əкімшілік ғимараттарға, құрылыстарға, құрылысжайларға, үй-жайларға жəне басқа да объектілерге) жататын объектінің аумағына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге міндетті.

4. Тергеп-тексеру шеңберінде зертханалық сынақтар жүргізу үшін дəрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың, шикізаттың, құрамдастардың үлгілерін іріктеу жүзеге асырылуы мүмкін.

5. Тергеп-тексеруді жүргізу барысында Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу себептері анықталып, тергеп-тексеруді жүргізуге негіз болған Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзуға жол берген бақылау жəне қадағалау субъектілері (объектілері) айқындалады.

6. Тергеп-тексеру нəтижелері бойынша тергеп-тексеру нəтижелері туралы акт жасалады, онда анықталған бұзушылықтар, оларды жою жөніндегі нұсқаулар, анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдері де көрсетіледі.

Актіні орындаудың нақты мүмкіндігіне ықпал ететін мəн-жайлар ескерілетін, бірақ тергеп-тексеру нəтижелері туралы акт табыс етілген күннен бастап кемінде күнтізбелік он күн болатын мерзім анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдері болып айқындалады.

7. Анықталған бұзушылықтарды жою үшін қосымша уақыт шығыны жəне (немесе) қаржылай шығындар қажет болған жағдайда, бақылау жəне қадағалау субъектісі (объектісі) өзіне тергеп-тексеру нəтижелері туралы акт табыс етілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, тергеп-тексеруді жүргізген дəрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органға анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.